Шетелде тәжірибеден өтеді

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Мәулана, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 400 студентті шығарып салу салтанатты рәсімі өтті.

Салтанатты жиынды университет президенті, профессор У.Әбдібеков құттықтау сөзімен ашты. Даму және қаржыландыру жөніндегі вице-президент М.Нурсой игі тілегін білдіріп, студенттерге сәттілік тіледі.
Игі тілектерден соң жолдамаға ие болған студенттер атынан қазақ, түрік, ағылшын тілдерінде алғыстар айтылды. Сондай-ақ шетелге оқуға жолдама алған білімгер анасы Г.Ағыбаева алғыс айтып, ақ жол тіледі. Ұстаз Н.Орманов бұл сапардың үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ақордада өткен Түркі Кеңесінің V саммитінде сөйлеген сөзінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін Түркі әлемінің ортақ оқу орнына айналдыруды ұсынған болатын.
Қазіргі таңда Ахмет Ясауи уни­верси­те­тінде 1200-ден астам Түркі дүниесінен келген жастар білім алып жатыр. Оқу орны өз миссиясына тән жыл сайын түркі әлемінің 15 елінен 28 ұлт пен ұлыстың білімді жастарын оқуға қабылдап келеді. Бүгінде университетте 8000-ға жуық студент білім алады. Болон үдерісіне енген әлем университеттері арасында академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмастыру бүгінде үлкен маңызға ие болып отыр. Осы ретте Болон үдерісіне енген Ахмет Ясауи университеті де жыл сайын шетелдік үздік оқу орындарына білімгерлерді жіберіп келеді. Олар Түркия Республикасының Хажеттепе, Нежметтин Ербакан, Акдениз, Гази, Эржиес, Жумхуриет, Дүзже, Кырыккале, Диджле, Ялова, Р.Т.Ердоган, Ушак, Мустафа Кемаль, Йылдырым Беязит, Абант Иззет Байсал, Карабюк, Кастамону, Ардахан, Ахи Эвран, Бурса Улудаг, Сакарья университеттеріне, сонымен қатар Польша еліндегі Лодз университеттері секілді үздік саналатын 25 ЖОО-да ағылшын және түрік тілдерінде дәріс тыңдайды. Негізгі мамандықтары медицина, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, жаратылыстану мамандықтары болып отыр.

Асқат СӘДІБЕКОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.