Ұлтқа қызмет етудің үлгісі

Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, көсемсөзші Жүсіпбек Аймауытұлының есімі қалың қазақ қауымына жақсы белгілі. Алаштың аяулы азаматы өзінің қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұралар қалдырды. Оқырман назарына М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор, жүсіпбектанушы Айгүл Мұхамедсерікқызы Ісімақова­мен болған сұхбат ұсынылып отыр. AImauitov555

– Жүсіпбек Аймауытұлының мақала­лары, өзі редактор болып шығарған газет-журналдары туралы, әлі де толық зерттелмей жатқан еңбектері жайлы айтсаңыз.
– Сұрағыңызға жауап бермес бұрын Жүсіпбек Аймауытұлының кім болғанын айтып өтейін. Ж.Аймауытұлы – қазақтың психологиялық прозасын қалыптастырушы жазушы, ақын. Қазақтың тұңғыш пьесаларының авторы, драматург. Алаш қайраткерлерінің бірі. Көсемсөзші, қазақ журналис­тикасының көшбасшысы. Сонымен қатар қазіргі XXI ғасырда таңғалатын психологиялық романдардың авторы. Психология, педагогика, оқу әдістемесі деген мамандықтың басында тұрған ғалым. Ол жайында замандастары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы жазып кеткен.
Ж.Аймауытұлы қазақ газет-журналдарының көбісін өзі шығарды. Қазақтың ұлттық мүддесін қорғайтын көптеген мақалалар жазды. Өзі Біржан салдың рөлін ойнап, қазақ театрының басында тұрған тұлға. Мәскеуге барып өзге елдің мәдениетін көрген Жүсіпбек, кенжелеп жатқан қазақ көсемсөзін, яғни журналистикасын алға сүйреуге бар жанын салды. Әлемдік деңгеймен салыстырғанда тұралап тұрған қазақ мәдениетінің көтерілуіне өз мақалаларымен үн қосты. «Сарыарқа», «Қазақ», «Абай» сынды қазақ газет-журналдарының өркендеп дамуына, оның ұшқынының жан-жаққа таралуына көп атсалысты. Қазақтың өз ішіндегі тартыстарды да тоқтатуға күш салды.
Ж.Аймауытұлы саясаттанушы да болған. Саяси бағытта жазылған баян­дамалары ұлтына қызмет ету, ұлтты сүю, қазақтың мемлекеттілігін сақтау бағытында жазылған. Қазақтың мемлекеттілігі үшін әрбір қазақ іс басында табылуы қажет деген керемет ойлар айтқан. Ж.Аймауытұлының осы баяндамалары күні бүгінге дейін жеке мұрасы болып, зерттелмей қалып отыр. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы Қазақтың мемлекеттілігін Ресей империясы да, одан кейін құрылған Кеңес өкіметі де қолдамағанына, мойындамағанына қарсы шықты. Бұлар өз баяндамаларын: «Қазақ – текті халық, шекарасы, жері бар, ұлттық тілі, ұлттық мүддесі, тарихы бар, мәдениетті, сауатты, парасатты елміз» деген рухани бағытта жазды.
1917 жылы желтоқсанның 5-мен 13-і аралығында Орынборда екінші жалпы қазақ съезі өтті. Бұны бәріміз білеміз. Оған бүкіл қазақ зиялылары қатысты. 12-сі күні сағат үште азан шақырылып Алаш автономиясы құрылды. Осы Алаш съезі туралы «Қазақстан», «Сарыарқа» газеттерінде Аймауытұлының саяси мақалалары шықты. Оның басты көтерген мәселесі – ата-бабаларымыздың қанымен қорғалған ежелден келе жатқан өз шекарамыз, өз жеріміздің бар екендігі жайлы болды. Бұл мақалаларды оқыған қазақтардың әрине, рухы көтерілді: «Біз орыстың боданында отырған ел емес екенбіз. Біздің өз тарихымыз бар екен» деген пікір қалыптастырып, елдің еңсесін көтерді.
Ж.Аймауытұлы жайлы анықтап басып айтатын тағы бір күрделі мәселе 1918 жылы Семей қаласынан «Абай» жур­налын шығаруы. Кеңес үкіметі Абайды феодал, бай деп қаралап жатқанда, саналы түрде басын қауіп-қатерге тігіп, журнал шығаруы – үлкен ерлік. «Абай» журналында ақынның шығармашылығы мен әдебиетке қатысты жазылған материалдарымен қоса көтерілген тағы бір мәселе – қазақ жастарының орысша білім алып, сол елдің мәдениетіне еліктеп «кекіреніп», өз қазағын менсінбей кетуі. Бұндай жағдай қазір бізде де ушығып тұр. Жүсіпбек дәл қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан кейбір келеңсіз мәселелерді сол кезде болжап жазып кеткендей. Болыстарға аудармашы болып жүрген қазақ жігіттері мен аздап сауаты бар оқығандарының кейбіреуі, қарапайым елді менсінбей, жылтыраған түймеге қызығып, шенеуніктік психология қалыптастыра бастағанын айтқан. Қарап отырсаңыз, жақсы қызмет, ақша қуған қазіргі біздің кейбір атқамінерлерімізді жазғандай әсерде қаласың. Халықтың хал-ахуалымен көбінің ісі жоқ. «Елін менсінбейтін, өзім ішсем-жесем дейтін шенеуніктер қазаққа керегі жоқ» деп көсемсөзші ерекше тоқталып айтқан.
Осы журналда жарияланған «Ұлтты сүю» атты мақаласына қысқаша тоқталсақ, «Басшы дүзу болса, басшыдан бас тартып, ауа жайылатын халық жоқ. Қазан бұзар, ар соққан біреулер болмаса. Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығандары. Халыққа қызмет қылуға жарамаған, үлгі, шырақ бола алмаған оқығандардан пайда жоқ» дейді. Шынымен де, қазір бізде «Болашақ» деген бағдарламамен пәленбай ақшаны желге шашып, оқып жатқандар бар. Олардың көбі қазақ тілін білмегендіктен, біздің мемлекеттің игілігіне жарап жатқандары шамалы.
Көсемсөзші Ж.Аймауытұлы тағы былай дейді: «Жанды тәрбиелейтін үш түрлі сипат бар – ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылысында осы үш сипатты бірдей тәрбиелейтін болса, ол кісі данышпан болады. Ол адам қанағатшыл, кез келген іске байыппен қарайды.
Әрбір қазақ баласына ерте бастан ұлт рухын сіңіруі керек. Орыс тәрбиесін алған бала ешқашан ұлт қызметкері бола алмайды. Біз орыстардың арақ ішу, темекі тарту, құмар ойнау сияқты жаман әдеттерінен қашуымыз керек». Ата-бабамызда болмаған осы жаман әдеттерден біз күні бүгін арыла алмай келеміз.
Көсемсөз туралы тағы да айтып кетсек, «Тәрбие» деген мақаласында: «Дәрігер адамның тәнін сауықтырса, тәрбиеші адамның жанын, ақылын, мінезін сауықтырады. Мектепте білім беру домбыраның қос ішегіндей тәрбиемен қатар жүру керек. Ақылақты, ақылды адам көбейсе, олар – отанының күзетшісі, қорғаны» деген екен. Кеңес кезінен бері күні бүгінге дейін біз айырылып қалған білім беру жүйесінің әттеген-айы осы.
Ж.Аймауытұлы мектепке де арнап оқулық жазған. «Тәрбиеге жетекші» еңбегінде: «Мектептің жаны – мұғалім. Баланың санасына ең бірінші ұлттық құндылықтарымызды сіңіру қажет, мектепке арналып жазылған оқулықтар дұрыс жазылуы керек» деген құнды ойлар айтқан.
Нұржан Қуантайұлы деген замандасымыз Ж.Аймауытұлының журналистік қызметі туралы ғылыми зерттеу жүргізіп, талдаулар жасады. Ғалымның зерде­леуіне сүйенсек, 1921-жылы 21 ақпанда партбюроның шешімімен С.Сәдуа­қасұлының орнына «Еңбек туы» газетінің редакторы болып Ж.Аймауытұлы бекітіледі. Олай болса, ұлы қаламгер бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің ең алғашқы редакторларының бірі. Бұл – күні бүгінге дейін көп айтылмай келе жатқан дерек. Ату жазасына ұшырауына байланысты Ж.Аймауытұлының редакторлығымен 7-8 ай шыққан «Еңбек туы» газетінің тігінділері қорда сақталмағандығы жайында дерек бар.
Қазақтың тұңғыш газеттерін шығаруда ғана емес, архив материалдары дәлел­дегендей, журналдар шығаруда да Жүсіпбектің еңбегі ересен. Мысалы, 1931 жылы 6 ай бойы шыққан «Сәуле» журналында Әлихан мен Мағжан бастаған ұлт әдебиетшілерінің шығармаларын жариялаған. Өзінің «Елеусіз ерлер», «Су жүзінде» сияқты алты әңгімесі де «Сәуледе» шыққан. Журнал Ташкенттегі баспаханада басылған, таралымы 2000 дана болған.
Енді бір өкінішпен айтатын нәрсе, Ж.Аймауытұлы еңбектерінің көбі жоғалған. Мысалы, Смағұл Сәдуа­қасұлының 1926 жылы жазған анкетасы бар. Соған берген жауаптарында көптеген туындыларының атын атап жазған, соның үштен бірі жоқ. Біз, жүсіпбектанушылар соны анықтай алмай келеміз.
Шымкент оқу комиссариатының ғы­лы­ми қызметкері Т.Шонанов, Сәкен Сейфуллин мен «Ауыл тілі» газе­тінде істейтін Бейімбет Майлинге: – Ж.Аймауытұлының «Қолдорба», «Оянған Асан», «Түлкі, қасқыр, түйе», «Екі еріншек» атты қолжазбаларына пікір білдірсеңіздер екен» деп өтініш хат жолдаған. Міне, осы аталған қолжазбалар еш жерде жинақ болып шықпаған. Кейінгі тағдыры да белгісіз. Осындай жоғалған қолжазбаларының ең көлемдісі – «Мәскеу және Қырымға жолаушылық».
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында істеген библиограф-ғалым Үшкөлтай Субханбердина Кеңес өкіметі кезінде Санкт-Петербург, Мәскеу кітапханаларында отырып, қазақ даласында шыққан газет-журналдар мен Алаш зиялыларының жазған мақалаларын түгендеп, библиографиясын түзген. Ол кезде Алаш азаматтарының аттарын атауға тыйым салғандықтан, тек қана мақалалардың библиографиясын жасады. Бұл тақырыпта докторлығын да қорғай алмады. Осы кісінің айтуы бойынша, Ж.Аймауытұлының 16 бүркеншік есімі болған. Үшкөлтай ­Субханбердина – қазақтың «Дала уәлаяты» ­болсын, қай газет-журналы болса да ондағы мақалалардың жоғары деңгейде жазылғандығын, XIX ғасырдан бастап қазақ журналистикасы көсемсөзінің кәсіби деңгейге көтерілгендігін дәлелдеп кеткен ғалым.
Ж.Аймауытұлының күні бүгінге дейін айтылмай келе жатқан қыры – оның фель­е­­тондары. Бұл туралы кезінде профессор Т.Қожекеев жазған, бірақ Қожекеевтің зерттеулерінен кейін Аймауытұлының сатирасы мен сыны айтылмай келеді.
«Сауатсыздықты жою», «Мал бас садақасы ма, бас мал садақасы ма?», «Мысыққа ойын, тышқанға өлім» тағы басқа фельетондарында елдің жағымсыз мінез-құлқын, іс-әрекетін сынай отырып, халықты жаман әдеттерден арылуға шақырған. Жай бір күлдіргі әңгіме айтып отырғандай болып, қазақтың мінін тайға таңба басқандай көрсеткен. Қазақтың ақсақалдары балаларының қателіктерін өйтпе-бүйтпе деп түзетпеген. Басқа біреуді тұспалдап, сырттан мысалдар ала отырып, жаман әдеттерге тыйым салып отырған. Тыйым салу біздің ежелден келе жатқан дәстүрімізде осылай іске асқан. Жүсіпбек өз фельетондарында осыны жақсы пайдаланған. Фельетонды оқыған кез келген адам бірден өз мінін тауып алады. Бұл – жазудағы асқан шеберліктің белгісі.
Қазіргі біздің ғылымның міндеті – Ж.Аймауытұлының қалған мұрасын игеріп, шығармашылығын жоғары деңгейде зерттеумен шектелмей, оны насихаттай білу.
– Республикалық кітап мұражайында 1926 жылы жарық көрген «Қартқожа» романының төте жазумен (араб әрпімен) жарыққа шыққан нұсқасы көрмеде тұр. «Ақбілек», «Қартқожа» романдары, хаттары туралы айтсаңыз.
– Осы екі роман туралы «Қазақтың классикалық романдары» деген тақырыппен докторлық диссертация жаздым. Бұл ғылыми жұмысым Мәскеуде талқыланып, жоғары баға алды. 1998 жылы Алматыда диссертация қорғадым, содан бері Мәскеуде «Қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтар және репрессияланған ғылым» атты лекция оқып келе жатырмын.
Жазушының көзі тірісінде «Қартқожа» роман болып шықты, ал «Ақбілектің» бірінші бөлімі 1928 жылы «Әйел теңдігі» журналында жарық көрді. Екі романда да, Кеңес үкіметі орнап жатқан қазақ даласындағы қиыншылықтар, қазақ белсенділерінің сатқындығы суреттелген. Кеңес үкіметі қазақ қоғамына айбалтаның күшімен, ақ найзаның ұшымен келді. Осы кезеңде ресей төңкерісшілері, кедейшілікті ұтымды сипат қылып ұстанып, қазақты ата-баба дәстүрінен қол үзгендігі романда бейнеленген.
Ж.Аймауытұлы өзі туралы айтқанда: «Қартқожадағы» підие алатын бала молданы оқысақ, ол – өзім. Қартқожаның әкесін көрсек, ол – өз әке-шешем» деген екен. Жазушы өз шығармасындағы оқиғаларды басынан кешпесе, кейіпкер ғып алған баланың психологиясын, ойын жеткізе алмас еді. Жалпы, бұл романда аласапыран кездің өзінде де, қазақ баласының өз басына ие болып, тектілік танытуы бейнеленген.
Әлем әдебиетінде «роман воспитание» деген жанр бар, қазақшаласақ роман-тәрбие болып аударылады ғой. Жан-Жак Руссо, Дидро шығармалары осы жанрға жатады. Бұл жанрды қазақ тілінде іске асырған – Ж.Аймауытұлы. Әлемдік әдебиеттану анықтағандай, әдебиет өзі үшін жазылмайды, әр халықтың тарихы, кейіпкердің тарихы ретінде жазылады. Ол кейіпкердің тарихы нанымды болу үшін міндетті түрде бала кезінен басталуы керек. Қазақ әдебиетінде Қартқожадан басқа баланың тарихы әлемдік психологиялық роман негізінде әлі жазылған жоқ.
«Қартқожа» – 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс туралы жазылған тұңғыш роман. 1914 жылы патша Жарлығымен, қазақ жас­тарын қара жұмысқа алу басталды. Қарап отырсаңыз, қазақтарды кемсітіп бұлардың қолынан тек қара жұмыс келеді, мылтық ұстатуға болмайды» деген түсініктегі төмендету. Осыған намыстанған Жетісу қазақтары көтеріліске шықты. Романда Қартқожаның образы арқылы көтерілістің себеп-салдары, қазақтардың өзара ішкі түсінбеушіліктері толық ашылған.
Ж.Аймауытұлы 1926-1928 жылдар аралығында Шымкенттегі педтехни­кумның директоры болған. «Ақбілек» романын осы жылдары жазған. М.Ж.Көпейге жазған екінші хатында: «Екі жарым ай болды үйден түзге шықпағаныма. Бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген «Қартқожадан» үлкендігі екі есе болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп тап жынды кісідей болыппын. Дос­ты, жолдасты, құрметті, қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын» деп жазыпты. Жүсіпбектің бұл хатындағы сөздерінен не түйсінеміз десеңіз, жазушының шалқар шабытын, шығармашылықтың рақатын сезінген, талантты қаламгердің қаламының қарымын сезінеміз.
«Ақбілек» романынан бұрын 1924 жылы «Елес» әңгімесін жазған. Осы әңгімеде жазушы келешек «Ақбілек» романының сюжетін айта кетеді. Романды жазу идеясы жазушыға осы әңгімеден кейін келген. Әңгімедегі мына бір сөйлемге қарайықшы: «Қазақ даласын көмірдей басып, ақтар өтті». Жазушы бір-ақ сөйлемге сол кезеңнің қасіретін сыйғызған. Ресей жерінен қашып Алтай арқылы Қытайға бара жатқан ресейдің ақ гвардияшылары мамыра-жай жатқан қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратты. Әйел-қыздарын қорлады, ауылдарды өртеді.
Жазушы «Ақбілекте» тектілік пен тексіздікті, адамдардың мінезіндегі ұсақтықты, ру арасындағы талас-тартысты Мұқаш образы арқылы ашқан. Бұл романда шілдехана, сүндетке отырғызу, қыз ұзату сияқты қазақтың салт-дәстүрі керемет суреттелген. Ақбілектің жеңгелерінің ақылмен жасаған іс-әрекеттері – өзінше бір жатқан институт. Автор қазақтың абыройын сақтаған жеңгелердің қасиетін даралап жазған. Романның өн бойынан, қазақ халқының ақылдылығы, парасаттылығы, қандай сән-салтанатпен өмір сүргендігіне көз жеткізесіз.
Жүсіпбектің мықты психолог маман екені осы романда ерекшеленеді. Ақбілектің көрген азабын, толғақ қысқан кездегі жан қиналысын, ер адам бола тұра өз жүрегімен сезініп жазғанына таңғалмасқа шараң жоқ. Мен осы роман жайлы Мәскеуде лекция оқығанда дәл осы сюжеттерді қалай жеткізерімді білмедім. Ресей жазушылары өте жоғары баға берді.
Жүсіпбектің аштық жылдарындағы қызметі де тарихта белгілі. Ауқаттылардан жылу жинап оны қарайған елге тарату деген бір абыройсыз жұмыс болды. Елі, жұрты үшін Жүсіпбек осындай қиын жұмыстың да басынан табыла білді. Жазушыны қаралау мақсатында «Елге таратқан дүниелеріңнің есебін бер, кімге не бергенің туралы қолхатың қайда?» деп тергеудің астына алды. Өзіңіз ойлаңызшы, аштан қырылып, мүшкіл халде жүрген қай адам сізге қолхат жазып берсін. Сонда Жүсіпбек: «Төбеде Алла көріп тұр» деп жауап берген екен. Жалпы Жүсіпбек, Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың басты бір ерекшелігі – бұлар Құран жолымен жүрген, ауызында бісмілләсы бар адамдар. Аштан қынадай қырылып жатқан халыққа жиналған дүниені талан-таражға салды деп жала жабу – Жүсіпбекке жасалған үлкен қиянат болатын.
Ж.Аймауытұлы әлем әдебиетінен біраз аудармалар жасаған аудармашы. Мәскеуде жүргенде Толстойдың алдына барып, сол кездегі Андрей Белый болсын, Ресейдің жетекші жазушыларымен пікір алысып жүрген әдебиетші. Сондықтан болар Конрад Беркович, Рабиндранат Тагор, Джек Лондон, Гогольді керемет аударған. Чеховты аударып жатырмын деген хаты бар. Аудармасы жоқ, жоғалған. Бұл да біздің жүсіпбектанудағы бір өкінішіміз. Чеховты ХХ ғасыр басында ешкім аударған жоқ. А.Байтұрсынұлы – ғалым, Ә.Бөкейхан – саясаттанушы, Мағжан – ақын. Мен ойлаймын, Жүсіпбек қана аударған болуы керек. Неге десеңіз, екеуінің көркемдік шығармашылықтары деңгейлес.
«Жүсіпбек Аймауытұлын әңгіме, драма, роман, мақала, пьеса, повестері, тіпті психология кітабындағы әр сөзіне қарап, қазақтың мемлекеттілігін, қазақ деген ұлт бар екенін мойындатқан, ұлттық мүддені қорғаудағы шығармашылықтың басында тұрған ұлт қайраткері» ретінде қадірін білуіміз керек.
– Біздің өнертанушыларымыздың арасында әлі күнге дейін «Қазақ театры қашаннан басталды?» деген даулы пікір бар. Осы жайлы ойларыңызды айтсаңыз.
– Кеңес кезінде қазақ театрын Алаш­ордашылар ашты деген пікір әрине, айтылмады. Бірақ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қазақ драматургиясын профессор Бағыбек Құндақбаев зерттеді. Оны институтта аспирант болып жүрген кезінде Мұхтар Әуезов шақырып алып: – Бағыбек, сен театрды зерттеймін десең, әуелі Семейге бар. 1915 жылы Ж.Аймауытов бастаған қазақ жігіттері «Біржан – Сара» айтысын алғаш сахналаған. Бұл қойылым – қазақ театрының басында тұрған оқиға. Мен саған сол мәтіндерді табуға көмектесейін» деп аспирантқа тапсырма береді. Б.Құндақбайұлының театр жайлы жазылған еңбектеріне сүйенсек, 1915 жылы 13 ақпанда Семейдегі саудагерлер клубында қазақтың сауатты жігіттері бірігіп әдеби кеш өткізеді. Кешті сағат сегізде Райымжан Мәрсеков қазақ әдебиеті турасында баяндамамен ашады. Баяндамадан кейін «Біржан – Сара» спектаклі қойылды. Осы спектакльде Біржан рөлін Жүсіпбек өзінің керемет дарындылығының арқасында ерекше сипатта ойнап шығады. Бұдан көретініміз –Ж.Аймауытұлының тек қана әдебиеттанушы емес, мықты актер, әнші, домбырашы болғандығы. Жүсіпбектің рөл ойнаудағы шеберлігін, әдемі қоңыр дауысымен Біржан өлеңдерін «мәніне келтіріп орындағаны, өзі бас болып, сахнаны кереметтей құлпыртып безендіргені» туралы Міржақып Дулатұлы көлемді мақала жазады. Мақаланың қысқаша мазмұнына тоқталсақ, «Сараның рөлін Тұрар ханым Қозыбағарова ойнады. Спектакльдің соңынан керемет әндер орындалды. Әншілер қатарында Ж.Аймауытов та болды. Кештің үшінші бөлімінде «Жанақ пен баланың» айтысынан үзінді көрініс көрсетті. Сол жердегі көріп отырған жұртқа Жанақ пен баланың өздері айтысып отырғандай әсерін қалдырды. Төртінші бөлімде жас қыз-келіншектер шығып Орал, Семей, Торғай, Жетісу өңірлерінің өзіндік ерекше киім кию үлгілерін көрсетті. Кеш сондай керемет әсерлі болды. Түнгі сағат 12 жарым болса да, жұрт үйіне қайтпай, қол соғып тұрып алды. Бұл әдеби кешті ұйымдастырушы Нәзипа ханым мен Нұрғали Құлжановтар болатын».
Бұл қойылымды мәдени құбылыс деп бағалағанымыз дұрыс. Бұл қазақ театрының тұңғыш спектаклі болып саналады. Ж.Аймауытұлының қазақ театрының дамуына қосқан үлкен үлесі бар екенін, біз айтып жүруге міндеттіміз.
Б.Құндақбайұлының Аймауытұлы­ның пьесалары мен аудармаларын талда­ғандарын естігенде біз, әдебиеттан­у­шылар таңғалатынбыз. Себебі ол кісі архивте отырып, жазушының отбасылық деректерін, ағайындарымен арақатынасын, шығармаларын ыждаһаттықпен қараған екен.
Ж.Аймауытұлының Смағұл Сәдуа­қасұлы­ның хатына берген жауабы мен «Ақбілек» романының қолжазбасы Мұхтар Әуезов мұражайында сақтаулы. Бұл қолжазбаларды С.Сәдуақасұлының жұбайы Елизавета Әлиханқызы сақтап, 1950-жылдары Мұхтар Әуезовке табыс еткен деген дерек бар. С.Сәдуақасұлының хатына берген жауабында ата-бабасының шежіресі, өмірбаяны, жазған еңбектері туралы мәліметтер берген. Сіз Аймауытұлының қолжазбасын көрсеңіз таңғаласыз, маржандай тізілген, сондай сұлу жазылған. Қазақ баласының каллиграфияны қалай керемет меңгергеніне куә боласыз. Әкелері ағасы Ахат екеуін қолөнер бұйымдарын жасап үйретумен қатар, әдемі жазуға (шимайшылыққа) баулитын оқуға берген. Бұл – Қазан төңкерісіне дейін қазақтың екі-ақ пайызы сауатты болған дегендердің аузына құм құятын дерек. Жүсіпбек былай деген екен: «Адамның жазуының әдемі болуы, оның ойлау қабілетіне тікелей байланысты».
Мен осы сұхбатты пайдаланып, мұражай директоры азамат Жүрсін Ерманға бір өтініш айтқым келеді. Бұл қолжазбалар М.О.Әуезов мұражайында папкалардың ішінде жатыр. Осылардың көшірмесін алып, кітап мұражайына көрмеге қойса, орынды болар еді. Мұражайға келушілердің қызығушылығын арттыратын құнды дүние болары сөзсіз.
Ж.Аймауытұлының жазған қай хатын алып қарасаңыз да, ең бірінші биік өре мен кісілік көрінеді. Екіншіден, қай мәселе болсын қазақтың әдебиеті, мәдениеті сөз болады.
Қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жинауға тікелей атсалысқан, сауатты ғалым Мәшһүр-Жүсіп Көпеевпен хат алысып тұрған. Екеуі парасаттың биік үлгісінде жазылған хаттар арқылы сырласқан. Жүсіпбек Мәшһүр-Жүсіпке: «Сіз қазақтың гаухарысыз, бар білгеніңізді жазып қалдырсаңыз екен» деген тілек-тапсырма хаттар жолдаған. Мәшһүр-Жүсіп Көпейдің бүгінгі шыққан 22 томдық әдеби мұрасы әдебиетші Ж.Аймауытұлы берген тапсырманың толық орындалғанын дәлелдеп тұр. Әр томның жүйесі, аталған хаттағы әдеби мақсатқа сай жүйеленген. Профессор Сәрсенбі Дәуітұлы төте жазумен жазылған Мәшһүр-Жүсіп еңбектерін, қазіргі біз пайдаланып отырған әріп үлгісіне түсіріп, барлық еңбектерін жария­лануына атсалысқаны белгілі.
– Республикалық кітап мұражайында Абай, Шәкәрім, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыровтармен қоса, Алаш арыстарына арналған зал бар. Осы залдарға Ж.Аймауытовтың көзқарасымен саяхат жасап көрсек.
– Жазушы Абай өлеңдері туралы былай дейді: «Абай өлеңдерімен бала күнімнен таныспын. Кітабы басылмай тұрғанда, ел қыдырған өлеңшілердің аузынан бірталай өлеңдерін көшіріп алып, жаттаған едім. Ең алғаш басылып шыққан кітабын қолыма түсіріп, түгел көшіріп алдым».
Ж.Аймауытұлының абайтанудағы тұңғыш өмірбаяндық шығармашылық зерттеуі «Абайдың өнері һәм қызметі» деген атпен 1918 жылы «Абай» журналында (№2) жарияланды. Мақала соңында «Екеу» деп қол қойылған (Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов). Абай мұрасының, ақындық өнерінің мазмұндылығын көрсету мақсатында Ж.Аймауытұлы: «Абайдың ақындық өнері тар жолды бірбеткей емес. Әр тараулы сегіз қырлы» деп жазады. Мақала авторлары Абай шығармаларын осы сегіз қырынан таратып, талдап берген. Қарасөздерін бөлек қарастырған: «Сол сөздердің бәрі терең ойға салып толғап жазылған. Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі, неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері – Абайда пәлсапа қуаты барлығына үлкен дәлел». Осыған байланысты әдебиетшілер Абай шығарған 16 мақалын сөз еткен: «Абайдың данышпандық белгісі – өзі шығарған 16 мақалы бар. Мақалының біреуі: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың». Кеңес кезінде де, қазір де абайтанушылар әлі арнайы айқындамаған тақырып осы. Бұл күні бүгінге дейін абайтануда әлі арнайы зерттелмей келе жатқан ғылыми мәселе.
Замандастарының өлеңдерінің сыртқы түрі мен қалпына қарап, қазіргі өлеңшілерді бірнеше жікке бөлуге болады, – деп әдебиетшілер оларды топқа бөліп қарастырған: «Сезімге әсер берерлік суретті өлеңдер – көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт һәм Ахмет Мәметовтікі. Бұлардың өлеңінде өзгеше бір сарын бар. Жүрегінің сезімін суреттейтін, жалғастырып әкететін артықша бір маңыз бар. Бұлар – сыршыл (лирик) ақындар.
Екінші жіктің өлеңшілері – ­Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Дөнентаев, Шәһкерім, Бекет Өтетілеуов. Бұлардың өлеңі сырты төгілген сұлу, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәтті. Бұлардың өлеңінің сезім мен қиялға тәрбие-әсері аз, ақылға азығы бар. Бұлар – халықшыл ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын тұрады».
«Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзіндік ақындық беті күшті, түр тапқыш, аса еліктегіш емесі – Міржақып». Ақынның азаматтық дискурсы туралы былай делінген: «Кенеттен келген оқиғаны тез сезіп, тез сіңіріп, тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады. Мысалы, «Сүлеймен Би­жановтың, Қазы Нұрмахаммедовтің өлімдеріне шығарылған: «Жұт», «Қайда едің?» деген өлеңдері сияқты. Жүрекке әсер беретін өлеңдері – «Сағыну», «Қиял», «Шәкірт», «Қажыған көңіл», «Айырылу», «Жамалдың зары». Осы өлеңдерінде адамның жүрегіне тиетін қасиетті, зарлы, салмақты әсер бар».
Екінші топтағы өлеңдердің негізгі сипат­тамасы туралы былай делінген: «Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана айналған өлеңдер – Ахмет Байтұрсыновтікі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады.
Әдебиетшілер Сәбит Дөнентаев өлеңшілігіне әділ баға берген. Кеңес әдебиеттануы бұл ақынды тек тақырып жағынан зерттесе, Алаш әдебиетшілері баяғыда дискурсын жіктеп берген екен: «Халықшыл ақындардың ішіндегі алдыңғы қатардағысы – Сәбит. Сәбиттің өлеңі қысқа, дәмді. Аз сөзге көп мағына сыйғызғыш, сөзді ойына құл қылған, тілі тәтті, дәл келеді. Сәбит өлеңінде тақ еткізе түсетін тапқыштық, салыстырғыштық, сыншылдық, аса терең болмаса да төрт тағандап түсетін нығыздық бар. Мысалы, «һәр жан һәр түрде», «Той», «Азаттық күні», «Жаңа жылға» һәм басқалар сықылды өлеңдері сұлулығы, ұғымдылығы, тілге жеңілдігі, тәттілігімен қандай надан адам болсын көңіліне қона кетеді. Сөзге еркін, бай екендігіне қаптап тізген өлеңі дәлел».
Осы ретте Шәкәрім поэзиясы туралы келесі баға берілген: «Сыртының сұлулығы, тақылдақтығымен Ахмет пен Сәбиттің өлеңіне Шәкәрімнің өлеңі ұқсайды. Бірақ терең мағыналы сөздерді өлеңмен келтірем деп сөзін созыңқырап, шұбатып әкеліп, оқушыны тез жалықтыратын қалпы бар. Шәкәрім көбінесе өлеңі халыққа ұнамды болуын көздейді және өлең арқылы халықтың ақылын да тәрбие қылып, жетілдіргісі келеді. Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да, мағынасымен еліктеген кісі – Шәкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шәкәрім өлеңінде шанышпа, ащылық бар». Біз күні бүгін ажырата алмай келе жатқан дискурстық ерекшелік осылай аңғарылған.
– Жазушының қай жерде жерленгені туралы айтсаңыз?
– 2014 жылы тамыз айында Ясная Полянаға «Толстой және әлем әдебиеті» деп аталатын симпозиумға қатыстым. Қайтар жолда профессор Гүлзия Пірәлі екеуіміз Жүсіпбек Аймауытұлы жерленген Ваганьков зиратына арнайы барып Құран бағыштадық. Сол жердегі архив басшысына жалынып, осы жерде жерленген адамдардың тізімін сұрадық. Отыз жеті адам қатар атылып, бір шұңқырға көмілген екен. Ж.Аймауытов деп тізімде бірінші тұр, одан кейін тұрған қостанайлық екі қазақтың да аты-жөні көзіме оттай басылды. Олар: Жүсіпов Ахмет Сафа және Әділов Дінмұхаммед. Жалпы бұл мәліметтерді Мәскеудегі Қазақстан елшілігі анықтапты. Мемлекеттен қолдау болған жағдайда ғана аты-жөні жазылған белгі қоюға болатынын анықтадық.
– Жүсіпбектанудағы қажырлы еңбегіңіз үшін сізге үлкен рақмет.

Айгүл ТӨЛЕС,
республикалық Кітап мұражайының ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.