Құм дауылы (поэма)

Мен 1980 жылы бірыңғай еркін шығармашылықпен айналысу ниетімен қызметті тастаған едім. Бұрынғы күнделікті жұмыстың аласапыранынан қолым босаған бойда сол жылдарда халық бастан кешіп жатқан, өзім көзбен көріп, құлақпен естіп қаныққан, жазуға сұранып тұрған саяси, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық мәселелерді қамтитын шағын он поэманың алғашқысына кірісіп те кеткенмін. Жазуды прозадан емес, поэзиядан бастау себебім – ойда бар, қолданыста жоқ үлбіреген сезім мен даналық пікірді қарасөзге айналдырар кезде кісіні сенделтіп жіберетін санадағы талмау ойдың нобайын – Муза құдайының жебеуімен ғана қағаз бетіне сұлбалау мүмкін екенін бала кезден іштей сезініп өсуіме байланысты болатын. Сол бір сиқырлы өнердің тезіне салып, өзімде барды түзеуге тырысып, жоқты шама-шарқыма қарай іздестіріп, қиялды қанаттандыра түсу мақсатымен қолға қалам алғанмын. Жаратушы Ием жарылқап, күндіз-түні отырып екі жетіде аяқтап та шыққанмын. Бірақ пенде қай арманын түгендеп тауысқан. Екіншісіне енді отырған сәтте күнделікті күйкі тіршіліктің қамымен орындықтан тұрып, жортып кетуге тура келген. Міне, содан бері арада бір жылы кем отыз жыл уақыт өтсе де, поэма жазуға арналған дәптер сол баяғы беті жабылған қалпы мұқабасын шаң басып, өзі ұмытқа айналыпты. Қаламгер қашанда біткен туындысын ғана халыққа ұсына алады емес пе? Тіпті қанша жыл толғатпасын, қандай ғажайып болмасын егер ол түрлі себептермен қағаз бетіне түспесе, ол өнбей жатып өшкен ғұмыр сияқты мәңгілік құрдымына сіңіп, ғайыпқа айналады… Сол өткен ғасырдың сексенінші жылы алдыма мақсат етіп қойған үлкен топтаманың жүзеге асқан алғашқы һәм соңғы дүниесін толық қалпында өзімнің сүйікті газетім «Ана тіліне» ұсынып отырмын.

Адам МЕКЕБАЕВ

Арал теңізі мен Сыр өңірінде жыл тәу- ілігі ішінде алпыс күннен астам уақыт бойы кейде тіпті қарыс жердің өзі көрінбейтін құм дауылы соғып тұрады.
(газеттен)

1

Шексіз құмның сусыған ортасында
Сексеуілдің ербиген қалқасында,

Көз талатын сап-сары қиырына
Үй құлайтын жынданған құйынына,
Алыстауға бұлақтан бата алмайтын
Адасқандар тамшы су тата алмайтын,

Қызылқұмның ішінде шопан отыр,
Жалғыз үйлі – отбасы – Отан отыр.

Бұл өлкенің тірлігі,
өзге заңы,
Баспанасы әркімнің – өз қамалы.
Жаныңды жеп түйенің боздағаны,
Төбелері ал
Білінбей қозғалады.
Қарай-қарай алысқа көзің талып,
Жалғыздықтан сөйленбей сөз қалады.

Балқып дүние
шыққан күн жанарынан,
Өрт тигендей лапылдар дала мына.
Сондықтан да
күні – түн,
түні – күндіз,
Қызылқұмның қой баққан адамына.

Төтеп беріп табиғат тарлығына,
Құлақ түріп үстемдік жарлығына,
Қарсы тұрып үйренген қиындықтың
Бас салатын төтеннен барлығына.

Төзіп алған шөліңе,
аптабыңа,
Мұқалмайды сілесі қатқанына.
Құм мұхитын кешеді қызған шоқтай,
Шығу үшін арманның ақ тауына.
Кешке жақын жабысып ат жалына,
Қойын жайып төбелер қапталына,
Қайта ауылға сәскеде оралады ол
Аққан суға бұлақтан ақтарыла.

ІІ
Сонау шалғай жал құмның басындағы,
Ат үстінде
қой жайған асыл жары.
Бірге қалған өзімен
қасындағы,
Алты жасар құлыны
шомылып жүр,
Тас астауға бұлақтың басындағы.

Тырнақтай да күдік жоқ анасында,
Үй тірлігі ойында,
санасында.
Бар шаттығы жер-көктің ұшып келіп,
Күйін төгіп тұрғандай дәл осында.

Дәл осында:
жары да,
ұланы да,
Жәннат сынды бүгінгі тұрағы да.
Зымыран уақыт жүйткиді бәйге атындай,
Жауап беріп замана сұрағына.

Сондай сәттер шаттықтан ән салады,
Желдей есіп көңілін жан самалы.
Бүгін жинап үй ішін –
ертең күндіз,
Шаршап жетер күйеуін қарсы алады.

Кебежеде бар еді сақтағаны
Қазір міне, ошаққа от жағады…
Қараңғыда тыпырлап осылайша,
Өз міндетін үйдегі атқарады.
Тер төгеді тынбайды
түніменен,
Жату үшін аптапта күніменен…
– Тоқта, тоқта!
Мынау не, аждаҺа ма,
Төніп тұрған жұтқалы шыныменен?

Жанарымен барлаған ашық көкті
Байғұс ана өң-түсі қашып кетті.
Көзді ашып-жұмғанша бір пәлекет
Жер-дүниені түнек қып басып кетті.

«Бұл не сұмдық,
дауыл ма тәңірім-ау!
Әлде ашулы Алланың кәрі мынау?
Аспан қайда,
жер қайда,
үйі қайда»:
– Қайдасың сен, жалғызым,
жарығым-ау!!!

«Енді қайтпек апырай? –
Толғанады. –
Осы шығар тағдырдың қорлағаны.
Елсіз құмның ішінде қапияда,
Баласынан айрылса сорлағаны.»

Түк көрмейді, тек іштей жобалайды,
Жобалаумен ілгері домалайды…
Жете алмаған бұлаққа сол ананың
Көкірегі өртенген,
Тола қайғы.

ІІІ

Шопан міне,
тақымы талса да ісіп,
Келе жатыр тізгінмен арпалысып.

«Міне аспан, міне жер
құм бораған,
Адасты кім,
әйтпесе кімдер аман?
Алғаш келген қойшы боп аймаққа бұл.
Жас жігіттер, апыр-ай, қай жақта жүр?

Олар қайтып жайлауын таба ала ма?
Ей, табиғат, әйтеуір табалама!
Қателессе кешірші жазаламай,
Жазаламай, сор болып қамаламай…

Бақыт еді әрбір таң даламда атқан,
Мына құмға не болды борандатқан?
Қауіп төніп күн сайын Арал жақтан
Қалың елді қатерге арандатқан.

Құм жауады, жаз болса тұз жауады,
Қыс айында боран боп долданады.
Ауру Арал осылай сыздап әні,
Басталады табиғат шырғалаңы.

Ақпайды су арнада тасып өктем,
У құйылған күн сайын ашық көктен.
Қайтарыңдар адамдар Аралына,
Өзендердің суларын қашып кеткен!
Құтқарыңдар теңізді қасіреттен,
Күнін көрсін пенделер кәсіп еткен,
Өз жерінде «ұйықтасын» жасы жеткен,
Мен далада жүрейін ғашық еткен!..»

Бірақ дауыл шопанның бұл тілегін,
Діңкелетті тыңдамай құртып ебін.

Қайта мүлде өкіріп құтырынды,
Бұта біткен шошынып күрт-күрт сынды.

«Міне, міне белі де талды білем,
Астындағы титықтап қалды күрең».
Бәрібір ол келеді тоқтай алмай,
Құрдымға ұқсап жатқанмен алды кілең.

Бағытынан таймайды сонда-дағы,
Отары алда,
әзірге қолда бары.
Мақсаты тек құмдарға сіңіп кетпеу,
Артта қалған үй іші – ойлағаны.

ІҮ

«Аспан мен жер нақ бүгін болған егес,
Әлде астау адамға қорған емес!»
Қайткенмен де желге ұшқан жас баланың
Ышқынғанмен көз алды толған елес.

Елестейді –
үйде әзер шыдағаны,
«Барайын, – деп, – бұлаққа» жылағаны.
«Күн өтеді, балам» деп
ата-ананың,
Өтінгені, сыбырлап сұрағаны.

Елестейді кешке үйден өргендері,
Анасының қу шөпшек терген жері,
Суға түссе ал өзі,
әкесінің
Атын ерттеп жүргені белдеудегі.

Анасының қайтып кеп от жаққаны,
Жерошақтан түтіннің көкке атқаны.
Әкесінің алыста,
ту алыста,
Төбелерге қойларын қаптатқаны.

Сосын кенет жалп етіп құлағаны,
Үзілгені құлақтан бұлақ әні.
АйдаҺардай ысқырған құбыжықтың
Қуыршақша белінен бұрағаны.

Өкпесінің өшкені, ашығаны
Жігерінің құм болып жасығаны.

Қарлыққаны даусының жылай-жылай,
Болдырғаны еріксіз құлай-құлай.

Аялдауға мұршасын бермейтіні…
Түсініксіз бәрінен
осындайда,
Анасының көмекке келмейтіні.

Ү

Бүгін ана дәрменсіз еді неткен,
Бойдан қуат, қолының ебі кеткен.
Ұшып неге жетпейді баласына,
Қалай жатыр адамдай демі біткен.

«Жо-жоқ табам…»
ілгері ол ұмтылады,
Шашалады, шаң қауып тұншығады.
Кідірмейді сонда да жету үшін,
Баласына – көңілінің күншуағы.

Жету үшін көңілінің көктеміне,
Қарамайды сүрініп кеткеніне.
Тозаң кірген аузының кепкеніне,
Зұлмат күштің кеудеден тепкеніне.

Сақтау үшін мұзбалақ бала құсын
Аямайды ақылын,
қара күшін.
Ұрпақ үшін,
ертеңгі талап үшін,
Жарық дүние бетіне қарауы үшін.

Ері үшін түн қатқан қиырларда,
Елі үшін сұрайтын жиылғанда.

Өзі үшін қайғы уын ішетұғын,
Құса-күйге ендеген түсетұғын.

Мүдірмейді бір дем де,
кідірмейді,
Аспан құлап түссе де бүгін мейлі.
Сексеуілдей морт сынар жазатайым
Майыспайды бірақ та,
бүгілмейді.

Шыққан жерді онсыз да ұйпалағы,
Ана кері бұрылып сипалады.
Кенет қолға ілікті-ау – су толы астау
Тәңіріден сұраған сый, қалауы.

«Тажалды шөл – кәнігі бақталасы
Бұлақ па екен, бетке ұрып аққан осы?»
Ана қанша су кешіп,
батпақ тырнап,
Іздегенмен таппады:
Жоқ баласы!

Шарласа да еш белгі байқалмады,
«Осы шығар шаттықтың шайқалғаны.»
Өзек өртеп үрейлі ой қай-қайдағы,
Атын атап ұлының айқайлады.

Айқайлаумен тырбанып іздей берді,
Түртінумен қалдырмай тілдей жерді…
«Табу керек құлынын қайткенде де,
Басқа амалды қазіргі білмейді енді.

Ойға түсіп,
еңбектеп қыр шығады,
Киімі де бұта ілген жыртылады.
Тоқтамайды бәрібір ешнәрсеге
Тоқтамайды тек алға ұмтылады!»

ҮІ

Үні де өшті-ау өкірген құм дауылдың,
Қараңғы түн тәрізді түрлі ауыр мұң…
Бір төбенің басына шыққан ана
Алыс жерде қалғанын білді ауылдың.

Және білді ұлының адасқанын,
Бұлт жапқанын көңілдің қара аспанын.
Үміт болып, үрей боп ызыңдады
Құлағында әр қилы таласқан үн.

Сол әр қилы үн – бала боп жылайтындай,
Жылайтындай тез жәрдем сұрайтындай.
Әлденеден шошынып қашатындай,
Шаршап барып етпеттеп құлайтындай.

Міне, туды шығыстан қорғалап ай,
Тағы жұмбақ бастамақ жолға қандай?
Табиғаты Қызылдың монтансиды,
Дауыл бүгін бұл маңда болмағандай.

Қай жерде жүр,
көңілі сезеді енді,
Мына бұта көз таныс – кәне белгі.
Мына бірі анада
күйеуіне
Көмекші боп қой баққан төбелері.

Әлі есінде мына ойдан сескенгені,
Сескенген соң асығыс көшкендері.
Ал мына жұрт өзінің жас босанып,
Перзентінің кіндігін кескен жері.

Ұмытқандай пайдасыз, пайдалыны
Есіне алды-ау қатерлі қайдағыны…
Мына қырдың астында әлдененің
Ыңырсыған жете ме жайлап үні?

Қорыққанға дүниенің бәрі күдік,
Тұрса дағы титықтап, әлі құрып,
Солай қарай жүгірді енді ана
Жету үшін сол жерге жанұшырып.

ҮП

Қиналғанда хабаршы жамиғатқа,
Құпия сыр бар мына табиғатта!

Сол жұмбақ сыр –
құм дауыл тоқтаса да,
Ыққан малын түгендеп топтаса да,

Шыққан шығын отардан болмаса да,
Жүрер жолын қайтадан жалғаса да.

Енді үйіне барарын білгенменен,
Көзге таныс жерлерде жүргенменен.

Құлатқандай өктем күш баспанасын,
Лақтырғандай құрдымға жас баласын.

Екеуі енді екі жақта жылайтындай
Түнгі үрейге еріксіз шыдайтындай,

Шопан жанын әлдене мазалады,
Мазалаумен, үздіксіз жазалады.

«Мұның бәрі көңілдің елжіреуі
және елес» – деп өз-өзін сендіреді.

Сендіргенмен «Зорығып кетсем мейлі,
Тек, соларға тезірек жетсем» – дейді.

Сол ниетпен отарын қуалайды,
Қара бірақ қырсыққан мына жайды.
Жүйкелеген дауылдан жануарлар
Қатты қайырым жүріске шыдамайды.

Бәрібір ол іркіліп тоқтамады
Еді оның басқа істер жоқ та амалы.

Артқа тастап осылай төбелерді
Төпелеумен көлігін желе берді.

Міне, тағы бір асу белге шықты,
Шыққан бойда қол созым жерде тіпті,

Көрді дағы сұлбаны қыбырлаған
Жақынырақ барғалы бұрылды оған.

Кенет жасын өткендей осып көкті
Таныды да зайыбын шошып кетті.

Енді салмай назарын айналаға,
деп сұрады:
– Сенсің бе? Қайда бала?!

Жауабына бар аймақ құлақ түріп,
Аш қасқырлар жатқандай жырақта ұлып.
Әзер айтты сорлы ана:
– Құм дауылда,
Жоғалттым, – деп – ұлыңды!
Жылап тұрып.

ҮШ

Ине сұғып саусақтың көбесіне,
От басқандай жалаңаш денесіне.
Мына хабар шопанның есін алып,
Жай түскендей сенделтті төбесіне.

Асу бермес нар өркеш белестері,
Кәрін тігіп жатқандай егескелі.
Шексіз құмның ішінде жылап жүрген
Құйттай бала көзіне елестеді.

Сосын налып өмірдің дауылына,
Қалмас үшін қасірет ауырына.
Жұбайын да қамкөңіл жұбатпастан
Қамшы басты күреңнің сауырына.

Жұмбақ әттең… қашан жан жай табары,
Атын да айтып айқайлап қайталады.
Бірақ та жоқ баласы
ал әкенің
Көз алдында айлы аспан шайқалады.

Еріні де үрейден кезереді,
Кезерсе де бәріне төзеді енді…
Табу үшін кішкентай қуанышын
Бар аймақты әлі де
кезеді енді.

Түсті ойға… ал мұнда талған белі,
Мына жерде бетке ұрған арман лебі.
Жабағы жүн қырыққан мына сайда,
Мынау қойды төлдетіп алған жері.

Қызық тойдың болғаны , болмағы да
Ұлы думан басталған жонда мына,
Жас шопанға күрескен шапан жауып
Сый берген-ді көкпардан олжалыға.

Мына жерде өрге озып, төске өрледі,
Мына жерде ешкімге дес бермеді…
Ал мына жұрт кішкентай құлынының
Суға түсіп, құмға аунап өскен жері.

Мынау өзі түнде қой баққан жері,
Мына ылди тыныстап жатқан жері.
Сақта тәңірі!
анада мына жер ғой,
Топ қасқырдың отарға шапқан жері.

«Қайда енді сол бақыт нұр шуағы?..»
Көп кешікпей батады ай,
күн шығады.
Өртенеді Қызылқұм әдетінше
Сосын тірлік аптаптан тұншығады.

Оған қалса сөнгені бар арманы –
Баласының мәңгіге жоғалғаны.
Сондықтан да жырақта жатқан елге
Тиіс қазір кешікпей хабарлауы.

Шалғай ол да
Қызылқұм етегінде,
Білу қиын қай кезде жетерін де.
Атты төпеп келеді сонда да әке,
Үміт пенен күдіктің жетегінде…

ІХ

Онан бері күн жылжып, айлар өтті,
Қанша жерге мал жайды,
сайран етті.
Жан жарасы жазылды дауыл осқан
Уақыт-ай – шипагер қайран епті.

Бұл күндері қой толы қотаны да,
Қанат жайған қайтадан отауы да.
Аңыз қылып айтады өткен күнді
Еліктейді кей шопан атағына.

Әрбір істің баратын байыбына,
Жарқылдап жүр жанында зайыбы да.
«Бір ұл туып берем, – деп әзілдейді.–
Дауыл күнгі әуре еткен айыбыма.»

Сиярдай боп бір көздің шарасына,
Түскен қазір Қызылқұм сабасына.
Сондадағы ақылын айтады әке:
«Ұзама, – деп, – анаңнан» баласына.

ТҮЙІН

Шексіз құмның сусыған ортасында,
Сексеуілдің қалқиған қалқасында.

Көз талатын сап-сары қиырына
Үй құлайтын жынданған құйынына,

Алыстауға бұлақтан бата алмайтын.
Адасқандар тамшы су тата алмайтын

Қызылқұмның ішінде шопан отыр
Жалғыз үйлі отбасы – Отан отыр…

Табиғатпен ұстасты,
егесті кім?
Оның бәрі бұл күнде кебі ескінің.
Әрбір кісі қой баққан сезінеді,
Құм дауылдың қатерсіз еместігін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.