Сөзімнен соғамын жыр мүсін

Гүлбақыт ҚАСЕН

Алланың шексіздігі

Іліктірмей сұқкөздің садағына,
Нұрын төккен әр басқан қадамыма.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ізгі –
Жамандықтан жанымды ада қылған.

Иманжүзді пендесін сүйікті еткен,
Сынақ беріп, бақты да үйіп-төккен.
Жаратқан Аллам менің шын Төреші –
Адалдықтың ақ туын биіктеткен.

Асыл аят санамда жаңғырады,
Жүректі емдеп, жабыққан жанды ұғады.
Жаратқан Аллам менің шексіз Ұлы –
Жоқты жасап ғайыптан таң қылады.

Өзгертеді ниет пен пейілімді,
Аллам шексіз пендеге мейірімді.
Өсіреді түсінік, пайымымды,
Аллам шексіз маған да қайырымды.

Бес қызымыз
бір үйдің

Бәріміз де бір-бір үйдің гүліміз,
Неге іздейміз бірімізді-біріміз?
Түсінетін шығар мұны тек жүрек,
Түсінбейміз мұны біз!

Шаңырақтың отын жақтық әр бөлек –
Үйімізде отағасы, бар бөбек.
Бір анадан туған соң ба әйтеуір,
Әлдилейтін ән керек!

Бес саусақтай бес қызымыз бір үйдің,
Ата-анадай мына бізді сүйді кім?
Сағынамыз қара орманның ұшырған,
Шаңырағын, түндігін.

Көрікті еткен бұрымымыз он өрім –
Бойға жидық қазағымның өнерін.
Аңсап жүрміз әкеміздің ақылын,
Анамыздың өлеңін!
…Қаншама алыс болса-дағы арамыз,
Сағынғанда құстай ұшып барамыз.
Туған жердің түлегіміз – бас иер,
Ата-анаға – баламыз!

Айға ұмтылам…

Сезбеймін сиқырын ғаламның –
Тағдырым ұшында қаламның.
Тұтқыны боп өтем өлеңнің,
Жарымын Жыр атты қағанның.
Сөзімнен соғамын жыр мүсін,
Бедерлеп ұлылық үлгісін.
Мен мәңгі берілдім Музаға…
Сен мені таба алмай жүрмісің?

Адалдық танытам жырыма,
Қанық бол тұңғиық сырыма.
Жүректі шыңдаймын болаттай –
Төзуге тағдырдың сынына.

Тосыннан қинайды сын деген,
Сондайда жазасың мұңды өлең.
Жаныма араша ар-намыс,
Қаныма жат қылық сіңбеген.

Мен Айға ұмтылам қалайда,
Сен мені іздеме, жарай ма…
Нұр болып оралам бір күні,
Айналған сәулелі арайға.

Өлең-жыр – өмірім, ардағым,
Жеткізер бақытқа арманым.
Тәубе деп оянам әр таңда,
Сүйікті құлымын Алланың.

Өлеңге сыр

Жанымды ұғар дәл өзіңдей кімім бар?
Сен болмасаң өліп кетер түрім бар.
Мұңайғанда қарс айырылар жүрегім,
Ей, Өлеңім, мені қуант,
Тілімді ал!

Қуануға хақы бар-ау иеңнің,
Киелі Өлең, саған басты иемін!
Менің бүкіл тағдырымды, қайғымды,
Сен түсіндің…
Сол себепті сүйемін!

Қу жанымды шүберекке түйгенде,
Бір басыма қайғы бұлтын үйгенде.
Қол созасың тек сен ғана, Өлеңім,
Сағыныштың жыр қамытын кигенде.
Пана болмай салқар дала, көк аспан –
Жарық күнде жол таба алмай адасқам.
Ей, Өлеңім, сен төзіммен жеңесің,
Тек өзіңмен армандарым алға асқан.

Қиын сәтте мені ұлықтап, демедің,
«Сені ұқпадым, түсінбедім» демедің.
Барым да сен, Арым да сен –
Өлең-жыр,
Сен болмасаң менің қанша керегім?

… Ең болмаса, сезім қалса деп едім,
Сен аман бол, сен аман бол, Өлеңім!

Тірлік дәмі
(диптих)

І
Жалғанда жан бар ма Анаға тең келер?
Мейірім-шуағын балаға тең бөлер.

Жұмақтың кілті де табаны астында,
Тірліктің көзі – өзі, өмірде – бас тұлға.

Көк аспан және Анам – ең алғаш көргенім,
Биіктік, мейірім сүйреген өрге мың.

Мәңгілік сәби боп өтер ем еркелеп,
Жалғанда жағыпар келмесе ентелеп.

Анамның әлдиі – ақ бесік жырлары,
Көкейде уылжып әрқашан тұрғаны.

Анамның тілімен өмірді таныдым –
Дарыған бойыма өнеге-тағылым.

Анадан қабылдап инабат, әдепті,
Ою мен кестені үйрендім әдеткі.

Қос бұрым өргізіп, ағарып жаулығы –
Әлемді әдемі етуге баулыды.

Дәмді ас мәзірдің түр-түрін жасатты,
Кермек дәм жиілеп, көзімнен жас ақты.

Жеті нан пісіріп, аппақ боп білегі –
Ұл-қыздың бақытты болуын тіледі.

Анамыз ұяда біздерді тосады,
Немере, шөбере бал үнін қосады.

«Алдымен анаңа, анаңа, сәлем ет!»
Деген сөз Құранда айтылған керемет.

Ананың алғысы – ақ нұры Алланың,
…Келемін тірліктің мен татып бал дәмін.
ІІ

…Әкемнің ақылы – санамды билеген,
Ойланып қаламын оңаша үйде мен.
Әкемнің жігерлі сөзімен есейдім,
Теректей тәкаппар, асқақтау күйге енем.

Орнаған ептеген үйде сәл қаталдық,
Ауылда «Ақшаның қыздары» атандық.
Аузында – иманы, қолында – құраны,
Бақытты болсақ деп, Әкеден бата алдық.

Ақсақал атанып, бір басын сыйлы еткен,
Асырап асықтай алты ұлын үйлі еткен.
Қатардан қалдырмай жетелеп алдыға,
Серік боп жақсыға жүруді үйреткен.

Тым ерте жетім қап қиындық өткерген,
Тарамыс қолдары бейнетті көп көрген.
Басымнан сипаған сол қолдар мамықтай,
…Бүгінде қарайды томпайып бөктерден.

Мұра етіп төс, балға, ер-тұрман құралын,
Өсиет қалдырып, мәңгі етті тұрағын.
… Сен тіккен отаудың еңсесі биікте,
Сөнбейді, әкетай, соңыңда шырағың.

Сөзіңді еске алып, ойларым бөлінер,
Сағынып, исіңді көзден жас төгілер.
Өрімді қамшыңыз төрімнен түспейді –
Әлі де жөн сілтеп жатқандай көрінер…

Өмір – жолда із қалар

Балалықтың бақ ұясын бұзбаған…
Көз саламын балдәуренге қызғана.
Маған қарап қол бұлғайды періште –
Тұлымшағы желбіреген Қыз бала.

Әр қиырға алып қашып ой кеткен,
Жүйрік еді жылдар, жылдар…
Ой, неткен?!
Бақ ішінен күлімсіреп қарайды –
Шолпысына сыр жасырған Бойжеткен.

Сағынышты жіберді ме сағым ғып,
Кестеленген орамалдан халімді ұқ…
Сәукелеге тиіп кетсе саусағым –
Шымылдықтан сығалайды Қалыңдық.

Алға басар жігер алып сенімнен,
Ғажап ғұмыр тілемейтін тегіннен.
Ақбоз үйдің маңайына
Аялдап,
Ұшырасам ақжаулықты Келінмен.

Тәтті елестер ой-санадан өше ме?
Тәубе етемін бүгінгіге, кешеге.
Жақсылықпен жолықтырған тағдырым –
Бесік тербеп отыратын Шешеге.

Уақыт – жылдам,
әрбір сәтін бағамын…
Өткелдерді артқа тастап барамын.
Жолаушымын.
…өмір-жолда із қалар,
Естелікті жырларымнан табамын.

АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Бердібеков Бауыржан

    Қалада бүркіттер ұшпайды,
    Ал жылқы үйір боп баспайды,
    Ғимараттар тау жотаны ашпайды,
    Табиғатың – гүл-гәршөктен аспайды…
    Құлақтар наушниктармен бітелген,
    Ал көздер экрандармен тартылған,
    Қарттар үйлер «туған үйің» етілген,
    Сәбилер «казиноларында» жабылған.
    Бензин болып ауасы мен суаты,
    Аулалар автокөліктің тұрағы,
    Автокөлік ашкөз жігіттің мұраты,
    Ақша боп өнерпаздардың сұрағы.
    Құлдырап иман тұрмақ, теңгең,
    Зұлымдыққа әлдидің өзі көнген,
    Қатты сиреп дәстүр білген жеңгең,
    Тұтынуға үйреніп, көз оты сөнген.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.