Тұлғаға құрмет.Мектеп-гимназияға Темірбек Қожакеевтің есімі берілді

«Қожакеевтен дәріс алдық…», «КазГУ журфагының  дүрілдеп тұрған кезі Қожакеев басқарған жылдар еді», «Сонда Қожакеев айтқан  екен…», «Темкең айтпақшы, журналист деген былай болу керек», «Қожакеевтің шарапаты сонда бір тиіп еді»… Аға буын журналистердің қай-қайсысы да  журналистика немесе студенттік өмір   туралы әңгіменің әлқиссасын осылай бастайды. 

Темірбек Қожакеевтің қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі зор, оның есімі мен журналистика ұғымы егіз. Міне, сондай тау тұлғадан дәріс алу, оның өнегесін көру, кейіннен оны мақтанышпен айта жүру – біздің аға буын журналистерімізге бұйырған бақ екен. Қожакеев мектебі – сол кездегі әрбір жас журналистің болашақ өміріне азық боларлық тәлім-тәрбие берген. 1970 жылдардан бастап, содан кейінгі жылдарда ҚазМУ-дың журфагынан түлеп ұшқан, күні бүгінге дейін аттары әйгілі болған мыңнан астам журналистердің шыққан биігі мен алған асуында Темірбек Қожакеевтің орасан зор еңбегі бар. Мұны бізге өзге емес, олардың өздері айтады. Өзіміз үлгі тұтып жүрген көп журналистердің естеліктерінен, мақалаларынан осыны ойға түйеміз.
Темірбек Қожакеев туралы есте­ліктер легі бүгінде толассыз. Журналистер қауымының оған деген құрметі ерекше. Өзі жарты ға­сырға жуық еңбек еткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Темірбек Қожакеев атындағы ауди­тория ашылған. Екі жылдан бері Темірбек Қожакеев оқулары аясында «Жас тілшілер» атты ғылыми форум өтеді. Бұл форумда жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жобаларына, үздік студенттік ғылыми жұмысқа, пуб­лицистік шығармаларға, ең үздік са­­­тиралық туындыларға байқау жария­­ланған. Жеңімпаздарға қазақ бас­пасөзінің тарихы мен теориясын зерттеуші, әдебиетші әрі сыншы, қазақ сатирасы мен юморының тарихын алғаш зерттеген, негізін қала­ған көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Темірбек Қожакеев атындағы арнайы стипендиялар тағайындалады. Бұл жұмыстардың бәріне ұйытқы болып жүрген – оның ұлы, қазақтың абзал азаматтарының бірі Мадет Қожакеев. Ел құрметтеген ғажайып ғалым ғана емес, өз отбасында өнегелі әке болып, өзінің жолын жалғар салиқалы ұрпақ өсірген Темірбек ағаның өмірі қай жағынан алсаңыз да тағылымға толы. Ол – «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағиданы берік ұстанып, талантты жастарға әрдайым қолдау, қамқорлық көрсетіп, қазақтың баспасөз майданына кіл мықтыларды жинаған білікті басшы, ұлағатты ұстаз.
Темірбек Қожакеев Меркіде туған. Дәлірек айтсақ, Меркі ауданы, Ойтал ауылында. Оның өзіне қанша таңданып, дарынына, адамдық кел­бетіне тәнті болғанымызбен, туған жері туралы сөз болғанда ешкім де таңырқамайды. Өйткені талай алыптарды өсірген қасиетті топырақта мұн­дай тау тұлғаның да тууы заңдылық еді.

DSC_0116
Жақында ауданымыздағы №39 орта мектеп-гимназиясына Темірбек Қожакеевтің есімі берілді. Мектептің үшінші қабатынан Темірбек ағаның мұражайын ашу үшін арнайы бөлме бөлінді. Қазіргі таңда мұражай іші жабдықталуда. Кітаптары, ғылыми еңбектері, суреттері, тұлғаның өмірі мен еңбегіне қатысты өзге де жәдігер­лер мұражайға қойылуда. Ұстаздың мү­сіні де жасалуда. Бұл Темкеңнің алдағы жылы болатын 90 жылдық ме­рей­тойына алдын ала дайындық іспетті.
Қожакеевті танып, одан тағылым алған жастар сол Темірбек атасындай тау тұлға болып өссін деп тілейік. Өйткені, ондай тұлғалар бүгінгі біздің қоғамға аса қажет-ақ…

Нұрбану КАМАЛ
Жамбыл облысы
Меркі ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.