Жұлдызың жарқырай берсін, Ырғызым!

Журналистік кәсіп бұйырмысымен талай өлкеде болдық, алуан адамдармен жүздесіп, сырластық. Әрқайсысынан алған әсерлер жадымызда. Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетінің меншікті тілшісі ретінде алғаш 1984 жылы Ырғыз ауданында іссапарда болған екенмін. Кейін де осынау құт-береке дарыған аймаққа әлденеше рет жол түсіп, қиялы жүйрік, келешекке әрдайым үлкен үмітпен қарайтын үлкен-кіші замандастарымызбен етене араласып кеттік. Содан да шығар, аудан орталығы Ырғыздың іргетасы қаланғанына 170 жыл толуына арналған салтанатқа ентігіп жеткенбіз. Жалғыз біз емес, сонау Алматы мен Астанадан, Теміртау мен Рудныйдан, Қызылорда мен Қостанайдан, Ақтөбе қаласы мен аудандардан келген қонақтардың жүзінде – қуаныш пен шат-шады­ман күлкі. Бәрі де ұлы даладан ойып тұрып алар орны бар өлкенің кешегісі жайлы ақтарыла сыр шертіп, бүгінгісіне сүйсіне көз тігеді, ертеңінен тамаша бас­тамалар күтеді.

Аудан орталығында «Арай» мәде­ниет үйінде өткізілген ғылыми-тео­риялық конференцияда аудан әкімі Мейірхан Дуанбековтің «Ырғыз та­ри­хының кейбір мәселелері және өңірдегі ұрпақтар сабақтастығы» тақы­рыбына арнап жасаған баяндамасы тыңдарманды көп жайға қанықтырды.
1869 жылға дейін Орал әскери қамалы қызметін атқарған мекен осы жылы Ырғыз қаласы атанып, бұл мәртебені 1925 жылға дейін ұстап тұрды. Тағы бір ерекшелік – «ең алғашқы» деген тіркесті әлденеше рет айтуға тура келеді. Санкт-Петербургтен, Орынбор мен Орскіден шыққан әскери құрылымдар мен патша шенділері, сау­да керуендері, пошта қатынасы тоқтап өтетін жалғыз мекенде қазіргі Ақтөбе облысы аумағында бұқара халық үшін алғашқы емдеу мекемесі, бастауыш қазақ мектебі, екі сыныптық орыс-қырғыз училищесі, Ырғыз қалалық бір сыныптық әйелдер мектебі, училище жанында кітапхана ашылған. 1870 жылы 19-қарашада ашылып, жылына екі маусымда жұмыс істеген жәрмеңке даңқы да талай жерлерге жетті. 1856 жылдан күні бүгінге дейін іргесін көтермеген метеорологиялық станция туралы айту да қызық.
Ырғыз аймағы, онда қоныстанған халық елмен бірге қаншама өткелдерді бастан кешірді?! Кеңес Одағы тұсында аудан бірнеше мәрте жабылып ашылды. Сөйтсе де өр мінезді ағайын ешкімге қол қусырып, алақан жаймастан бүтін қалпын сақтай білді. Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталған соң Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде 1948 жылы бірден 23 адамның Социалистік Еңбек Ері атағын алуы – қайталанбас құбылыс. Шынын айту керек, 1969 жылдың мамыр айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен республика Министрлер Кеңесі қабылдаған қаулы нәтижесінде Ырғыздың бет-бейнесі түбегейлі өзгерді.
Ғылыми-теориялық конференцияда баяндама жасаған және жарыссөзге қатысқан адамдар өлке тарихын терең зерттеу мәселесіне назар аударды.
Негізгі баяндамашы Мейірхан ­Дуанбеков сөзінде бұл ерекшеліктер ес­ке алынып, қарашаңырақта бәрінің басын қосу ниетіне тоқталды. Алыс-жақын аймақтардағы кәсіпкер жер­лес­терді Ырғыз экономикасы мен мәде­ниетін дамытуға үлес қосуға шақырды. Тарих ғылымының докторы Гүлбану Жүгенбаеваның, тарих ғылымының кандидаты Асылбек Мәденнің баяндамалары тыңдаушыны ұйытты.
Өткен ғасырдың 20-30 жылдарын­дағы зұлмат салдарынан өлкенің көптеген әулеттері өзге жұрттарды сағалап кеткен. Солардың үлкен шоғыры Өзбекстан Республикасының қазіргі Бұқара облысында Тамды ауданын мекендепті. Еліміз Тәуелсіздігінің әдемі лебімен Тамдыдағы жүзге жуық отбасы Қарағанды облысындағы Теміртау қаласына көшіп келген. Атамекен – Ырғызды көру мақсатымен Әуесхан Амандықов бастаған өкілдер біз әңгімелеп отырған тойдың сыйлы қонағы болды. Конференцияда сөз сөйлеген тарихшы Қазыбек Амандықов Ырғыздың келешектегі мүмкіндіктеріне баса назар аудару қажеттігіне тоқталып, тұрғылықты халықтың қонақ қабылдау, ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеу қағидаттарына сүйсінгенін жасырмады.
Салтанатқа Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген кеншісі, Қостанай облысының, Рудный қаласының, Әйтеке би ау­да­ны­ның және Ырғыз ауданының Құрметті азаматы атақтарының иегері Әлсәбір Дәрменбайұлы, сатирик-жазушы, Ырғыз ауданының Құрметті азаматы Үмбетбай Уайдин, 1986-1989 жылдары Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Қуаныш Ахметкереев, 1999-2005 жылдар ара­лы­ғындағы аудан әкімі Кенжеғали Толықбаев, басқа да азаматтар қатысып, мағыналы ой толғап, сүбелі сөз айтты. Ақтөбе өңірінің жұртшылығы Ұлы Отан соғысы жылдарында және онан кейін Ырғыз, Қарабұтақ, Ойыл аудандарын басқарған Социалистік Еңбек Ері Нұрқасым Бердіқұлов жайлы жыр қылып айтады. Ол кісінің ұйымдастырушылық еңбегі, кісімен тіл табысу қабілеті ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жетуде. Тойға қатысушы жамағат шақыруды қабыл алып, арнайы келген ардақты азаматтың балалары Мұрат пен Ырғызбайды ерекше ықыласпен қарсы алды. Олар әке жайында айтылған әсерлі естеліктерді тыңдап, ризашылықтарын білдірді. Астана қаласының тұрғындары – Парламент Мәжілісі аппаратының бөлім басшысы Төлеген Қуанышев пен Болатбек Әліқұлов саз мектебіне, мұражайға, кітапханаға, мешітке, аудан әкімдігіне арнап әкелген сыйлықтарын ұсынды. Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлованың құттықтау лебізін облыстық мәслихат депутаты, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңісгүл Мұханбетпайызова жеткізді.
Ырғыздықтар тойы өтіп жатқан күндерде облыстың бұрынғы басшысы Архимед Мұханбетов Қостанай облысы әкімі қызметіне тағайындалды. Өңір тізгінін ұстаған іскер азаматтың құттықтау хатын жұртшылық үлкен ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ Қызылорда облысы, Арал ауданының әкімі Абдол Мұхимов, Мұғалжар, Шалқар, Хромтау, Әйтеке би аудан­дарының, Қостанай облысы Жангелдин ауданы делегацияларының басшылары, басқа да меймандар қазақы дәстүрмен ырым-кәде жасады.
Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен той қарсаңында өңірдің абзал азаматы, Ырғыз тарихының білгірі, бұл күнде арамызда жоқ Сейілхан Оразымбетовтің тарихи тақырыптағы еңбектері жинақталып, «А-Полиграфия» ЖШС баспасынан «Жармола жаңғырығы» деген атаумен кітап болып жарық көрді. Конференция соңында аудан әкімі Мейірхан Дуанбеков, жинақты құрастырушылардың бірі, журналист Рахымжан Өтеміс, автордың қызы Айымкүл Сейілханова жаңа туындының тұсауын кесті.
Конференциядан соң қатысушылар Ырғыз өзенінің жағасындағы киіз үйлер тігілген алаңда театрландырылған қойылымды тамашалады. Ақындар айтысында 18 адам жырдан шашу шашты, нәтижесінде Шалқар ауданының өкілі Аян Сейітов бас бәйгені еншіледі. Сонымен, Ырғыз өңірін дүрілдеткен салтанатты шаралар көпшіліктің есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Ақтөбе облысы «Жұлдызың биікте жарқырай берсін, Ырғызым!» деп тарасып жатты тойға келген жұрт.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.