БҰҰ сессиясы: сындарлы шешімдер, салмақты тұжырымдар

Әлем алдында тұрған үлкен сауал – адамзатты аман сақтап қалу. Бұл қашанда көкейкестілігін жоғалтпаған маңызды мәселе. Аталған сауалға жауап табу үшін әлем елдерінің 170-тен астам президенті Нью-Йорк қаласына Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясына жиналды. Алқалы жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, баяндама жасады. Соңғы жылдарда еліміздің БҰҰ-мен өзара іс-қимыл мазмұны арта түскенін, бүгінгі таңда әріптестіктің жаңа деңгейіне көтеріле алатындай әлеуеті бар екенін айта кеткен жөн. Биылғы жылы өткен сессия да өзгеше болды. Біріншіден, мерейтойлық сессия болса, екіншіден, адамзат тағы бір дағдарыстың алдында тұрған шақта шақырылған сессия. Жиын барысында күн тәртібінде тұрған Сирия, Украина түйткілі мен босқындар мәселесі, сондай-ақ терроризммен күрес жайы басты назарға алынды.

Маңызды мәселелерге
мән берілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас Ас­сам­блея­ның жалпы басқосуында еліміздің жаһандық саяси және экономикалық мәселелерге қатысты көзқарасын ортаға салды. Сонымен қатар екі саммитке – 2015 жылдан кейінгі даму кезеңінің күн тәртібін қабылдау жөніндегі және зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы күрес жөніндегі самиттерге қатысты.
Сессия мәжілісінің алғашқы күні 2000 жылғы Мыңжылдық саммитінде қабылданған 2015 жылға дейінгі Орнықты даму бағдарламасының ­орындалуын талқылауға арналды. Мәжілісте сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы бағдарлама аясында елеулі табыстарға қол жеткізгенімізді атап көрсетті. «Біріншіден, біздің еліміз мемлекеттіліктің негізін нығайтып, азаматтық қоғамды дамытуға қажетті жағдайларды жасай алды. Екіншіден, елдің ішкі жалпы өнімі 19 есе өсіп, жан басына шаққандағы табыс 13 мың АҚШ долларына жетті. Үшіншіден, қазақстандықтардың орташа өмір жасы 71 жас­тан асты. Кедейшілік деңгейі 11 есе төмендеп, 34 пайыздан 3 пайызға түсті. Бала және ана өлімі-нің 65 пайызға төмендеуі де қомақты табысқа қосылады. Қазақстан жылу (парниктік) газдарын шығаруды азайта бастады және планетаның биологиялық сантүрлілігін сақтауға септесуде» деді. Елімізде «жасыл экономикаға» көшудің ұлттық тұжырымдамасы бекітілгенін айтты. Арал апаты туралы әңгіме өрбігенде Н.Ә.Назарбаев Бүкіләлемдік банктің қолдауымен Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіруге қол жеткізілгеніне тоқталып, БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен бұрынғы Семей ядролық полигонын оңалту бойынша нақты ынтымақтастық жақсы жеміс беріп келетінін жеткізді. Бұған қоса өз сөзінде Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері өңірдің экологиялық мәселелерін шешу үшін көмекке мұқтаж екенін де атап өтті.
Мемлекет басшысы осылайша Қазақстан мысалында Орнықты даму мақсаттарының жүзеге асу жайын ортаға салды. Ең әуелі, бұл мақсаттарды жүзеге асырудың негізгі жауапкершілігі ұлттық үкіметтерге жүктелгені белгілі. «Қазіргі заманның сын-қатерлеріне біздің нақты жауабымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиясы болды, ол еліміздің әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуын мақсат етеді. Қазақстан қолға алып жатқан «Ұлт Жоспары. Бес институттық реформа» мемлекеттік басқару аппаратын жаңғыртуды, азаматтық және құқықтық институттардың жұмысын жетілдіруді, экономиканы одан әрі индустрияландыруды көздейді» деген Елбасы Еуразия елдері үшін Ұлы Жібек жолының экономикасын қазіргі заманғы деңгейде қайта жаңғырту маңызды міндет болып табылатынын тілге тиек етті.
Жалпы сессия мәжілісі барысында әлемдік мә­се­леге айналған проблемаларды шешу жолдары қарас­тырылып, әр ел өзінің ұсыныстарын алға тартты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев адамзат 2045 жылға қарай барлық негізгі мәселелерді, әсіресе, қақтығыс ошақтарындағы проблемаларды шешуі тиіс екеніне назар аударды. Жер бетіндегі кедейшілік деңгейі өте жоғары, миллиардқа тарта халық тоя тамақ ішпейді, миллиондаған адам сауатсыз, балалар арасындағы өлім-жітім көбейіп келеді. Әлемде байлар мен кедейлердің арасы барған сайын алшақтай түсуде. Бұл мәселені Таяу Шығыстағы, Африка, Азия елдеріндегі қақтығыстар да тереңдетуде. Сондықтан Елбасы қазіргі миграциялық дағдарыстың өршу себебі соғыстарға ғана емес, дамудағы үйлесімсіздікке байланысты екенін айтты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев әр ел өзінің қорғаныс бюджетінен 1 пайыз қаржыны жыл сайын БҰҰ-ға бөліп отыруы, оны тиісті мақсатқа жұмсау үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына жұмсалатын Арнаулы қорын құруды ұсынды. Стокгольм зерттеу институтының мәліметтері бойынша, өткен 2014 жылы барлық мемлекеттердің әскери шығындарының көлемі 1,7 триллион долларды немесе әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,3 пайыз мөлшерінде.
Мінбеге көтерілген Мемлекет басшылары ішінде сөз сөйлеген Бразилия Президенті Дилма Русеф сөзінің басты арқауы айналадағы ортаны қорғаудың жайы болды. Аталған елде энергияның 25 пайызы қайталама қуат көздерінен алынады екен. Бразилияда шектен шыққан қайыршылықты жою жөнінде жап-жақсы жұмыс тәжірибесі бар. Венесуэла Президенті ­Николас Мадуро осы тақырыпты қаузап сөйледі. «Теңсіздік бар бәленің басы» деген ол босқындар проблемасын империалистік соғыс-тардың заңды салдары деп мәлімдеді. Босния және Герцеговина, Сербия, Тәжікстан, Болгария, Оңтүстік Африка Респуб­ликасы президенттерінің сөздерінде де әлемдегі кедейшілік пен босқындар мәселесі әр қырынан қозғалды.
Беларусь Президенті Александр ­Лукашенко Ирак, Ливия, Сияриядағы саяси жағдайдың өршуі алаңдататынын жасырмады. «Еуропаның қақ ортасындағы Украинада болашақ ірі соғыстың ұшқыны лаулап келе жатпағанына кім кепілдік бере алады?» деді А.Лукашенко. Грекияның парламенттік сайлауында жақында ғана жеңіске жеткен Алексис Ципрас алдағы кезде бәрін де нарықтың өзі реттеп, орын-орнына қояды дейтін неолибералдық идеяның күні өтті деп мәлімдеді. Украина Президенті П.Порошенко сөзінің біраз бөлігін елдегі қиын жағдайға, оңтүстік өңірдегі мәселелерге арнады.

Ынтымақтастық –жетістік кепілі

Елбасы БҰҰ-ның сессиясы ­барысында бірқатар кездесулер өткізгенін айта кеткен жөн. Солардың ішінде «Blackstone», «Guggenheim», «JR Morgan», «Chevron», «Miсrosoft», «Rfiser» секілді атағы жер жарған бизнес құрылымдарының жетекшілерімен өткен кездесудің маңызы зор.
Нұрсұлтан Әбішұлы Америка бизнесінің алыптарына «Нұрлы Жол» бағдарламасы, Бес институттық реформа туралы айтып берді. «ЭКСПО – 2017» әлемдік көрмесіне, Астана арнаулы экономикалық аймағы жайлы мағлұмат та берілді. Жүргізуші Нұрсұлтан Назарбаевтың ел өмірінің негізгі қырлары жайлы әңгімесінен кейін атақты саясаткер Шимон Перестің «Армандаушылар көп. Арманын жүзеге асыра алатындар аз. Президент Назарбаевтың армандары көп. Ол сол армандарының бәрін де уақыт өткізіп жатпай жүзеге асырып үлгеріп отырады» деген сөзін келтірді. Жиынға қатысқан белгілі кәсіпкерлер теңгені еркін бағамға жіберу жөніндегі шешімді қай жағынан алғанда да дұрыс деп бағалады. Олар сонымен қоса Қазақстан шын мәніндегі серпілістің алдында тұрғаны айқын сезінгенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесу кезінде тек экономикалық мәселелерді егжей-тегжейлі айтып берумен шектелген жоқ. Қойылған сұрақтардың бірқатары әлемдегі бүгінгі күрделі геосаяси ­ахуал, қақтығысты түйіндерді тарқатудың жолдары, Қазақстан Президентінің бітімгершілік миссиясы жайында болды, олардың бәріне де тыңғылықты, уәжді жауаптар қайтарылды.
Сессия алдында Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев «Cisco Systems» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Джон Чемберспен кездесті. Кездесу барысында трансұлттық компанияның Қазақстандағы қызметін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Бұл ретте инновациялар және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа айрықша назар аударылды. Қазақстан Президенті «Cisco Systems» компаниясымен ықпалдастық аясын кеңейтудің маңыздылығын, бұл жұмысшыларының саны 70 мыңнан асатын ірі компания екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ Халықаралық қаржы корпорациясының атқарушы вице-президенті Цзин-Юн Каймен кездесті. Кездесу барысында жеке секторды дамыту және инвестиция салу саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Тараптар Қазақстанның орнықты дамуды қамтамасыз ету және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында қабылдап жатқан шараларының тиімділігіне де айрықша назар аударды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен өткен кездесуде күн тәртібіндегі негізгі халықаралық мәселелер қаралды. Сонымен бірге Қазақстан мен БҰҰ-ның негізгі, соның ішінде орнықты даму, қарусыздану және ядролық қару таратпау режимін нығайту, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі өзара іс-қимылын күшейту жолдары талқыланды. Тараптар Қазақстан ұсынған халықаралық бастамаларды, әсіресе, маусым айында бесінші отырысына Пан Ги Мун қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін әрі қарай жалғастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Елбасының 70-сессия аясында өткізген кездесулерінің ішінде Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамамен өткен кездесуінде екі мемлекет басшысы сауда-экономика, инвес­тиция және отын-энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдары сараланып, күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен, Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттельмен кездесуінде екі-жақты мәселелерді талқылады.
Қазақстан Президентінің БҰҰ-ның Бас Ассам­блея­сының 70-сессиясындағы пікірталаста сөйлеген сөзі үлкен тарихи сипатқа ие болғанын айта кету керек. Бұлай деп отырғанымыз, Елбасы әлемдік ауқымдағы мәселелерді шешуде сындарлылығымен ерекшеленді. Бұған қоса 2015-жылдың 28 қыркүйегі тәуелсіз Қазақ­станның шежіресіне мемлекеттік тіліміздің, ана тіліміздің әлемнің ең биік мінбесіне – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының төріне көтерілген күні ретінде енетін болады. Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның бас мінбесінен өз сөзін қазақ тілінде сөйледі. Бұл оқиғаның тіліміздің мәртебесі үшін мәні ерекше екені ақиқат. Осылайша Елбасы барша әлем жұрты алдында қазақ тілінің тұғырын биіктетті.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.