Қайшылықтар нүктесі

Сөз жоқ, адам – аса күрделі жаратылыс. Адам табиғатының астары сан-алуан. Ол бір ғана формамен, бір ғана қалыпта өмір сүре алмайды. Егер адам баласы бір қалыпта, бір ғана формамен өмір сүретін болса, онда өмір деген ұғымда ешқандайда мән де, мағына да қалмас еді. Осындай кәдуілгі адам табиғатының қалыбына сыймай, өзі өмір сүрген «ит тіршілік» ортаға көңілі толмай, тіпті өзімен-өзі қайшылықты, мазасыз ғұмыр кешкен пірадар жаратылыс иесінің бірі – ақын Тоқаш Бердияров.
Өз басым Тоқаш ақынды бір-ақ рет көрдім. Онда да алыстан, кездейсоқ, көкемнің өзі айтпақшы, күтпеген жерден… Жанында бірнеше нөкері бар ол атақты «Қаламгер» кафесінің бір түкпірінде әлдекімге кіжініп, қатты-қатты сөйлеп отырды. Шамасы, қып-қызыл болып «қаруланып» алған сияқты. Қасындағылары не қостағаны, не қостамағаны белгісіз анда-санда бастарын шұлғып қоятыны болмаса, көбіне үнсіз. Тек Тоқаңның қабағын бағады.

Иә, ол кезде «тентек» Тоқаштың атағы жер жарып тұрған дер шағы. Несін айтасыз, бұл Алматыда оны танымайтын кісі жоқ еді ғой. Ал Жазушылар одағында… айдарынан жел ескен ең танымал адам болды. «Тоқаш келе жатыр!» десе, әншейінде күпсініп, кеуіп-пісіп жүретіндердің бірталайы кірерге тесік таппай әбіржіп қалатын. Тесік тапқан күннің өзінде Тоқаңның қарасы әудем жерге ұзап, көрінбей кеткенше сол арада тапжылмайтын. Неге былай болды? Іннен-інге қашып тығылатындай ол жан алғыш әзірейіл емес қой, бұның құпиясы неде дерсің?.. Барлық құпия – Тоқаңның тосын мінезінде. Оның мінезін бірден түсіне қою, бірден ұғына қою қиын еді. Ол күтпеген жерден лап ете қалатын. Лап ете қалғанда жолына тура келіп қалған адам сөз жоқ, «жанып» кететін. Жақсысы, сол лап ете қалған қып-қызыл отқа тура келіп қалмау… Тура келіп қалдың екен, аяушылық күтпе. Алайда ол от ұзақ алаулап жанып тұрып алмайтын. Қалай лап етіп тұтанса, солай жалп етіп сөнетін-ді.
Мінез демекші, «тентек» Тоқаштың бастан кешкені туралы хикаяттар аңыз болып тарап жатқан уақыт еді ол… Тоқаң істепті деген секілді қызықты хикаяттарға біз де әжептәуір қанық едік. Әрине, әлдебір қызу әңгіменің қызығына түсіп, қызара бөртіп отырған жігіттердің менімен шаруасы болған жоқ. Ал мен «Қаламгерге» «Қазақ әдебиетінде» қызмет ететін досым Нұрғалиды (Ораз) іздеп кірген едім. Жоқ екен. Бұрылып, шығуға бет алғанымда, түкпірдегі үстел басында үркердей болып үйіріліп отырғандарға соңғы рет көз тастадым. Осы сәтті күтіп тұрғандай Тоқаң бәріне естірте әлдекімді келістіріп бір сыбады: «Өтірік!.. Жала!.. Жала жабудың қалай екенін… мен оларға көрсетемін әлі!». Тоқаңнан менің құлағымда қалғаны осы бірауыз сөз. Бірауыз сөз – не деген ұлы сөз еді?! Түсінгенге, әрине…
Бұл – мың да тоғыз жүз сексен үштің сылаңдаған сәуірі болатын.
Ол кісіні бүгінгі жұрт «тентек, бұзық» еді деп еске алады. Бәлкім, бұл теңеулер негізсіз болмауы да мүмкін. Көз көргендердің негіздеуінше, абыр-дабыры, өсек-аяңы көп ортаға Тоқаңның әуестігі онша болмағанға ұқсайды. Сондықтан болар, Жазушылар одағына да жиі бас сұға бермейді екен. Сыралғы емес ортада ол сөзге соншама сараң, көп сөйлемей, өзімен-өзі томаға-тұйық отыратын болса керек. Ісіп-кеуіп жүретін біреулер сияқты өңмеңдеп, орынсыз килігу, жоқ жерден білгішсіп кісіге тиісу ол кісіге әуелден жат болған сияқты. Сол секілді көзге түсіп қалайыншы деу, қазір жаппай «эпидемияға» айналған өтірік мақтау, керек адамға көпшік қоя сөйлеу, көзге көлгірсу – жеті атасынан бері әдет етпесе керек. Осындай тамаша қасиеттері бола тұра, ол шырпы сияқты күтпеген тұстан шырт етіп тұтанып, ол біртіндеп күш алып, ақырында оны жұдырыққа ұластырып жібере алатын «ерекше қабілеті» туралы оны жақсы білетіндер таңды-таңға ұрып айтады. Алайда Тоқаңның осы тосын мінезін біле тұра, оның аяқ астынан нілдей бұзылып, жоқ жерден «жау» тауып алатын осынау «ит» мінезінің себебін ешкім де сұрамапты. Сұраса да, ол бәрібір жауап бермес еді. Сұрақтың «негізсіз» екенін үнсіз-ақ дәлелдер еді. Әйтпесе, «Бала, бұл провакация тудыратын сұрақ. Мұндай сұрақтың «подследствиесі» қиын болатынын ойладың ба? Мұндайды біздің қазақ «Байқамай сөйлеген ауырмай өледі» деп атам заманда-ақ айтып қойған. Сенің кемшілігің содан әлі сабақ алмағаның. Бұл жарамайды» деп құтылып кететіні былай тұрсын, мәселені жүз сексен градусқа айналдырып бұрып, оған жоқ жерден өзіңді кінәлі етіп қоюдан да тайынбас па еді, кім білсін?!. Өйткені оның айтқандары төбеден түскендей ауыр болатын. Мінезі де соған сай еді. Өлеңдері де соған лайық-тұғын…

***

Тоқаш Бердияров дегенде үш жағдай алдымен еске түседі. Енді соны баяндап өтейін.
Тоқаң он алты жасқа келгенде өзі әдейі жасын ұлғайтып көрсетіп, сұранып соғысқа аттанған. Соғыстың аты – соғыс. Соғыс өлімсіз болмайды.Соғыста себепсіз қан да көп төгіледі. Өлім бар жерде қайғы-қасірет бар. Себепсіз төгілген қанды көп көрген кісі өзінен-өзі іштей сіресіп, өзінен-өзі жүрегі мұздай бастайтыны біз айтпасақ та белгілі. Ал қазақтың болашақ ұлы ақыны соғыс аяқталған соң да, әскер қатарында қалып, тағы төрт жыл Балтық флотында қызмет атқарғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Бірден басын ашып алатын бір нәрсе, КСРО-ның әскери-теңіз флотында ілуде біреуі болмаса, азиат нәсілдерден қызмет атқарушылар тым сирек болған. Теңізшілер қатары негізінен орыс, украин, беларусь, ішінара орыстанған татар мен башқұрттардан тұратын. Өйткені азиаттарды техника тілін меңгеруге жолата бермеген. Тоқаңның естелігінде, ол сүңгуір қайықтағы жалғыз тал «қысық көз» қазақ болыпты. Сүңгуір қайық анда-санда азық-түлік немесе басқа да қажетті жабдықтарды қосымша алу үшін теңіз үстіне көтерілетіні болмаса, көбіне су астында тіршілік жасайды. Теңіз астында кейде алты айға дейін жүре береді. Оның үстіне бейтарап аймақтар арқылы теңізден-теңізге өтіп, бүкіл жер шарын шарлайды. Шайқатылған қайықтың ішінде әйтеуір бір болатын, бірақ қай мезгілде жүзеге асатынын нақты білмей үнемі психологиялық күрделі жағдайда жүретін теңізшінің бейнесін бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші?! Шындығына көшсек, әскерде әлдінің әлсізге әлімжеттік көрсетуі – қалыпты жағдай. Бұрын да ондай болған, бүгінде солай болып жатыр, бұдан кейін осылай бола беретініне менің титтей де күмәнім жоқ. Бір тұстан мұның да пайдасы жоқ емес. Мәселен, мінез шыңдауға, өмірді үйренуге пайдасы зор. Сондай-ақ әскерде ұлттық тұрғыдан бөлініп, кімнің кім екенін дәлелдеу мәселесі де күн тәртібінен еш түскен емес. Тоқаң кей-кейде басқа ұлт өкілдерінің өзіне менсінбей, төбеден шірене қарайтынын іштей біліп жүрді. Соған қарадай жыны келетін. Әрине, шекісіп қалған сәттері де аз болмағанға ұқсайды. Бірақ мойы­нын ішіне тығып алып, қаршығадай түйіліп жүретін шынашақтай қазақтың қайсарлығы мен шақар мінезінен қаймыға ма екен, әйтеуір Тоқаңа тиісуге көп бата бермепті. Жоғарыда айтқанымыздай, қауашақтай қайықтың ішінде адамша өмір сүру оңай емес. Темірдей төзім, беріштей мінез керек. Темірдей төзімің, беріштей мінезің болмаса, аяқ астынан «сынып кетуің» де мүмкін. Қайықта бір «сынып кетсең» бітті, қайтадан бас көтеруің қиын. Алайда адам болған соң, ара-тұра «әлсіздік» көрсетіп қалатын кездерің болмай тұрмайды. Осындайда өмірден ерте кеткен әке-шеше, ұшқан ұя, туған ауыл, Ташкенттегі жетімдер үйі, бірге өскен құрбы-құрдастар еске түседі. Адам іштей ширыққан кезде, жанарыңа жас үйіріліп шыға келетіні белгілі ғой. Сосын ол жанардан су болып тамшылайды. Бірақ, Тоқаң бұл «әлсіздігін» ешкімге көрсетпейді. Бір күні «осы мен аз жылап жүрмін бе, әлде көп жылап жүрмін бе» деген қызық ой келеді Тоқаңа. Осыдан кейін Тоқаңды романтик демей көріңіз! Әлгі ойдың келуі мұң екен ол бірден санитарлық бөлімге барып, ­ауы­зы резеңке тығынмен жабылатын кішкентай құты сұрап алады, оны жастығының астына тығып сақтайды. Кейде ел еске түседі. Келестің суын белуардан кешкен, жалаңаяқ шапқылаған балалық шағы ойға оралады, кейде өзінен-өзі іштей құлазып, жалғызсырайды, кейде… Сондай сәтте көзіне жас үйіріліп шыға келеді. Сол ширыққан сәтте шыққан көз жастың бір тамшысын да далаға жібермей, әлгі шыны құтыға жинай беріпті, жинай беріпті…
Күндердің күнінде бұларды әскерден босататындығы жайлы хабар жетеді, содан көп кешікпей әлгі хабар шындыққа айналады. «Жолға дайындалыңдар!» деген күні заттарын жинастырып жүрген Тоқаң әлгі құтыны көзі шалады. Қолына алып қарайды. Қараса жиналған көз жасының көлемі әжептәуір болып, құтының ортан белінен асыңқырапты. Тоқаңның көңілі босап кетеді. Сосын құтыдағы көз жасына қарап отырып алады. «Не істесем екен?» дейді. Сол күні ештеңеге зауқы соқпайды, көп ойланады. Түнде ұйқысы да шала болады. Қанша ойланса да құтыдағы көз жасына істейтін амал таппайды. Сөйтіп жатып, көзі ілініп кетіпті. Елең-алаңда «Палубаға шығыңдар, қатарға тұрыңдар!» деген командирдің бұйрығын естісімен, бұл да өзге қаруластарымен бірге жанталасып жоғарыға ұмтылмай ма… Басқышпен көтеріле бергенде, кенет көз жасы шүпілдеген құты есіне түсіп, кілт тоқтайды. Елді сағынғанда шыққан көз жасын қимайды, жат жұртқа қалдырғысы келмейді. Не істеу керек?.. Ол жалт бұрылып, жататын орнына келеді. Жастығының астынан көз жасы жиналған құтыны қолына алып, біраз ойланып тұрады. Құтының ауызын ашады да, тағы тұрады ойланып… Көзін жұмады. Сосын құтыны аузына апарып тамағына бір-ақ төңкереді!.. «Адамның көз жасы мұншама ащы болады деп кім ойлаған?! Пәдіріңе нәлет, заһар болады екен ғой. Қақалып-шашалып өліп кетуге шақ қалдым!» деп еске алады екен Тоқаң ол жайында.
Иә, сағыныштың көз жасы қалай ащы болмасын. Іштегі запыранның қайнап шыққан буы ғой бұл көз жасы деген!.. Ақын осы бір тамшы көз жасының портретін былайша жасайтыны бар.
Ыза жатыр кірпіктердің астында,
Қанжары бар жалғыз тамшы жастың да.
Көз жасына қожа емес қу қайғы,
Көздің жасы қорқыныштан тумайды.
Ол – көңілдің алабұртқан күйшісі,
Ол – сезімнің нәзік, сұлу бишісі!
Нұрлы көзден неге ыстық жас ыршиды?
Ол – алғашқы махаббаттың бүршігі.
…Тамшы жасқа құлап түсті күн нұры,
Әлсіздік деп айта алады кім мұны?
Бір тамшы жас – қуанышы көңілдің,
Бір тамшы жас – қасіреті өмірдің.
Тыныштықта мен жыласам, сөз басқа,
Тек соғыс боп, толмаса екен көз жасқа!
Шыны керек, осы әңгімені естіген соң естігенімді көз алдыма елестетіп, оны ойша өрбітіп, әуелгі қалпына келтіруге тырысып, өзіме соншалық рухани жақын ақынның асыл бейнесін, оның нақақтан төгілген көз жасын айқындай түсуден бір жалыққан емеспін десем біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ мәселе біреу сенуде, біреу сенбеуде емес. Кейін уақыт өте келе бір тамшы көз жасы туралы білгенім мынау болды: Көз жасының тоқсан пайызы тұзды судан тұрады екен. Жылағанда көз айналасының ащитыны содан екен. Көз жасының құпиясы туралы білгенімнің тағы бір парасы – адам кеудесінде пайда болатын қара дақпен байланысты әңгіме. Ол өмірге деген ұзақ жылғы реніш пен нала, ыза мен кектің жемісі деседі. Оның құпиясы әлі толық ашылып біткен жоқ. Қара дақты ештеңемен жуып кетіру мүмкін емес екен. Дәрігерлер де, ешбір дәрі-дәрмек те, керек десеңіз бақсы-балгерлер де оны жазуға дәрменсіз көрінеді. Қара дақтың бірден-бір жалғыз емі – көз жасы екен. Яғни кеудедегі қара дақ тек жан ширыққанда пайда болатын көз жасымен ғана емделеді! Бұл да болса адам жаратылысының бір ұлы жұмбағы! Шамаң жетсе, түсініп көр…

***

Жасыратын ештеңе жоқ, Желтоқсан туралы айта бастасам, кеудемді әлдеқандай бір кек қысады. Қарадай ызам келеді. Қаншама өрімдей жастар мен апталдай азаматтар сол желтоқсанда жазықсыздан-жазықсыз өз өмірлерін қор етті!
Желтоқсан көтерілісінен кейін Қазақстан Жазушылар одағындағы Әдебиетшілер үйінде Г.Колбинмен тарихи кездесу өткені белгілі. Бұл көтеріліске қатысушыларды ұлтына қарай аулау, жазаға тарту, қазақ ұлтына деген сенімсіздік жаппай өріс алған кез. Қазақ жастарына көз алартушылар көбейіп, тырнақ астынан кір іздеп, жазалау машинасын іске қосқан уақыт. Қазір ойлаймын, қаланың зиялы қауымы мен ақын-жазушыларымен осы жүздесуі байғұс Колбиннің түсіне талай кіріп, талай мазасын алған шығар. Арқалы ақын Жұбан Молдағалиев «Мынадай қорлықты көргенше, соғыста өліп кетуім керек еді» деген ең әйгілі сөзін дәл осы кездесуде айтқан. Сафуан Шаймерденовтің де терең мәнді сөзі осы басқосудың қайнары. Реті келгенде айтып өтейік, Желтоқсан көтерілісі кезінде Кремльдің итаршысы Соломенцевке «Осы қанды қырғынды жасап, соған жеткізген сендерсіңдер!» деп арыстандай ақырып, айбат шеккен Сейдахмет Бердіқұловтың да ерлігін білеміз. Сарбас Ақтаев, Мұхтар Шахановтың батылдықтары есімізде. Ал, енді осындай ел басына күн туған қысылтаяң уақытта ұлт үшін басын бәйгеге тіккен Тоқаш Бердияровтың ерлік ісін білеміз бе? Оған үндемеуге де болар еді. Жоқ, Тоқаң олай істей алмады. Ары, ұяты, намысы жібермеді. Айтып салды. Айтқанда да ештеңеден тайсалмастан, өзіне тиесілі орындыққа жайғаса берген Колбинге жетіп барып, көзіне тура қарап төтесінен бүй депті: «Товарищ Геннадий Васильевич, ты почему подавил наш ­молодеж?». Мұндай тосын, өжет сұрақты күтпеген бірінші хатшы жүзі өрт сөндіргендей қарауытып, қозғалақтап кетіпті. Тоқаңның шодыр мінезін жақсы білетін Олжас Сүлейменов (Ол Жазушылыр одағының бірінші хатшысы болатын) түк болмағандай Колбинге бұрылып: «Не обращайте на него внимания. Он наш контуженный» деп ойын басқа жаққа аударып жібермесе, істің аяғы немен бітері белгісіз еді деседі жұрт. Ал Тоқаң сол күні омырауына Ұлы Отан соғысының ардагері белгісі мен қан майданда ерлік жасап алған орден – медалдарын қатарлап тағып келген екен. Бірақ қаныпезер Колбин бәрібір Тоқаш Бердияровтың аты-жөнін ұмытпайды. Білетіндердің айтуынша, ол «қазақ ұлтшылдығын» қоздатқандардың қара тізімін жасап, оларды жазалау керек деп М.Горбачевке хат жазып, ол хатта бұған «қоғамды дайындап қойғанын», тек жоғарыдан рұқсат берілуін күтіп отырғанын жеткізген. Сол «қара тізімнің» ішінде Тоқаңның да аты-жөні болыпты.
Айтпақшы, әңгіме неде еді өзі? Иә, бірауыз сөзде! Жүзің бар, көзің бар демей Тоқаң айтқан бірауыз сөздің шыжғырған шындығында, алапат асқақтығында, көздеген жеріне дәл тигізетіндігінде.

***

Осы орайда тағы бір әңгіме. Соңғы кезде «біз Мұқағали екеуміз айырылмастай дос болып едік», «жұбымыз жазылмаушы еді», «бірге жүретінбіз» деп ұлы ақынның аруағын мазалаған айтқыштар көбейді. Меніңше, осылардың көбісінікі шындығынан гөрі, өтірігі басым-ау деп ойлаймын. Құр мақтан. Бәлсіну. Ұлы ақынның атын жамылып, өзін жарнамалау. Әйтпесе, Мұқағали қайда, бөспебайлар қайда?! Арынды, адуынды, Мұқағалимен бірге жүру үшін, тым болмаса мінез сәйкестігі керек емес пе! Көзқарас тұтастығы туралы айтпай-ақ қоялық. Ал «шекпен киген қазақтың қара өлеңін шапан жауып өзіне қайтаруды» жатса-тұрса армандап, көбіне мына жалған дүниеге сыймай буырқанып, бусанып жүретін мұзбалақ мінез ақын жуас, көнбіс, жүндеуге жақсы өз замандастарының көпшілігімен келіспей ғұмыр кешкенін Мұқағали өлеңдерімен жақсы таныс оқырман бірден-ақ аңғарар еді. Қазір өзін «мен Мұқағалидің жан досы едім» деп мақтанатындардың бірталайы достар арасындағы осы бір қарапайым сәйкестіктің өзінен мақұрым. Ендеше айтыңызшы, қой аузынан шөп алмас жуас, сыпайы, «мәдениетті» ақынның мінезді Мұқағалимен қалай «айырылмас дос» болуы мүмкін? Ақылым жетпейді.
Ал «тентек» Тоқаш пен «мұзжарғыш» Мұқағалидың дос болып бірге жүргені, шүбәсіз. Олардың мінезі ғана емес, ішкі қайшылықтары мен қоғамдық көзқарастары да мейлінше сәйкес болды. Бірін-бірі толықтырып тұрды. Екеуі туралы білетіндердің куәлік беруінше, Мұқағали мына «кең дүниеге сыймай, басын жарға да соғып, тасқа да соғып» кісікиіктеніп кеткен кездерінде, көбіне Тоқаш көкесін іздейтін болса керек.Тіпті көкесінің баспанасын паналаған кезі де аз болмапты. Ақын Өтежан Нұрғалиев та «Мұқағали Тоқаштан басқа ешкімнің тілін алмайтын еді. Алып денелі Мұқағали шынашақтай ғана Тоқаштың алдында баласы сияқты арсалаңдап жүретін» дейді екен.
Осы орайда сұрақ туады. Өзі алып, өзі адуынды Мұқағали неге Тоқаштың айтқанына көніп, айдауына жүрді? Біріншіден, Тоқаңның Мұқағалидан он жастай үлкендігі бар. Яғни дәстүрге сай Мұқағали аға жолын кесіп өтпеген. Екіншіден, Тоқаң майданда қан кешкен, өлім мен өмірдің жағаласқанын өз көзімен көрген. Яғни өмірлік тәжірибесі мол. Сол кездің тәртібі бойынша «соғыс көрген» кісіні құрметтеу парыз болған.Үшіншіден, Тоқаң тура жүретін, кесіп сөйлейтін. Бұлталақ, шатқалақтауды білмейтін. Ақын үшін ең басты нәрсе – ешкімге ұқсамау. Тоқаңның өзі де, сыртқы пішімі де ешкімге ұқсамайтын. Ол қашан көрсең, мойнын ішіне тығып алып, қаршығадай түйіліп жүретін. Бірбеткей, шақар. Сыртынан келгенді тебеді, алдынан келгенді тістейді. Бұл қатаң да қатал соғыс жылдарында шыңдалған мінез болса керек. Соған қарамай көзінің алды үнемі жасаурап тұратын болыпты. Ал мұндай мінсіз мінез Мұқағалиға ұнағаны сөзсіз.
Реті келгенде айтып өтетін тағы бір нәрсе, Тоқаңның осы мінезі, ішкі қайшылықтары, жан толқыныстары өлеңдерінде де айқын көрінеді. Күтпеген теңеулер мен шешімдерге толы. Былайша айтқанда, Тоқаңның сыртқы келбеті қандай (бурыл шашты, өткір көзді, жанары жасаурап тұрады) мінсіз болса, ішкі иірімдері мен қайшылықтарында, жан толқыныстарында да ешқандай жасандылық жоқ болатын. Соған орай өлеңі де бойжеткен қыздардай сызылып тұрмайды, соншалық сұлу да емес, бірақ өзіне магниттей тартып тұрады. Өлеңі сондай қарапайым, құрылымы да әдеттегідей. Есесіне иландырады, тамсандырады және таңғалдырады. Ал мұндай шыншыл өлең жазатын ақынның Мұқағалиға ұнамауы мүмкін емес.

***

Адам – үлкен әлемнің кішкентай бір көшірмесі секілді деседі мамандар. Күмәнсіз шындық. Мәселеге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, адам бойындағы қайшылық әрекеттердің де табиғи екендігіне көз жетеді. Қайшылық әрекеттер адамдардың бәрінде біркелкі болмауы мүмкін, әрине. Ол біреуде көп, екінші біреуде аз көрініс беруі ғажап емес. Ал үшінші біреудің жаратылысы тұтас қайшылықтан тұрса, оған да таңғалудың керегі жоқ. Ақын Тоқаш Бердияровтың бүтіндей жаратылысы осы үшінші көрініске жатады деуге толық негіз бар.
Рас, бойында қайшылығы жоқ ақын болмақ емес. Ақын ба, яғни бойында қайшылығы бар. Өйткені ішкі қайшылығы жоқтан ақын шықпайды. Ақындық ішкі контрасты адамға ғана тән. Шындығында, өзімен-өзі қайшыласып, теріс зарядтарша шарпысып, іштей өзімен-өзі келіспей, өз қалыбына сыймай жүретіндер – нағыз ақындар. Мұндай теріс заряды мен ішкі қайшылығы жоқты қанша жерден тұздықтап, зарядтасаң да, одан ақындық шығуы мүмкін емес. Себебі әлемнің жаратылыс құрылымы солай. Оған қарсы келу – әлемдік тепе-теңдікті бұзу деген сөз. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, ақын Тоқаш Бердияровтың бар болмыс-бітімін, сол болмыс-бітімнен туындаған шығармашылық жолын – бірауыз сөзбен қайшылықтар нүктесі деуге әбден болады.

***

Жалпы, Тоқаш Бердияров талғампаз оқырманның елегінен өтіп, әлдеқашан өз бағасын алған ақын. Оның өлеңдеріндегі жаңашылдықтың кейбір қуатты элементтері туралы сонау 1952 жыл­дары-ақ әйгілі ұстаз Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің өзі жылы пікір білдірген. Сондықтан бұл мақаламызда біз Тоқаңның өлеңдеріне арнайы тоқталмаймыз. Оның шығармашылық шеберханасы туралы айтылатын сөз әлі алда деп есептейміз. Дегенмен, бұл жөнінде пікірімді қысқаша былайша жеткізгім келеді.
Біреулер, Тоқаңды ойдың ақыны дейді. Бұл пікірмен келісуге де, келіспеуге де болады. Шынында, өлеңін ойға құрамайтын ақын болмайды. Кез келген өлеңнің түйіні философиялық ойға иек артады. Ақынның бәрі ойшыл. Бірақ ойшыл ақындардың барлығы бірдей шыншыл бола бермеуі мүмкін. Ал Тоқаш Бердияров шыншыл ақын. Ол айтса, шыжғырып, қуырып айтады. Оқырманын отаншылдыққа, ұлтшылдыққа үндейді, рухын қайрайды. Ар мен намысты ту етеді.
Жырлары жылауық емес, шамырқанып тұрады. Қайратты, қажырлы, шымыр, өжет. Кейде әлі жүген көрмеген асау дерсің.
«Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу – ірі жанды адамның ғана қолынан келеді» дейді Мағжан Жұмабаев. Артында қалған оқырмандарына отыз шақты жыр жинағы мен бірнеше («Жастың келуі», «Солдат сыры») прозалық дүниелерін қалдырған арлы да арынды ақын Тоқаш Бердияров өмірін өлеңімен ғана емес, өзінің өмірімен де суреттей білген осындай үлкен ірі тұлға.
Тағы бір ой. Біздіңше, Тоқаш Бердияров өмірді өлеңім деп түсінген, бүкіл ғұмырын осы стихияға арнаған романтик ақын. Әдетте, теңізшілерден асқан романтиктер жоқ деп жатады. Бұған біздің де алып-қосарымыз жоқ. Шындығында, бойында романтикасы жоқ адам, ақын да бола алмас еді. Бұл не деген сөз? Романтика – теңіз стихиясының ажырамас бір саласы болса, поэзияның да бөлінбес бір бөлшегі. Яғни романтика – теңізшілер мен ақындарға ортақ ұғым. Мәселен, теңізші үшін романтика деген не? Ол – ақжелкені аспанда желбіреген, таудай толқындардың арасын қанжардай тілгілеп, алға ұмтылған кемелер, ол – алыс-алыс сапарлар, ол – өзімен өзі шарпысқан ақ бұлттар, ол – таусылмас армандар мен кеудені жарып шыққан сағыныштар, ол – көл-көсір көңіл, ол – теңізден-теңізге өтіп, жағалаудан-жағалауға жетіп, мемлекеттер мен мемлекеттерге, меридиандар мен меридиандарға үнемі тынымсыз сапар шеккен матростар… Теңізде қаншама асқақ армандар қол бұлғайды, қаншама үміттер бүршік атады… Алғаусыз сағынуды, жүрекпен тіл қатуды үйретеді… «Қыз бұлғаған орамал ақ шағала боп төбеде қалқиды»… Керемет романтика! Қарап отырсаңыз, осы стихия ақындарға да тән. Өзі қиялдан кеме жасап алып, оған отырып, ылғи тау-тау толқындары тулаған көк теңіздің үстінде аралдан-аралға, бір құпия әлемнен екінші бір құпия әлемге сапар шегіп жүргені… Мәселеге осы тұрғыдан келетін болсақ, матрос Тоқаш Бердияровтың ақын болмауға түк амалы қалмағандай. Иә, осы жерде Тоқаң матрос болмағанда, ақын да болмас па еді деген ойға еріксіз ерік беруге тура келеді.
Жасыратыны жоқ, теңізшілер романтикасы – қазақ поэзиясында кенжелеп қалған тақырыптың бірі. Қазақтар матростар туралы аз жазады. Мүмкін жете білмейтін тақырыбы болған соң сөйтетін шығар, кім білсін?!. Ал шетел әдебиетінде біраз жолға қойылған, оның ішінде орыс әдебиетінің де бұл тақырыптағы үлесі әжептәуір қомақты. Осы кез-келген елдің әдебиетінде теңізшілер әрқашан суда да, құрлықта да ешкімге дес бермейтін батыл да ержүрек, махаббат үшін жалғыз жүрегін жұлып беруге даяр тұратын арманшыл, тәуекелшіл, алған бетінен қайтпайтын күрескер жандар ретінде суреттеледі. Менің ойымша, бұл ұғымдар ақындар үшін де өте-мөте өзекті. Әсіресе, қазақ ақындары үшін!..
Ендеше айтыңызшы, өмірдің өзін адамдар мінген кемелер келіп-кетіп жататын жағалау ретінде таныған Тоқаш ақынды романтик демегенде кім дейміз?! Әрине, романтик!
Қазақ әдебиетінде теңіз тақырыбына шығарма арнаған қаламгерлер тым сирек. Сол сиректің бірі Тоқаш ақын. Оның орыс теңізшілерінің поэзиясына тән үлгіде жазған «Матрос жыры» деп аталатын керемет бір өлеңі бар. Ол былай басталады:

Біздің кеме жинап алса егер де
Судан
Якорь – сырғасын:
Көз алдымнан елестетіп өтем бір,
Туған елдің қырқасын.
Корабльдің болат арқан кіндігін
Үзген шақта жағалау –
«Қош бол, Үлкен жер-ай» деп,
Жүрек шіркін жанады-ау!..
Жүректі тек билейді енді сағыныш,
Арман,
Арман,
О да бар.
Соңымыздан шағала боп ұшады,
Қыз бұлғаған орамал.
Теңізшінің махаббаты отпен бір
Суынбайды жас құшақ.
Толқындардың өркешінде ойнайды,
Біздің албырт жастық шақ.
Жат елдерде,
Қаумалайды сағыныш –
Ойқастатып құрығын.
Жүректе тек маяктай боп жанады,
Отан деген бір ұғым.
Өтер күндер,
Туып-өскен жағалау
Бізді қайта құшады…
Қыз бұлғаған орамал,
Шағала боп төбемізде ұшады.
Қазір романтиктердің тым азайып кеткен кезінде өмір сүріп отырған біздер үшін бұл өлеңнің атқарар парызы мен міндеті, көтерер жауапкершілігі орасан. Айтайын дегеніміз, басқа-басқа Тоқаң теңізшілер тақырыбын қазақ поэ­зиясына тұңғыш енгізіп, жырлаған романтик ақын ретінде де ізі қалатыны анық. Оған біздің күмәніміз жоқ. Өмірін – өлеңім деп түсінген қайран Тоқаң, өзінің өмірлік романтикасына ғұмырының аяғына дейін адал болып өтті…

Болат ШАРАХЫМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.