Таразда ұлан-асыр той басталды

Кеше Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты шаралар басталды. Қазақ мұндайда «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді ғой. Жыл басынан бері осынау дүбірлі мерекеге дайындық шаралары жүргізілгені белгілі. Ел-елде, жер-жерде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ғылыми конференциялар, алқалы жиындар, дөңгелек үстелдер, түрлі деңгейдегі басқосулар ұйымдастырылып, тарих тағылымынан сыр шертетін еңбектер, ақын-жазушылардың кітаптары жарық көріп, кинотуындылар түсірілді.

Жоғары оқу орындарында, мектептерде тарихшы ғалымдармен кездесулер өтті. Республикалық деңгейде ақындар айтысы, жыр мүшәйралары өткізілді. Отандық және шетелдік телеарналардың бетінен осынау ұлық мерекеге байланысты арнайы телебағдарламалар жасалып, хабарлар түсірілді. Қыркүйек айында Елбасының қатысуымен алқалы жиын өтті. Тарихшылар, зиялы қауым өкілдері пікір алмасып, келелі әңгімелер өрбітті. Біз газетіміздің бетінде жыл басынан бері «Қазақ хандары» деген жаңа айдар ашып, оны белгілі тарихшы ғалым Талас Омарбеков тұрақты жүргізіп отырды. Ол жобамыз Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды.
Иә, жыл басынан бері ел аузынан «Қазақ хандығына – 550 жыл» деген сөз түспеді. Осыған кәдімгідей рухтанып, серпіліп жүрдік. Өйткені бұл өзіміздің төл мерекеміз, мемлекеттілігіміздің негізі бастау алған күнге деген шексіз құрметіміздің көрінісі еді. Бүгінгі өзінің дара, сындарлы саясатымен жер-жаһанға танылып жатқан Қазақстан мемлекеті тақыр жерде пайда болып, орнай қалған жоқ. Әрбір игіліктің, жақсы нәрсенің өз бастамасы, дәстүр сабақтастығы болатыны табиғи заңдылық. Егемендігіміз жарияланып, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін Елбасымыздың бастамасымен ұлттық тарихымызға ерекше мән беріле бастады. Іргелі ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Шетел мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты деректер жинастырылып, экспедициялар ұйымдастырылды. Тарихымызды жан-жақты түгендейтін еңбектер жарық көріп, ұзақ уақыт бойы өз тарихын дұрыстап тануға мүмкіндік берілмей келген халқымыз тарихтың тұңғиығына бойлап, елдік, ұлттық сана, патриоттық сезім қалыптаса бастады. Тарихи ақтаңдақтар беті ашылды. Мұның бәрі, әрине, жайдан-жай емес. Елдің бірлігі, халықтың ынтымағы нығайып, тарихи құндылықтар қалпына келтіріле бастады.
Әрине, тарихымызды түгендеу ширек ғасыр ішінде атқарыла салатын оңай шаруа емес. Алда тарихшыларымыз бұл бағытта үлкен-үлкен ізденіс жұмыстарын жүргізетіні анық. Ең бастысы – тарихи санамыз оралды. Ұлтқа, елге, мемлекетке тарихтың көзімен қарайтын болдық. Сол арқылы тәуелсіздігіміздің шынайы бағасын білуге қол жеткіздік. Мұның барлығының негізінде Қазақ хандығынан бастау алатын ұлттық жаңғыру үдерістері жатқандығы айтпасақ та түсінікті болар.
Ал енді Тараздағы мерекелік бағдарламаға келетін болсақ, мереке үш күнге жалғасады, яғни 7-9 қазан аралығында өтеді. Салтанатты шараға Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысады деп күтілуде. Кеше «Тарих. Әйелдер. Қазақстан» атты республикалық конференция, «Ұлы Дала Елі» тақырыбына арналған халықаралық форум, «Ұлы Жібек жолындағы пікірлесу: Орталық Азия: аймақ халқының ынтымақтастық тәжірибесі» атты мәжіліс, «Қазақ хандығы» энциклопедиясының» тұсаукесері өтіп, «Мәңгілік Ел» респуб­ликалық ақындар айтысы басталды. Жұртшылық назарына Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыс­тары өнер шеберлерінің концерті, жазушы-драматург Қ.Ысқақовтың «Қазақтар» атты тарихи драмалық қойылымы ұсынылды. Мерекелік шаралар бүгін және ертең де жалғасын табатын болады. Мерекенің қалай өткені туралы толық ақпаратты газетіміздің келесі аптадағы нөмірінен оқи аласыздар. Той – тойға ұлассын, ағайын!

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.