Сәбең саралаған сөздер

«…Ұлы жазушының өзінің туған жеріне қатысты баянында: «…біздің үй «Күріл­дектің Күтірі» деген участокте отырды» деп түсіндіретіні бар. Қазақшаға судай орыс байы Күрілдек аталып кетіпті. «Күтір» дегені – хутор, кішкене поселке екен. Сол маңда «Құтырлаған» атты казак-орыс станицасы, орысша атауы Екатериновка болыпты. Қазақ-орыс достығы дәуірлей бастаған кез ғой, Екатериновканы жергілікті халық қалжыңдап «Құрт ұрлаған» деп атап кетеді. Себебі алғаш қазақ жеріне келген казак-орыстар сөреге жайған құртты таңсық көріп, қалталарына салып әкете беретін болған. Содан «Құтырлаған» ­атауы шыққан. Сол маңдағы орыс, қазақта алғаш «ірбіт» шапқан бай әлгі Күрілдек бай ғана болыпты. Мұны автор: «Ірбіт» (Ирбит) қазіргі Свердлов облысындағы орыс қаласы. Бұрын ол зор сауда орыны боп қазақтар да барған, ең ірі бай «Ірбіт шапқан» аталған» деп зерделейді»… l4

Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романының үш кітабын қайыра бір оқып шыққанымызда, көнеден кестеленген ежелгі ел, жер атаулары көптеп кездесіп, санаға түрлі ой салды. Кейбірі қазір қолданыстан шығып қалса да қайтып қатарға тұрар қауқарлығымен қымбат секілді. Енді бірі ономастикалық комиссияның талабын әлі де өтеп жіберерлік мән-мағынасымен құнды екен. Бұрынғы орысша атаудың бұғауында қалған жалтақтығымыздан батыл арылуға да себесіні тимекші. Оған атам заманғы қазақы атаулардың өміршеңдігін теліп берсе жетіп жатыр. Және де тілдік қорымызды байытарлықтай орысшадан қазақшаға тәржімаланған сөздер – бүгіннің игілігіне айналса, несі айып? Сонымен Сәбең ден қойып, саралаған сөздердің түп-төркініне үңіліп көрелікші.

Ұлы жазушының өзінің туған жеріне қатысты баянында: «…біздің үй «Күріл­дектің Күтірі» деген участокте отырды» деп түсіндіретіні бар. Қазақшаға судай орыс байы Күрілдек аталып кетіпті. «Күтір» дегені – хутор, кішкене поселке екен. Сол маңда «Құтырлаған» атты казак-орыс станицасы, орысша атауы Екатериновка болыпты. Қазақ-орыс достығы дәуірлей бастаған кез ғой, Екатериновканы жергілікті халық қалжыңдап «Құрт ұрлаған» деп атап кетеді. Себебі алғаш қазақ жеріне келген казак-орыстар сөреге жайған құртты таңсық көріп, қалталарына салып әкете беретін болған. Содан «Құтырлаған» ­атауы шыққан. Сол маңдағы орыс, қазақта алғаш «ірбіт» шапқан бай әлгі Күрілдек бай ғана болыпты. Мұны автор: «Ірбіт» (Ирбит) қазіргі Свердлов облысындағы орыс қаласы. Бұрын ол зор сауда орыны боп қазақтар да барған, ең ірі бай «Ірбіт шапқан» аталған» деп зерделейді.
«…Біздің аталарымыз Мәуліт маңына көшіп кеп…» дегенде, мең­зегені Мамлютка станицасы екен. «Аты ыраңдап, адамы тыраңдап» деген мақалға түсінігі мынандай: «Ыраң» деген сөзді біздің ел мақалға қосқанмен, не екенін білмейді. Ол шөптің бір түрі екенін мен бертінде, Жетісу елінен ғана естідім».
«Бай адам Мәкәржада қылар сауда, Басыңды қарап жүріп салма дауға» дегенінен, білгеніміз – қазақтар ертеде Нижний Новгородты («Горький» боп та аталған) Мәкәржа дейді екен. Мәкәржаны көрмесе, ондай өлең қайдан шығады дей келіп, Есенейдің Мәкәржадан әкелген самаурына суды қалай құйып, отты қалай тұтатуын ешкім білмей дағдарғанда, жылқының бір құнанына жалданып келген орыс көрсетіп беріпті.
Жаманшұбарлықтардың ескі жұр­тына 1953 жылы Докучаев атындағы совхоз ор­нап­ты. «Сол жұрттың үстінен «Қорған – ­Пески (Есіл)» аталатын тың темір жол тұрды» дей келіп, әке-шеше­сінің қабі­рі­нің басына Мәскеу шеберлері жасаған құлпытас орнатып, қазақ оюлары түрінде әше­кейлеген шарбақпен қоршатқанын жа­зып­ты.
«Сендердің баратын жерлерің Сырымбет тауының аржағында, Саумалкөл деген орыс қаласы, орысша аты – Крибазорный болу керек. Атбасар базарына барғанда жолда көргенбіз» деуінен, Кривоозерныйдан кейін Көкшетау облысындағы Айыртау ауданының орталығы болған Володаровка екенін аңғарамыз. Ал оның негізгі түпкі атауы – Саумалкөл болған ғой. Оны орыстар бекерге Кривоозерное демейді екен. Бұл көлдің түрі өгіздің имиген сыңар мүйізіне ұқсап бітіпті. Кейде Имек көл делінуі де сондықтан болса керек… Ақмола қаласын Қараөткел деп те атайтынын ескерте келіп, оның тұсынан ағатын Есіл, Нұра өзендерінің арасындағы он-он бес шақырымдай кезеңді тұрғын елдің «Қозы көш» деп атап кеткенін, атақты Ақан серінің өзінің лашын құсын осы жерде жоғалтқанын тәптіштеп жазады.
«…Марьевка дейтін қалада «Ылиын» атты базары боп жатыр екен» дегеннен не аңғарамыз? Бұл атаулардың төркіні былай екен. «Ылиын» – «Ильин» деген сөз екен де, ал Марьевканың орны 1969 жылы Есіл өзенін бөгеуден жасалған теңіз астында қалыпты. Жаманшұбардың батыс жағында, отыз шақырым жерде қазақша «Жаркөл», орысша Анновка аталатын елді мекен барын да Сәбеңнен біліп отырмыз.
Спандияр Көбеевтің елге келгенін суреттей келіп С.Мұқанов: «Жасынан орысша оқыған бұл жігіт соңғы он жылдың ішінде, Тілес (Федоровка) дейтін орыс поселкесінде ашылған русско-киргизская школада учитель екен, қазір Қызылжар барып келеді екен» деп жер атауынан да, ел қонағынан да мол мағлұмат береді. Қостанай облысында әлі күнге дейін Федоровка дейтін аудан бар. Сонда бұл қай өңірдегі атауға жатады екен? Қара қазақ баласы «Анастасьевканы» «Нәстәсіп» деп атай береді екен.
Жазушының өз мәнерінде орысша, басқаша кірме сөздерді қарабайыр түсіндіру жағы да белең алған сыңайлы. Мысалы, «Манифесті» – Мәнәпес, яғни жарлау, есіркеу деген ұғымға сыйдырып жібереді. «Германияны» – Ерманса дейді, «Түркияны» – Түртшина деп айдарлайды. Үй сыртындағы қаңтарулы «ходокты» үсті жалпақ тақтайлы тарантас деп, табиғатына сәйкестендіріп ұғындырады. «Енді Стапқа барып орысша оқимын депті» дегенінде, Пресногорьковская станицасын ол жердегі қазақтардың осылай атайтынын меңзейді. «Уфаны» – Үпі деп, «Оралды» – Теке қаласы деп атап жазады. «Явленко» елді мекені Мүсін боп түсіндіріледі. Бақырілген – «Петровка» боп кеткен. «Кпитан»– Прес­новка!
«Кпитаннан шыға біз, «линия» аталатын қазақ-орыс станицалары: Болатнай (Новорыбинск), Кіләбін (Кладбинка), Саржан (Сенжарка), Добраунай (Дубровный) арқылы жүрдік» деп станица атауларын қос ұғымда тізбелеуінен не ұғуға болады екен? Түпкі қазақшасы солай ма, әлде орысша айтылуын икемдей үндестіріп әкеткен түрі ме?
Сәбең Қызылжар қаласының Петропавл аталып кетуінің сырын былайша мәлім етеді. «Ерте кезде қазақ жері екен» дейді мұны. «Осы жарқабақта Дәулеткелді дейтін бай қыстайды екен» дейді. О заманда, біздің елдің ханы Абылай болған. Бурабайда отырған Абылайға Петр және Павел деген ағайынды екі жігіт барып, Дәулеткелді отырған қабақтан, бір өгіздің терісіндей жер сұраған. Абылай бұл сөзді қызық көрген де, «ал» деген. «Әлгі екі жігіт өгіз терісін шарық жіптей жіп-жіңішке қып тіліп әкелген екен» дейді, соны жазып жібергенде, осы қаланың орнын түгел алып кеткен. Абылай уәдесін жұта алмай, сұраған жерін берген, соған екі жігіт қала салып, солардың атымен «Петропавл» боп кеткен» деп әлде аңыз, әлде шындығы мол қоспа сөз бе, әйтеуір, көңілді сендіре баяндайды. Тағы бір қисынды дерек – осы Қызылжар қаласында сол кезде «Бейнетқор», кейін «Совет» аталатын ауданның 1935 жылға дейін орталығы болыпты. Маңында Шолақ Досжан дейтін мекен тағы кездеседі екен.
Абылай ханның жүріп өткен жерлерін термелеп жазған автор: «Оның қайны: Бескөл (Бишкул), Дәнежін (Надежька), Кегерін (Ново-Николаевка), Мүсін (Явленко), Ақжар (Петровка) атты станция­лар мен поселкелерді басып жүргенде, Қызылжардан сексен бес шақырым жерде екен» дейді. Осының өзінен-ақ қаншама атаулардың сырына қанығуға болады. Есілдің арғы жағындағы Пыласкеу, яғни Плосское қаласының болғанынан қазір екінің бірі хабардар ма? Немесе автордың: «…мен бетімді қазақша «Жекекөл», орысша «Благовещенка» аталатын селоға туралап келем, ондағы ойым – Ғабит Мүсіреповке соғу» деп жазғанынан да қанға сіңген жер исі жұпардай тұшындырмай ма!
…Иә, көрнекті жазушы С.Мұқанов­тың «Өмір мектебі» романының үш кітабында келтірілген кейбір жер атаулары ойды әр саққа жетелейді. Бұрын құлаққа әбден сіңімді болған ғой. Қазір ше? Түрпідей тиетіні де бар шығар? Әлде, заман ықпалымен өңі солғынданып, сөлі құрғап, мазмұн-мәні де өзгеріске ұшыраған жер, елді мекен, т.б. атауларды ресми сараптап, нақты тұрақтандыру жағы кемшін соғып отыр ма? Әрине, деректі шығарманың өн бойынан сүзіп алынған атаулы сөздердің сықпасы барлық шындықтың бет-пердесі бола қоймас. Айнытпай қолданысқа жарайтын орнықты үлгі деп те кесіп айтудан аулақпыз. Дегенмен де, Сәбең тіркестерінде дән бар, атам заманнан ілесе келіп, бүгінгінің де ажарын ашарлық мәнді, тарихи негізді балама жатқаны дау тудырмаса керек. Ендеше, дұрыс ден қойып, ой елегінен екшеп өткізіп, ұлттық пайым­мен таңдау жасау – уақыт еншісіндегі мұратты іс болмақ. Жоғарыда келтірілген әртүрлі бағыттағы атаулардың өмір сүруге хақылысы да кездесіп қалар немесе саптан ысырылатындары да анықталар. Әйтеуір, салыстырмалылық сара ойға жетелері анық қой. Сондай пайдалы ойға тамызық тастамақ ниетіміз болды.
…Сәбең саралаған сөздердің тылсымынан тұнық тіркестер сылып алып, тұрақтандыратын болсақ, қанеки.

Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Президенті сыйлығының
лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. МУРАТ

    С.Мукановтын к!таптарын бала кезде коп окып ед!м,Магжан Жумабаевка жасаган опасыздыктарын окыганнан кей!н жаксы кормей калдым.

  2. Халел

    Мурат, Мағжанды жұмысқа алып, көмектескені үшін атылып кетуге қалған Азаматты қаралап отырсың. says-деп ағылшыншаға шебер көрініп, өзің қазақша жаза алмай отырған бейбағым-ай! 37-жыл қайта туса бәрімізді де аттырып жіберуге әзір екенсің.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.