ДЗЮДО:қос жүлде қуантты.Бірақ уыстан шыққан ұпай да бар

Астана қаласында елімізде алғаш рет әлем біріншілігі өткізілгені жұртшылыққа белгілі. Отызыншы мәрте өткізілген дүбірлі додада 137 мемлекеттен 823 спортшы (495 ер мен 328 қыз) қатысқан болатын. Әлем біріншілігі «Алау» мұзайдынында өткізілді. Жеті күнге созылған жарыста барлығы 14 салмақ дәрежесі бойынша жүлде сарапқа салынды. Сонымен қатар ерлер мен әйелдер арасында командалық сайыс ұйымдастырылды.

Әлем біріншілігінің алғашқы күнінде Қазақстан спортшылары екі медаль иеленді. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Елдос Сметов чемпион атанса, финалға шыққан екінші ­дзюдошы ­Рустам Ыбыраев күміс жүлдені иеленді. Р.Ыбыраев өз тобында барлық қарсыласынан басым түсті. Олардың арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері, грузиялық Амиран Папинашвили бар. Ал жартылай финалда былтырғы әлем чемпионы, моңғолиялық Гамбат Болтбаатарды жеңді. Ал өз кезегінде Е.Сметов жартылай ширек финалға дейін барлық кездесуінде айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Ширек финалда жолы түйіскен өзбекстандық Диорбек Урозбаев­ты, жартылай финалдық кездесуде жапон дзюдошысы Шишимо Ториды қапы қалдырды. Финалдық кездесуде бұған дейін болмаған жағдай орын алды. Себебі бұған дейін әлем чемпионатының финалында қазақ дзюдошылары кездеспеген болатын. Екеуара кездесуде Р.Ыбыраевқа берілген ескерту Е.Сметовке жеңіс сыйлады.

Сметов
Қыздар арасында 48 келіге дейінгі салмақта Александра Подрядова алғашқы кездесуінде Алеся Кузнецованы ұтқанымен, келесі кезеңде украиналық Марина Чернякқа есе жіберді. Тағы бір дзюдошымыз Галбадрахын Щтгонцэгцэг бірінші кездесуінде оңтүстікореялық спортшыдан ұтылып қалды.
Спортшылардың ішінен Елдос Жұмақанов (66 келі) медальға бір табан жақын болды. Өкінішке орай Е.Жұмақанов жартылай финалда был­тырғы әлем чемпионатының кү­міс жүлдегері ресейлік ­Михаил ­Пуляевке жол беріп қойды. Қола ме­даль үшін өткен кездесуде қа­зақ­стандық дзюдошы екі дүркін әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының жүлдегері өзбек спортшысы Ришод Собировтен де жеңіліп қалды. Қалай дегенмен, жерлесіміз барлық кездесулерінде қайсар мінез танытып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал бұл салмақта әлем чемпионы атағын Оңтүстік Корея елінің өкілі Баул Ан жеңіп алды. Ол финалда ресейлік М.Пуляевтен басым түсті.
Жеңіл салмақта, яғни 52 келідегі қыздар бәсекесінің ­финалында жапо­ния­лық Мисато Накамура румыниялық Андреа Читуді жеңді.
Татамиге шыққан төрт қазақ­стандық дзюдошы Азамат Мұқанов және Олеся Куценко екеуі бірінші белдесулерінде сәтсіздікке ұшырады. Ал Ленария Мингазова үшінші айналымда 2013 жылғы әлем чем­пионатының күміс жүлдегері бра­зи­лиялық Миранда Эрикадан жеңілді.
Бірінші ауыр салмақта сынға түскен Әзіз Қалқаманұлы әлем чемпионатында алғашқы белдесуінде эстондық Евгений Салеевті жеңіп, екінші айналымда азулы қарсыласқа тап болды. Әлем чемпионы, бес дүркін Еуропа чемпионы және Еуропа Ойындарының жеңімпазы Грузия өкілі Автандил Чрикишвилимен белдескен қазақстандық бір шидомен ұтылды.Татамиде кездескен қос қарсылас бірдей деңгейде белдескен болатын.
Ал 63 келі салмақ дәрежесінде күрескен Мариан Урдабаева үшінші кезеңнен өте алмады. Канадалық Стефани Тремблайды жеңіп, екінші кезеңде Хорватиялық Андрейя Даковичпен белдесіп, жеңіске жетсе, Жапонияның спортшысы, былтырғы жылдың әлем чемпионатының қола жүлдегері Мику Таширодан ұтылып қалды.
Әлем чемпионатының бірінші айналымнан эквадорлық Ванесса Чаладан ұтылған Жанар Қашқын (70 келі), иппонмен Польшаның өкілі Катаржина Клистен жеңіліп қалған Ділбар Өміралиева (78 келі) және Нидерланды елінің спортшысы ­Стинуис­тен ұтылып қалған Альбина Амангель­диева (78 келіден жоғары) жарыс жолынан бірден шығып кетті.
Дзюдодан қазақ құрамасының 90 келі салмақ дәрежесіндегі бірінші нөмірлі Ислам Бозбаев алғашқы кездесуде австралиялық Диего Барретоны ұтса, екінші айналымда иппонмен Еуропа чемпионатының жүлдегері француз Александре Иддирден ұтылып қалды.
Ауыр салмақта сынға түскен дзюдошыларымыз Гүлжан ­Исанова мен Ержан Шынкеев бірінші кездесулерінде жеңілсе, Максим Раков екінші айналымда сүрінді. Француз Сирилл Маретт М.Раковты бір «шидо»-мен жеңіп кетті.
Ерлер құрама командасы әлем чемпионатында командалық сында жүлдеге бір табан жақын болған еді. Қола медаль үшін Ғабит Есімбетов, Жансай Смағұлов, Әзіз Қалқаманұлы, Самат Есен және Максим Раковтардан жасақталған Қазақстан құрамасының бестігі азулы Моңғолияға қарсы татамиге шықты. Моңғолияға қарсы кез­десуде тек М.Раков қана қарсы­ласынан басым түсе алды. Бұл жол қазақстандық спортшы үнемі кездесіп жүрген атақты Тувшинбаяр Найданды жеңді.
Командалық есепте Жапония құрамасы чемпион атанса, Оңтүстік Корея күміс медальді иеленді. Грузия және Моңғолия құрамалары қоладан алқа тақты. Қыздар сынында да жапондықтарға тең келер ешкім болмады, екінші орынды Польша иеленді. Ресей және Германия үшінші орынды місе тұтты.
Осылайша 7 күнге созылған жа­рыс­тың қорытындысында 1 алтын және 1 күміс жүлдені олжалаған дзюдошыларымыз жалпыкомандалық есепте төртінші орынға жайғасты. 8 ал­тын, 4 күміс және 5 қоланы иеленген Жапония құрамасының дзюдошылары топ жарды. 2 алтын, 2 күміс, 2 қола алған француздықтар командалық есепте екінші орынды місе тұтты. Соңғы кезде дзюдо спорты өте жақсы дамып келе жатқан Оңтүстік Корея (2 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлдемен) алғашқы үштіктің қатарынан көрінді. Біріншілік барысында 24 мемлекеттің дзюдошылары жүлделі орынға ие болған еді. Ыбыраев
Осыған орай, таяуда Алматыдағы «Intercontinental» қонақүйінде дзюдо күресінен әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша жеңіске жеткен спортшыларды марапаттау рәсімі өтті. Шара барысында 60 келі салмақта биылғы жылдың әлем чемпионы ­Елдос Сметов пен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Рустам Ыбыраев және кадеттер арасында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы Айболат Ыстыбаев марапатталды.
Бүгінде отандық федерация тынысын кеңейткен іргелі ұйымға айналды. Кеңес Рақышевтай білікті бас­шының арқасында көп мәселе шешімін ­тапты. Дзюдоның даму жолында Жексенбай Саламатов, Талғат және Қанат Бай­шо­­лақовтар, ­Манарбек ­Таутанов, Са­мат Жылқыбаев, Асылбек Құлмағамбетов, Бостан Жаңбырбаев, Ербол Қырғызбаев, Николай Потапеня, Владимир Кичатов, Пернебек Құлтаев, Ермек Иманбеков, ­Сергей Раков, Ғалымжан ­Жылгелдиев, ­Михаил Шепетюк, Александр Патокин, Александр Баранов және басқа жат­тықтырушылардың еңбегі ұшан- теңіз.
Дзюдодан Қазақстан ең алғаш дербес ел ретінде 1993 жылы Канада­ның Гамильтон қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысқан болатын. Алғашқы біріншілікте жүлде бұйы­р­мады. Бұдан кейін Жапонияның Чиба қаласында, ағылшынның Бирмингем шаһарында өткізілген біріншілікте жігіттеріміз жүлдеге іліге алмады. Ал 2001 жылғы әлемдік дүрмек тарихи оқиғамен аяқталды. Германияның Мюнхен төріндегі татамиде қазақтың қос ұланы қола жүлде жеңіп алды. Бағымызды асырған – Асхат Шахаров пен Асхат Жіткеев болды. 2003 жылы Жапонияның Осакосында, 2005 жылы Египет астанасы Каирде және 2007 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро төрінде де жолымыз болмады. 2008 жылы Қытай астанасы Бейжің Олимпиадасы қазақ дзюдосына құт әкелді. Ауыр салмақта сынға түскен Асхат Жіткеев күміс жүлде олжалады. 2009 жылы Голландияның Роттердам қаласында 100 келіге дейінгі салмақта Максим Раков әлем чемпионы атанды. Ақтық сында М.Раков жергілікті нидерландиялық балуан Хенк Гроллдан айласын асырды. 2011 жылы Франция астанасы Парижде М.Раков финалда ресейлік Тагир Хайбуллаевқа есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Бұдан екі жыл бұрын Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткізілген 28-інші әлем біріншілігінде Азамат Мұқанов (66 келі) күміс жүлдені еншіледі. Ол ақтық сайыста жапон дзюдошысы Масаси Эбинумадан ұтылды. Осылайша дзюдошы жігіттеріміз 14 рет қатысқан біріншілікте 2 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды. Ал бес рет Жазғы олимпиадаға қатысқан спортшыларымыз бір күміс медаль алған болатын. Біздің көршілес Өзбекстан мен Моңғолия балуандары әлем біріншілігі мен олимпиада ойындарында біраз жетістікке жетуінің өзі ойлантарлық жағдай.
Дегенмен, дзюдошыларымыздың халықаралық дәрежеге сай шеберлігі жетіспейтіндігі байқалады. Өз жері­мізде өткен біріншілікте 2 жүлденің өзі алып мемлекетімізге аздық етеді. Дзюдошыларымыз бұдан да көп жүлде алатындай мүмкіндігі де болған еді. Екі жүлдені де жеңіл салмақтағы ба­луан­дарымыздың олжалағанын ескерсек, спортшыларымыз чемпио­натта аса табысты өнер көрсетті деп айтуға келмейді. Мәселен, орта, ауыр салмақта сынға түскен дзюдошылар татами төрінде бар білгенінен жаңылысқандай әсерде белдесті. Тіпті 100 келіге дейін сынға түскен бұрынғы біріншіліктің жеңімпазы М.Раковтың өзі екінші белдесуден әрі қарай аса алмағаны өкінішті-ақ.
Ал қыздар құрамасынан құралған дзюдошыларымыздың барлығы да жеңілістің ащы дәмін татты. Былтыр ел құрамасына Моңғолиядан Галбад­рах Отгонцецегды алдырған едік. Әлемдік жарыста өз орнын тауып жүрген дарынды қыз бұл жолы жауы­рыны алғашқы айналымда-ақ жер иіскеп, жарыс жолынан бірден шығып қалды. Тәуелсіздік алғалы бері дзюдодан 14 рет әлем біріншілігінде бақ сынаған аруларымыз бірде-бір мәрте жүлде алып көрмепті. Ал Астанадағы чемпионатта көптеген бапкерлер мен спорт саласының мамандары қыздарымыз тым құрығанда бір қола медаль олжалайды деп топшылаған болатын. Алайда нәзік жанды спортшыларымыз бұл сенімнен шыға алмады. Енді келесі өтетін әлем чемпионатына жолдама иелену үшін қыздарымыз әлемдік рейтингте алдыңғы ондыққа ілінуі қажет.
Елімізде дзюдо спорты әлемдік дәрежеге сай бола алмай келе жатқа­нының да өзіндік көп себептері баршы­лық. Мәселен, күрес спортының ішін­де қазақ жастары көбінесе еркін және грек-рим күресін таңдайды. Ал дзюдоға қатысу үшін арнайы киім сатып алуға көптеген жастардың қалтасы жұқа болғандықтан, қатыса алмай жүргені шындық. Бұдан басқа күрес спорт түрлерінің ішінде дзюдо үйірмесінің бағасы әжептәуір қымбат. Жапон терминіне негізделген дзюдо күресін үйрететін жаттықтырушылар ауылдық жерлерде жетіспейді.
Міне, осының салдарынан елімізде дзюдо спорты әлі күнге дейін әлемдік дәрежеге сай болмай келеді. Алайда қазір елімізде дзюдо спортын дамытуға арналған көптеген шаралар жасалып жатқаны анық. «Ештен кеш жақсы» демекші, болашақта еліміздің дзюдо спортының қарыштап дамитынына бек сенімдіміз.

Ермек ИМАНБЕКОВ,
Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
– Менің арманым орындалды. Дзюдодан қазақ баласын әлем біріншілігінде чемпион етіп шығаруды армандайтынмын. Міне, сол мақсатым өзіміздің жерімізде өткен біріншілікте орындалды. Жігіттерімнің көрсеткішіне ризамын. Алайда әттеген-айлар да болды. Ауыр салмақта сынға түскен Ержан Шынкеев пен Максим Раковтың қарсыластарынан ұтылғаны өкінішті-ақ. Алдағы уақытта дзюдошыларымыз осы жарыстан сабақ алып қателікке бой алдырмайды деп ойлаймын.

Жексенбай САЛАМАТОВ,
Қыздар құрамасының бас жаттықтырушысы:
– Біріншілік барысында қыздарымыз өте сәтсіз өнер көрсетті. Жос­пар бойынша бір жүлде алуы керек еді. Үміт артқан Гүлжан Исанова мен еліміздің азаматтығын алған Галбадрах Отгонцецег бар білгенінен жаңылысты. Қыздарымыз әлем біріншілігінде ескерту (шидо) алумен көзге түсумен болды. Бұдан басқа бірінші белдесуде ұтылғандары да баршылық. Бұрын әлем біріншілігінде аруларымыз ескерту алмай, тартысты белдесетін. Енді осы қателіктерді түзетуге күш салатын боламыз.

Кеңес РАҚЫШЕВ,
Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясының президенті:
– Біріншілікте сайысқа түскен дзюдошыларымыздың көрсеткішіне ризамын. Дзюдо тарихында болмаған зор жетістікке жеттік. Бұдан басқа командалық есепте алғашқы төрттіктің қатарынан көрінудің өзі үлкен бір мәртебе. Осының бәрі де Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың спорт саласына деген ерекше қамқорлығының арқасында екендігін атап өткім келеді. Дзюдодан Астанада өткен әлем чемпионаты аса жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын бәріміз де көрдік. Енді екі жылдан кейін Венгрияның астанасы Будапешт қаласында өтетін чемпионатта дзюдошыларымыз жетістіктерін қайталайды деп ойлаймын.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.