Мұстафа Шоқай әдебиет әлемінде

Мұстафа Шоқайдың сан қырлы таланты өз халқының бай ауыз әдебиеті мен ән-күйінен бастау алады. Жас кезінен оны қоршаған ортада дәстүрлі мәдениет өкілдері молынан ұшырасатын. Халқының әдебиеті мен мәдениетін терең білетіндігіне орыс ғалымдарының (Самойлович, Радлов) Мұстафаның студент кезінде-ақ көздері жеткен. Кейін еуропалық өркениет орталықтарында небір саяси қайраткерлермен айтысқан кезінде де, Лондондағы Корольдік халықаралық қатынастар институтында екі сағат бойы таза француз тілінде дәріс оқыған шағында да ойына ой қосып, бойына қуат беріп тұратын өз халқының рухани қазынасы сыйлаған тылсым құбылыс оны бүгінгі күннің Демосфеніне айналдыратын. Оған – осы дәрістен кейін аузымен құс тістеген ағылшын ақсүйектерінің – саясаткерлері мен ғалымдарының түрегеліп тұрып қол соғуы дәлел. Ол сөйлеп кеткен кезде Керенский, Милюков секілді кәнігі орыс қайраткерлеріне де дес бермейтін. Замандастарының оны «шешен» деуі де сондықтан еді.

Әдеби шығармашылық – адамзат
рухының ең жоғарғы нүктесі.
(Мұстафа Шоқай)

Мұстафа ақын жанды болып өсті. Студенттік шағында «Қақажанға» деп, бірге оқыған түрікмен досы Қ.Бердиевке арнап әзіл өлең де жазды. Оның Париждегі мұрағатынан «Секірген лақ көрдім тау басында» деген өлең мәтініне де кезіктік. Бұл өлеңі Грузияда жүрген шағындағы елді сағынған көңіл ауанымен жазылса керек.
Бүкіл өмірін халқының бостандығына арнаған Мұстафаға елінен кету қиынға соқты, жаны күйзелді. Әсіресе, оның жан тебіренісі 1922 жылы Берлиндегі Трокадеро этнографиялық мұражайына барғанда көзіне жас алдырды. Осы сәтті зайыбы Мария Шоқай былай деп суреттейді: «Мұражайда тұрған тамаша домбыраны көріп, ол өзін-өзі ұстай алмай, қызметкерден инструментті қолға алуға рұқсат сұрады. Сол бойда оны бабына келтіріп, ғажап қырғыз (қазақ. – К.Е.) сазын ойнап берді. Ол домбырамен өте қамығып қоштасты, көзі жасқа толып кеткен екен».
Мұндайда Қадыр ақынның «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Домбыраны көргенде Сыр өңірінен бастап бүкіл қазақ даласы, туған-туыстары, сол кезде аштан қырылып жатқан қазақтар Мұстафаның көз алдынан өткен шығар…
Мұстафа – орыс, батыс, шығыс әдебиетін жақсы білген адам. Оның бір мысалы ретінде 1922 жылдың 12-мамырында Парижден Ташкентте тұратын «NN» деген аноним адамға жазған хатын айтуға болады («NN» дегеннің Х.Досмұхамедов екендігі туралы уәждерімізді зерттеулерімізде айтқанбыз).
Хатта Мұстафа Алексей Толстойдың «Хождение по мукам» деген еңбегін орыс ре­во­люциясын «романға» айналды­рудың сәтсіз әрекеті десе, Григорий Гребен­щиковтың «Братья Чураевы» деген повесі туралы жақсы тілмен жазылған деп қана шектеледі. Түркістанда қандай газет-журналдар және қай тілдерде шығады, «қырғыз газетін» кім басқарады деп сұрайды.
Мұстафаның «қырғыз газеті» деп отырғаны «Ақ жол» екендігі түсінікті болар. Бір-екі жылдан кейін ол бұл басылымды тұрақты түрде алып тұрады. Оны «Түркістандағы Лениннің мұрасы» (1924), «Түркістандық «тамаша» (1924), «Ұлт мәселесінің зертханасында» (1924), «Қызыл Түркістанда» (1924), «РКП-ның ташкенттік мырзалары» (1925), «Ояну) (1926) деген еңбектерінде «Ақ жол» газе­тіндегі материалдарға сілтеме жа­сауы­нан көреміз.
Мұстафа Қазақстанда жарық көрген жаңа туындыларды алдырып, олармен танысып отыруға да көп көңіл бөледі. 1927 жылдың 5-шілдесінде Ташкентте оқып жатқан туыстас інісі Байдәулет Дабыловқа хат жазып, Бейімбет Майлиннің өлеңдері мен «Ер Сайын» деген кітапты алғанын хабарлап, жақында Қызылордада «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітаптың жарық көретінін айтып, егер мүмкіндігің болса, осы кітапты салып жіберші деп өтініш білдіреді.
Сәкен Сейфуллиннің бұл кітабы сол жылы араб графикасымен Қызылордада басылып шыққан болатын.
Батыс әлемі М.Шоқайды ірі саяси қайраткер ғана емес, түркітанушы ғалым ретінде қабылдайды. Сол себепті онымен жазысқан тұлғалар қатарынан француз ғалымы Поль Пельо (1878-1945), Париж университетінің (Сорбонна) профессоры Жан Дени (1870-1945), араб және парсы тілдерінің маманы Габриэль Ферран, Париж ұлттық кітапханасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі Э.Блоше, Орта Азия мен Қазақстанда өткен ғасырдың 20-30 жылдары орын алған, одан бұрынғы дәуірлерге де қатысты оқиғалар туралы еңбектер авторы Ж.Кастанье, ағылшын шығыстанушысы, Кембридж университетінің профессоры Эдвард Браун (1862-1925), Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегін өз түсіндірмелерімен ағылшын тіліне аударған Эдвард Денисон-Росс (1871-1940), «Коман халқы туралы» атты іргелі еңбектің авторы Йозеф Маркварттың (1864-1930), италиялық ғалым Э.Инсабота есімдерінің ұшырасуы заңды болатын.
М.Шоқайдың неміс ғалымдарымен ұзақ жылдар бойғы шығармашылық байланысын ерекше атаған жөн. Олардың ішінен, әсіресе, көрнекті неміс түркітанушысы Аннемари фон Габенмен (1901-1993) тығыз байланыста болып, оның қазақ тілі грамматикасын зерттеуіне көп көмек бергендігі – таңғаларлық жағдай.
А. фон Габен көнетүркі ескерткіш­терін, көктүріктердің мәдениеті мен дүниетанымын зерттеуге үлкен үлес қосады. Ол – «Түркі тіліндегі турфан мәтіндері» деген бестомдық моно­графияның, «Көнетүркі тілінің грамматикасы» деген еңбектің авторы. Сонымен бірге А. фон Габен жаңа замандағы қазақ этнографиясы мен лингвистикасына арналған бірнеше ғылыми мақалалар жазды.
Неміс ғалымы Мұстафаны өмірден озғаннан кейін де ұстаз ретінде құрмет тұтып, үнемі еске алып отырды.
Ал Берлин университетінде қызмет істеген Иоханнес Бенцингті шын мәнінде Мұстафаның шәкірті деуге болады. Ол осы университеттің түркітану факультетін Мұстафаның жан-жақты көмегі арқасында бітіріп шығады. Берлин университетінде қазақ тілінен сабақ беретін дәрежеге жетеді.
И.Бенцинг М.Шоқайды ұстазы ретінде және туған ағасындай сыйлайды. 1933 жылы ол «Мұстафа Шоқайұлы туралы жаңа өзбек әдебиетінде не жазылуда» деген мақала жариялайды. Жалпы ол қазақ тарихы мен әдебиетінің білгір маманы болады. Жазушы Х.Абдуллиннің сөзіне қарағанда, ол М.Жұмабаевтың өлеңдерін жарыққа шығарған. А. фон Габен де: «И.Бенцинг Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін алғаш алман тілінде сөйлеткен, 1929 жылы бір томдық шығармаларын тәржімелеген» дейді. Аударма Германия мұрағаттарының бірінде сақталуы мүмкін. Бірақ әзірге біздің ізденістеріміз нәтиже бермеді. Ә.Қашаубаев Мұстафаның үйінде болған кезінде Мағжанның «Алыстағы бауырға» деген өлеңін қазақ, неміс, француз тілінде тыңдаған. Өлеңді Бенцингтен басқа біреудің аударуы мүмкін емес.
М.Шоқайдың Орталық Азия халықтарының ауыз және жазба әдебиетін терең білетіндігін оның Париждегі «Мұ­сыл­ман әлеміне шолу» («Revue de monde musulmane») журналында жарық көрген аудармаларынан да байқаймыз.
Бұл пікірімізге тағы бір мысал келтіре кетейік.
1939 жылы жазылып біткенмен, 1942 жылы Лейпцигте шыққан Р.Ольцша мен Г.Кляйновтың «Түркістан»: Саяси тарихы және әлеуметтік проблемалары» деген 409 беттік кітабының соңғы 60-70 бетін М.Шоқай жазғанға ұқсайды. Ондағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан» секілді қазақ әдебиетінің үлгілері, «Исатай – Махамбет», «Бекет», «Амангелді», «Жалбыр», «Бекболат» пьесалары, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароковтың шығармашылығы жөніндегі ой түйіндеулер Мұстафаның ғана қарымды қаламынан туындады деп ойлаймыз. Халықтың рухани дамуында әдебиеттің ерекше рөл атқаратындығын ескерген М.Шоқай «Яш Түркістан» журналында Түркістанның елде қалған ақын, жазушыларының да, шетте жүргендердің де туындыларына үнемі орын беріп отырады. Журналдың бірінші санындағы бағдарламалық мақалалардың бірінде «Біз «Яш Түркістан» беттерінде Түркістан шайырларының шығармаларынан үлгі боларлық кейбір үзінділер басып тұрмақшымыз» дейді және бұл уәдесін М.Шоқай басылымның соңғы сандарына дейін берік ұстайды.
Журналдың осы санын Мағжан Жұмабайұлының «Түркістан», Шолпанның (Абдулхамит Сүлеймен) «Жапырақтар» деген өлеңдерімен бастайды.
Бұл екеуі Мұстафаның аса қадір тұтатын ақындары болатын.
Қазақ ақынының «Түркістан» атты әйгілі шығармасы оның 1923 жылы Ташкентте жарық көрген кітабынан алынған еді. Өлең:
Қырағы Тянь-Шань мен Памир, Алтай,
Күтеді көптен сені қарай-қарай.
Кене мен Абылайдың жолын қумай,
Жаһанда жабығудың жөні қалай, –деген жолдармен аяқталатыны белгілі. Мұның өзі өлеңнің Мұстафаға қаратып жазылғанын және оны қазақ қайраткерінің жақсы түсінгенін білдіреді. Ал 1931 жылы «Яш Түркістанның» үшінші-төртінші сандарында жарық көрген Мағжанның «Алыстағы бауырға» өлеңін Мұстафа Анадолы түркілеріне арналған деп түсінеді, оның түрікшілдік идеясына назар аударады. Бұл өлеңді И.Бенцингтің неміс тіліне аударғаны жөнінде жоғарыда айтып өткенбіз. Қазақ ақынының бұл шығармаларының жазылу уақыты Мұстафаның Францияға барып күрес жолын бастау кезеңімен тұстас келеді. Мағжанға Мұстафаның «Кене мен Абылай» жолында жүргендігі, бірақ олардың арманын бейбіт, саяси күрес тәсілдері арқылы жүзеге асыруға бет алғаны белгісіздеу еді…
М.Шоқай «Яш Түркістан» журналында түркістандық ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын дәріптеумен қатар, эмиграцияда жүрген талантты жастардың қаламынан туындаған әңгіме, өлең, әдебиеттанушылық талпыныстарына үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соның бір мысалы – Есен Тұрсын деген лақап атпен жария болған Тахир Шағатайдың «Түркістанның ұлы ақыны (1845-1904)» деген шағын мақаласы.
Тахир Шағатай «Яш Түркістан» журналының жауапты хатшысы болды. Абдуақап Оқтаймен бірге осы басылымның жүгін көтеріп, М.Шоқаймен бірі оң қанаты, бірі сол қанатындай ынтымақта жұмыс істеді.
Мақала «Яш Түркістан» журналында (1934. №58, 39-41-б.) жарық көрді, ол шағатай тілінен аударылып, «Түркістан» газетінде (2004, 15-шілде) қазақ тіліне аударылып басылды.
Абай туралы Есен Тұрсынның мақаласын редакциялап, оған толықтырулар енгізумен М.Шоқай шектеліп қалмайды. «Яш Түркістан» журналына (1935, №63) «Шайыр Абайдың өмірден озғанына 30 жыл толуына орай» деген мақала жазып, онда «Абай – ұлтшыл», «Абай – феодалшыл», «Абай – алашордашыл» деп, Абай шығармаларын мектеп кітапханаларына да жіберткізбей өрекпіп жүрген большевиктер саясатын сынға алады. Бірақ халық санасынан Абайды сызып тастаудың мүмкін еместігін, «Табиғатты есіктен қуып шығарсаң, ол терезеден қайтып кіреді» деген секілді, Абайдың да халық өмірінен кең орын ала бастағаны туралы баяндайды. Қазіргі кезде Алматыда ақынға ескерткіш орнатылған, ондағы Педагогикалық институтқа Абай аты берілген. Соның өзінде де Абайды шектеушілік, оның шығармаларын марксизм «елегінен» өткізуге тырысушылық тыйылмай келеді, – дейді М.Шоқай. Оған дәлел ретінде «Казахстанская правда» газетінің 1935 жылдың 1-қаңтарында басылған бір мақалада: «Біз Абайдың әдеби мұрасын толық пайдалана алмаймыз, бірақ марксизм елегінен өткізіп алынған Абай өлеңдері біз үшін бағалы» делінген жолдарды келтіреді.
Кеңес газетінде Абайды – «қазақ жазба поэзиясының негізін салушы» деген баға берілуіне орай, қазақ халқының Абайға дейін-ақ бірнеше ғасырлар бұрын дүниеге келтірген «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Асан Қайғы» секілді дастандарының авторлары «жазба шайырлар» болды деген пікір білдіреді.
Мұнан бұрынғы да шығармалар мен ескертулерінде М.Шоқайдың «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», т.с.с. дастандар жөніндегі пікірі осыған ұқсас келеді.
Біз өз тарапымызда олардың «жазба әдебиет үлгілері» болғандығы туралы ақиқатты анықтауды әдебиеттанушылар үлесіне қалдырамыз.

Снимок
М.Шоқайдың бұл туындысын, шағын болғанымен, Кеңес Одағында қазақ әдебиетінің ірі өкілдерін қудалау, әсіресе, Абай шығармашылығын зерттеуге түрлі тосқауылдар қою жағдайында жазылған, үлкен әлеуметтік жүк көтеріп тұрған шығарма деуге болады.
Қазақстанның әдебиеті саласындағы жағдайға тоқталатын болсақ, 1928 жылдың 6-маусымында Мұхтар Әуезов БК(б)П өлкелік комитетінің үгіт-насихат бөліміне өзінің «Қазақ әдебиеті тарихы» деген қолжазба еңбегінің Қазақ мемлекеттік баспасының қоймасында қозғалыссыз жатқандығы жөнінде өкініш білдіреді. Осы бөлімнің атынан Байділдин еңбектің кіріспе сөзіне өзгерту енгізуді және түзетуді қажет деген қорытынды жасайды, сонымен бірге «маркстік алғы сөз қосып беруді» талап етеді (ҚР ПМ. 141-қор. 1-тізбе. 2275-іс. 178-179 парақтар).
Қазақ республикасындағы ОГПУ-дың өкілетті өкілдігінің 1933 жылы 11-қыркүйекте «өте құпия» деп белгіленген «Қазақстандағы әдеби шығармашылық және әдеби күштер» деген 17 беттік баяндамасында «Буржуазиялық ұлтшылдықпен» айыпталмаған қазақ ақын, жазушылары қалмайды. Әсіресе, бұл құбыжық орган Мұхтар Әуезовке шүйлігіп, оған «Алашорда – көсемдерінің бірі… қазақ интеллигенциясының тұтас бір тобының көсемі және идеологы болып отыр» деген баға береді (ҚР ПМ. 141-қор. 1-тізбе. 5817-іс. 1-17 парақтар).
Сәбит Мұқанов осы кезеңде қазақ ақын-жазушыларын жаппай «ұлтшыл­дықпен» айыптаудың белгілі бір критерийі жоқтығына назар аударып, оны «сыпайылап» жеткізуге тырысады. «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) деген кітабында: «Ұлтшылдық өркендеуін тексеру үшін бізде оның саяси-шаруашылық себептерін іздегенде көп қиындық түсті. Мәселен, ұлттың өзі капитализм туғанда туады. Ұлт болмаса, ұлтшылдық жоқ. Олай болса, қазақ ұлтшылдары қазақтың капиталистерінің тілекшісі болуы керек қой. Расы солай ғой» деген уәж айтады.
Алайда қазақ халқының тарихы мен әдебиетін белгілі бір саяси мүдде тұрғысынан көруге ұмтылған кеңестік идеология бүкіл бір халықтың рухани пайғамбарына айналған Абайды да аямайды. М.Шоқайдың мақаласы осындай жағдайда жазылды. Мақала 1935 жылы «Түркістан» (Берлин) журналының соңғы (№5) нөмірінде де жарық көреді.
Айта кететін жайт: бұл басылым бізге дейін мүлдем белгісіз болып келді. Тіпті 2010 жылы Түркияға барған сапарымызда Стамбұлда тұратын профессор, ұзақ уақыт бойы «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымының тарихымен айналысып келе жатқан Ахат Андижан мұндай журналдың өмірде болмағандығы жөнінде мені сендіруге тырысқан-ды. Алайда біршама ізденістерден кейін бұл журналды табудың сәті түсті.
Осылайша «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымының, «Иени Түркістан», «Яш Түркістаннан» басқа, үшінші баспасөз органының болғандығы анықталды. Оның өмірі қысқа болды: 1934 жылдың қазан айынан – 1935 жылдың ақпан айына дейінгі уақытта бар болғаны бес нөмірі ғана шықты. Журнал Германияда (Берлин, Шарлоттенбург, 4) басылып шығарылды.
Бұл журналдың шығу тарихы «Яш Түркістан» журналының Түркия аумағына таратуға тыйым салынуына байланыс­ты еді. «Яш Түркістан» журналының Түркия аумағына ене алмауы көптеген оқырмандардан айырылып қалу қаупін тудырады. Осы жағдайды ескерген М.Шоқай мазмұны да, тілі де «Яш Түркістанмен» сабақтас, бірақ аты сәл өзгерген «Түркістан» атты журнал шығара бастайды.
М.Шоқай туыстас Түркия тарапынан жасалған бұл әрекетке өкінішін білдірсе де, серіктестерін бұл елдің ішкі және сыртқы саясаты жөнінде бірде-бір сыни пікір айтпауға, оған түсіністікпен қарауға шақырады.
Осындай қысылтаяң жағдайда Абай туралы мақаланың берілуі де түрік оқыр­мандарын қазақ халқының абыз ақынымен таныстыру ниетінен туындаған-ды.
М.Шоқайдың әдебиет әлеміндегі қыз­метінің бір арнасы шетел баспасөз­дерінде Түркістан халықтарының әдебиеті жөнінде жарық көрген басылымдар жөнінде орыс, шағатай тілдерінде шолулар жасап, түсіндірмелермен оқырмандарға жеткізіп отыруға байланысты болды. «Яш Түркістанның» 1930 жылдың қараша айындағы нөмірінде М.Шоқайдың «Алман қаламгерлерінің түркістандық әсерлері» деген мақаласы жарық көреді, онда В.Штайнның «Vossische Zeitung» газетінде (1930, 14-маусым) басылған көлемді мақаласы жөнінде сөз қозғалады. Осы мақаладан Мұстафа мынадай үзінді келтіреді: «Ұлтшыл шайыр Шолпанның өлеңдері зор көлемде елден-елге тарап, барлық қауым тарапынан оқылады. Шолпан өлеңдерінде орыс отаршылдары – түркістандықтардың басты жауы ретінде көрсетіледі. Шолпан өлеңдері барша түркістандықтарды кеңестік Ресей қамытынан құтылуды үгіттейді. «Қасқырлардан тек ақымақтар ғана ра қым күтеді» деген сөздер сол Шолпан өлеңдерінің бірінде айтылған». Мақала соңында Мұстафа Берлинде шығып тұрған «Остойропа» журналының 1931 жылғы сәуірдегі №7 санында жарық көрген «Түркістан шайырлары мен өлеңдері» атты 19 беттік мақала басылғаны жөнінде де хабарлайды.
«Яш Түркістанның» 1931 жылы шілде айындағы санында «Түркістан ұлттық әдебиеті хақында француз журналы не дейді» деген еңбегі Париждің ең беделді басылымдары қатарынан орын алатын «Муа» («Le Mois») журналының маусым айындағы санында «Түркістан әдебиетіндегі өлеңдер» деген мақалаға орай жазылған-ды. Француз авторы Түркістан жазушылары мен әдебиетшілерінің арасынан Шолпанға ерекше тоқталады: «Шолпан – тек түрік әлемінде ғана емес, Еуропада да танымал бір шайыр. Оның өлеңдері мен тілі Түркістан түркілерінің классикалық әдебиетін еске салады. Шолпанның барлық өлең-жырлары өлкеде ел аузынан түскен емес. Оның пьесалары түрік театрына жаңа тыныс, жаңа леп әкелді».
Мақала былайша аяқталады (бұл мақала соңында Шоқайұлы деп қол қойыпты. – К.Е.): «Түркістан поэзиясының өркен жаюы ұлттық түйсіктің оянуымен тығыз байланысты. Большевиктер бұл әрекетті тұншықтыруға тырысуда. Алайда халықтық өмір сүруге құлшынысы барған сайын артып келеді. Түркістан өз тәуелсіздігі үшін ғана емес, сонымен бірге өзіне тән рухының жеңіліс таппауы үшін күресуде».
М.Шоқай Париждің атақты журналында мұндай мақаланың жарық көруіне ерекше қуанып, «Дұрыс. Түркістан өз саяси тәуелсіздігі ғана емес, сонымен бірге ұлттық түрік рухы үшін де күресуде» дейді.
М.Шоқайдың әдебиеттану саласы бойынша қызметінің келесі бағыты әдебиеттің қоғам өміріндегі орнына, ақын, жазушылардың халық санасында ұлттық рухты берік орнатудағы рөліне, Кеңес Одағында ұлттық әдебиет өкілдерін қуғындауға байланысты. Халық жүрегінен берік орын алған, оның мұң-мүддесіне қызмет істеген әдебиет өкілдерін ғайбаттап, олардың орнына «пролетарлық әдебиет» дегенді қалыптастырудың рухани қасіретке ұласатындығын М.Шоқай талай рет ескертеді. Идеологиялық қысым жалғыз қазақ әдебиетін ғана емес, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік әдебиетін де қамтиды. Осы кездегі саяси науқаншылдық жөнінде ол: «[А.] Науаиды түрік әдебиетінің тарихынан шығарып тастауға ұрыну үшін шынында да шектен асқан ақымақ, қып-қызыл ақымақ болу керек… Бірдеңелерді бұтып-шатуға, Мақтымқұлының жүзіне «түкіруге», «партия бағытын» қабылдауға болатын шығар, бірақ мұндай жолмен Түркістанның рухани сұранысын қанағаттандыруға бола қоймас» деп жазды.
«Қып-қызыл ақымақтар» (1931 ж.) деген еңбегінде «Күнің туды батырақ, Шапқылап қал, шапқылап» деп, «уралап» әдебиет майданына енген, «бірдеңелерді бұтып-шатып» жазушы атанғандардың Науаи, Абай секілді ұлыларды сынға алуын ерен ессіздік ретінде қабылдады, олар жөнінде жебелі сөзін аямады. Атақты орыс мысалшысы Крылов өзінің «Есек және бұлбұл» деген еңбегінде, – дейді ол, – өз әнімен бұлбұлдың есекке ұнағаны, бірақ есек әтештен біршама үйренсе, бұлбұл мұнан да тәуір ән салар еді деп ұйғарады. Сол сияқты мұндай «қызыл революциялық шөже әтештер» ұлттық түркістан әдебиетінің шын мәніндегі бұлбұлы – Науаиды онша қолдап-қолпаштамайды (Мұстафа Шоқай. Шығармаларының толық жинағы. Алматы, 2013, 5-том, 298-б.).
Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың шығармаларын аса жоғары бағалап, олар – өз халқының тілі мен әдебиетінің ұлы білгірлері деп көрсетті, неліктен олар Түркістанның бір жерінде өз білімдеріне қолданыс таба алмай отыр деп өкініш білдірді (Сонда. 7-том. 270-б.).
Әдебиет саласындағы жаңалықтарды М.Шоқай «Еңбекші қазақ», «Казахстанская правда» және басқа да жаздырып алып отырған баспасөзден біліп отырды. «Казахстанская правда» газетінің 1937 жылдың 8-шілдесінде шыққан нөміріндегі «Халық жауларымен ымыраластық – партия жолына сатқындық» деген мақаламен танысып, оны Қазақстанның Жазушылар одағы мен оның бас органы – «Литературный Казахстан» журналына қарсы жасалған жорық деп түйіндеді.
Мақалада «сталиндік мектептің әйгілі кеңес жазушылары Сәбит Мұқанов пен Сәкен Сейфуллин ұлтшылдық элементтермен байланысты қолдап келгендігімен де аты шықты, әрине, бұл Одақтың жұмысына және жас жазушы кадрларды өсіруге үлкен зиян келтіріп отыр» делініпті. Мақала авторы, әсіресе, мұндай «зиянкестіктің түп тамыры қазақ халқының қас жауы, жапон тыңшысы Шоқаевқа ықыластық танытқан» Смағұл Сәдуақасовқа барып тіреледі деген секілді «көрегендік» білдіреді (Сонда. 9-том. 473-б.).
Көп ұзамай осы газеттен М.Шоқай С.Сейфуллиннің де «жапон тыңшысы» ретінде «айыпталғанын» оқып біледі.
Ұлттық кадрларды қуғындаудың түп-тамыры Смағұл да, Әлихан да емес, мүлдем басқада болатын. «Түркістандағы әдебиет төңірегінде» деген айдармен «Яш Түркістан» журналында жарық көрген Тахир Шағатайдың мақалаларына жазған кіріспе сөзінде М.Шоқай автор кеңес өкіметінің жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлттық әдебиетті Ресей мүдделеріне қызмет істеуге мәжбүрлеуі, сонымен бірге елде жалпы ұлттық мәдениет пен тілдің қалыпты дамуына кедергі жасауы жөнінде баяндайды; бұрынғы орыс классиктерін мадақтап, мәскеулік большевиктер түркістан классикалық әдебиетінің қазынасын пайдалануға, ұлы түркістандық жазушылардың есімдерін құрмет тұтуға тыйым салуда деп қорытады (Сонда. 9-том).
М.Шоқай өмір бойы елдегі әдеби процестерді қалт жібермей бақылады. Оған Мұстафаның «Әдебиет майданы» журналын алдырып, үнемі оқып тұруының өзі дәлел бола алады (Сонда. 10-т. 63-б.).
Мұстафа біраз еңбектерінде әдебиеттану теориясына көңіл бөледі. Оның пікірінше, жазушы өзі көрген және өзінше пайымдаған оқиғаны жазған кезде ғана шынайы туынды бере алады. Белгілі бір схемаға, идеяға алдын-ала бейімдеп жазудан ештеңе шықпайтындығын ескертеді. Осы жағдайдың бір мысалы ретінде Александр Сытин, Николай Тихонов, Борис Пильняк және басқа да кеңес жазушыларының «партияның бас бағыты» бойынша «әлеуметтік тапсырысты» орындау үшін Түркістанға барғанын, бірақ түкке тұрғысыз макалатурадан басқа ештеңе бере алмағандығын, себебі олардың «партияның бас бағыты» талап еткен ештеңе таба алмай, еліміздің өміріндегі фактілерді соған орай «қиюластырылғанын» айтады (Сонда. 7-том. 367-б.).Шокай жазба Шокай жазба-1
Ғалымның «Ақ – Қызыл», «Ұлтшыл – зиянкестердің даурығы» секілді еңбек­терінде әдебиеттің белгілі бір топтың, не таптың мүддесіне емес, бүтін ұлт мүддесіне қызмет істегенде, ұлт мүддесін білдіргенде ғана көркейіп, гүлденетіні, нағыз әдебиеттің ұлттық тәуелсіздік жағдайында ғана өсіп-өркендейтіні жөнінде жазылады.
Бұрынғы «орыстандыру» саясатының жаңа нұсқасын лениндік социализм және интернационализммен ұштастыру мақсатында большевиктер «мәдениеттің сырты ұлттық, мазмұны пролетарлық» деген формуланы ойлап тапты. Мәдениет – жалпы біртұтас рухани дүние, оны «формаға» және мазмұнға бөлуге болмайды, ішкі мазмұны қандай болса, мәдениет сондай деген тұжырым жасайды. «Ақ – Қызыл» еңбегінің әрі қарайғы мазмұны осы шындықты дәлелдеуге арналған: «Міне, мынау Түркістанда халқымыз тілін байытып, дамытады және биік ұлттық құндылықтар жасайды деп үміт артқан ең ұлттық жазушыларымыз, көп болғанда, үнсіздікте қалуға мәжбүр болып отыр. Себебі олар «мәдениеттің формасы ұлттық, мазмұны социалистік» болады деген мәскеулік түсінікке сәйкес келмейді. Мысалы, біздің Ахмет Байтұрсынов пен Шолпан ұлттық әдебиетіміздің озық өкілдері болып табылады. Олардың шығармаларынан Ресей үстемдігінен де құрып кетпеген біздің тіліміздің байлығы мен жарқылын көреміз. Ахмет пен Шолпан қазір қайда? Неге олар үнсіздік құрсауында?..
Пушкин мен Тургенев, дворяндар мен «капиталистер» болса да, орыс пролетариаты үшін «қасиетті» болып есептеледі, себебі олар – орыстар. Ал, Шолпан мен Ахмет – түркістандықтардың жауы деп суреттеледі, себебі Шолпан мен Ахмет – түркістандықтар» (Сонда. 5-том. 129-131 б.). Қандай да болсын, ұлттық әдебиеттің негізгі – ұлттық тіл екендігі ақиқат. Ұлттық тілсіз – әдебиеті, ұлттық әдебиетсіз – ұлттық рух, ұлттық рухсыз – ұлттық тәуелсіздік жоқ екендігі де – аксиомалық шындық. Сол себепті кеңес саясаты ұлттық тілді тұншықтыруға бағытталған деген Мұстафа тұжырымы «Кеңес галстугі» мақаласында баяндалған.
Есен Тұрсынның «Түркістандағы тіл саясаты» деген «Яш Түркістан» журналында жариялана бастаған мақалалар топтамасына жазған кіріспеде М.Шоқай Кеңес өкіметінің жергілікті халықты орыстандыруға бағытталған тіл саясатын сынға алуына байланысты автор ұстанымына қолдау көрсетеді. Есен Тұрсын, егер бұрын латын әліпбиіне көшуге қарсы болып, араб әліпбиін сақтауды жақтағандар «контрреволюционерлер» деп айыпталса, енді «контрреволюционерлер» қатарына латын тілінің тазалығы үшін күрескендер жатқызылуда деп жазады. «Мұның сыры мынада» дейді М.Шоқай. Бұрын, кеңес өкіметі өз жазуын «латындандырғанда», Түркия араб жазуын қолданатын. Сол себепті большевиктер жазудағы «арабшылдықты» «түрікшілдіктің» бір көрінісі деп қарастырды. Енді, Түркияда латын қарпін енгізгеннен кейін, кеңес өкіметі біраз орыс сөздері қосылған күлдібадамдау «латынданған» әліпбиді енгізу туралы өз реформасынан бас тарта бастады. «Латынданған» түркістандық кеңес әліпбиі кемалистік Түркиямен жақындатуы мүмкін. «Бұл жолы большевиктер Түркістандағы «орыс – латын» әліпбиіне қарсы қандай уәждерді алға тартады?» деп сұрақ қояды да, М.Шоқай оған жауапты «Казахстанская правда» газетінің 1934 жылы 9-сәуірде басылған материалдан табады. Онда жалпыға бірдей интернационалдық әліпби жоқ, қазіргі таңдағы әліпбилердің барлығы бірдей «жеке елдердің үстемдік етуші табының мүддесіне қызмет істейді» делінеді. Олай болса, деп қорытады ол, қазіргі орыс әліпбиі – таптық саясат құралы. Бұрын ол орыс феодалдары мен капиталистеріне қызмет істеді. Енді ол Ресейдің орыс пролетариатының және сонымен бірге эмиграциядағы орыс буржуазиясы мен орыс монархистерінің мүдделеріне қызмет істейді. Ұлттық тілсіз ұлттық әдебиет те болмайды. Бұларға шектеу салудың ұлттық рухты жоюға бағытталып отырғандығы жөніндегі мәселеге М.Шоқай сан рет тоқталады. «Большевиктер – түрікшілдік дұшпаны» («Яш Түркістан». 1931. Шілде. №20) деген еңбегінде», «Большевиктер атамекеніміз – Түркістанда біздің ұлттық рухымыздың тамырын қиып, оның орнына орыс дүниетанымын орнатуға тырысуда. Ұлттық рухсыз, ұлттық тәуелсіздік болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген де, білген де емес» деп шегелейді.
Әдебиеттің әлеуметтік функцияларына байланысты тақырыпты барынша зерттеген М.Шоқай «Ұлттық бостандық – ұлттық рух жемісі. Ұлттық рухтың өзі де ұлттық бостандық пен ұлттық тәуелсіздік саясында жеміс бере алады» деген тұжырымдама жасайды. «Әдебиеттің бостандығы» мәселесі осыдан туындайды. М.Шоқай сондықтан әдебиеттің дамуына қажетті жағдайлардың ішінде саясаттың әдеби процеске аралас­пауын алдыңғы орынға қояды. «Адамзат шығармашылығының барлық түрлерінің ішінде әдебиет бәрінен бұрын бостандыққа мұқтаж» дейді.
Ақын, жазушыларға берілген «бос­тандық» – күнкөрістің көзі емес, халыққа қыз­мет істеудің, оның жан дүниесін байы­тып, рухын көтерудің, тәуелсіз өмір сүруінің шарты.
М.Шоқайдың бұл идеялары бүгінгі күні де өте өзекті. Пендешілік құлы болмай, ұлттық мүдделерге қызмет істеу әрбір ақын, жазушының бағыт-бағдары болуы тиіс. Интеллигенция қатарын толтырып жүргендер баршылық, бірақ бәрі бірдей зиялы емес. Мұстафа философиясы осылай дейді.

Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Аноним

    оте керемет маган унады жаксы

  2. Аноним

    Маганда

  3. Аноним

    😎🙋‍♂️

  4. Аноним

    ууууууууууу ааааааааааа уууууууууууу емес фак

  5. Аноним

    Күшті

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.