Жақсылықты бөлісе білеміз бе?

Редакциямызға оқырмандар жиі бас сұғады. Жазған дүниесін әкеледі немесе көкейін мазалаған сауалдарға жауап алғысы келеді… Бұл жолы келген азаматтың аты-жөні – Қуат Мыңтұрғанов. Таныса келе Атыраудағы алыс ауылдардың бірінде тұратынын білдік. Алматыға жеке шаруасымен жолы түсіпті. 

– Газеттеріңіз маған ұнайды. Көптің ойындағы маңызды мәселе­лерді көтеріп жүрсіздер. Кейде өзіме ұнаған тәуір мақала шықса соны жазған автордан бетер қуанамын. Қуанышымды жан-жағымдағы адамдармен бөлісуге асығамын. Тіпті шыдамай ризалығымды білдіріп, өздеріңе телефон шалатыным да бар, – дейді ол ағынан жарылып.
Ол бұл сөзді шын ниетімен айтып тұр. Мұны жадыраған жүзі де, нұр төгілген жанары да аңғартады.
Риза болдық. Сүйсіндік.
Өзің білмейтін, танымайтын жанның жақсылығына жадырау, өзгенің жетістік-табысына өзің жеткендей марқаю, масаттану… Қандай ғанибет! Өзің ғана масайрағың келмейді, кеудені кернеген қуа­нышты өзгелерге жеткізгенше шыдам таппай асығу… Қандай асыл жүрек! Осындай жүректер көп болса ғой, шіркін!
Неге екенін қайдам, бүгінде мін­шілдігіміз, сыншылдығымыз басымдау ма, қалай… Бұл қасиет те керек шығар. Бірақ оның да ретті жері бар болса керек. Өмірде ең қаже­ті тату-тәтті тірлік емес пе? Бір-бірімізге мейірім-шапағатымызды төгіп, қамқор көңілде болмасақ адамдығымыз, адамгершілігіміз қайсы?
Республикаға танымал басылым­дардың бірінен қазақтың қазіргі белгілі ақындарының бірімен жүргізілген сұхбатты оқығаным бар. Әңгіме арасында сұхбат беруші жүрекжарды сырын ақтарып: «Сенесіз бе, сенбейсіз бе, менің жер басып жүргенімді көре алмайтындар да бар екен» дейді. Жүректі дір еткізетін ауыр сөз. Бұл азаматты жақсы білемін. Өлеңдерінің шоқтығы биік. Өмірге өлең деп келген нәзік жүректі замандасымыз. «Елім, жерім, қазағым» деп жыр төгіп жүрген айтулы ақын. Ол әлгі сөзді жөнсіз айтып отырған жоқ. Бұл қиналған жүректің сөзі.
Қатал болып бара жатқан секілдіміз. «Өкпеге қисақ та, өлімге қимай­тынымыз» әдірә қалып бара жатқандай. Осыны айтып алып, «Қой, күпірлік етпейік» дейміз ішімізден. «Жақсыны айтайық, жақсы сөзді қағаз бетіне түсірейік» деп өзімізге тоқтау салған боламыз. Несін айтасыз, әлі күнге Абайдың сө­зіне құлақ аспайтынымыз қинайды. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демеп пе еді пір тұтар данагөйіміз. Осы сөз әр қазақтың жүрегінде берік орнығуы тиіс қой. Ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғаса бергені жөн. Сол кезде ғана мықты ұлт, мықты халық болатынымыз анық.
…Көше бойында алаулаған гүл шоғын алып бара жатқандарға сүйсіне қараймын. Ол әлдекімнің қуанышын бөлісуге бара жатыр. Мүмкін, туған күнімен құттықтар. Әлде, өзіне таныс жанның жетіс­тік-табысын бөлісуге бара жатыр ма екен? Қалай дегенмен де, шоқ гүлді жайдан-жай алып бара жатқан жоқ. Жадыраңқы жүзі де бір жақсы­лықтың нышанын білдіреді.
Өзгенің қуанышын өзіміздікіндей сезініп, сол жақсылыққа шын пейі­лімізбен бірге ортақтасып жатсақ, қанекей! Осылай жасасақ, осылай етсек өмір сұлуланған үстіне сұлуланып, маңайымыз нұр-шуаққа кө­міліп тұрар еді-ау. Сол кезде өмірге деген құштарлығымыз бен сүйіспеншілігіміз одан сайын арта түсетіні күмәнсіз. Ал өмір деп отыр­ғанымыз сіз бен біз емес пе?!

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.