ҚАРА ШИЛАН

Сәби жанын қашан да елжіретіп, бойыңа күш-қуат беретін де, сырттай тілегіңді тілеп, ержетіп, өсіп кеткеніңше бәйек болып, түні бойы алаңдайтын да, оқытып, білім беріп, тәрбиесі мен өнегесін бойыңа сіңіріп, болашағыңа жол сілтейтін де өмірдегі ең қымбатты жан әкең мен анаң емес пе?
Әлі есімде, сонау жылдар өзге балалардай менің де дүниеге шыр етіп келген сәби шағымнан бастап, балалық кезге аяқ басып, алаңсыз өтіп жатқан қызығы мол күндерімнің бірі еді. Жүзіміз бал-бұл жанып, мектеп табалдырығын аттаған сәтімде сәбиінің оқу жасына жеткенін көріп, қолымнан жетектеп, алғаш рет партаға апарып отырғызған да қайран, әкем болатын. Тіпті арада бір жыл өтіп, бірінші сыныпты үздік бітіргенімде қуанышында шек болмай «айналайын, ұлым менің, балаларымның ішіндегі зерегі де сен болдың-ау» деп маңдайымнан иіскеп тұрып, екі қолтығымнан қапсыра құшақтаған күйі, төбесіне көтергенін мен әлі күнге ұмытқан жоқпын.

Бұл 1967 жыл болатын. Ол кезде костюм-шалбар киген оқушыны да мектепте кездестіре бермейтін жұтаң, жоқшылық уақыттың бірі еді ғой. Бірақ мендей ұлының оқуда озат болып мерейін тасытқанын жан жүрегімен сезінген асыл әкем басқа балаларына алып бермеген костюмін сол жылы маған сыйлады. Әлде жүрегі бір нәрсені сезді ме қайдам? Артынан бұл қуанышым ұзаққа бармай, су сепкендей басылып, мен біріншіні бітірген соң арада бірер ай өткенде жазғы күндей жаныма жалау болған алдымдағы асқар таудай тірегімнен сұм ажал мәңгіге айырды да ессіз меңіреу айдалада адасып қалған жолаушыдай хал кештім. Осы сәттен бастап жатсам, тұрсам болды әкенің ыстық мейірімін, жанымды елжіреткен жылы сөзін, майда қоңыр дауысын аңсап, мұңға толы күндерім өтіп жатты.
Алайда өмір көші алға жылжып, өзгелердей тіршілік жасап, жасым он төртке толғаннан сәттен бастап «үш ай кани­кулда қарап жатпайын» деп пішеншілер қосына көмекке барып, аз-маз тиын-тебен тауып, анама қолғабысымды тигізе жүріп, мен де ержеттім. Дегенмен, әкесі бар бала мен әкесі жоқ баланың арасы жер мен көктей екенін сонда анық байқадым. Өйткені өзім қасымда ақыл айтып, жолыма бағыт берер жанашыр жандарды жоқтап іздеген кезімде есіме қайран әкем қайта-қайта орала беретін. Ал «Әке асқар тау» деген даналық сөздің астарында қаншама мағына жатқанын мен жас болсам да ертерек сезгендей едім.
Кейде көшеде келе жатып қасымда жүрген қатарларымның әкелерін көргенде еріксіз жанарыма жас үйіріліп, өзімнің жартылай жетім екенімді анық сезетінмін. Арада жылдар жылжып оныншыны бітіріп, оқуға түсіп, туған ауылымнан алыстап, қалалық болып кеткен күнде де шыр етіп дүние есігін ашып, кіндік қаным тамған Қызылқоға өңіріндегі «Бүйрек» сынды киелі мекенге жыл құсындай бір оралып, ат басын бұрып соқпай кетпейтінмін. Ауылға барған соң да томаға-тұйық адамдай өз-өзімнен іштей тынып, әкемнің бейітінің басына арнайы соғып, топырақ салып, ата-бабаларға арнап дұға бағыштаймын. Содан соң ғана үлкен үй саналатын анамызға сәлем беріп, амандық-саулық сұрасып, көңілім бір жайланғанда үйдің іші-сыртын ақтара жүріп, «ең болмаса әкемді сағынғанда қарайтын бір заты қалмағаны ма»? деп терең ойға шомамын.
Кішкене күнімізде әкем қолы сәл босаса болды кешкілік домбырасын тартып өлең айтатын да екі ішекті аспабын әспеттеп жоғарыға алып қоятын. Сол жылдары біздің үйде әкеміз атқа мінгенде ұстаған он алты өрім, сегіз өрім қамшылары да болған. Бірақ «Өзі жоқтың, көзі жоқ» дегендей, әкеміз өмірден өткен соң жәдігерлері де әркімнің қолында кеткен шығар. Анам болса шиеттей бес баласын жалғыз өзі тапқанын қапқанына қоса алмай жеткіземін деп жүргенде, жан жолдасының асыл дүниелерінің қайда қал­ғанынан да хабарсыз еді ғой. Ал менің ауылдан қалаға кері қайтарда іздегенім кездеспей, тауы шағылған жандай ұн­жырғам түсіп, құр алақан кері қайтқан күндерім көп болды.
Осылайша уақыт көші алға жылжып өте берді, өте берді. Бірінде кезекті еңбек демалысымды алып, туған жердің топырағында аунап-қунап, бес-алты күндей болған соң дос-жаранды аралап, кешкісін үйге келдік. Ертесіне ұйқымды қандырып, уақыт өткізе алмаған соң, төрде тұрған анамның шифонерін ақтарып, ішінен бірдеңе іздей бастадым. Сол мезет ескі-құсқы киімдердің арасында матаға әспеттеліп ораулы тұрған былғары қара шилан көзіме оттай басылды. «Бұл мұнда қайдан жүрген зат»? деп жалма-жан оны қолыма алған күйі анама қарай жүгірдім де аптығымды басар-баспастан «мынау кімнің шиланы, білесіз бе?» деп едім, анам байғұс жанарының қиығымен маған жәудірей бір қарады да «Шырағым, ол әкеңнен қалған көзі еді ғой. Кезінде осы ауылдан 7-8 шақырым аралықтағы қасында Аққұдық сынды көлі бар «Жарылғап» деген жерде біраз жыл өзі дүкенші болып тұрғанда бұл шиланның іші ақшадан босамайтын. Әкең өмірден өткен соң қолына ұстаған заты да ешкімге қажет болмай қалғаны» деп терең күрсініп алды. Анамның ішкі ойын мен енді ғана ұққандай, көңілім босап қоя берді де іле-шала маңдайымнан мұздай тер бұрқ ете түсті. Өйткені, өшкенім жанып, қамқоршыммен қайта қауышқандай болып, әкемнің көзіндей көрінген қара шиланды қолыма ұстап, қысқан күйі бауырыма басып сәл тұрдым да, «ешкім көріп қалмасын, әйтпесе алып кетер» деген оймен қойныма бір-ақ сүңгіттім.
Кезекті демалысым аяқталып, Атырауға келген соң әлгі асыл затты қолға алып тұрып, әкемнің өзімді жетектеп мектепке апарған кезін бір сәт есіме түсірдім. Иә, бұйырмыс дегенің осы болар. Кейде қолыңды алысқа қанша рет созсаң да дегеніңе жете алмайсың, ал енді бірде жоғыңды аяғыңның астынан-ақ тауып жатасың. Міне, талай жылдан бері әуре-сарсаңға түсіріп, іздеп келген әкемнің құнды дүниесінің бірін әзер дегенде тауып, көңілімді бірлеп, өмірімде бір рет еңсемді тіктеп, ауылдан қуанып қайтқан кезім осы болар. Содан бастап әкемнің былғары қара шиланы менімен бірге жасап келе жатыр. Арасында дара тұлғалы келбетімен алдымда тұрғандай жанашырымды сағынған сәттерімде жаныма ыстық сезілген осы шиланды қолыма алып, құшырлана иіскеймін де бауырыма қысып тұрып өн бойым елжіреп, жан әкеме іштей сәбилік ризашылығымды жеткізгендей боламын. Мен үшін бұл шилан бүгіндері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар мәңгілік мұра іспетті көрінеді.
Қайран әкешім! Өзіңіздің дүкенші болып тұрған сонау уақыттардағы аштықтан кейінгі халықтың хал-жағдайлары қиын жылдарда сол өңірдегі жоқ-жітіктердің бәріне қол ұшын беріп, оған қоса әрбір ағайынның қамын ойлап, қолыңда барда ұн, шекер, шайына дейін ретін келтіріп апарып бергеніңіз былай тұрсын, осы бір киелі қара шиланның ішінен ақша алып тұрып, қаншама жанға қайырым жасадыңыз екен? Тіпті өзіңіз бардағы Тоғызбай руының Назар бөлімінен тараған «Жәтек» ауылына қарасты іргелі шаңырақтардың айрандай ұйып, арман-тілектері бір арнаға тоғысып, бір-бірімен ағалы-інідей араласып, дүркіреп аты шыққанына да сіздің қосқан үлесіңіз мол шығар. Осының бәрін бүгіндері ой легінен өткізіп қарасам, ол да өзіңіздің бауыр тартқан барша туысқандарыңызға танытқан жанашырлығыңыз бен өзгеге деген бауырмалдығыңыздың бір көрінісі іспетті.
Демек, бұл мен үшін жай ғана қара шилан емес. Өйткені онда Муса әкемнің қолының ыстық табы, кең пейіл де ақ адал, дарқан, жомарт жүрегінің жылылыққа толы мейірімі жатқандай. Ал әке мейірімі қашан да өзін аңсап іздеген ұрпағына мәңгілік шуағын төге бермек.

Фархат БАЛҒОЖИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.