«Мемлекеттік тіл –менің тілім»

22 қыркүйек – Тілдер күніне орай Алматыдағы Достық үйінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты алқалы жиын өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Қазақстан Рес­публикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық келісім» республикалық мекемесімен бірлесе отырып өткізілген жиынға бір топ ғалымдар, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшелері, еліміздегі ұлттық-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, тіл жанашырлары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы жиналған қауымды тіл мерекесімен құттықтап, жиынның негізгі күн тәртібіндегі мәселелерімен таныс­тырды. «Бірінші, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жанынан «Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі алқа» құру.

Бұл алқаға негізінен Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жұмыс жасайтын ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілерін, мемлекеттік тілге қатысты ұйымдардың басшылары мен осы саладағы елеулі тұлғаларды енгізсек деген ниетіміз бар. Осы орайда Ассамблея жанындағы ұлттық-мәдени орталықтардың мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қосып келе жатқан үлесін ерекше атап айтқан жөн. Алқаның құрамын, мақсаты мен қызметін қазір бірлесе талқылайтын боламыз» деді Ө.Айтбайұлы. Екінші күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселе ретінде қазақтар шоғырлана қоныстанған шетелдерде және түркі халықтарының мемлекеттерінде «Қазақ тілін үйрету орталықтары желісін құру туралы» меморандумға қол қою болды. Бұл шетелдердегі 5 миллион қазақтың ана тілдерінен ажырамауын, тарихи отанымен тұрақты байланысын қамтамасыз етпек.
Үшінші, мемлекеттік тіліміздің аймақтардағы жай-күйінен хабардар болу үшін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық филиалының Басқарма мүшесі, Ақсу қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Алма Біләлованың тілге байланысты атқарылған жұмыстары жөнінде есебі тыңдалды.
Жиында алғашқы болып сөз алған Тіл комитетінің басқарма басшысы Толқын Исақова тіл мерекесімен құттықтап, қоғамның барлық жұмыстарына министрлік қолдау көрсетуге әзір екенін алға тартты.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қалалық филиалының төрағасы Құсман Шалабаев тіл мерекесін дүбірлі той іспетті кең көлемде атап өтілмейтініне қын­жылысын білдіріп, осындай шаралар тілге деген құрметті арттыра түсетінін баса айтты.
Белгілі ақын, тілжанашыры Мұхтар ­Шаханов елімізде мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болуы керек деген табан­ды тұжырым-пікірімен ел мүддесін қол­дай­тынын осыдан ширек ғасыр бұрын-ақ білдіргенін, сол тұста санымыз азшылық болғанына қарамай, туған тіліміздің ұлықталып, тұғырына қонуына қосқан үлесі жайлы тоқталды. «Қазақ тілін 1989 жылы дәл бүгінгі 22-қыркүйекте мемлекеттік тіл етіп тұғырына қондырғанбыз» деді тіл жанашыры. Мемлекеттік тілдің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген қайраткердің сол жылдары ерлікке пара-пар ерен еңбегін жұрт ешқашан ұмытқан емес. Ақын сөзін әрмен қарай былай жалғастырды: «Жуықта бір ғалымнан қазақ тілі техникалық ғылымдарда, яғни математика, физика, химия салаларында қазақша баяндама жасау қиын дегенді естідім. Бұған себеп терминдер оңды-солды аударылған. Ал қазір жағдай одан да қиын. Ағылшын тілі мен орыс тілі қазір балабақшадан бас­тап оқытылады. Жақында Семейде бір балабақшада болып, 3 жастағы сәбидің өз ана тілінен бұрын орыс, ағылшын тілдерінде сайрағанын көріп жағамды ұстадым. Неге мемлекеттік тіл қазақ тілін бірінші үйретпейтінін сұрағанымда, балабақша қызметкерлері қазақ тілін үйде де үйренеді ғой, бұл басшылықтың тапсырмасы деп ақталды. Үштұғырлы саясат деген дұрыс. Адам қандай тіл үйренем десе де өз құқы бар. Бірақ әлі тілі шыға қоймаған, мектепке бармаған балаға ең бірінші шет тілін оқыту орынсыз деп білемін» деп педагогикалық, психологиялық тұрғыда бала ана тілін үйренген соң ғана өзге тілдерді меңгеру керектігін баса айтты. Нақты дәлел ретінде ақын өзінің Жапонияда болған сапарын тілге тиек етті. «Жапонияның сегіз қаласында болып, кездесу өткіздім. Сонда байқағаным, бала 12 жасқа толғанға дейін, ана тілінде білім алып, ұлттық құндылықтарды да ана тілінде бойына сіңіреді екен» деп М.Шаханов біз де осындай алпауыт елдердегі үрдіске қосылып, 12 жасқа дейін баланы тек ана тілінде оқыту керектігін ұсынды. Осылайша ол үштұғырлы саясат деп жүргенде, орыс тілі мен ағылшын тілі алдыңғы қатарға шығып, қазақ тілі олардың көлеңкесінде қалып қоятын қауіп барын жасырмады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымының кандидаты Қазақбай Қасымовтың пікірінше, «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген Елбасы айтқан қанатты сөздің мазмұнына бүгінгі таңда тереңірек үңілуіміз керек. Қазақ тілі–барша елді жұмылдыратын, біріктіретін күш болуы керек, елге, Отанға деген құрмет мемлекеттік тілден басталады деген пікір білдірген тілші-ғалым өз тіліңді мойындамаудан рухани мүгедектік басталатынын ашық айтты.Айтбаев-55
«Өлке» баспасының бас директоры, жазушы Мереке Құлкенов қазақ мектептері қолдауға зәру екенін атап өтті. Қаламгер Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Тіл комитетінің құзыры төмендеп кеткенін, сондықтан комитет құзырын, мәртебесін көтеру керек. Сонымен бірге қазақ телевидениесіндегі қазақ тілін реттеу, тәртіпке келтіру жөнінде мәлімдеме жасауды ұсынды. Қазақ тілін дамыту жөнінде нақты бағыттары айқын бағдарламалар дайындап, Үкіметке ұсыну қажеттігі туындағанын сөз еткен М.Құлкенов осы ретте орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің сағатын кейбір жаңадан қосылған пәндер есебінен көбейту көкейкесті мәселе екеніне назар аударды. Расында, жазушының пікірімен толық келісуге болады. Себебі мемлекеттік тілді дамыту үшін бағыт-бағдары айқындалған бағдарлама, жүйе жоқтың қасы. Ал орыс мектептеріндегі қазақ тілінің сағатын арттыру тілді дамытуда басты алғышарт болатыны анық.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ерден Қажыбек шетелдегі қандастарымызға қол ұшын беріп, олардың тіл үйренуіне жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты. Тілші-ғалым жат жұрттағы қазақтар қазір ассимиляцияға ұшырап, қазақ мектептерінің саны азайып бара жатқанын айтты. «Кезінде Ресейде қазақша білім беретін 300 мектеп болса, қазір соның 1-2 ғана қалған. Қытайда Шыңжанда да сол жағдай. Осы мәселені өткізіп алсақ, ертең миллиондаған ана тілінен алыстаған қазақ жастарына тап болатынымыз жасырын емес» деді. Сонымен қоса осы ретте шетелдерде қазақ тілі орталықтарын ашуды қолға алып, қазақ ұлтының дерекқорын жасауды ұсынды.
Қоғам қайраткері алған Дос Көшім бұл орайда: «Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін 90-жылдары Тәуелсіздік үшін күрескеніміздей, тіл үшін де дәл солай күресу қажет. Қаншама жер-су атаулары орысшаланып кеткен. Сол елді мекендердегі халық жұмыла біріге күрессе, ал орталық бұл жағынан қолдау көрсетсе, мәселе тез шешімін табады» деді. Сондықтан қазақ тілін өркендету хақындағы ұсыныстар мен бағдарламалар тек қағаз жүзінде қалмай, іске асуына мүдделі болуымызға шақырды. Ал бұл ретте орталық халықпен ортақ тіл таба білу шарт. Тағы бір айта кетерлік мәселе, қайраткер өзге ұлт өкілдері арасында қазақ мектебіне баратындардың саны көңіл көншітпейтінін айтты. Мәселен, өзге ұлт өкілдерінің 34 пайызы өз тілдерінде білім алса, 57 пайызы орыс мектептерінде, тек 7 пайызы ғана қазақ мектептерінде оқиды. Сандық көрсеткіш бойынша өзге ұлт өкілдері арасында ең көп қазақ мектебіне барғандар – 27 пайызбен қырғыздар екен. Дос Көшімнің айтуынша, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді мойындату осы мектептен басталуы керек.
Осы екі пікір ұшқыны дөңгелек үстелдің негізгі тақырып-өзегіне айналды. Әңгіме өзегі тілді үйрену мен дамыту мектептен басталады дегеннен жалғасын тапты. Қазақтардың ана тілін білмеуі, қазақ мектебінде білім алмауы бұл қазақ тіліне, қазақ мектебіне деген кемсітушіліктің бір түрі екеніне айрықша тоқталған ғалым Ғарифолла Әнес бұл саяси мәселе емес, адами, рухани, имани мәселе екенін жеткізді. Ғалымның пікірінше, қазақ балаларын қазақ мектебіне беру туралы үгіт-насихат әлі де аздық етеді. Расында, ұлтын, елін, жерін құрметтейтін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін олар ана тілі қазақ тілін білуі тиіс қой. Еліміз еңсесін көтеріп, тәуелсіздік алғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, қазақ баласының ана тілінде білім алуы 100 пайыздық деңгейге жақындамағаны қынжылтады.
Жазушы Смағұл Елубай жуықта Білім министрінің қазақ әдебиеті, Қазақ­стан тарихы, география пәндерінің қазақша оқытылады деген жаңалығына өз қолдауын білдірді. Аталған пәндер орыс мектептерінде қазақша оқытылатыны, бұл әрине, жастардың, оқушылардың мемлекеттік тілді тез меңгеруіне жасалған батыл қадам.
Қазақ тілін үйренуде тиімді де ыңғайлы әдістемелердің жоқтығы жайлы ойын ортаға салған Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев шетелдерде қазақ тілі орталығын ашпас бұрын осы мәселені шешу қажеттігіне тоқталды. «Қазір шетелдердегі университеттерде қазақ тілі кафедрасының жұмыс істейтіні қуантады. Алайда оларда база мен оқулықтар жетіспейді. Сондықтан мемлекет тарапынан да, еліміздің университеттері тарапынан қолдау қажет. Мәселен, Өзбекстанда болғанымда қазақ балаларының қазақтың бүгінгі ақын-жазушыларын білмейтініне таңғалдым. Оларға көркем әдебиет халықтарына зәру» деді ол. Сондықтан оларды көркем әдебиетпен қамтамасыз ету мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді.
Қазақстан тарихшылар қауымдасты­ғының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев тәрбиені ілгерілендіру қажеттігін баса айтты. Жақында көрші Қырғызстанда Жүсіп Баласағұнның мерейтойына қатысқан тарихшы бүгінгі білім бағдарламасында түркі тілін, қазақ тілін әлемге шығарған Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқарилерді насихаттауға арналған курстың жоқтығын сынға алды. «Әрбір қазақ баласы мектеп жасынан жоғары оқу орындарындағы студенттерге дейін ұлы тұлғаларымызды біліп өсуі парыз» деді. «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбділдә білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін ұстаз­дар қауымының біліктілігін арттыруға көңіл бөлу қажеттігін, себебі қазақтың бола­шағы саналатын бүлдіршіндердің газет-журнал оқуы да, интеллектуалды ұлт болып қалыптасуымыз да осы мектеп қабырға­сында қалыптасатындығына көңіл аударды.
Шара барысында Ақсу қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Алма Біләлова мен қоғам төрайымының орынбасары Гүлнәр Елгонденова Құрмет грамотасымен марапатталды.
Тіл мен ұлт мүддесі қоғамға қозғау салып жүрген белгілі зиялылар, атап айтсақ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, Еуразия технология университетінің ақпараттық технология кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымының докторы, профессор Адамбек Татенов, ақын,қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек, «Табиғат» Экологиялық одағы­ның төрағасы Мэлс Елеусізов, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов, Ұйғыр тілінде білім беретін мектептер қауымдастығының төрағасы Шафкат Омаров және басқалар мем­ле­кеттік тілдің мәртебесін көтеру жо­лын­­дағы өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Шара қорытындысы бойынша қоғам­ның жауапты хатшысы Н.Асқаров қабылданған қаулыны оқыды. Бірінші, Қазақтар шоғырлана қоныстанған шетелдерде және бауырлас түркі мемлекеттерінің астаналарында «Қазақ тілін үйрету орта­лықтары желісін құру туралы» меморандум жобасы қабылданды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы жобаның үйлесті­рушісі ретінде меморандумға қаты­сушы ұйымдармен бірлесе отырып, меморан­думда көрсетілген мерзімге сәйкес жобаны іске асыруды ұйымдастыру жұ­мыс­­тары қолға алынатын болды. Екіншіден, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жанынан «Мемлекеттік тілді дамыту алқасы» құрылатын болды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бекітілген жоспарына сәйкес алда өтетін басқосуларда Қоғамның облыстық ұйымдары мен шетелдік өкілдіктерінің ақпараттары кезегімен тыңдалады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлерді жинақтап, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды және тиісті құзырлы орындардың назарына жеткізуді ұйымдастырады.
Тілдер күніне орай өткен алқалы жиын­да айтылған пікірлер мен ұсыныстар қазақ тілінің болашағына немқұрайлы қарамайтын қауымға үлкен ой тастағаны анық. Тіл мерекесі алдағы уақытта кең көлемде атап өтіліп, мұндай басқосулар еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп, тек тілші-ғалымдардың ғана емес, барша жұрттың басын қосатын пікірталас пен ұсыныс алаңына айналса құба-құп болар еді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    «Баракелде» гана дегим келет! Казакстан менен Кыргызстандагы улуттук тил көйгөйлөрүбүз абдан окшош.Ар бир казак, ар бир кыргызды, менимче, ойлонуу үчүн «ойготуу» керек. Качанга чейин ойлонбой эле туурай беребиз!Таасирден да кутулуунун жолдору бар. Мамлекеттерибиздин узак мезгилдерге. же Казакты «Маңгили ел»ге айландыруу үчүн анын тили гана пайдубал, негиз боло алат.
    Бул багытта казак менен кыргыз зыялылары сөздөн ишке өтүү керек. Элдин сөзүн башкаруучуларга жеткирүүчү мезгил келди. Маңкурттуктан арылуу учуру келди. Бирге ойгонолу баурларым.
    Жакшы жыйындын мыкты натыйжаларын турмушка ашыралы! Эки мамлекетте бир күчкө айлануу керек!

    Проф. Др. Кадыралы Конкобаев
    Бишкек, Кыргызстан

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.