Байқоңыр балалары қазақша оқиды!

Өткен сейсенбіде еліміз Білім күнін атап өтті. Осы күні білім ордаларында жаңа оқу жылы басталды. Қазақ елінің түкпір-түкпірінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиын өтті.
Мектептер мен колледждерде алғашқы сабақ патриотыққа, отансүйгіштікке арналды. Ол – «Ерлік сабағы» деп аталды. Сабақтың бұлай аталуы да жайдан-жай емес. Өйткені биыл Қазақ хандығына 550 жыл, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 70 жыл толып отыр. Әскери-патроиоттық тәрбиені кешенді жүргізу, оны мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттау әрі жас ұрпақтың бойына сіңіру уақыт талабы екені анық.

Биыл бірінші сыныпқа барған балғындар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше сыйлығына ие болды. Ол – «Менің Отаным – Қазақстан» деген кітап. Мемлекет бас­­шысы кітаптағы құтықтауында былай дейді:
«Қымбатты жас дос!
Сен жаңа белеске қадам бастың, мектепке келдің, оқушы болдың. Бұл сен үшін үлкен мереке. Ал мерекеде сыйлық беріледі. Бұл кітап – менің саған жасаған сыйлығым! Мектепте сені қызықты жаңалықтар мен ғажайып уақиғалар күтіп отыр.
Қазақстан – біздің Отанымыз. Өз Отаныңның тарихы мен мәдениеті, ана тіліңді білуің керек. Бұған алғашқы ұстазың мен оқулықтарың, осы кітабың көмектеседі. Қазақ­станның болашағы жарқын. Бұған достарыңмен бірге сен де өз үлесіңді қосасың. Білім әлеміне саяхатың сәтті болсын!».
Аталған оқулық жас бүлдіршін­дерге арналған тамаша тарту. Бірінші сынып оқушысы туған елі, сондай-ақ өңірлер туралы деректерге қаныға алады. Мұның бәрі баланың атамекенін, Отанын құрметтеп өсуге көмегі тиері анық.
Білім күнінің ерекше екендігін мынадан да аңғаруға болар. ­Елбасы шетелде жүрсе де осы мерекеге байланыста құттықтауын жеткізді. «Бүгін 7,5 мың мектеп 2,6 миллион балаға есігін ашты, соның 300 мыңы бірінші сынып оқушылары. Біз оларға менің жеке құттықтауыммен бірге ­Отанымыз туралы кітап сыйладық» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Биылғы оқу жылындағы айрықша жаңалық Байқоңыр қаласындағы 6 мектептің қазақстандық үлгіге көшкендігі. Олар бұған дейін Ресейдің білім үлгісі бойынша білім алған еді. Нәтижесінде мектептерді бітірген қазақ оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алма­ған­дықтан, еліміздегі жоғары оқу орындарына түсе алмайтын. Енді бәрі де талаптағыдай өзгерді. «Жұл­дызды қалашықтағы» 6 қазақ мектебі еліміздің білім беру үлгісіне көшті. Білім күні 642 байқоңырлық бүлдіршін алғаш рет қазақ мектебінің табалдырығын аттады.
Аталған мектептердің шығын­дарын өтеу үшін республикалық бюджеттен 982,1 млн. теңге, мате­риалдық-техникалық жағдайын қамтуға облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлінді. Қажетті оқу­лықтар толық жеткізілген.
Біздің мемлекетіміз білім беру ісіне баса көңіл бөліп отыр. Соның жарқын бір көрінісі жаңа мектептердің көптен ашылуы. Мәселен, Білім күні Астана қаласы бойынша қатарынан үш жаңа мектеп ашылды. Жыл соңына дейін елорда оқушылары үшін тағы екі мектеп бой көтермек. Мұндай мысалдарды ел өмірінен көптен кездестіруге болады. Мұғалім қауымның жағдайы да – ел назарында. Алдағы уақытта ұстаздардың жалақысы елу пайызға дейін өсетін болып отыр.
Ыбырай атамыздың «Кел, балалар оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық!» дейтін сөзі бар емес пе. Олай болса жас өрен, оқи да біл, оқығанды көңілге тоқи да біл.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.