Мұғалім – Тіл тірегі

Мұғалім және тіл! Тіл және мұғалім!Бұл екеуі ажырағысыз ұғымдар. О бас­тан солай. Бір сөзбен айтқанда, тіл мен мұғалім білімнің қайнар көзі. Оны түйсікпен сезіп, оймен қабылдау қажет. Осы орайда біз мұғалімдер мерекесінің қарсаңында тіл мен мұғалімнің байланысы, екі ұғымның сабақтастығы жөнінде ой қозғауды жөн көрдік. Өйткені тілімізді дамытуда, оның қолданыс аясын кеңейтіп, бәсекеге қабілетті етуде мұғалімдердің, ұстаздардың атқарып жатқан еңбегі ұшан-теңіз.

Ғасырлар бедерінде, небір тарихи сәттердің, ұлы да ғажайып өзгерістердің куәсі болған ұлы қазақ даласы мен қазақ халқы өзге елдер үшін де, өзі үшін де бір қастерлісін жақсы біледі. Ол, әрине, оның Ана тілі! Осы екі сөздің ішіне қаншама ұғым сыйып тұр десеңізші. Дүниеге келесіз – Ана тілімен қауышасыз. Ана тілімен өсіп, жетілесіз. Дүниеге көзқарасыңыз, айналаға деген махаббатыңыз, сүйіспеншілігіңіз, ардақтайтын, қастерлейтін құндылықтарыңыз, бір нәрсеге ынтық болып, көңіл аударған нәрселеріңіз, бәрі де Ана тілі арқылы қалыптасады.
Біз бұл орайда Ана тілі деп әдейі үлкен әріппен алып отырмыз. Өйткені ол қай кезде де бас әріппен жазуға тұрарлық киелі сөз. Себебі жер бетінде бәрі де Анадан басталады ғой. Сондықтан Ана тілінің күллі қасиетін өн бойына сіңіріп өскен жас сәби жаратылыстың шексіз құдіреті арқылы өзіне де кейбір беймәлім ұғымдарды жүрегімен, жан дүниесімен қабылдап, сезініп өседі. Қазақ өз тілін білмей ержеткен ұл-қыздарын «Ана тіліне уызында жарымаған» дейді. Демек, әрбір болашақ бала, жас нәресте ана бойына бітіп, іште жетіле бастағаннан-ақ ол ана тілінің құдіретін сезініп, сол тілден рухани нәр, күш-қуат ала бастайды. Психологтардың баламен жарық дүние есігін шыр етіп ашпай жатып-ақ тілдесе бастау керек деп айтатыны бар емес пе. Міне, соның бір көрінісі осы. Ал енді әрі қарай өмірге келген соң, бесікке бөленіп, анасының әлдиіне ана тілі арқылы сусындайды. Бесік жыры айтылады. Жас сәбидің санасына ана тіліндегі сөздер құйылып келіп жатады, жүрегіне орнап жатады. Біздің бұл тұста айтпақ ойымыз, баланың бойына ана тілінің киесі де, қасиеті де мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ дари бастауы керек. Өкінішке орай, балаға өз тілінде тәрбие бермей отырған қаншама қазақ отбасылары бар. Олардың арасында «Өзіміз туған тілімізді білмей өстік, сондықтан тым болмаса балаларымыз біліп өссінші» деген ұғымды ту еткен ата-аналар да жоқ емес. Балам қазақ мектебіне барсын, қазақ тілінде білім алсын дейтін ойды нық сеніммен жүрегіне ұялатып, ұл-қыздарын қазақ мектебіне жетектеп әкелетін ата-аналар баршылық.
Ұстаздың, мұғалімінің алдына келген жас оқушы енді өз тілін білім негізінде үйреніп, меңгере бастайды. Әріп таниды, жазады, сызады. Тілін жаттықтырады. Ойын қалыптастырады. Бастауыш сынып мұғалімдерінің ауыр еңбектерінің, ыждаһаттылықтарының арқасында пән тілдерін үйрене бастайды. Әр баланың сөйлеп, жазып кетуі үшін ұстаздар тарапынан қаншама күш, қаншама жігер, қайрат кетеді. Былайынша, сырт көзге байқалмауы да мүмкін. Алайда тілді, тіл арқылы білім әлеміне саяхат жасататын мұғалімдердің атқарып жатқан еңбектері қашанда мол. Алаш арыстары «Тіл – ұлттың жаны» деген ұлағатты сөзді айтып кетті. Демек, ұлттың жаны – тіл болса, сол тілді үйретіп, әр оқушыны өз ұлтының жанына бойлатып жүрген мұғалімдер қауымына бұдан кейін қалай риза болмассың. Өзіміз жиі айтатын патриоттық тәрбие, ұлтжандылық тәрізді ұғымдардың бәрі де тіл арқылы қалыптасады. Мұны біреуіміз ескерсек, біреуіміз ескере бермейтініміз тағы шындық. Демек, бұл өзекті мәселелердің шешімі, қайнар бастауының барлығы да тілде жатыр деген сөз. Себебі тіл – ғылымның, білімнің негізі. Тілді үйренбей ғылымды да, білімді де меңгеру мүмкін емес. Қоршаған ортаны танып білу де қиын.

Ұстаз деген
ұлы сөз!

Тіл мектеп оқушысына күнделікті жүргізілетін пәндер арқылы жетеді. Жоғарыда айтқанымыздай, әліппені жаттатын да, әліпті таяқ деп білмеген кезде баланың сауатын ашатын да ұстаздар екені сөзсіз. Қазақтан шыққан ұлы ұстаз, педагог, мемлекет және қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин «Кел, балалар, оқылық» деп барлық балаға ұран тастады. Өзінің ғажайып өлеңі арқылы білім шыңына ұмтылуды, жақсы азамат болып өсуді қалады. Оқуға, сауат ашуға ұмтылған әр бала үшін бұл сөз санасына сіңіп, көкейінде жатталып қалды. Иә, «Кел, балалар оқылық. Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық». Ал оқытатын кім? Оқытатын – ұстаз. Білім нәрімен сусындататын да ұстаз. Оқушы сауатын ашатын да ұстаз. Баланың бойында өз тіліне деген махаббатын, сүйіспеншілігін қалыптастыратын ең алдымен туған анасы болса, екіншіден ұстазы. Бала отбасында тілді ата-анасынан үйренсе, мектепте ұстазынан үйренеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай атамыздың ұстаздарға берген бағасынан біз ұстаздардың еңбекқорлығын, әр оқушының сауатын ашудағы ұшан-теңіз еңбегін байқаймыз. Иә, жалықпайтын да, өз ісіне адал қарайтын да ұстаздар қауымы. Ғұмырын осы жолға арнап, шәкірттерінің қанатын қатайтып, үлкен өмірге жолдама беретін де ұстаз.
Ұстаз – ұлы сөз. Ұлы ұғым. Әсіресе, тілді үйрету, меңгерту жолындағы еңбектері тіптен бөлек. Ардақты. Қай жағынан алсақ та, құрметтеуге лайық жандар ол – Ұстаздар! Олар – тіл саясатын у-шусыз-ақ күнделікті жұмыстары арқылы жүзеге асырып келе жатқан жандар! Олар туған тілдің нағыз, шынайы патриоттары. Тіл жанашырлары да – ұстаздар. Бала өз тілін үйрене алмай жатса да ең бірінші болып қайғырып, соған қапа болатын да ұстаздар. Қазақ тілін біле тұра, мектепте орысша шүлдірлеп жүрген оқушыға «Ана тіліңде сөйле!» деп айтатын да ұстаздар. Туған тілдің қасиетін ұғындыру үшін де сырт көзге онша байқала бермес еңбек атқарып жатқан да – Ұстаздар. «Ана тілі» газетінің бірден-бір оқырмандары да – ұстаздар. Тілімізді өркендету, оның мәртебесін биік ету жолында да еңбек етіп жүрген де – ұстаздар!
Әр бала туған тілін жетік біліп шыққаны үшін алдымен ата-анасына, одан кейін ұстаздарына қарыздар! Әрқайсымызды білім әлемімен қауыштырған, қолға қалам ұстатып өз тілімізде жазуды үйреткен, тәлім-тәрбие берген ұстаздарымызды біз қашанда ардақтап, қастерлеп өтуге тиіспіз. Егер де қазақ тілінің мәртебесі өткен онжылдықтармен салыстырғанда ілгері қадам жасап, қолданысы да, өміршеңдігі де артса, бұған қашанда ұстаздардың қосып жатқан үлестері аз емес. Біз кейде тілдің мәртебесін көтеру туралы әңгіме қозғалса, биік-биік шешімдер, бағдарламалар, заңдар туралы айтып, соларды көбірек тілге тиек етіп жатамыз. Ал шын мәнінде ойлап қарасақ, ұрпақтарға, өзіміз «келешегіміз, болашағымыз» деп баға беретін жас буынға тілдің құдіретін жеткізетін, сол арқылы әр оқушының бойында тілге деген шексіз құрметті қалыптастыратын да – ұстаздар екенін көп ескере бермейтініміз де рас. Ұстаздардың мықтылығы сонда олар ешуақытта «Мен тілді үйретіп жатырмын» деп бәлсінген емес. Мақтанған да емес. Олар әрқашанда қарапайым жандар. Сонысымен де олар зиялы. Құрмет көрсетуімізге лайық азаматтар! Қайраткерлер!
Әрине, ұстаздар қауымының тілге жасап жатқан қызметтері, сіңіріп жатқан еңбектері жөнінде бір мақаланың көлемінде түгесіп айтып шығу мүмкін емес. Себебі ұстаз еңбегі – үлкен еңбек. Мектеп табалдырығын аттаған бала өмірге түлек болып қанат қаққанынша жалғасатын жанкешті еңбек. Елімізде қанша қазақ мектебі болса, сол әрбір мектептегі ұстаздардың ана тіліміздің мәртебесін биік етуде атқарып келе жатқан еңбегі қашанда атап өтуге тұрарлық. Бір мектепті отыз бала немесе қырық-елу бала бітіріп шықса, олардың әрқайсысы қазақ тілінің қолданысын кеңейте түсті деген сөз. Ал сол мектептерде жұмыс жасап, еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы өз еңбектері арқылы тілдің құдіретін әр қырынан танытып, өрістетіп, өркендетіп келеді. Тіл үшін жасап жатқан еңбектеріңіз үшін сіздерге мың алғыс, құрметті ұстаздар! Заманның қиын­дығына, тұрмыс-тіршіліктің ауырт­палығына, жалақының аздығына қарамай-ақ сіздер тіл үшін, тілдің мерейін үстем ету үшін, жас ұрпақтың өз тілінен қол үзіп, ұлтсызданып кетпесі үшін үлкен, абыройлы еңбек жасап жатырсыздар! Сіздер тілдің нағыз жанашырысыздар. Қазақ тілінің ауыр жүгін арқалап жүрген еңбектеріңізге біз қашанда тәнтіміз.
Қазір заман басқа. Оқушылар да басқа. Себебі құндылықтар ауысты. Бү­гінгі ұрпақтардың тілегі де, ойы да, арманы да өзіне дейінгі ұрпақтардың арма­нынан, ой-тілегінен бөлек. Екеуін салыстыруға келмейді. Себебі әлемнің рухани келбеті, рухани көрінісі өзгерді. Ғылыми-техникалық прогресс желге жеткізбес қарқынмен дамып келеді. Күн сайын жаңа компьютерлік құрал-жабдықтар шығып жатыр. Осындай заманда өмір сүріп отырған кезеңде оқушыға тәлім-тәрбие, білім беру де оңай емес екенін жақсы білеміз. Қазір оқушылар үшін түрлі алданыштар көп. Оң-солын танып үлгермеген, санасы, ойы, көзқарасы бекіп, қалыптаспаған оқушы бүгінде үлгіні ұстазынан емес, ғаламтордан – әлеуметтік желілерден алатын болды. Осындай заманда өмір сүріп отырып оқушы тәрбиелеу, әрине оңай емес. Барлығына топырақ шашқанымыз емес, қазір қолындағы ұялы телефонының бейнекамерасын қосып қойып ұстаздарының әр басқан ізін аңдып, шалыс кеткен жері болса соны жедел түрде ғаламторға салып, көпшіліктің назарына ұсынып, сол арқылы ұстаздың қоғамдағы, елдегі беделін төмендетуді көздейтін теріс пиғылды оқушылар да жоқ емес. Ұстаздарымен салғыласып, қарсы сөз айтатындар, қит етсе менің балама ұрсыпты деп аттандап шыға келетін ата-аналар бар. Сонда дейміз-ау, ұстаздар оқушыны жаман болсын деп тәрбиелемейді ғой. Ұрысса да, қатты айтса да ұстаздар қашанда шындықты айтады. Ақиқатын сөйлейді. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дейді. Баланың, оқушының да жанашыры ұстазы емес пе?! Ұрысса, дұрыс азамат болсын деп ұрысады. Балама ұрыстың деп мектеп табалдырығын алқына аттайтын ата-аналарды көріп, қынжыласың. Ал осындай түрлі жағдайлардан кейін ұстаздардың еңбегін ауыр емес деп кім айта алады?
Сіздер, құрметті ұстаздар, алдарыңыз­дағы барлық қиындықты жеңіп, жақсы­лық­ты асырып, жамандықты жасырып, әр оқушының сәтті қадамдары үшін де мейір­­леніп, шын жүректен қуана біле­тін нағыз абзал жандарсыздар! Біз сіздер­дің осынау еңбектеріңізді қашанда баға­лаймыз! Мектептеріңізде бір жақсы жаңалық болса, бірінші болып жеткізуге, қалың оқырман қауыммен бөлісуге асығасыздар. Тіліміздің келешегіне алаңдаушылық білдіріп, бұл орайдағы өз ой-пікірлеріңізді жазып, редакциямызға жолдап, газетімізбен тығыз байланыс жасап отыратын белсенділіктеріңізді де ерекше құрмет тұтамыз. Біз де өз тара­пымыздан қолымыздан келгенше қоғамдағы мұғалімнің беделін, әлеумет­тік тұрғыдан қорғалуын назарда ұстап келеміз. Тәуелсіздіктің елең-алаң кезең­де­рінде, экономикалық қиындықтар туындаған кезде айлық-жалақы көрмей жұмыс істе­гендердің бірі – ұстаздар болды. Қиын­дыққа төзбегендері ардақты қызметтерін тастап сауда-саттыққа кетті. Ал өз ісіне шын берілгендер, ұстаздығын өмірлерінің мәніне балаған мұғалімдер айлап, жылдап жалақы көрмесе де, өз орындарын тастап кетпеді. Оқушылар болашағының жарқын, жарық болуына білек сыбана еңбек етті. Ол кезде қазіргі уақыттағыдай интерактивті тақта, компьютерлік жабдықтау деген атымен жоқ. Тақта мен бор ғана. Материалдық-техникалық жабдықтар жеткіліксіз болса да ұстаздар қауымы соның өзімен-ақ мыңдаған ұрпақтарға тәрбие, білім беріп шығарды.
Ұстаз мәртебесі қашанда биік болуы тиіс. Әлемнің ең алдыңғы дамыған мемлекеттерінің бірі Жапонияда ұстазға деген құрмет ерекше. Жапондықтар ұстаздың алдында «сэнсей» деп басын иеді. Үкімет ұстаздар үшін барлық жағдайды жасайды. Ұстаздың жалақысы, мәртебесі сол елдегі Премьер-министрдің жалақысынан, мәртебесінен кем емес. Өйткені ұстаздың қызметі – ұлт, мемлекеттің өркендеуі жолындағы қызмет. Жақсылықтан үміт күтетін елміз ғой. Заман, қоғам былай тұра бермес. Ұстаз мәртебесі біздің елде де туған тіліміз сияқты өз тұғырына қонар. Алдыңғы буын ағаларымыз жас кездерінде «Ұстазымызды көрсек, жол беретінбіз немесе көшеде келе жатса, көзіне түспеуге тырысатынбыз» деп ұстаздарын қалай құрметтегендері жөнінде әңгімелейді. Демек, елімізде ұстазды ардақтаудың, құрметтеудің үлгілері болған. Біз заман ағымына ілесеміз деп осы құрметтеудің дәстүрін жоғалтып алғандаймыз. Ұстаз­дардың мәртебесі биік болса, тіліміздің де мәртебесі биік болады. Соны ұмытпай, есте ұстайықшы, ағайын!

Жауапкершілік
жүгі ауыр

Өмірдің өзі ұстаздарға үлкен жауап­кершілік артып отыр. Бүгінгі ұстаз жан-жақты білімді болуы керек. Күнделікті болып жатқан өзгерістерге тез бейімделіп, жаңа білімдерді де жылдам игеріп кетуі керек. Өйткені заман талабы осы. Сонымен қатар ұстаздар бәсекеге қабілетті топтың алды болуы тиіс. Қазақ тілін жетік біліп, тілдің майын тамызып сөйлеп тұрса қандай ғанибет. Ұстаздарға ақыл айтудан аулақпыз, дегенмен біз ұстаздардың шын мәнінде білімді болғанын қалаймыз. Өйткені олардың қолында – балалардың болашағы тұр. Баланың қандай болмағы, тілінің, ойының, дүниетанымының қалай қалыптасатыны ұстаздарға тікелей байланысты. Мәселен, орыс мектебінің оқушылары он бір жыл бойы оқып, қазақ тілін білмей шықса, бұдан тіл оқыту мәселесінде әлі де шешімін таппай жатқан түйткілдердің барын көреміз. Тілді оқыту, үйрету қай кезде, қай заманда да оңай болмаған. Бұл өзі бір сәтте, тіпті бір жылда да нәтиже бере қоярлықтай жұмыс емес. Ол инемен құдық қазғандай атқарылатын ауыр жұмыс. Сол себепті де бүгінгі ұстаздарға тынымсыз ізденіс ауадай қажет. Өмір талабына бейімделіп, қазақ тілін оқытуды ауырлатпай, жеңіл әрі тиімді тәсілдерді ойлап табу қажет. Біз газетімізде жыл басынан бері «Қазақ тілін үйренеміз! Изучаем казахский язык!» деген жаңа айдар аштық. Мұндағы мақсатымыз – тілімізді қарапайым, ауызекі сөйлеу үлгілері арқылы үйрету. Ал осындай әдістерді орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер өз сабақтарында пайдаланса қандай ғанибет. Тіл меңгергендіктің ең бір жақсы көрсеткіші ол – оқушының екі сөздің басын қосып сөйлей алуы емес пе? Ал орыс мектептерінің оқушылары қазақша он сөз білмей шығатыны жасырын емес. Демек, ұстаздар үшін ойласатын шаруалар өте көп.
Қазір қазақ тілі бұрынғы жылдармен салыстырғанда терминдер жөнінен де толыға түсті. Терминсіз ғылым жоқ, білім де жоқ. Әр пәннің өз терминологиясы бар. Соларды білмек керек. Терминдердің аударылуы, ғылым, техника тілін қазақы­ландыру бағытында да елімізде көп жұмыстар атқарылды. Терминологиялық сөздіктердің 33 томы қайтадан жаңаланып, толықтырылған нұсқада жарық көрді. Міне, осы жинақтардағы терминдерді күнделікті пән оқытуда тиімді қолданып, әрі қарай олардың таралуына септігін де тигізетін де ұстаздар қауымы.
Бүгінгі ұстаздарға қойылып отырған негізгі талаптың бірі ол біліктілік, әмбебаптық. Уақыт сайын жаңарып жатқан білім мазмұнын тез арада игеріп, қолдану да біліктілікті, зерделілікті қажет етеді. Ал тілге келетін болсақ, бүгінгі таңда көптеген тілдердің бір-біріне тигізіп жатқан әсерлері ұшан-теңіз. Ол жазу жазғанда да, сөйлеген де байқалып тұрады. Содан келіп ата-бабамыздан саф алтындай таза күйінде жеткен тіліміздің тазалығы бұзылады. Тілдің қадір-қасиетіне айтарлықтай нұқсан келеді. Осы тұрғыдан келгенде тіл тазалығын сақтау міндеті ұстаздарға да қойылуы тиіс. Себебі өзінің тіл тазалығын сақтамай, сөйлеген сөзіне мән бере бермейтін ұстаздан оқушы өзіне қандай тәрбие алады? Жастардың, жас жеткіншектердің саналары, ақыл-ойлары әлі толыспағандықтан тіл тазалығына бейжай қарайтыны бар. Мұндай жағдайда ұстаздар да қарап қалмауы тиіс. Жастардың тіл тазалығын сақтауды үйретіп, мына сөз қолданысың қазақ тілінің тазалығына, тіл заңдылығына қарама-қайшы деп түсіндіріп, дәлелдеп бере алатын ұстаздың бойында біліктілігі болуы керек. Бұл тек қазақ тілі пәніне ғана қатысты мәселе емес, әрине. Барлық пән мұғалімдеріне қатысты болатын міндет пен мақсат.
Қазіргі жастар әлеуметтік желілерде көп отырады. Хат-хабар алмасады. Сонда байқайтынымыз, олар тілдің қасиетін онша сезіне бермейді. Тіл грамматикасын сақтамастан бұзып жазады, қысқартып жазады. Сөйлегендері де, жазғандары да тіл тазалығынан алшақ. Мұның барлығы тілге жауапсыз қараудан пайда болып, белең алған жағымсыз құбылыс. Осындай жағымсыз құбылыспен күрес жүргізіп, кем-кетікті түзейтін де ұстаздар қауымы. Демек, ұстаздар тіл тазалығын сақтауға мүдделі, ықыласты болуы керек. Сол кезде ғана біз оқушылардың бойында тіл тазалығын сақтауға деген ынтаны оята аламыз.
Мектеп қашанда тілдік орта болып саналады. Кейбір қазақ мектептерінің балалары үзіліс кезінде орысша сөйлеп жүретінін де байқаймыз. Сонда олардың қазақ мектебінде оқығандығының белгісі қайда? Осы орайда да ұстаздар атқаратын жұмыстар аз емес. Тіл мәртебесін биіктету ұлтымыздың алдында тұрған зор міндеттің бірі болса, сол міндеттің бір парасы, құрметті ұстаздар, сіздердің қолдарыңызда екенін ұмытпағандарыңыз абзал. Өйткені сіздер келешек ұрпақпен тікелей байланыс жасап, күнбе-күн жұмыс істеп келе жатқан жандарсыздар. Тіл тағдырының салмақты жүгі сіздерге де артылып отырғаны түсінікті. Бұл ортақ іс. Ортақ мақсат. Соны жүзеге асыруға әр ұстаз жігермен кіріссе, тіл мәселесінде алынбайтын қамал жоқ.

«Ана тілі» газеті
және ұстаздар

Жоғарыда айтып өткеніміздей, біз «Ана тілі» газетімен тығыз байланыс жасап отыратын қала, облыс, аудан, ауыл мек­тептеріне, ұстаздар ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Сіздердің кө­терген мәселелеріңіз, айтқан ой-пікір­леріңіз әрдайым назарымызда екенін жет­кіз­гіміз келеді. Газетіміздің бірден-бір қол­даушылары, оқырмандары өздеріңіз болған­дықтан, баспасөзге жазылудың жаңа маусымында мектептеріңіз, ұжымдарыңыз белсенділік танытады деген ойдамыз. Газетке жазылу – өнегелі іс. Газетке жазылған адам – шын мәнінде зиялы адам. Алаш арыстарының бірі Сәкен Сейфуллин «Газет оқымау – надандықтың белгісі» деп жазды. Ащы да болса, шын сөз.
Ал сіздер, құрметті ұстаздар, газеті­міздің шын жанашырлары екендік­теріңізді жақсы білеміз және ол қарым-қатынастарыңызды ерек­ше құрметтейміз! «Ана тілі» газе­тінде жарық көрген материалдардың, ма­қа­лалардың мектептің қазақ тілі мен әдебиеті, тарих және т.б. пәндерді оқытудағы пай­­дасы өте мол. Оларды сабақ­тарда әдіс­темелік құрал ретінде пайдаланып, қолданылса қандай тиімді болар еді. Ұстаздардың арасында газетімізде шыққан материалдарды өз сабақтарында кеңінен пайдаланып, өзгелерге үлгі болып жүргендері де аз емес. Есімдерін айтып өтетін болсақ, Талдықорған қаласындағы №12 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Қойжанова, Өскемен қаласындағы №20 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Анар ­Кентпаева, Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданындағы Достық ауылы, Достық орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Халуа Ықыласқызы, Павлодар облысы, Май ауданы Көктөбе ауылының Б.Жылқыбаев атындағы музыка мектебінің ардагер ұстазы Бейсен Сәтиев және т.б.
Міне, «Ана тілі» газетімен тұрақты байланыс жасап, мақалаларын жолдап, хат-хабар алмасып отыратын ұстаздарымыз өте көп. Біз соған қуанамыз. Мерейленеміз! Мемлекеттік тілімізді өз тұғырына қон­дырып, қолданыс аясын кеңейтуде ат­қарар істеріміз көп. Бірлесе жұмыс істе­сек, сол күнге де жетерміз кәміл! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, құрмет­ті де ардақты Ұстаздар!

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Болат

    Дұрыс екен. Мәселе орынды айтылған.

  2. prudence

    Сізге жедел қарыз қажет пе?

    E-mail: prudenceloanfirm@gmail.com Телефон: 8903421635
    Сіз кәсіпкер немесе әйел бе?
    Сізге жедел қарыз қажет пе?
    Сіз банктеріңізден бас тарттыңыз ба?
    Бизнесті бастау үшін несие қажет пе?
    Сіздің бизнесті кеңейту үшін қарыз қажет пе?
    Бизнес орындарын ашқыңыз келе ме?
    48 сағат ішінде несие алуға көмектесемін.
    Сомасы: 5000-нан $ 200 млн-ға дейін.
    Жылдық пайыздық мөлшерлеме 3% құрайды.
    E-mail: (prudenceloanfirm@gmail.com)

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.