Ұстаз- абыз

anatili.kazgazeta.kzӘл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, белгілі қаламгер Әбілфайыз Ыдырысов 80 жаста
Сабақ кестесінде «ТПСЖ» деп үлкен әріптермен жазылған пәннің аты тұрды. «Бұл не деген сөз екен, ә?» – дедік іштей. Бала күннен «ВЛКСМ» дегеннің не атау екенін, «КПСС»-тің қалай толық аталатынын білдік, біліп қана қоймадық, осы дәу әріптермен жазылған төрт-бес таңбаның құдіретіне бас иіп, құдайға табынғандай табынып өстік. Газет бетіндегі кейбір мақалалардың астында тұратын «ТАСС» деген бас әріптер де бүкіл Одақтың үстінен қарап тұрғандай сезілуші еді. Әйтеуір, бас әріптермен жазылған атаулардың тегін еместігін, астарында үлкен мән, айрықша мағына жататындығын сеземіз. Санамызға сіңіп қалғандықтан ба, мағынасын білмей жатып-ақ «ТПСЖ»-ны «КПСС»-тің қатарына қойып алып, іштей құлдық ұра бастағанбыз.
Түсініксіз нәрсенің бәріне табынып өскен бізді сырын ішіне бүккен «ТПСЖ» өзіне осылай тартып алған.
– Қазір қай сабақ?
– «ТПСЖ»…
– Ол не?
– Тақта мен Партаға Сызу мен Жазу, – деді ақжарқын Шырай Шөпшекова жадырай күліп…
– Дұрыс емес, – деді арт жақтан көзілдірікті ұзын сары.
– Таңсұлу, Перизат, Сенбек, Жұмағали, – деді қалжыңдап, әзілқой Бейбіт Құсанбек.
Бұған бәріміз күліп алдық.
– Қалжыңды қойыңдар, Ол – Тарихтың Партиялық Сипатын Жазу, – деді Гүлзира Молдажапарова. Біз ойланып қалдық. Ақылға қонады. Өйткені, мұнда «Тарих» деген сөз бар. Ең бастысы – «Партия» деген құдіреттің аты аталады. Бәріміз осы мағынаға тоқтағандай болып, бір мезет тынышталып қалып едік, арт жақтағы әлгі дауыс:
– Бұл да дұрыс емес, – деді. Бұл – көзілдірікті ұзын сары бала – ақылымен танылған Алтынбек болатын.
– Е, таптым, – деді бір бұрыштан бірінші күннен белгілі болып үлгерген ақынымыз Нұрлан Берғазиев. – Табу, Пайымдау, Саралау, Жазу… – бұл енді журналистиканың міндетіне жатады ғой…
– Осы дұрыс, – деді Бақыт Досымов.
– Жоқ, дұрыс емес, – деді Алтынбек.
– Онда айтсаңшы біліп отырсаң…
– Ол – «Теория и практика советской журналистики» деген пәннің аты.
– Жоқ, дұрыс емес, – деп орнынан ыршып тұрды «ұлтшыл» Бейсенғазы. – Қазақ балаларына берілетін пәннің аты орысша болуы мүмкін емес, дұрыс емес.
Осылай даурығып жатқанымызда аудиторияның есігі сарт етіп іштен жабылды. Бәріміз сілтідей тындық. Қайратты шашы артқа қайырылған, қызыл шырайлы өңінен мейірім төгілген, орта бойлыдан сәл аласа, мығым, шымыр денелі, сымдай тартылған жігіт ағасы тақтаның алдында тұр. Сірә, манадан бері біздің дауымызды сырттан бақылап тұрған. Дүркірей көтерілген біз өз орнымызға барып тікемізден тік қақшидық та қалдық.
– Иә, сенің айтқаның дұрыс, – деді алдында тұрған Алтынбектің қасына келіп. Бұл пәннің аты сен айтқандай «Теория и практика советской журналистики». Сәл үнсіздіктен соң ағай:
– Сенің айтқаның да дұрыс, – деді «ұлтшыл» Бейсенғазыға.
– Қазақ бөліміне берілетін пәннің аты қазақша, яғни, «КЖТП» – «Кеңес журналистикасының теориясы мен практикасы» деп аталады. Пәннің аты солай болғанда сол пәннің «Газет, журналдарды безендіру ісі» – деп аталатын үлкен саласын жүргізетін ағайларыңның аты – Әбілфайыз Ыдырысов – мен болам…
Ағайымыз жаны шуаққа толы мейірімді екен, қарапайым да кішіпейіл. Әдеттегідей алғашқы дәрісте таныстық. Біз сұрақ қойдық, ол жауап берді. Сұрақтар жапатармағай, ретсіз қойылған. Ретті жауапты қайта қағазға түсірсек, ол былай болып шығады:
– Ағай туған жылыңыз?
– 1930 жыл 23 ақпан.
– Туған жеріңіз?
– Қостанай облысы, Амангелді ауданының Бүйректал ауылы.
– Мектепті қашан, қайда бітірдіңіз?..
– Қостанай қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-пансионатын 1947 жылы Алтын медальмен бітірдім.
– Қай жоғарғы оқу орнында, қандай мамандықты оқыдыңыз?..
– Осы университеттің филология факультетіндегі журналистика бөлімін 1953 жылы үздік дипломмен тәмамдадым.
– Еңбек жолыңыз…
– Сол жылдан бастап «Қазақстан пионері» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметін атқардым. 1954 жылы Қазақстан радиокомитетінің бас редакторлығына ауыстырылдым. 1955 жылдан 1961 жылға дейін «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгеруші, жауапты хатшы болып істедім. 1961-65 жылдары өзім еңбек жолын бастаған «Қазақстан пионер» газетінде Бас редактор болдым…
– Осы университетте қашаннан бері дәріс беріп келесіз?
– 1956 жылдан… Әуелде сырттан келіп дәріс оқып жүрдім де, 1965 жылдан толық осы факультетке ауыстым.
– Ғылыми атағыңыз?
– 1972 жылдан доцентпін, сол жылы кандидаттық диссертация қорғадым…
Студенттерге өзін сондай кішіпейіл де қарапайым көңілмен таныстырған Әбілфайыз ағай әрқайсымызбен жеке-жеке жөн сұрасып, ныспымызды әкеміздің атымен емес, өз атымызбен атады. Жақсы көретін шәкіртінің есімінің соңына «жан»-деген қосымшаны тіркеп атайтын. «Мұхтаржан», «Қайратжан», «Айгүлжан»… ал бәрімізді жалпылама «жандарым менің» дейтін. Ол осы әдетінен ешқашан танбаған. Күні бүгінге дейін солай. Тегінде ол кісінің жақсы көрмейтін шәкірті жоқ-ау, жо-жоқ, ақиқатында Әб-ағаң үшін шәкірттің жақсы-жаманы болмайды. Ұстаз болған жерде шәкірт бар. Дәріс бергеннің бәрі ұстаз бола бермейтіні сияқты, дәріс алғанның бәрі шәкірт емес. Анадан ешкім ұстаз болып тумайтыны секілді, ешкім де шәкірт болып жаратылмайды. Ұстаз бен шәкіртті өмірдің өзі сомдайды, қалыптастырады. Әбілфайыз ағайға шәкірт болсам деп армандағандар көп, арманына жеткендер аз. Егер ағай «менің шәкіртім» деп өз аузымен айтса, онда «шәкірті болсам» дегеннің арманының орындалғаны. Бірақ, талғампаз ағай өзінен дәріс алғанның бәрін «шәкіртім» демейді. Қашаннан адамгершілік мұраттарды биік ұстаным ретінде өмірлік ереже санайтын Әб- ағамыз, егер артынан ерген жеткіншек ұстаз тұтпаса, оны атына, атағына, даңқына, қызметіне бола «шәкіртім еді» деген де емес. Әркім-ақ «Әб-ағаң – менің ұстазым» дегісі келер-ау, егер мұны Әб-ағаң шәкіртім деп таныса.
Осындай адами қасиеттерімен дара Әб-ағаң аудиторияға ақ жарқын болмысымен кіреді, кіре сала кейбір мұғалімдер секілді орындыққа ұмтылған да емес. Тура ортада нық та мығым тұрып сөз бастайды. Сөйлеп тұрғанда әр сөзге ерекше мән беріп, әр дыбыстың тыңдаушы құлағына әсерлі жетуіне көңіл қоя тұрып, мәнерлі, әуезді сөйлемдерді бірінен соң бірін ағытады. Арқасы қозып, шабыттанғанда, өкшесімен тұтас денесін көтеріп-көтеріп қоятыны бар. Сөз қуатын, ой салмағын алақанына салып алғандай, алдына көтеріп тұрып бізге қарай ауната салатындай болады. Қою қасы керіліп, көзі күлімдеп, езуіне сүйкімді күлкі үйіріліп, лек-легімен келген ойды дамыта, әсерлендіре айтуға құмартып, мәндессөздерді (синонимдерді) таудан аққан таза бұлақтай төгілтеді. Мысалы: «корректор мен редактордың жұмысы бір-бірімен жалғасып, ұласып, ұштасып, шектесіп, астасып, сабақтасып, жіптесіп жатады»;
немесе: «редакторлық, корректорлық, рецензенттік шарттарды дұрыс орындау кітаптың құндылығын арттыруға мүмкіндік беретіні даусыз, талассыз, шүбәсіз, күмәнсіз, күдіксіз, сөзсіз…»; болмаса: «редактордың бастапқы, әуелгі, әдепкі, алдыңғы, тұңғыш, ілкі, алғашқы, басқы, бірінші міндеті»; яки: рецензент әр қолжазбаға зейін қойып, ықылас танытып, көңіл беріп, назар аударып, пейіл білдіріп, зер салып, қарауға тиіс (студенттік конспектіден),- деп ағыл-тегіл айтып барып келесі ойын жалғастырып әкетеді. Ондағы мақсаты бізге негізгі пәнмен бірге тіл үйретуі екен. Біз таңқаламыз. Осыншама мәндессөздерді (синонимдерді) қалай жаттап алған деп, ал кейде қызық үшін шендессөздерді (омонимдер) тарқатып кетеді: «- қара – «назар аудар»; қара – «түс; өң»; қара – «байырғы, көне, ескі»; қара «даңғыл, кең»; қара – «үлкен, зор, алып, дәу»; қара – «қасиетті, киелі, құдіретті»…
– Біз үлгергенімізше жазып отырмыз. Үлгермегеніміз артынан үлгергендерден көшіріп аламыз. Енді ойлап қарасам, Әб-ағаң әр сабаққа ыждаһаттылықпен дайындалып, арасында арнайы тіл таныту үшін жаңағыдай сөздерді әдейі сабақтастырып отырады екен ғой. Онда да оқып жатқан дәрістегі ең қажетті, көңіл аударылуға тиісті сөздер мен тіркестер тыңдаушының есінде жатталып қалсын деген мақсатпен айтады екен. Тумысынан Әб-ағаң ұлтжанды адам. Ұлт тілін ұрпақ ұмытпасын деген ұлы мұраттан туған мұндай әрекетіне біздер үлкен қошеметпен, зор құрметпен, асқан ыждаһатпен қарайтынбыз.
Арада табаны күректей отыз бір жыл өткен. Қазақ «Елу жылда ел жаңа» десе, мына зымыран заман оны жиырма жылға қысқартып жібергендей. Электроника заманы туралы құлағымыз естуші еді. Енді сол электроника әр адамның өмір сүру тетігіне айналған. Әркімнің жанында қалтафон, жанында ноутбук, алдында компьютер. Компьютерлер бір-біріне электронды жүйе арқылы жалғанған. Қара шаңырақ – ұлттық университет бүгінде адамдар әлемнің кез келген нүктесімен өз орнында отырып-ақ әп-сәтте емін еркін сөйлесе беретін, хат алмасатын, бірінің бейнесін бірі көріп отырып сұхбаттасатын «Интернет» деп аталатын, озық технологиямен жабдықталған, жаңғырған, жасарған. Жаңа ғимарат, жаңа оқу жүйесі, жаңа түсінік, соны талғам. Жыл сайын жаңа толқынмен толысып, жаңа түлектерін ұшырып, жаңғырып отыратын университет. Әр студент өз құпиясөзі (логин), құпиясанымен (пароль) ғана ашу арқылы өз бағасын өзі және ата-анасы үйінде отырып қадағалауға мүмкіндік ашқан «Интранет» жүйесі қойылған заманауи ғимарат.
Дәл осындай жасарған, жаңарған, жаңғырған университетте жасы сексеннің сеңгіріне шықса да заманның көшінен қалмай, кешегі ғасырды бүгінгі жүзжылдыққа жалғаған алтын көпір іспетті Әбілфайыз аға аудиторияға еніп келді. Ақ таяғымен жұмыр жерді шыр көбелек айналдырған абыз ұстаз кірісімен немере, тіпті, кейбірі шөбере болып келетін, күні кеше ғана студент атанған шәкірттер орындарынан лып-лып тұрып, тағзым жасады. Осыдан отыз бір жыл бұрын біз де осылай қарсы алып едік Әб-ағаңды.
– Мынау менің 54-рет жаңа шәкірттермен танысуым. Яғни, мен осы университетте дәріс оқып келе жатқаныма 54 жыл…
Қазіргі заман студенттерінде бөлек ұғым, жаңа түсінік бар. Оларда бұрынғы біздің бойымызда болған бұйығылық жоқ. Ашық та еркін. Бәрінде сана азаттығы, сезім бостандығы менмұндалайды. Дегенмен, соның барлығы ар мен ұяттың аясында атойлап тұрады. Біздің ұрпаққа бірден-бір ұқсастығы – бұлар да білуге құштар, тануға іңкәр. Абыз ұстазға жасқанбай, жатырқамай көкейдегі сұрақтарын қойып жатыр.
– Ағай, сіз кімдермен бірге оқыдыңыз?
– Яғни, «сізбен оқығандардың ішінде кімдер қазақ өркениетіне өз заманына сай үлес қосты» демексің ғой. Басқаша айтқанда, «сізбен бірге оқығандар арасынан қандай тұлғалар шықты» дегенің. Айтайын… Менен бір-екі жыл бұрын қазақ журналистика ғылымының теориясын жасағандардың бірі Тауман Амандосов, қазақ кітаптану ғылымының негізін қалаған Шерияздан Елеукенов, қазақ сатирасының сардары, профессор, ұзақ жылдар осы факультетті басқарған Темірбек Қожакеев, Қазақстан Журналистер Одағын, «Социалистік Қазақстан» газетін басқарған Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, қазір осындағы филология факультетінде профессор Тұрсынбек Кәкішев, ал бізден бір жыл кейін публицист-жазушылар Камал Смайлов, Әнуар Әлімжановтар оқыды. Қапелімде аузыма ілінбегендер қаншама. Бұлардың бәрі ұлт өркениетін замана көшінің алдына сүйреп шығарған ұлы тұлғалар.
– Мақтан тұтатын шәкірттеріңіз көп пе?
– Сіздер күнде атын естіп, оқып жүрген министр ағаларың- Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед, оның қазіргі ізбасары Бауыржан Омаров, әйгілі қайраткер, қаламгер марқұм Ақселеу Сейдімбек, бүгінгі аты мәшһүр академик Рымғали Нұрғалиев, ЮНЕСКО профессоры, осы факультетті басқарған Намазалы Омашев, ғылым докторы, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры, дарынды ақын Бауыржан Жақып, айта берсе көп қой. Осы факультетте мен ұстаздық еткен жылдардан бастап, бүгінге дейін үздік оқып, еліне еселі еңбек етіп жүргендердің барлығын мен өзіме шәкірт тұтам, солармен мақтанамын…
– Сіздің студенттік кезіңіз бен біздің студенттік шақтағы университет айырмашылығы қандай деп ойлайсыз?
– Жер мен көктей. Аспанменен таласқан ҚазҰУ ғимараты – әсем Алматыдағы ең биік нысандардың бірі. Мұның өзге зәулім ғимараттардан басты айырмашылығы әрі киелі өзгешелігі бар. Мұнда ұлтымыздың ұрпақтары білім нәрімен сусындайды. Анау Студенттер сарайы… Мына оқу корпустары… Анау спорт кешені… Өзге университеттерде жоқ тамақтану орталығы… Жазда жан-жағын жасыл желек жамылған жатақханалар… Әл-Фараби аллеясы қандай… ертелі-кеш қол ұстасып сырласып жүрсең… Табаныңның астындағы мәрмәр тақта төселген алаңын айтсаңшы… Студенттер сарайының алдындағы субұрқақ тамшылары күн сәулесімен астасып айналасына қызыл-жасыл маржанша шашып жатады… Бәрі, жандарым менің, сендер үшін, сендердің алаңсыз білім алуларың үшін жасалған… Осындай алып жобаны өткізу, жүзеге асыру кезіндегі қызыл коммунизм заманына да оңай болған жоқ. Бұл ұлт көсеміне айналған Димаш аталарыңның, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың және университеттің сол кездегі ректоры, халқымыздың аяулы азаматы Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековтың азаматтық-патриоттық ірі ерліктерінің нәтижесі. Солардың өнегелі ісін бүгін қазіргі ректор ағайларың Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов заманға сай, әлемдік өркениет үрдісіне лайықтап алға жылжытты. Осыдан 75 жыл бұрын шыңырақ көтерген оқу ордасының әлемге әйгілі болуына әр жылдардағы ізденістер арқылы келген жетістіктер ықпал етті. Университет жыл сайын жаңғырып, жасарып отырды. Материалдық-техникалық базасы да, оқу әдістемелік, ғылыми-теориялық әлеуеті де бірте-бірте толығып, толықсып бүгінгі халықаралық ауқымға құлашын жайған білім ошағына айналды.
– Біз сізді педагог-ғалым ретінде білеміз. Журналистика саласындағы білім беру ісін алға жылжытқан еңбектеріңізді оқып жатырмыз. Сіз – республикамызда баспасөз өнімдерін безендіру ісі мен қазақ очеркі жанрының ғылыми теориясын алғаш негіздеуші ғалымсыз. Осы пәндердің тұңғыш бағдарламаларын жасадыңыз. «Газетті безендіру сыры», «Редактор мен корректорға көмекші», «Фототерім», «Полиграфия өндірісі», «Полиграфиялық, бүгінгі замандық жаңа техника», «Шағын офсеттік машиналар және оларда жұмыс істеу» атты оннан астам оқулықтарыңызды және отыздан астам оқу құралдарыңызды, әдістемеліктеріңіз бен бағдарламаларыңызды бүгінгі заман талғамына лайықтап қайта шығару жоспарыңызда бар ма?
– Денсаулық болса, Алла қуат берсе, бұрынғы жарық көргендерді бүгінгі күннің талаптарына сай қайта өңдеп, баспаға ұсынсам деймін… соңғы жылдары өздеріңе оқып жүрген дәрістерімнің бас-аяғын жинақтап бүгінгі оқу-әдістемелік кешен талаптарына сай оқу құралы етіп шығарсам деген де ойым бар…
– Ағай, біз сізді «Таңшолпан» атты төрт кітаптан тұратын тетрология-роман-хикаяңыз арқылы жазушы ретінде жақсы таныдық. Бұрындары жарық көрген «Аңсаған менің әнімсің», «Айшаның ғашығы», «Ақсүйрік», «Боздақ», «Кер бұзаудың өлімі» секілді повестеріңіз оқырман қолында. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Серке Қожамқұлов, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов жайлы новеллаларыңызбен көпшілік «Біртуарлар болмысы» атты жинағыңыз арқылы таныс. Сіз осы университеттің уығын қадап, шаңырағын көтерген тарихи тұлғалар Төлеген Тәжібаев, Өмірбек Жолдасбеков туралы да жаздыңыз. Зейнолла Қабдолов, Кәкімжан Қазыбаев, Сапар Байжанов, Камал Смаилов, академиктер Ақай Нүсіпбеков, Жүрімбек Сыдықов, қоғам қайраткерлері Социалистік Еңбек Ері Шайдахмет Серғазин, Сағындық Кенжебаев, Қалдарбек Найманбаев, Серік Әбдірайымов секілді тұлғаларды сомдаған шығармаларыңызбен қалам ұстаған шәкірттеріңізге өнеге көрсеттіңіз. Ол өнеге қазақтың «Өсер елдің баласы бірін-бірі «батырым» дейді» деген ұлағатын іспен танытқан еңбектеріңіз арқылы танылды. Осы ісіңізді ары қарай жалғастырасыз ба?
– Абай аталарың айтқан: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос», – деп. Мен ұлты үшін ұдайы, үздіксіз, үнемі, әрдайым, ылғи жан аямай еңбек еткен тұлғалардың бәрін дос санадым. Бұл ұстанымымнан ешқашан айныған емеспін. Сен, қарағым, жаңағы айтып өткен тұлғалардың қатары тағы да жаңа есімдермен толықты. Ол есімдердің қатарында академик ректор Бақытжан Жұмағұлов та бар. Жаңа жазғандарым жинақ болып, алдағы күндерде «Қазақ университеті» баспасынан жарық көреді, қолдарыңа тиеді деп үміттеніп отырмын.
– Ағай, айтпақшы, соғыста болдыңыз ба?
– Майданның шебінде болғам жоқ. Мен ол кезде он жаста едім… Мұқағали ағаларың:
Жанды-жансыз бар табиғат түнерген,
Әр кеудеде бір шер барын білем мен.
Қан майданда ерлік етсе біреулер,
Қарсы жауға біз де шықтық түренмен.

Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.

Кейінгі ұрпақ, саған салған өткелдің,
Сағасында өткен жастық, өткен күн.
Қаршадайдан қара шаруа атанған,
Сен әкеңді батыр емес деп көргін!

Сол жылдарға қарғыс айту жат маған,
Сондағы мен ерлігіме мақтанам.
Балғын ұрпақ, сенің болашағыңды,
Біле білсең, мына біздер сақтаған! – дегені бар емес пе еді!
Сол айтқандай тылдағы майдангермін. Биыл жеңістің 65 жылдығы. Сол жеңіске еселі еңбегімен үлес қосқандардың бірімін. Сол үшін «За доблестный труд в Великой Отечественной войне» медалымен марапатталдым.
– Біз сіздің мемлекет тарапынан алған басқа да марапаттарыңызды білеміз.
– Шын ба?
Әб-ағаң жаңа танысқан өрімдей жастардың өзі туралы білетіндігіне таң-тамаша, мәз-мәйрам.
– Сіз 1991 жылы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген атақ алғансыз…
– Дұрыс…
– Сіз 2001 жылы 10 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болдыңыз…
– Жөөн…
– Сіз Қазақстан Журналистер Одағының Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлығының лауреатысыз.
– Ол рас…
– Сіз 2009 жылы «әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дамуына айрықша үлесі үшін» алтын медалін алдыңыз.
– Оған өздеріңіз куә болдыңдар, иә…
– Сіз жақында ғана Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы стипендиясын иемдендіңіз. Құтты болсын, ағай! Жасыңыз ұзақ болсын!
– Рахмет, айналайындар, менің жасым сендердей шәкірттермен ұзарады, жандарым.
– Ағай, сіз өмірде ерекше бағалайтын адами қасиеттер қандай?
– Мен адам бойындағы біліктілікті, парасаттылықты, кішіпейілділікті, ізеттілікті, еңбексүйгіштікті, адалдықты, турашылдықты, азаматтық ар-ожданды, кімге де болса қамқор бола білуді ерекше қадірлеймін.
– Ағай, сексен жасыңыз жүзге ұлассын!
– Рахмет, айналайын, сендер ғұмырлы болыңдар!

Сағатбек Медеубекұлы,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.