ӨРЕ

(Бас редактор туралы ой-баян)
Өзі қарапайым, көзге түсе бермейтін, бірақ көңіл түпкірінде күнгей боп қалып қойған, ойға орала кетсе өзі жайлы айтуыңа сұранып тұратын жандар болады. Сұранып тұрған соң айтқан дұрыс. Бірақ айта білген де жөн. Әйтпесе артық кетіп ауып қалуың әбден мүмкін. Білеміз, кейде бір адамның басына бар синонимді үйіп-төге салатынымыз бар. Құй сен, құй сенбе, аржағын өзің білесің дегендей.Айтуыңа өзі сұранып тұратын жанның жөні бөлек, жорасы тіпті басқа. Ойыңды оятар ондай жанға ырза көңіліңнің ықыласын иітіп, жан шуағына бөленген шынайы сәулелі сөз ғана тіл қатады.
Оның тілге тиек болар бір болмысы – оқшаулығы. Қауым болып өмір сүрсек те әрбір жанның өз орбитасы бар. Баршаның бірдей еместігі секілді өмірдегі қым-қуыт әрекеттер ағысында бара жатқан адамдардың да бір-біріне ұқсамайтын тірлігі соған айғақ. Бірақ әрбір адамның жекелік болмысының қайталанбайтыны және анық.
Ешкім ешкімді қайталамайды, ешкім ешкімге ұқсай алмайды. Ешкім ешкімге көлеңке де бола алмайды. Адам тірлігінің ерекшелігі де осында.
Оның оқшаулығы да мен білетін Шәмшінің бір қасиеті. Бұл қасиет жүре келе жолдасын тапқандай, журналистік тірлігі «Түркістан» газетімен тоғысып, болмысы біте қайнасқан тағдырға айналғаннан кейін барып пайда болғандай. Оған дейінгі Шәмші шеңберден шықпайтын сыпайы жігіт-ті. Бұл аз-кем уақыт бір баспада басымыз қосылған кезеңнен қалған біліс. Осы күні өзі отырған бөлмеге – баспа директорының бөлмесіне имене кіріп ізетпен шығып жүрген жігіт көңілге бір жылылықты ұялатқан еді. Өте орнықты, мәдениетті, үлкенге ізеті мол, ортаға сіңімді де сыйымды екен. Өз ойына да сенімді, нені айтса да талдап сөйлеуге бейім, позициясын табандап қорғауға бейіл. Мұндай мінез бен болмыс-абырой әкелетін қасиет. Осындай жігіттің қайта құру кезеңінде замананың қалай қарай бет бұрғанын біле қойып, білекті сыбанып, жаңа ағысқа жасқанбай қайық салғаны бір жағы қайсарлық болса, аржағы оның қоғамдық құбылысқа деген көзқарасы жағынан прагматик екенін аңғартты.
Өмірде осы бағытынан таймауға оған көмектескен де, қолтығынан демеп ісіне қанат берген де осы көзқарас – оқшаулау көзқарасы болса керек-ті. Қазақ еліне қара сөзімен танымал, қалжыңымен қара қылды қақ жаратын Қалекеңнен (Мұхамеджанов) кейін «Түркістандай» тұғырлы газетке бас редактор болуы тосын көрінгені рас. Көкейлерді: «Алып кете алар ма екен? Желкенін жығып алмас па екен? Тарта алса болар еді. Қайырлап қалмаса жарады… Қалай болар екендер?» кеу-кеулегені де рас. Мұндай күдіктің көкейден кетпейтіндей де орайы бар. Бұрыннан келе жатқан дәстүр бойынша Бас редакторлыққа араға жылдар салып барып журналистиканың бар сатысынан өткен, ығырын тартып ысылған, сүрлеуін тауысып шымырған жандар тағайындалып жатушы еді. Редакция мен баспахананың иісі әбден бойына да, ойына да сіңіп, кәнігілікке қол жеткізген тәжірибеге жол беруші еді. Шәмшінікі «жас келсе іске» дегендей жаңалық, жаңа серпін болды. Бұрынғы ескі дәстүрдің көбісі сөгіліп, көктеуі сетіней бастағанын, қазақ журналистикасына жаңа үрдістің келгенін аңғартқандай көрінді.
Редактор деген газеттің Бас идеологы, генераторы, тамыршысы. Мұндай қасиеттерсіз редактор газеттің желкенін көтере алмайды. Оқырман мұхитында тайсалмай еркін жүзу, елдің ықыласын өзіне иіту, сөзіңнің қадіріне ден қойғызу оза шабар ойды, орасан зор еңбекті қажет етеді. Газет шығару күні-түні тынбай өз философияңды алға тарту, яғни: бұл дегенің бір-біріне ұқсамайтын адам атты индивидуумның таусылмайтын проблемаларын, ел мен жердің тағдырын, тірлік атаулының таусылмайтын жансебілін, соның бәріне қоғамның көрсетіп отырған қилы құбылысы мен қан қысымын, жаңа қоғамның жаңа жағдаяттарын, ажары мен базарын, төбедегі билік пен төмендегі қатынасын, ауыл мен қаланың өзгеру процесі кезіндегі адамдардың хал-күйін, ғасырлар бойы күткен тәуелсіздігіміздің тауқыметі мен тағдырын, ұлттық мүдде мен ұрпақ тағдырын, ең аяғы қияндағы қарапайым қарашасының проблемасын, әйтеуір ештеңені де елеусіз қалдырмай араласудан бір тынбау, бағытынан бір танбау, бәрін дәлелмен дер кезі көтере білу, қорғай білу, жаза білу, өз көзқарасыңмен түйіндей білу, бүгініміздің бар қырын ашып көрсету ғой…
Осыларды білгірлікпен жүзеге асыра алмасаң айналадағы қаптаған қызылды-жасылды газеттердің дүрмегінде шаң қуып, шала бүлініп қалуың да оп-оңай еді. Өз қаржыңмен, ешкімге алақан жаймай, аласапыран бәсекеден алып шығып, өз брендімен қалыптасу үшін редакторға керектінің бәрі қат еді. Бірақ көп ұзамай-ақ Шәмші өзінің желкенін түзеп, айдынын ашып алды. Қыруар газет-журналдардың ішінде өзінше бөлектеніп көрініп, оқшаулана озды деуге болады. Онысы газеттің бет-әлпетінен-ақ басталды. Өзіне тән дизайн бірден көзге шалынып көңілді баурайды. Материалдары салмақтылығымен сараланып, таңдануға емес талғамға жүгінеді, көтерген мәселені түбіне дейін көтере талдайды. Нені жазса да ойдың өрісін үзіктірмейтін, сөздің аузын қақпайламайтын дәстүрімен ерекшеленеді. Мәселені тереңнен тартып, ойды аяғына дейін жеткізу принціпінен айнымайды. Тақырыппен тұйықталмайды, тақырыптың тынысын ашады. Осылайша өзіндік өренің қасқа жолын қалыптаған. Осыдан келіп ұжымдық рух, өз ұстанымына нық корпоративтік көзқарас қалыптасқандай. Шәмші басқарған газеттің өзгелерден омырауы озық боп оқшаулануы да осыдан.
Сайып келгенде саралау оңай, ал бағалау қиын. Оқырманның қалауына, сөзіне әмір жүрмейді. Бағаны оқырман береді. Оған тек ақ адал еңбегіңнің нәтижесімен жетуің мүмкін. Газеттің осындай жылы ілтипатқа жайдақ сөзбен емес өремен жетіп отырғанын айтпасқа болмайды. Өре-білім мен қабілеттің қабысуынан, мықты журналистердің бір ұжымда табысуынан туады. Қаламы жүйрік журналистерді тап басып таба білу, оның жолын ашып, қарымын қайрай білу, ортақ істің орайына салу редакция – редактор идеясымен

ұласып барып ортақ өреге айналатынын өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат. Салмақты да сапалы, ойлы материалдардың көп болуы, міне, осындай тандемнен туады. Бүгінде біз білетін газеттің әрбір нөмірінде оқылатын материалдың болатынына ойымыз нық, көңіліміз сенімді. Редактор ретінде Шәмші мұны терең әрі дер кез түсініп аңғара білген. Қапысыз қамдану бекер болмапты – «Түркістан» өз бет бейнесін ел ішіне осындай өз өресімен танылғанын табыс деп біледі. Редакцияның ішкі интуициясы, творчестволық толғанысы мен толғағы, қоғамға көзқарасы, жанашырлығы мен жауапкершілігі жұптасып түйсікпен тіл қатады, толғаммен түйін жасайды. Оны ойланып оқып, ойланып тынығанбыз. Бұл жерде біз деп отырғаным – қара ормандай қалың оқырманы.
Газеттің әр нөмері – ойлану мен ойтанудың өлшемі секілді. Әр нөмірі уақыт көшінің хронометрі десек оның жылдамдығына, тоқтаусыз күніне ілесе отырып қоғамның көзқарасы мен санасына лайық ой тарқата алу үшін ұшқыр да ұтымды шеберлік керек. Осы тұста да редактордың ойтануы ортаймауы тиіс, қарымы қалғымауы ләзім. Мұндай бапта болу оның әр күнгі режимі. Газетіне қарап мен Шәмшінің күйін осылай болжаймын.
Сөзі бір күндік деп жүрген газеттің қазіргі заманғы үні шапшаң, ықпалы жедел. Таңертеңгі тірлігін газет бетін қараудан бастайтын болған қоғамның онысыз «ішкен асы» батпайтындай дәрежеге жеткенін екінің бірі біледі. Өзіміз де сол, өзгенің сөзін тыңдамас бұрын өз газетімізбен сөйлесіп алып, күнкөріс шаруаға сонан соң бет қоятынымыз дағдыға айналған. Ал газеттер болса өзгерген үстіне өзгеріп барады, түрленіп барады, бір-бірімен бәсекеге түсіп сан-салалы боп барады. Бірі қаржысымен, бірі ойымен, бірі оқырманымен озғысы келеді. Осы процестердің бәрі өмірге еріксіз ыңғайлану, өмірге оңтайлану дегенге мойын бұрғызады. Заманыңның заңына қарай барыңды бағамдап, бағытыңды түзей білуге бұйда салады. Демек бәрін дер кезі аңдау, бағамдау, жаңаның ығытын түсіну, мағынасына ендеу, мазмұнына үйлесу өмір өзегіне айналады. Редактордың уақытпен бірге жаралып, бірге өмір кешуі дегеніміз осындай бейнет пен зейнеттен тұрады.
Қалай болғанда да газет редакторы халықтың көз алдында. Оған сын да көп, мін де көп, баға да көп. Ол үшін ең бастысы – қалам үшін қайыспау, бәріне шыдау, таңдаған жолынан танбау, тартқан жүгін қара нардай қасқайып тарта беру, журналистика жолының азабынан жасымау, алыптың емес әмәнда әлеуметтің сөзін сөйлеу, ақиқатты ашу, әділін айту, әлеуметке жанашыр болу, қолдаушы да қорғаушы болу; Маған ойлы жоспарын жүзеге асырудағы орнықты ұстанымы мен ішкі сенімінің беріктігі оның бұлжымас қағидасындай боп көрінеді. Мен Шәмшінің пайымын осылай болжаймын.
Жақсы дүние өздігінен пайда болмайды, иә болмаса жазыла салмайды. Жақсы дүниенің де өз жолы бар. Оның бірі – жақсы нөмірді журналистің авторлармен бірлесіп жасауы. Алысты болжай білу сияқты айтарына жазуы сай авторды таңдай білу, оны іске жеге білу де редактор мен редакцияның ұшқырлығын танытады. Диктофонға сене бермей, қаламға қайрылып отыру, өзіңді ғана емес өзгені де қамшылай білу көп нәрсенің тиегін ағытады, көп әңгіменің көрігін қыздырады. Ортақ мүдде жайлы түрлі стильдің, түрлі сөз саптаудың, түрлі құлпырған сөздің, өрілген ойдың, қызық дерек пен дәйектің көмбесі ашылады. Бұл жағынан алғанда «Түркістанның» беті ашық, бағыты түзу. Оған айғақ газеттегі зиялы қауымның, саясаткерлер, әлеуметтанушылар, демографтар, ұстаздар, ғалымдар, тарихшылар, этнографтар, дипломаттар… дейсіз бе, баршасының кең отырып көсіле сөйлеуі, күрмеуі қиын мәселелердің артық-кемін талқыға салып жататыны. Аптасына бір-ақ рет шығатын газеттің мұндай кеңдігі мен кемелдігі өзіне тән үрдіске айналған. Дәл осындай ой толқынына, ақтарылу ағысына, сыр бөлінісіне тұрақты баруы – газеттің тапқырлығы, табысы дер едік. Қазіргідей оқырман хатына жауап бермейтін, мақаланың көлемін үш-төрт компьютер бетінен артық болса қабылданбайтын нарықтық заманда, тек ақпараттар ағынына сүйенетін заманда авторларды көптеп тартып айқара бет беретін кеңпейіл райдан айнымау – творчестволық табандылықтың үлгісі дерлік. Мұның артында бас мақаласы жоқ бас бағыт тұрғаны анық. Осыған қарап мен Шәмшінің парасатын да түсінгендей боламын.
Бүгінде газет-журнал дегенің жыртылып айырылады. Таңдай біл де тауып оқи бер. Бірақ қазақ баспасөзі дегенде көз алдымызға келе қалары қадау-қадау. Әрқайсысының өзіндік шабысы бар, шабысына қарай табысы бар дегендей… Болса да бәрі бояуы кетпей бозала таңнан тарайды ғой. «Түркістанның» да тынысынан тірлік екпіні еседі, тынымсыздығынан сұрауы бар сөздің сүргінінде жүргені сезіледі. Әр нөмірдің артында таусылмайтын тапсырмалар, сабылған сапарлар, ұйқысыз түндер, мазасыз күндер жатқанын біз білсек те оқырман біле бермес. Білуге міндетті емес. Оқырманға керегі әр нөмірдің кешікпей келгені. Одан өзіне керегін оқып біліп отырғаны. Бас редактор мұны жақсы біледі, түсінеді, толғанады.
Осы орайда қазіргідей нарық заманында өз күшіңмен газет шығару ерлікке пара-пар болып отырғанда «Түркістандай» басылымның барын базарлау, жоғын барлау, жақсысын көрсету, ойын түсіну, табиғатын білу, талғамын пайымдау, белсенділігін бағамдау, ұлттық ұстанымын ұғу, творчестволық әлеуетін бағалау, барын бар деп айту да абзал іс, азаматтық парыз. Лайықтыға айтылғанның еш артықтығы болмайды. Шәмшиддин Пәттеев басшылық жасайтын «Түркістан» газеті сол сапта, сол санатта.
Ендеше газеттің де, бас редакторының да еңбегі елге ортақ. Жай газет емес, оқылатын газет шығару оңай емес. Газеттің күні – адаммен. Адам болғанда ерекше адамдармен, журналистермен. Мың қырлы – мың сырлы мамандықтың тар жол тайғақ кешуін өткеру арқылы қайсібір мүмкіндіктеріңді де құрбан ете отырып қаныңмен қайнап, жаныңмен жанып жазғанда ғана газеттің шабытты шағы туады. Оқылатын боп шырағы жағылады. Шырағымен, шуағымыен оқырманына олжа салып отырған «Түркістан» газетінің ұжымы, оның Бас редакторы Шәмшіні айтсақ – мадақ емес барды бағалағанымыз деп білейік.
Қазіргі күн – газеттің күні. Құлашы кең, мүмкіндігі мол, ойы еркін. Нені айтып, нені жазам демейді. Қаламының қайраты – сөзінде, қамшысы – өзінде. Бұл бүгіннің сыйы. Ал кешеміз қыр астынан қылиып, көңілде ғана қалғандай. Баяғы бұрқыратып жазылған очерктер, мөлдіретіп жазылған қаз-қалпындалар, арқырап төгілген поэмалар, үкілі үмітті сәт сапарлар, лебізді лирикалар… сонан соң қызыл сөзбен көмкерілген мақалалар, екпінге толы есепті баяндамалар, есеп беру конференциялары, памфлеттер мен фельеотондар, бәрі-бәрі қалың тігінділер бетінде сағымдана сарғаяды, өткеннің елесі тәрізді секілденеді.
Енді, міне, өзгеріп кеткен өмірдің өзгеше кейіп пен тірлікке көшкен адамдары секілді журналистика да өмір жырын өзгеше стилмен жазуға кірісті. Иә-иә дәл солай. Өзгеше жазуға!
Осы орайда мынадай жай есімнен кетпейді.
«Шіркін, мына мүмкіндікті бізге бергенде ғой!?».
Бұл Сейдағаңның (С.Бердіқұлов) сөзі еді.
«Жалын» баспасының директоры боп тұрғанда бара қалғаным. Қазақ баспасөзінің бұғаудан босап, ұлттық тақырыптарды қопара қозғап, дуылдай жаза бастаған кезі. Сейдағаң жалпақ үстел үстіне «Лениншіл жастың» («Жас Алаш») бояуы кеппеген нөмірін саусағының ұшымен мұрнын бір шекіп тастап, айқара жайып қарап отыр екен. Бұл газетпен бірге өсіп, бірге жанған, өмірін газетсіз елестете алмайтын Сейдағаңның шыны еді. Қызғаныш та, құлшыныш та қан ойнатып отыр еді.
Осы бір сөз әлі есімде.
«Шіркін, мына мүмкіндікті бізге бергенде ғой?!»
Қазір бұл мүмкіндік бүгінгі журналистиканың қолында. Көк құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан журналистиканың жас желектері осы мүмкіндікті барынша бағалай алса бағының жанғаны. Жану мен лаулаудың жолы мен жөнін әманда алдымен Бас редактордың көрсететіні тағы белгілі: ісімен, сөзімен, ойымен, пайым-парасатымен.
Ең бастысы – өресімен.
Шәмшінің азаматтық – журналистік-редакторлық өмір жолынан осыны көреміз. Көреміз де көңіліміз толады.
Өрелі жан соқпағын өрге салыпты.

Жақау Дәуренбеков

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.