Терезеге телмірген тағдыр

Жетім бала – жасқаншақ

Осы азаматты көптен бері білемін. Оны көрген кісілер қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, өмірінде ешқандай қиындық көрмеген деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде олай емес. Бұл күндері жасы сексеннің сеңгіріне жеткен ақсақалдың бала-шағасы, немерелері жетіліп, өзі бір үлкен мәуелі бәйтерекке айналды.

Біреулер оның балалық балғын шағы өте бақытты өтті деп ойлайтын шығар. Мүлдем олай емес. Әлі мектептің табалдырығын аттамай жатып, ата-анасы көлік апатынан мерт болды. Нағашы жағы жиендеріне көңіл бөлмеді. Сондықтан әке жағынан туыс болып келетін ағайындары қамқорлықтарына алған-ды.
Біреудің есігін сығалап, қабағын баққан баланың жағдайы қандай болатындығы белгілі емес пе? Ауылдық жерде жұмыс аз ба? Қорадағы малға қарау, одан қалды үй-ішін жинау деген секілді.
Бір атадан тарайтын туысқандары алғашқы кездері қамқорлық танытқан сияқты еді. Бірте-бірте көз түрткіге айналды. Олардың ұлдары мен қыздарына шейін мұрын шүйіре қарайтын жағдайға жетті. Әрине, жазықсыз ұл баланың мұндай күйде жүргенін сол айналадағы кісілер де байқайтын. Кейбіреулері маңдайынан сипап, арқасынан қағып жататын.
Жетім бала жасқаншақ, әрі біреуге көзін сатқыш келеді екен. Кім жылы сөйлесе, соны жақсы көреді. Оның кір қожалақ киімін, сұрықсыз өмірін байқаған қайсыбіреулер ағайындарына келіп: «Айналайындар-ау, көрген жұрттан ұят емес пе, оның әке-шешесі қандай адамдар еді. Басқа салды, бұл байғұс көнді. Одан да жетім балалар үйіне бермейсіңдер ме?» десті.
Бірақ олар інісі мен келіндерінің аруағынан қорықты ма, оны балалар үйіне бермеді. «Жетім өспей ме, көкейіңді теспей ме» деген де сөз бар. Содан ол ауылдағы орта мектептің 9 сыныбын жұрт қатарлы бітірді. Кейін аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищеге түсті.
Тәртіпті, елгезек жасөспірімге оқу орнын­дағы мұғалімдер мен өндіріс шеберлері аса қамқорлықпен қарады. Жазғы, күзгі демалыстарда өзге балалар әке-шешесіне кеткен кезде, ол жұртта қалған жалғыз күшіктей күндерді жатақханада өткізуге мәжбүр-ді.
Өзі өте зерек болғандықтан, алдына мақсат қойып, көп еңбектенетін. Құрылыс шебері кәсібін таңдаған кейіпкерім өз мамандығын ерекше құлшыныспен оқыды.
Сұңғақ бойлы, келісті ұл баланы училище­дегі­лердің бәрі де жақсы көрді. Үйлеріне қонаққа шақыратын. Сөйтіп, уақыт өтіп жатты. Осылайша ол оқу орнын үздік бітірді. Жоғары курстардан бастап еңбекке араласқан соң оқуын бітіргенше мол тәжірибе жинады. Бір жанашыр кісілердің арқасында баспана тұрғызып жатқан адамдарға жалданды. Қолынан келмейтіні жұмыс жоқ, бесаспап бозбаланы олар да бірден таныды. Сөйтіп, еңбегі жанды. Тапсырыс берушілер саны да көбейді.
Осылайша азын-аулақ қаржы жинап, жағдайы да дұрысталды. Бұл уақытта ол 19 жасқа толған еді. Қазақ «Аш кезіңде жеген құйқаңды ұмытпа» деседі. Сондықтан әке-шешесі көлік апатына ұшыраған кезде қасынан табылған аталас ағайындарына да барып, аман-саулықтарын біліп тұрды. Бұл кезде олардың да бұған деген көзқарасы өзгерген еді.
Өйткені ол бұрынғы біреуге тәуелді бала емес, тепсе темір үзетін жігітке айналды. Оның үстіне қажетті қаржыны да табады. Оларға келген сайын сөмкесін толтырып, сыйлықтар әкелетін.
Алдына үлкен мақсаттар қойған бозбала Алматы қаласына көшуге бел буды. Алғашқы күндері қала тіршілігіне үйрене алмай жүрді. Асығып кетіп бара жатқан адамдар ол үшін таңсық еді. Қала тынысымен таныса келе, өзі секілді білікті құрылысшылар қайда болса да керек екенін ұғынды. Содан бір құрылыс мекемесіне тас қалаушы болып жұмысқа тұрды. Сөйтіп жүрген кезде өзі секілді еліміздегі шалғай облыстардың бірінен келген көрікті қазақ қызымен танысты. Ол сылақшы болып жұмыс істейді екен.
Білісе келе анықталғаны ол да тағдыр тауқыметін ерте бастан кешкен бойжеткен болып шықты. Екеуінің мұңы бір болған соң көңілдері де жарасты. Көп ұзамай шаңырақ көтерді. Ата-аналары болмаған соң жақын әріптестерінің басын қосып, бір мейрамханада шағын тойларын өткізді.
Өздері жұмыс істейтін құрылыс мекемесі жастардың жағдайын түсін­гендіктен оларға жатақханадан бір бөлме берді. Міне, осылайша олардың өмірлері бір қалыпқа түсті. Алматы секілді алып шаһардың тыныс-тіршілігіне әбден үйренген соң баяғы арманын жүзеге асыруға талпыныс жасады.
Алматыдағы жоғары оқу орны­ның сәулет­шілер дайындайтын факультетіне құжатын тапсырды. Күндіз жұмыс істесе, кешке емтиханға дайындалатын. Жолы болып, сырттай оқу бөліміне қабылданды. Әрине, бұл кездері оған келіншегі Сәуленің де ықпалы тиді. Бес жыл бес күндей болмай өте шықты. Дүниеге алғашқы сәбилері келді. Әке атанған Балғынбектің қуанышында шек жоқ еді. Бұл кезде олардың басыбайлы екі бөлмелі пәтері де бар-ды. Әйелін де үгіттеп, жоғары білім алуына түрткі болды.
Содан бері де қаншама жылдар өтті. Олар үлкен қаладан облыс орталығына қоныс аударды. Мұнда зейнеткерлікке шыққанша құрылыс саласында жұмыс істеді. Әйелі ұстаздық етті. Өмірге екі ұл және екі қыз келіп, шаңырақтарының шаттығын арттырды.
Балғынбек ағаның көңілі өте бос. Бәлкім ол жастай жетімдіктің зардабын бастан кешкендіктен бе екен деймін. Жыл сайын балалар үйіне барып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жәутеңкөз сәбилерді маңдайынан сипап, азын-аулақ сыйлығын тапсыруды ұмытпайды. Ол да жазықсыз нәрестелерді жетім атандырған кісілерді мүлдем түсінбейді. Өйткені бір шаранаға зар болып, талай әулие­лердің басына түнеп, балалы болуды армандап жүрген отбасылар қаншама.

Жаутаңкөзді жатқа
қиғанымыз ба?

Әрине, Балғынбек ағаның жоғарыдағы әңгімесі маған қаламгер ретінде үлкен ой салды. Әлі де болса, ата-аналары тірі бола ұл мен қыздарын тағдыр тауқыметіне душар еткен әке-шешесымақтар жеткілікті. Ал амалсыз жетім­діктің күйін кешіп жүрген балалар жөніндегі әңгіме бір басқа.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап, жаңа «Қылмыстық кодекс» қолға алынғаны жайлы қалың жұртшылық хабардар болса керек. Бұл заңның артықшылығы — енді себеп-салдарсыз ұл мен қыздарынан безінген ата-аналар қатаң жауапкершілікке тартылады.
Осылайша көкек аналар мен алимент төлеуден қашқақтап жүрген әкелерге тосқауыл қоймасақ болмайтын секілді. Жасыратын несі бар, елімізде қоқыс тастайтын жәшіктерге, көше-көшенің бұрылыстарына, тіпті жетім балалар тәрбиеленіп жатқан мекемелердің алдына періштеден де пәк, қауқарсыз нәрестелерді тастап кететін жағдайлар жиі кездесіп жатқан жоқ па?
Осындай көріністер мен адам­гершілік асыл қасиеттерден жұрдай ата-аналардың қылықтары жоғарыда аталған заңды қабылдауға тікелей әсерін тигізген сияқты. Мұны естіген ағайындар да қуанып жатыр. Себебі сәби кез-келген үйдегі қолдануға жарамай қалған артық зат емес қой.
Шынында да, көптеген ата-аналар балаларын дүниеге келгеннен бастап лайықты тәрбие берудің орнына, атың өшкір ащы судың құлына айналып, отбасыларынан айырылып жатқан жоқ па? Шешелері ішкілікке салынып кеткендіктен, тағдыр басқа салған соң амалсыз көндігіп, жалғыз өзі балаларын асырап жатқан әкелерді де білемін. Сол себептен де перзенттерінен бас тартқан мейлі әке, мейлі шеше болсын олар ар алдында ғана емес, заң алдында да жауап беруге тиісті. Бұлай етпейін­ше олар мынау жалғанды жалпағынан басып, жауап­кершілік дегеннің не екенін ешқашан сезінбейді.
Жетім балалар үйінде де болып тұрамыз. Сондағы балалардың тағдыры, болашағына алаңдайтынымыз жасырын емес. Сонда әлгіндей тәрбие орындарында ата-анасыз тұл жетімдерден гөрі, әке-шешесі маскүнемдікке салынғандықтан, амалсыз тағдырдың тауқыметін кешіп жатқандарды жиі көреміз. Бүлдіршіндер етегіне жабысқан кезде әрең шыдайсың.
Осыдан біраз жыл бұрын Қостанай шаһар­ының бір шетіндегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан қазақ баласын бір отбасы асырап алуына ұйытқы болған едім.
Міне, сол бала да бұл күндері ержетті. Кейін дін жолына түсті. Имандылықты пір тұтатын жігіт кездескенде маған ризашылығын жасыра алмай «Аға, сізге рақмет! Өзіңіз кезінде маған назар аударып, баспасөз арқылы ықпалыңызды тигізбегенде қазір кім болар едім? Оны ешкім де білмейді» дейді.
Әрине, осы өзекті мәселе жүрегі ұлтым деп соғатын әрбір азаматты толғандырары хақ. Сондықтан кейбір деректер мен дәйектерді де келтіре кеткенім артық болмас. Мәселен, бұл күндері Қазақстанда 13 мыңнан астам бала қолайсыз отбасыларында тәрбиеленеді екен.
Сонымен қатар жыл сайын мыңға жуық кісілер өздерінің ата-аналық құқығынан айырыла­тындығын да білдік. Осы арада елімізде қазіргі таңда 9,8 мың жетім бала тіркеліпті, бұл әрине, аз емес. Намысы бар адамды терең ойда қалдырады.
Бұл күндері елімізде жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге арналған 205 мекемеде 17486 бала жүректері мейірімге толы жандардың ыстық ықыласына бөленуде. Сондай-ақ 1998 жылдың желтоқсан айынан бері республикамызда балаларды асырап алушылардың қатары да едәуір өскен. Олардың саны 30 мыңнан асады. Оның 20 мыңнан астамы өз еліміздің азаматтарына, 9 мыңға жуығы шетелдік азаматтарға, оның ішінде 400-ге жуығы біздің Отанымыздан тыс жерде тұратын шетелдік туыстарына беріліпті.
Соңғы жылдары жетімдер жайы аз жазылып жатқан жоқ. Оның да белгілі дәрежеде өзіндік ықпалы тиіп жатқан секілді. Сондықтан да болар, Қазақстандағы бауырларымыздың әлгіндей балаларды асырап алуы 21,9 пайызға өскендігі айқын сезіледі.
Шетелдіктердің қаракөз балаларымызды асырап алуына наразылық білдірген пікірлер де аз айтылмады. Бәлкім соның да әсері болды ма екен, сырт мемлекеттерге бала асырап алу деңгейі 17,1 пайызға азайыпты. Сонымен қатар елімізде жәутенкөз балдырғандарымызды балалар үйінен патронаттық тәрбиеге алып жатқан мейірімді шаңырақтар да көбейіп жатқандығы белгілі.
Мұндай ата-аналық сезімдері оянып, жетім балалар үйінен ұл мен қыздарды бауырларына басып, оларға өздерінің перзенттеріндей қамқорлық танытып жүрген отбасылары Қостанай өңірінде де кездеседі.

Он баланы асырап
алған шаңырақ

Осы орайда бұл күндері Қостанай ауданының Заречный кентінде тұратын Нұрлан мен Құралай Садықовтардың ынтымағы жарасқан шаңырағын айтуға болады. Олар кезінде жетім балалар тәрбиеленетін мекемеден 10 баланы асырап алып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Сол балаларынан немере сүйіп, ата-әже атанып отыр.

Олардың әулеттері жөнінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай» телебағ­дар­ламасы хабар түсірді. Сондағы Нұрлан бау­ы­рымыз бен Құ­ралай келініміздің тебірене сөйлеген сөздерін есті­генде көздеріне жас алмаған адам жоқ шығар-ау.
Ал биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында облыста жеңімпаз атанған Нұрлан және Гүлжауһар Төлегеновтердің берекелі шаңырағы да барша жұртшылыққа белгілі. Балалар үйінен 8 ұл мен қызды асырап алған отбасы баршаға өнеге боларлықтай.
Мына бір деректер де намысты ағайындарды бейжай қалдыра қоймас. Мәселен, қазіргі таңда дүниежүзінің 30 елінде сол мемлекеттердің азаматтары бауырына басқан 9 мың ұлтымыздың ұл мен қыздары бар екендігін ескерсек, олардың ертең өскенде атажұртына қайтып келетіндігіне ешкім де кепілдік бере алмайды. «Шетелдегі қазақтар» бағдар­ламасынан жатжұрт­тықтардың шаңы­рағында тәрбиеленіп жатқан кішкентай бауыр­ларымызды көргенде еріксіз көзіңе жас келеді. Расында, олар қазір өзінің ұлтынан, атадәстүрінен алшақтап кетті.

Мұндағы айтпағым, жетімдікті ешқандай сәби тілемейді. Біреу тағдырдың тауқыметінен жетім болып жаста, біреулер ата-анасының қатыгездігінен амалсыз жетім атанады. Әрбір ата-ана өздерінің ұл-қыздарына жастайы­нан адамгершілік пен ізгілік қасиеттерді, перзенттің адам өмірінде алар орны жайлы саналарына сіңіріп, ашық айтып отырса, бәлкім мұндай бұрын қазақ халқында болмаған әдеттерден аулақ жүрер ме еді?! Ал бойжеткендеріміз бен бозбала­ларымызға да жастық шақтың мәні осы екен деп ойнақтап жүріп, от баспай, өздерінің әрбір қадамдарына, қылықтарына ойлы көзбен қарайтын уақыт келді. Себебі сәбилі болуға, ата-ана болуға дайын емес жастар әу бастан дүниеге келмеген нәрестенің болашағын ойлағаны абзал.

Оразалы ЖАҚСАНОВ
Қостанай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.