АРЫСТАН БАБА МЕН АРЫСТАН БАБ

Соғыстан кейінгі жылдары, бала кезімде, бүкіл Орта Азия мен Қазақстанға белгілі «Көкалташ» медресесін бітірген ірі ғұламаларды, сонымен қатар айтарлықтай оқуы болмаса да ислами ізгі әңгімелерді бойына сіңірген құймақұлақ қарияларды тыңдап үлгергеніме шүкіршілік етемін. Өйткені ілгеріде мен естіген әңгімелерді осы заманғы ғұламалар әйтеуір бір себеппен қайталап айтқанда, олардың жіберген кейбір жаңсақтықтары бірден білініп тұрады. Дінтанушылардың бірі Бақтыбай Айнабековтің «Ана тілі» апталығының 29-нөмірінде (24-30 шілде, 2014 ж.) жарияланған «Баптардың бабы – Арыстан бап» деп аталатын мақаласын оқығанда осындай бір күй кештім.

Әңгіме түсінікті болу үшін басынан ­бастайын. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед салла аллаһу алайһи уа салламның Алла Тағаланың әмірімен миғражға көтерілгені бүкіл мұсылман жұртшылығына белгілі. Ол осы сапарында байқаған, бірақ өзі байыбына бара алмаған кейбір құбылыстарды қасына еріп жүрген Жебірейіл алайһи с-саламнан сұрап, біліп алып отырған.
Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пейіштен бір табақ құрма алдырып, сахабаларына мұғжиза көрсетеді. Табақты енді қоя бергенде бір құрма жылжып жерге түседі. Қайтарып салуға ниет еткені сол еді, Жебірейіл келіп: «Ол – төрт жүз жылдан кейін келетін үмметіңіздің несібесі» дейді.
Пайғамбар (с.ғ.с) жиналып отырған сахабаларына пейіште көрген жоғарыдағы оқиғасын айта келіп: «Мына құрманы төрт жүз жылдан кейін өмірге келетін үмметіне кім табыс етеді» деп сұрақ қояды. Жиналғандар біразға дейін үн-түнсіз отырып қалады. Ақырында бір қартаңдау сахаба орнынан көтеріліп: «Мен тапсырар едім, бірақ өмірім жетпейді ғой» дейді. Мұхаммед салла аллаһу алайһи уа саллам: «Дұға жасаймыз, Алла Тағала өзі кеңшілік етеді» деп жауап қайтарады.
Мұғжиза көрсетілген күн сәрсенбі екен. Дәл сол күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен дұға жасап, бата беру үшін Арыстан бабаның (Бұл лақап аттың не себепті қойылғанына кейінірек тоқталамыз. – Б.С.) үйіне қонаққа барады. Қарт сахабаның тұрмыс-тіршілігін, аса кедейлігін көріп, пайғамбар (с.а.с.) да, еріп барған сахабалар да қайран қалады. Алла Тағаланың нағыз шынайы құлы екендігіне көздері әбден жетеді. Сол жерде періштелердің қатысуымен рахмани дұға жасалып, аманат құрма табыс етіледі. Қарт сахаба оны түсіп қалған кетік тісінің орнына салып алады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) аманатты қабылдап алушыға баланы қайдан, қалай табуға болатыны жөнінде ақыл-кеңес береді.
Арыстан баба құдай сәтін салған күні жолға шығады. Шығыс жақтағы Түркістан атырабына бірте-бірте жақындай беруге, сол жерге үйренісіп-сіңісуге бекінеді. Кетіп бара жатып, жолай үлкен бір орманға кезігеді. Кесіп өтуіне тура келеді. Ортасына жеткенде алаңшық пайда болады. Ол жерде ойнап жүрген бірнеше арыстанды көрді. Елеусіздеу бір жерге отыра қалады. Сол отырғаннан мол отырады. Уақыттың өтіп жатқанын мүлде сезбейді.
Ағаштың басында отырған бір көгершін адам тілінде: «Уа, Арыстан баба, бұлай отыра берсеңіз іздеп келе жатқан балаңыз дүниеден өтіп кетеді ғой» дейді. Сонда ғана қарт сахаба ұйқысынан оянғандай болады. Сол сәтте ол арыстан боп ойнап жүрген, құс боп сөйлеп тұрған періштелер екенін аңдаған жоқ еді. Бұл бір уақыттың қалай өткенін байқатпау үшін Алла Тағаланың көрсеткен мұғжиза қамқорлығы болатын. Ол кісіге Арыстан баба лақабы осылайша таңылады. Арыстан баба қайтадан жолға шығады. Сұрастыра-сұрастыра Түркістан алқабына жетеді. Бір елді мекенге жақындағанда алдынан жеті жасар бала қарсы жолығады. Енді ақынның өзіне сөз берелік:
Жеті жаста Арыстан баба Түркістанға келді.
Басымды қойып жыладым, халімді көріп күлді.
Мың бір зікір үйретіп, мейірбандық жасады.
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз – тәбәрік.
Құрма туралы сөз «еттім, маған айбар жасады.
«Ей, би әдеп, көдек» деп асасын алып қуды.
Айбарынан қорықпадым, маған қарап тұрды.
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз – тәбәрік.
Аузыңды аш, ей көдек, аманатыңды берейін.
Мазасын (дәнін) жұтпадым, аш аузыңды,
салайын.
Хақ пайғамбардың бұйрығын үммет болсам, қылайын.
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз– тәбәрік.
Аузымды аштым. Салды. Құрманың исі
мас етті.
Екі ғаламнан безіп, аллаһи болдым,
Хақты жан-тәнімен сүюші.
[Кейіннен] Қожа молда жиылды, қолдан-қолға тигізбей алып жүрді.
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз – тәбәрік.
Бабам айтты: «Ей балам, маған әдеп қылмадың.
Төрт жүз жыл ұртымда сақтап едім мен саған».
«Етін сіз алып, дәнін маған бердіңіз».
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз – тәбәрік.
Бабам айтты: «Ей, балам қасымда тұр, өлейін.
Жаназамды оқып көм, жан тәсілім қылайын.
Медет берсе Мұстафа иллийинге (Жаратушы Жаббар иеге ең жақын рухтар сақталатын аса құрметті мекен) кірейін».
[Бұл бәйіттер «Диуани хикметтің» 1904 жылғы Қазан басылымындағы 98-хикметтен, 1911 жылғы Ташкент басылымындағы 90-хикметтен, 1992 жылғы Ташкент басылымындағы 97-хикметтен алынып отыр. Хикмет санында ғана айырма бар, мәтін үш басылымда бірдей — Б.С.).
Жоғарыдағы оқиға ескерткіштің 2-хикметінде (кейінгі естелігінде) былайша аяқталады:
Қабыз (Әзірейіл) келіп Арслан бабам жанын алды.
Хурлар келіп жібек тоннан кебін қылды.
Жетпіс мың періштелер жиылып келді.
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жаназасын оқып, (рухын) жерден көтерді.
Бір пұрсатта жұмақ ішіне жеткізді.
Рухын алып иллийинге кіргізді.
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Жоғарыдағы бәйіттерде Арслан баба мен жеті жастағы Қожа Ахмед арасындағы кездесу барысындағы оқиғалар, қимылдар, олардың бір-бірімен тілдесуі, пікірлесуі ап-анық баяндалған. Енді ғана болып жатқан көрініс сияқты көз алдымызға елестете аламыз. Осыншама ақиқатты әз машайық бабамыз жазып кеткендіктен, қалайша оны жоққа шығаруға болады? Әрине, ладуни (Аллатану) ілімінен хабары жоқтар мұны түсінбейді.
Демек, Арслан бабаны жиылып келген жетпіс мың періште жерледі. Оған Хазіреті сұлтан әз машайық бабамыз куә болды. Осы себепті Арслан бабаның қай жерге жерленгенін адамзаттан Қожа Ахмед Ясауиден басқа ешкім білмейді. Мұның өзі, бәлкім, белгілі бір адамға табынып кетпес үшін Алла Тағаланың пенделеріне жасаған қамқорлығы болар.
Жаратушы Жаббар иеміздің сүйіктілерін періштелердің жерлеу оқиғасы бір бұл емес. Мына рауайатты еске түсірелік.
Мұхаммед салла аллаһу алайһи уа салламның заманында Әбдірахман атты бір ұры болыпты. Айдалада әйелі екеуі жалғыз үйде тұрады екен. Мұсылман дәуірі келсе де, ұрлығын қоймапты. Кейбіреулер арнайы ізіне түссе де, ұстатпапты. Ұрлығын қойғызу үшін пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі, қанша әрекет жасаса да, жаман ісіне тоқтау сала алмапты. Ақырында Алла Тағаланың елшісі «Ешкім Әбдірахманмен қатыспасын, қаза тапқан жағдайда бір адам жерлеуге бармасын» деп өкім шыарады. Сонымен жүріп жатады.
Бір күні жер қайысқан періште Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) есігінің алдынан өтіп бара жатады. Пайғамбар (с.ғ.с.) ең соңында келе жатқан Жебірейіл алайһи с-саламнан сұрайды: «Бұлар қайда бара жатыр?» «Әбдірахман ұрыны жерлеуге бара жатырмыз» дейді ол. Асыққаны соншалық, Алланың елшісі бір кебісін киіп, бір кебісін киюге шамасы келмей, соңынан тұра жүгіреді. Ентігіп келсе, Әбдірахманның намазын шығару үшін періштелер қатарға тұрып алыпты. Пайғамбарға (с.а.с.) орын қалмапты. Пайғамбар (с.а.с.) жалғыз өзі бір қатар түзіп тұра қалады. Осыдан – қаза болған кісілерге намаз шығарғанда – топтың ең соңында бір адамның бір қатар түзіп тұруы кейінгілерге сүндет болып қалыпты. Әбдірахманды жерлеп болғаннан кейін періштелер кетіп қалады. Құран оқу үшін пайғамбар ұрының үйіне келеді. Сөз соңында әйелінен: «Бұл кісі тірісінде Алла Тағалаға ұнайтындай қандай қызмет көрсетіп еді?» деп сұрайды. «Намаз оқып, ораза ұстаған жоқ. Одан басқа да көзге түсер жақсы істерін байқамадым. Бірақ жас кезінде ұрлықтан бөлек кәсіп жасап үйренбегеніне өкінетін. Ұрлығын екеуіміз аштан өлмес үшін ғана жасайтын. Ешқашан қажетімізден артық ұрлық жасамады. Кешкілік Алла Тағаланың есімдерін айтып, «күнәмді кешір» деп тілек тілейтін. Менің білетінім осы» дейді. Пайғамбарымыз қайыл қалып, өзінің берген өкімінің жаңсақ екенін түсінеді. Тәубеге келеді.
Алла Тағаланың көмекшілері – періштелердің осы сияқты ғажайып істеріне кәрі тарих куә. Осы себепті Арыстан бабаның періштелер тарапынан жерленгеніне еш шүбәланбаймыз. Алла Тағалаға, оның періштелеріне, қасиетті кітаптары мен пайғамбарларына иланғандар бұл керемет оқиғаға, сөз жоқ, күмән келтірмейді.
Енді Бабтардың бабы – Арыстан бабқа оралалық. Бұл кісі – бала кезімізден құлағымызға сіңген:
Түркістанда түмен (он мың) баб,
Сайрамда бар сансыз баб,
Отырарда отыз баб.
Бабтардың бабын сұрасаң,
Ең үлкені Арыстан баб, – аталатын Ата.
Басқаша айтқанда, Қазақстан мен Орта Азияда ислам дінінің кеңінен жайылуына ықпал еткен алғашқы заңғар насихатшылардың бірі. Бірі ғана емес, бірегейі. Себебі ол пірмұған дәрежесіне көтеріліп (силсила аталатын жауһари тізбектің бір буыны ретінде), Мұхаммед салла аллаһу алайһи уа салламның мұнтаздай нұр сәулелі ілімін өз дәрежесінде өз тұстастарына айна-қатесіз жеткізе алған аса даңқты ғұлама. Дінтанушы Бақтыбай Айнабеков қолында бар деректерге сүйеніп, Арыстан баб ішіне енген силсила-шежірені былайша таратады: Хазіреті Әли – имам Мұхаммед-Ханафийа – Абд әл-Фаттах баб – Абд әл-Жаббар баб – Абд әр-Рахман баб –Абд әр-Рахим баб – Абд әл-Жалил баб – Абд әл-Карим баб – Ысқақ баб – Исмайил баб – Омар баб – Осман баб – Ифтихар баб – Махмуд баб – Илйас баб-Арыстан баб. Және ол шежіренің әулиенің ататегі емес, Мұхаммедтің (с.а.с.) өсиеті, ілімі кімдер арқылы жеткенін көрсететін силсила екенін ескертіп өтеді. «Мансур ата – Арыстан бабтың ұрпағы» деген ғалымдар пікірін де алға тартады.
Сонда қалай? Арыстан баб – бар болғаны Илйас бабтың ілімін толық меңгеріп, батасын алған муриді. Илйас бабтың басқа муридтерінен оның өзгешелігі – силсиланы ұстап тұра алатындай пірмұған дәрежесіне жеткені. Ал Илйас баб болса, Махмуд бабтың орнын басқан муриді. Осылайша әр пірдің ұстаздарын қуалай берсек, Хазіреті Әли мен оның баласы имам Мухаммед-Ханафийаға барып тіреледі. Барлығы да нақты өмірде болған, бірін-бірі білетін адамдар. Әрі Арыстан бабтың ұрпағы бар болғанға ұқсайды. Мұның бәрі, айналып келгенде, нені білдіреді? Арыстан баба мен Арыстан бабтың мүлдем екі басқа адам екендігін сөзсіз дәлелдейді.
Қарт сахаба – Арыстан бабаның мойнына алған бар міндеті (миссиясы) пайғамбарымыз берген құрманы Қожа Ахмед Ясауиге жеткізу ғана. Рахмани тапсырмамен жүрген кісі қалайша ұрпақ таратып үлгереді. Міндетін өтегеннен кейін Арыстан бабаның жан тапсыруы да – заңды. Лақап аттарының ұқсастығына ғана қарап сахаба мен дін таратушы бабты шатастыруы, сол арқылы мұсылман қауымына жаңсақ пікір таңуы дінтанушы Бақтыбай Айнабековтің елеулі қателігі. Ол қыза-қыза (2014 жылы шілдеде жарияланған «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналында): «Арыстан баб – рухани тарихымызға енуге тиісті тарихи тұлғалар Қорқыт Ата, әл-Фараби және Ясауидің ұстазы» деп жазады.
Қорқыт Атаның ислам дінін қабылдаған-қабылдамағаны дәлелденілмеген. Бірқатар ғалымдардың, көнекөз қариялардың пікіріне қарағанда, Қорқыт Ата ислам діні енбестен бұрын дүниеге келген адам. Оның өлімнен қашуы да шариғатпен үйлеспейді. Сонда қайда жүріп Арыс­тан баб оған ұстаз бола алады? Әл-Фарабиге ұстаз болса, аты дүңкілдеп шықпай ма? Соншама ірі тұлғадан – ұстаздардың ұстазынан – бірде-бір тарихи дерек қалмағаны қалай? Бірде-бір еңбек жазылмағаны қалай?
Арыстан бабтың Арыстан бабаның лақап есімін иемденуінде бір сыр бар сияқты. Қожа Ахмед Ясауиге сабақ берген ғұламаның (Арыстан бабамен сұхбаттас болған) жеті жастағы баланың ықпалымен «Арыстан бабамен рухтас баб» атануы ықтимал. Шұбалаңқы тіркес бірте-бірте қысқартылып, Арыстан баб болып кетуі әбден мүмкін. Себебі халық метонимия заңы бойынша, «құндыздың теріскен тігілген бөрік» деген тіркесті «құндыз бөрік» деп қысқартып айта береді. Қарға баб, Лашын баб сияқты лақап аттарға қарап, кей бабтар құс атауларын ғана емес, аң атауларын да иеленген деп жорамал жасауға болады. Бабтардың ең үлкені болғандықтан, оған Арыстан лақап аты таңылуы ақылға сыйымды. Қалай болғанда да, жүріп өткен жолы, бүкіл өмірі мүлде бөлек екі адамды бір адам деп есептеуге лақап аттарының ұқсастығы негіз бола алмайды.
Бір жағынан дінтанушы Бақтыбай Айна­бековтің баспасөз арқылы осылайша пікір білдіргені де дұрыс. Әйтпегенде, шындықтың беті ашылмас еді.

Берікбай САҒЫНДЫҚҰЛЫ,
филология ғылымының
докторы, профессор
Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.