Кенесары хан

Орыс отарлаушы билігінің 1822 жылы жарыққа шыққан жарғысы қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі хандық билікті жойып, даланы Сібір әкімшілігіне бағынатын округтерге бөлуге жол ашты. Терең ойластырылмаған бұл шара қазақ даласында табанды қарсылықтарға тап болды. Әсіресе, қазақтарды басқаруда аса ықпалды Абылай хан әулеті мұндай шешімге қарсы өре түрегелді. Оның үстіне 1824 жылдан бастап отаршыл билік Арқа өңірінде баса көктеп әскери бекіністер салуға кірісті. Құнарлы жерлер мен, көкшалғын жайылымдарға көшіп келген орыс шаруалары қалауларынша қоныстанып, жергілікті халықтың тынысын тарылта түсті. 

Отарлауға қарсы күресті алғаш Уәли ханның үлкен ұлы, Абылайдың немересі Ғұбайдолла сұлтан Абылайдың тағы бір ұлы Қасымнан туған Саржанмен бірге бастады. Ғұбайдолланы орыс билігі екі қайтара тұтқындап, итжеккенге жер ­аударды. Осы күреске ол кезде әлі жасөспірім, Кенесары да қатысты. Кенесарының әкесі Қасым Абылай ханның қалмақ әйелінен туған еді.Абылай әулеті орысқа қарсы күресте Қоқан хандығымен одақтаспақ болып әрекеттенді. Алайда қоқандықтардың тұмсығының астынан арыны көрмейтін, топас саясаты жағдайды тұйыққа тіреді. Азаттық үшін күреске шыққан Кенесарының бауырлары Саржанды және Есенгелдіні келіссөзге барғанда Қоқан билеушілері қаныпезерлікпен өлтірді. Көп кешікпей Түркістандағы Қожа ­Ахмет Ясауиге мінәжат етуге барған Қасым да қоқандықтар қолынан қаза тапты. Бұған мойымаған керісінше, шыңдала түскен Кенесары қазақтардың азаттық жолындағы күресіне басшылықты өз қолына алды. 1841 жылдың қыркүйегінде Торғай өзеніне жақын маңда оны Орта жүз бен Кіші жүздің игі жақсылары ақ киізге отырғызып хан көтерді. Енді Кенесарыға қосылу үшін жан-жақтан қазақ сарбаздары ағылды. Көп кешікпей-ақ оның сарбаздарының сандары жиырма мың адамға жетті. Өзінің ерекше табиғи дарыны және жоғарыда аталған туыстары мен бауырлары бастаған соғыстарға жастай қатысып, бай әскери тәжірибе жинақтауының арқасында ол төңірегіне жиналған Ағыбай, Иман, Аңғал, Жанайдар, Басығара, Жәуке, Жанайдар тәрізді батырлар бастаған қалың қолды кемеңгерлікпен басқара білді.Оның тамаша қолбасылық дарыны туралы орыстардың өздері де, шетелдіктер де аз жазған жоқ.Сондықтан да оған тоқталып жатпаймыз. Кенесары әрі шебер дипломат, саяси тұлға ретінде де ерекшеленді. Орыстың оңай жау емес екендігін түсінген ол о баста, орыспен араны бейбіт жолмен реттеуге баса назар аударды. Оның Омбы, Орынбор және Батыс Сібір билеушілеріне, Петербургке жазған хаттарында осы сарын байқалады. Осындай саясат ұстанған Кенесары тіптен, 1840 жылы Николай І-ге жазған хатында оны асқақтата марапаттап, «ұлы патша» деп дәріптеді, императорды қақпанға түсірмек болып, саяси қулықпен одан шен-шекпен де сұрады. Кенесарының орыстар алдындағы осылай, «әдейі кішірею» тактикасын түсінбеген қазақтың Тілеш Шойынбаев тәрізді тарихшылары тарихшы Е.Бекмахановпен айтысқанда осы хаттарға сүйеніп, Кенесарыны «хандыққа қол жеткізуді аңсаған феодал-монархист» ретінде ақ пен қараны ажырата алмай, біржақты айыптады. Алда тарихымызда мұндай қателіктерге жол берілмеу үшін Кенесары ханның астарлы дипломатиясын дұрыс түсіндіруге баса мән беруіміз керек. Алғаш Сыр бойындағы қамалдарды қоқан билігінен азат етуді ойлаған Кенесарыға қарсы орыстардың жорықтары 1843 жылдан бас­тап үдеп кетті. Кенесары оларға бірнеше рет ойсырата соққы берді. 1844-45 жылдары орыс жазалаушы­ларының Кенесары әскерін қоршап алып, жойып жібермек болған әрекеттері іске аспады. Алайда қазақтың кейбір сұлтандарының орыс­тармен ауыз жаласып, көтерілісшілер соңына түсуі жағдайды ауырлата түсті. Енді көтерілісшілердің қозғалыс ауқымы тарыла бастады. Сондықтан да Кенесары 1845 жылдың жазында жаңа жайылымдық жерлер іздеп, әлі де патша үкіметінің ықпалына түсе қоймаған Сыр бойына келді. Бұл өңірге орыстардың ене қоймаған себебі, мұнда қоқан қамалдары орналасқан еді. Осында ол, біраздан бері қоқандықтармен күресіп жүрген Жанқожа батырды өзіне бірігуге үгіттеп, «…сізден сұрайтыным: егер сіз келіссеңіз, онда мен Ұлы және Орта Ордадан жігіттер жинап, Созақ қаласына келемін, ал сіз Кіші Ордадан жігіттерді жинап, қоқандықтармен соғысу үшін Созаққа келіңіз» деген сарында хат жолдады. Жанқожа бұл ұсынысты құп алды. Кенесары мен Жанқожаның біріккен күштері қоқандықтар қарауындағы Жаңақорған, Жүлек, Созақ тәрізді қамалдарды қоршап, қоқандықтарды талқандады. Әскердің бір бөлігі Ақмешітті де қоршауға алған еді. Алайда сарбаздар арасында жұқпалы аурудың таралуынан, және барлаушылары арқылы Қоқан мен Бұқар хандықтарының бірігіп, қарсы шабуылға дайындалып жатқанын естіген Кенесары жігіттерін шығынға ұшыратпау үшін Балқаш,Іле өңіріне қоныс аударды. Осында Қамал атты түбекте қыстап шыққан ол, генерал-майор Вишневский бастаған жазалау­шылардың, және оны қолдаушы қазақ сұлтандарының қыспағына ұшырады. Жауларымен ұрыс жүргізе отырып, Кенесары, амалсыздан Ұлы жүз аймағына өтіп, Шу өзені бойына көшіп келді. Кенесары Ұлы жүз аумағына еш шақырусыз қадам басты. Алайда ол өзін осындағы туыстары Рүстем және Сүйік пен Әли Абылайханов бастаған төрелер қолдар деген үмітте еді. Ол сонымен қатар көптеген рубасылар мен билер және батырлар қоқандықтардың зомбылығынан құтылу үшін өзіне қолдау көрсетеді деп ойлады. Шындығында да, ханды мұнда Саурық, Сұраншы, Тойшыбек, Сыпатай, Бұғыбай, Байсейіт тәрізді батырлар мен билер жылы ықыласпен қарсы алды. Солардың арасында ол, әсіресе, дулаттың шымыр тармағын басқаратын Байзақ датқаға сүйенбек болды. Иә, Кенесары сенімін Байзақ ақтады. Өзі басқаратын дулаттың Шымыр руынан қол жинап келіп, соңына дейін ханмен бірге болды. Қырғызға жорық басталғанда тау басында бекініп жатқан оларға бару үшін Байзақ Кенесарыға тау шатқалынан жол ашуды ұсынды. Міне, Кенесарының сенімді серігі.
Алайда Нысанбай жырау айтпақшы «Алатаудың тасындай» саны көп қырғыз бәрібір жеңіске жетті. Мәселенің бұлай аяқталуына ең алдымен қырғыз сарбаздары­ның сан жағынан әлдеқайда көп болуы ғана емес, Кенесары ханның қырғыздарға қарсы аса қатал күшпен бағындыру саясатын ұстануы да себеп болды.
Ханның шектен шыққан қаталдығы қырғыздарды ғана емес, қазақтардың өздерін де шошындырды. Кейбір сарбаздар ұрыс даласын тастап кетті. Осыны пайдаланған қырғыздар хан жасағын қоршауға алды. Қиын жағдайға тап болған Кенесары қырғызға берілуге мәжбүр болды. Айта кетер бір маңызды мәселе – Байзақ датқа басқарған Дулаттардың Шымыр руының жігіттері ханмен бірге қалып, қырғызға тұтқын болды. Кейінірек, қырғыздар қолында Кенесары қайтыс болған соң, Әулиеата төңірегіндегі Шымыр руының ақсақалдары бір табын жылқы айдап барып, Байзақ пен оның серіктерін қырғыздан босатып алды. Кейіннен қоқан әмірі төрт зеңбіректің аузына байлап атқан Байзақ елге құрметті тұлға. Жамбыл облысында бір аудан оның есімімен аталатын болса, Таразда, Алматыда оның атында көшелер бар. Осындайда айтпасқа болмайтын тағы бір мәселе, Кенесарыны қырғыздардың қалай өлтіргені сан-саққа жүгіртілуде. Бүгінде айтарымыз: екі бауырлас халықтың арасында сыздаған жараға айналған осы мәселені ұшықтыра өрбіту қажет пе?
Қалай десек те, қазақтың соңғы ханы Кенесары бүгінде халқымыздың намысын қайрайтын ұлтымыздың асқақ мақтанышы. Оның қайсар тұлғасы әлі қазақтың ғана емес, отаршылдыққа қарсы күрескен түркітілдестердің сандаған ұрпақтарын ерлікке шақырып, тәуелсіздіктің заңғар биігіне ұмтылдыра беретін болады.

Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор,
ҚР ҰҒА Құрметті академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Төлепберген

    Кенесарыны қырғыздардың қалай өлтіргені сан-саққа жүгіртілуде. Бүгінде айтарымыз: екі бауырлас халықтың арасында сыздаған жараға айналған осы мәселені ұшықтыра өрбіту қажет пе?
    —————
    қырғыз -қазақ бір түған дейміз,бырақ олардың Көкжал Барақ басқарған мың әскерді өлтіріп бастарынан қорған түрғызғанын жэне Кенесары ханды,Наурызбай батырды өлтіргендерін қалай үмытасын ,іштегі жара сияқты

  2. Аноним

    Кенесарынын сенымды серыгы кым ??
    а) Богенбай батыр
    б)Карасай батыр
    в)Наурызбай батыр

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.