Мәңгілік елдің мәңгілікке жол тартқан тілі

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының президенті,
академик

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылған кезден бергі басты көздеген мақсаты – қазақ тілін мәңгілік тіл ету болатын. Осыған байланыс­ты талай жұмыстар жасалды. Осы бағыттағы ойларымыз бен пікірлерімізді Қоғамның құрылтайларында, көшпелі мәжілістерінде, тілге арналған үлкенді-кішілі жиындарда тұрақты айтып келеміз. Осының арқасында сең сөгіліп, туған тіліміз еңсесін тіктеді. Бір кездері ресми мекемелерде, қоғамдық орындарда мемлекеттік тілде сөйлемек тұрмақ, ол туралы айтудың өзі мұң болатын. Қазір Елбасының мемлекеттік тілге қатысты ұстанымы мен қадағалауының арқасында мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлер қазақ тілінде сөйлеуге ұмтылыс жасап отыр. Елбасы тілдің жайын жыл сайынғы Жолдауларында, Ассамблея жиындарында, түрлі орындарда жасаған баяндамаларында тұрақты көтеріп, қадағалап, елдің есіне ұдайы салумен келеді. Осының арқасында халықтың әлеуметтік жағдайын, экономикасын көтерумен бірге, тілімізді де тұғырына қондыра алдық.

«Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілді дамытудың неше алуан жолдарын ұсынуда. Облыстық, аудандық ұйымдарымыз тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде жергілікті ерекшеліктерге сай тәсілдерді қолға алып, іске асырып келеді. Қоғам құрылған кезеңде айғай мен аттанға ерік бермей, ғылыми негізделген, дәйекті, парасатты бағыт ұстанған болатынбыз. Сол бағытымыздан таймай келеміз. Бұдан былай да салиқалы жолымызды жалғастыра береміз деп ойлаймын.
Елбасы кейінгі Жолдауында ел халқының алдына дамыған, озық 30 елдің қатарына енуді міндет етіп, бұған да қолымыз жеткендей. Бұл, әрине, үлкен күш-жігер мен жұдырықтай жұмыла әрекет етуді қажет етті. 30 елдің қатарына ену үшін біз барлық салада да бәсекеге шыдас бере алатындай жағдайға жеткендейміз. Бұдан тіл саласы да қалыс қалмады. Осы орайда туған тілімізді мемлекеттік мәртебесіне сай ұшпаққа шығарумен бірге, ағылшын тілін де қолға алғанымыз абзал. Өйткені қазір ағылшын тілі дүниедегі қарым-қатынастың, ақпараттың, ғылым, білімнің тіліне айналып отыр. Өркениетті елдер көшінің алдыңғы жағынан орын аламыз десек, біз ағылшын тілінен бас тарта алмаймыз. Осы жағынан келгенде Елбасы ұсынған «үш тұғырлы тіл» жобасын қолдауға болатын секілді. Әрине, бұл орайда қазақ тілі алпауыт тілдердің тасасында қалмауы қажет.
Қазіргідей алмағайып кезеңде қиыннан қиыстырып, түзу жол тауып келе жатқан Елбасы туралы кеңірек айтуға тура келеді. Қаншама алақұйын ойлар мен түрлі қиғаш пікірлердің бар екендігіне қарамастан, Елбасының әлемдік тұлғасы қалыптасты. Қазір әлемде Елбасыға тең келетін тұлға ­сирек. Мұның басты сыры – елге қызмет етуде, ұлттық мәселелердің салиқалы түрде шешімін табуда. Осының көбі Елбасының бастамасымен іске асуда. Оны көрмеу мүмкін емес. «Көрмес, түйені де көрмес» деп көзжұмбайшылыққа салынбау керек.
Елінің, ұлтының тарихына, салт-дәстүрі мен рухани дүниесіне терең бойлап, ұлтын әлемдік деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр. Елбасы өзі әлемдік деңгейге көтеріліп қана қоймай, елін де сол деңгейге жеткізбек. Әрбір Жолдауында елді алға жетелеп, үлкен істерге жұмылдырып, шабыттандырып отырады. Бұл жолғы Жолдау да елді ізгілікке, жақсылыққа, молшылыққа жетелеуімен ерекшеленді. Ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы болған «Мәңгілік Ел» идеясын көтеріп, тілімізді де мәңгілік етуіміз керек деген ой тастады.
«Осы кезге дейін ұлттық идеямыз қандай болу керек?» деген бағыттағы сауал көпшілігімізді толғандырып келген еді. Неше алуан бастамалар көтеріліп, түрлі идеялар да ұсынылған болатын. Елбасы осы Жолдауында осы идеяны ұсынды.
«Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақ­саттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы.
Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жет­кізді.
Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіз­ді­гіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық.
Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұр­пақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.
Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!
Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлты­мыздың ұлы бағдары – «Қазақ­стан – 2050» Стратегиясының түп қа­зығы етіп алдым» деді Елбасы.
Бұдан асырып қалай айтуға болады. Кешегі Көк түріктер заманын­да, одан кейінгі орта ғасырлық алағай-бұлағай кезеңдерде, жеке хандық құрып, өз алдымызға отау құрып шыққан дәуірде, Алаш ұранын көтеріп, азаттыққа ұмтылған уақытта Қазақ елін мәңгі ел етуге ұмтылмап па едік. Осы ойды келер ұрпаққа аманаттағандай Ер түрік бабаларамыз Орхон-Енисей бойында тасқа «Мәңгі Ел» идеясын өшпестей етіп таңбаламап па еді. Асан қайғы бабамыздың елден ел, жерден жер кезіп жүріп іздеген «Жерұйығы» да осы емес пе. Ұлы даланы асқақ рухқа бөлеп тұрған батырлар жырларындағы ұлы мұрат, асыл мақсатымыз да осы болмап па еді?!
Бұл идея ХХ ғасырдың басында «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды» мақсат тұтқан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұранындағы»:
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің Алашты,
Қорлығына бермейміз!
Адамдықтың жолына,
Бастаған ерлер соңыңда,
Басқаға көңіл бөлмейміз,
Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбейміз.

Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды Алаш, өлмейміз!
Жасасын, Алаш, жасасын! – деген жыр жолдарымен өзектесіп жатқан жоқ па?!
Ендеше, бүгінде ел іргесі бекіп, Тәуелсіздігіміздің өзегі нығая бастаған тұста Елбасының аузынан ғасырлар бойы күткен, аңсаған идеяның айтылуы ешқандай да кездейсоқ емес деп ойлаймыз. Демек, бұған қажетті алғышарттар пісіп жетілді, дамудың келесі кезеңіне өтудің сәті жетті деген сөз.
Әрине, Қазақ елін Мәңгілік Ел ету бір тұлғаның немесе бір ме­ке­менің ісі емес. Ол осы елдегі әрбір азаматтың, әрбір қайраткердің ерік-жігеріне, қажыр-қайратына байланысты. Тәуелсіздікті күн сайын емес, сағат сайын қорғау, нығайту, дамыту қажет. Бұл үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз» шығаруымыз қажет. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды, елдігіміз мәңгілік болады.
Елбасы аталған Жолдауда тіл мәселесін де сырт қалдырған жоқ. Оның «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне ай­налды. Қазақ тілінде білім ала­тындардың саны жыл өткен ­сайын көбейіп келеді. Еліміз бойын­ша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойын­ша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген пікірі тіл жайындағы алып-қашпа пікірлердің барлығына нүкте қойғандай болды. Енді осыдан іс басында жүрген азаматтарымыз тиісті қорытынды шығарады ғой деп ойлаймыз.
Осында айтылған ойлар «Қазақ тілі» қоғамының да алдағы жұмыс бағытын айқындап бергендей болды. Бұдан былайғы уақытта қоғамның өз қызметінде өзгерістер, жаңашыл істер қажет. Мемлекеттік тілді дамытатын неше алуан іспен айналысуымыз керек. Қоғам қызметкерлері мен мүшелері ең болмаса, осы жайындағы ой-пікірлерін білдіріп, бір қазанға құюы керек.
Елбасының Жолдауда тілге қатысты тұжырымдарын іске асыру мақсатында мемлекеттің тиісті жауапты мекемелерінен алдағы жылдарда да мынадай мәселелерді шешуді талап етеміз:
1) Мемлекет қарауындағы балалар үйлерінің барлығын 100 пайыз мемлекеттік тілге көшіру;
2) Балабақшалардың барлығын мемлекеттік тілге көшіру;
3) Аралас мектептердің бар­лығын толықтай қазақ мектебіне айналдыру;
4) Мемлекеттік қызметкерлердің барлығының біліктілік талаптарына мемлекеттік тілді білу міндетін енгізіп, «Қазтест» жүйесінің толық­қанды жұмысын қамтамасыз ету;
5) Елдік мұраттарымыз бен мемлекеттік ұстанымдарымызға қайшы, тарихи бұрмаланған жер-су, елді мекен, бекет, көше, т.б. атауларын толықтай тарихи атаулары мен ұлттық мүддемізге сәйкес қайта атау, кісі есімдерін қазақ тілінің заңдылығына сай ресімдеуді жүйеге түсіру. Ол үшін бүкіл атаулардың автоматтандырылған деректер базасын жасап, тиісті мекемелерді сонымен қамтамасыз ету. Кісі есімдерін төлқұжатындағы орыс тілінің заңдылығымен көпе-көрнеу бұрмаланып, толтырылған өз есімдерін түзетемін деген азаматтардың өтініштерін орындауда қиындықтар туғызған азаматтарға қатаң шара қолдану;
6) Елбасы ұсынған жазу реформасын қолға алып, латын әліпбиіне көшу жұмыстарының тұжырымдамасы мен іс-шаралар жоспарын дайындау және оны Елбасы Жарлығымен бекіту;
7) «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдау;
8) Тіл комитетінің мәртебесін өзгертіп, оны жеке Агенттік етіп қайта құру арқылы әлеуеті мен пәрменділігін арттыру.
Міне, осы тектес талап-тілек­терді орындай алған жағдайда біз, Елбасымыз айтқандай, Ұлы Дала елінің шаңырағын биіктетіп, іргесін бекіте түсетін боламыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.