Өмірге құштарлық

Киелі өлкенің қадір-қасиетін ұлықтап жырға қосқан қарт-ұстаз Әбдіманап Едігеұлы Қырықбаев есімі оңтүстіктегі Түлкібас ауданының білім беру саласы еңбеккерлеріне жақсы таныс. Осы Түлкібас ауданындағы Дәубаба ауылды мекенінің тумасы, бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу ісіне арнаған ардагер-ұстаз Дәубаба ауылындағы «Сеславино» мектебін он жылға жуық басқарып, жауапкершілігі мол міндетті абыроймен атқарып, ұстаздық деген киелі мамандыққа барынша адалдық танытқан-тын.

Міне, жақында қарт-ұстаздың «Дәубаба атамекенім» атты өлеңдер жинағы Алматы қаласындағы «Заман Принт» баспасынан басылып шығып, оқырмандарға жол тартты. Көлемі 7 баспа табақтан тұратын аталмыш еңбек өзіндік ерекшелігімен, тақырып алуандығымен қызықты. Негізінен туған жер мен атамекен, тәрбие мен жастар мәселесін, достық пен махаббат сынды тақырыптарды арқау етеді, ой қорытып, жастарды игі істерге үгіттейді, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырады. Айталық,«Үлгіміз қайда?» деген өлеңінде «Қиындықтан қорықпай, Қарсы тұра біл дейміз. Жауың мықты болса да, Миығыңнан күл дейміз…» деп, қиындыққа мойымауға үндесе, «Сөздеріміз ірілеу, Дүрсе қоя береміз. Дұрыс сөйлеу әдебін, Үйренбей-ақ келеміз…» деп, дұрыс сөйлеу әдебін сөз етеді. Ал «Жерің – жәннат, Дәубаба, Суың – шәрбат, Дәубаба. Жұмақ- атамекенім,Көз алдымда сен ғана!..» деген өлең жолдарынан ардагер-ұстаздың атамекенге, туған жерге деген ыстық ықыласын, кіршіксіз махаббатын аңғарамыз. Кітапқа енген өлеңдері әр жылдарда аудандық, облыстық және республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген-тін. Оқырмандар тарапынан оң бағасын да алған. Сөз арасында мына бір жайтқа назар аударған да дұрыс шығар. Әбдіманап Едігеұлы, яғни біздің кейіпкеріміз, алдымен мұғалім, тәжірибесі мол, «бар мейіріміміз – балаларға» деген ұстанымды ұстанған ұстаз, ал жазушылық, ақындық- келесі кезектегі міндет, өнер деп білген жан. Жинақтағы әрбір өлең жолдарын оқып отырғанда-ақ ұстаз қаламынан туған шығарма екендігін сезіп отырасың. Қырық жылға жуық білім беру саласында еңбек етіп, ұстаздық қызметке барлық қарым-қабілетін, күш-жігерін жұмсаған жанның басқа мазмұндағы, өзгеше үлгідегі өлең-жырларды жазбасы анық қой. Өмірде болып жатқан оқиғаларға, орын алып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарға ұстаз көзімен қарап, ұстаз ретінде баға беріп келді. Жылдар бойы көңілде түйген түйткілдер мен қомақты ойларын қағазға түсіріп, келешекте қажет болар деп жинастырды. Бұл да кейіпкеріміздің машық еткен әдеті, қыры десек те болғандай.
Ұстаз болғандықтан ұстаздардың бүгінгі жай-күйіне, мәртебесіне алаңдамай тұра алмайтындығы тағы бар. Үлкен басқосуларда, келелі жиналыстарда осыған қатысты ой-пікірлерін жиі-жиі айтып,қынжылысын білдіріп те жүретін. «Мұғалімді көрсек алыстан, Ізетпен сәлем беруші ек. Сыйлағандық па ол кезде, Ұстазды пір тұтушы ек..» деп, шығармаларында ертеректе мұғалімдерді ерекше бағалап, пір тұтқандығын айтса, ал мына бір тұста: «Бала қамын жеуші еді, Жалғыз сөз ойға келуші еді. Ең үлкені алғыстың, «Мұғалім бол!» деуші еді…» деп, алғыстың ең үлкені мұғалім болу екендігін сөз етеді.
Иә, сексен жасқа аяқ басқалы тұрған қарт-ұстаз осыдан бір жыл бұрын көлік оқиғасы салдарынан аса ауыр жарақат алып, өлім аузынан аман қалған. Сол бір қиын сәттерде аурухана дәрігерлерінің арқасында әрі ардагер-ұстаздың өмірге деген құштарлығымен беті бері қарап, бірнеше айдан соң аяққа тұрды. «Маған енді алты күндік тіршілік берсеңіз, бүкіл еңбегімді тағы бір қарап шығар едім» деп, емдеуші дәрігерінен қиылып өтініш сұраған жазушы Оноре де Бальзак сынды, біздің кейіпкеріміз де бір ауыр сыннан өтіп, қазіргі уақытта әрбір күнін, тіпті әрбір минутын текке жібермей, шығармашылық жұмысқа жан-тәнімен кірісіп кеткендей. Алғашқы өлеңдер жинағын шығара салысымен, енді өмірбаяндық еңбегіне ден қоюда. Міне, қарт-ұстаз өмірге, еңбекке деген іңкәрлігін, табанды қайсарлығын осылайша аңғартып-ақ келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верси­тетінің филология факульте­тінде Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұр­жекеев, Төлен Әбдіков… сынды қазақтың нар тұлғалы азаматтарымен оқып, студент­тік шақтың қызықты сәттерін бірге өткізген кейіпкеріміз ұстаздықтың даң­ғыл жолымен жүре отырып, бүгінде еліне елеулі, халқына қалаулы ел аза­ма­тына, ауылдың бетке ұстар қариясына айналып отыр. Білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Әбдіманап Едігеұлы Қырықбаевқа денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз.

 

Қанат Едігетегі

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Бибайша

    Сәлеметсіз бе ! Осы Қырықбаев Әбдіманап ағай біздің ұстазымыз еді. Қазір қайда екен немесе туыстары бар ма? Бізге өте қажет болып тұр. Қаратау қаласының 1976 жылғы мектеп бітіруші түлектері іздейді. Бізге кез келген ақпарат маңызды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.