«Полтавский», «Киевский», «Батончики»…!Осындай атаулардан көз сүрінеді

«Бородинский», «Московский», «Отрубной», «Кефир»… Осылай деп жалғасып кете баратын орыс тіліндегі азық-түлік атауларын дүкен сөрелерінен күнде көріп байқап жүрміз. Мемлекеттік тілдегі атаулар ілуде біреу болмаса, көзге көп шалына бермейтіні қалай? Бұған қазақшасы қазақша деуге келмейтін жарнама тілін қосыңыз. Мұндай мәтіндер де тіліміздің көркемдік дәрежесіне әжептәуір нұқсан келтіріп отырғаны жасырын емес. Ал бұл тауарларды күн санап миллиондаған тұтынушы пайдаланатынын ескерсек, қаншама адамның мемлекеттік тілде жазылған тауар атауларына қолжеткізе алмай отырғанын өзіңіз елестете беріңіз.

Сонда жерімізде шығарылған өнімдер азық-түлік түрлерінің «Московский», «Бородинский», «Полтавский», «Киевский», «Калачики», «Батончики», «Ватрушки», «Коржики», «Солнечное» деп аталатыны қалай? «Текелі Кондитер» ЖШС-нда өндірілген «Қазақстандық пірәндіктер» деген көзімізге түсті. Орысша мәтінінде еш мінсіз «Казахстанские пряники» деп жазылған. Дәл соған ұқсас «ЖК Миклашов» жасап шығарған «Біздің пряниктер» өнімінің орысшасы да ап-анық дұрыс жазылған. Екеуі де елімізде шыққан. «Текелі Кондитер» ЖШС-ның тағы бір өнімінде «Казахстанские» піряндіктер» деп жазылған. Дүкенге барсаңыз, мұндай қаптаманың түр-түрін көресіз. Қынжылтарлығы сол, біз неге әлі күнге дейін орыс тіліндегі «пряник» сөзін өз тілімізге алмастырмаймыз? Кез келген терминді ойға қонымды етіп, сауатты түрде аударуға тіліміздің байлығы жетеді. Сондықтан балама атау табылмаса, ол тіліміздің кемшілігі емес, дұрыс ізденістің жоқтығы. «Рахат» АҚ шығарған «Жетісу» печеньесі туралы да осылай айтуға болады. Мұндағы «печенье» сөзі де тікелей орысшадан алынып отыр. «Печенье» сөзі орыстың «печь» деген сөзінен шыққан. Күйдіру дегенді де «печь», «печенье» дейді. Тіпті қазақта мұндай азық болмағандай барлық сөздерді орыс тілінің ығына жыға берсек, қазақтың тілі, байлығы қалай сақталмақ?! Талқан, сөк, жент, т.б. атаулармен өндірілетін өнімдерді неге көре алмай келеміз?
Қазақ халқының ежелден алуан түрлі ұлттық сусындары бар. Бұған қоса сүттен дайындалатын өнімдердің түрі жүзден асады. Айран, іркіт, қымыран, шұбат, қымыз, саумал, сарысу, шалап, құрт деп жалғаса береді. Айтпағымыз, бүгінгі дамыған ХХІ ғасырда «айранымызды» жо­ғалтып отырмыз. Дүкенге кіріп, айран деген жазуды іздеп таппадым. Қолымызға «ФудМастер» компаниясының айраны емес, «кефир» деген өнімі ілікті. Қораптың екінші жағынан бұл атаудың қазақшасын кездестіре алмадық. Осыдан біраз жыл бұрын «Айран» деген жазуы бар қорапты алатынбыз. Ал қазір төл атау көзімізден бұл-бұл ұшты. Компанияның тағы бір сүт өнімі кілегей қосып ұйытылған айран «Ряженка» деп аталып жүр. Қазақша аудармасы мен баламасын табу қиын шаруа болғаны ма? Мұны мемлекеттік тілді менсінбеушілік демеске лажымыз жоқ. Заң тұрғысынан келсек, ҚР «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңының 21-бабына қайшы келіп отыр. Онда «Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағында немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс» делінген.
Елімізде өндірілетін азық-түлік тауарларының атаулары бірте-бірте жатжұрттық тілдерге ауып баратыны өкінішті. Қазақ тілінде жазылған тауар атаулары мүлдем жоқ деуден аулақпыз. Бірақ олар өте аз. Мәселен, «ФудМастер» компаниясының «Lactel», «Агропродукт» компаниясының «Мумуня», «Любимое», «Белое», «Свежее», «Наше», «RG Brands Kazakhstan» ЖШС-ның «Мое» сүт өнімдерінің атауларынан-ақ өзге елден келген өнім деп ойлап қалуыңыз ғажап емес. Ал бірақ бұл отандық өнімдер. Жылқы мен сиыр, қой етінен жасалған шұжықтардың атауы да түп-түгел орысша. Мәселен, «Докторская», «Молочная», «Московская», «Любительская», «Народная» және т.б. Әрине, мұның барлығы көпшілігіміз елемейтін, ұсақ-түйек жайттар болып көрінуі мүмкін. Алайда ол тіліміздің мәртебесіне тікелей әсерін тигізетінін мойын­дауымыз керек.
Қолымызға «RG Brands Kazakhstan» ЖШС «Tealand» филиалы өндірген «Пиа­ла Gold» кениялық қара шайын алдық. Қаптаманың жоғары жағындағы ақпаратқа бірден көзіміз түсті. «Жаңа қонақжай ұтып ал» делінген. Орысшасы «Выиграй новую гостиную». Берілген ақпар бойынша қонақжай ұтып ал деп нені меңзеп тұрғанын ұғу қиын болды. Мүмкін, «қонақ бөлме ұтып ал» дегені ойға қонымды болар ма дедік. Онысымен қоса «Қонақжай ұтып ал» деген жарнаманың көшедегі көрнекі билбордтар мен телеарналардан да беріліп жүргеніне біраз уақыт болды.Мұнда алдымыздан бір ғана сауал шығады. Мұндай шалағай аудармаға кім жол берді, жарнама мәтіндері неге тексерілмейді? Қаптаманың тағы бір бұрышында «Шай жапырағын кесудің және өңдеудің арнайы тәсілінің арқасында қалташалардағы «Пиала Gold» жаңа демделген шайдың жұпар иісі мендәмін сыйлайды» деп жазылған. Жансыз сөйлемдер, ойыңа ешқандай дерек бермейтін құрғақ сөздер. Бұл сөйлем де орысшадан тікелей, тіпті орын тәртібі өзгертілмей аударылған қалька аударма екенін аңғару қиын емес. Байқап отырсақ, отандық өнім болса да азық-түлік тауарларындағы барлық ақпарат алдымен орысша дайындалып, содан соң ғана қазақшаға аударылатын сияқты.
Бір байқағанымыз, тауарлардағы қазақ тілі көбінесе аударма тілдің ғана қызметін атқарып тұр. Аударма болғанның өзінде көп тауарларда қазақ тіліндегі сөздер мүлдем жоқ, бірақ заң талабын орындау мақсатында шағын ғана ақпараттық жазба жапсырылған. Оның өзінде елеусіз орында. Ол жазба тауар қаптамасының бір бұрышында орналасады. Мұны да ретке келтірген жөн. Өйткені мемлекеттік тілдегі мәтін шектері қалмау керек.
«Global продукт» ЖШС-нан шыққан «Сахарная пудра» өніміне зер салсақ, біріншіден, қаптаманың маңдайшасында өнімнің орысша атауы ғана берілген. Ал қазақша мәтінінде: «Оны көркемдеу мақсаттарында, тоқаш, орама және басқа да пісірілген заттардың үстінен себуге пайдаланды. Қант ұнтағын жеміс салаттарына, салқын сусындар мен коктейльдерге қосуға болады. Қант ұнтағымен шайқалған кілегей немесе жұмыртқа белоғы сондай сүйкімді көбік шығарады» делінген. Бұл мәтінде «белогы» дегенді «ақуыз» деп өзгертсек те, «сүйкімді көбік» дегенді қалай түсінуге болады?! Сөздерді орынсыз қолдану, «жобасы келсе болды» деген оймен жаза салудың аржағында мемлекеттік тілге деген жауапсыздық қылаң береді. Қазақша мәтіннің аударма деңгейі неге өзге тілден кем болуы керек?
Тауар арқылы тілдің қолданыс аясы кеңейеді. Азық-түлік тауарларын адамдар күнделікті тұтынып, еріксіз осындай қаптамадағы жазуларды оқиды. Қазақшасы осал болса, амалсыз орысшасын қарайды. Міне, осыдан тұтынушылар да мемлекеттік тілге деген немқұрайлылық танытады. Олай болса, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің бірден бір тетігі–сауатты жарнама. Таңғаларлығы, елімізде шетелден келетін тауар өнімдерінің қазақ тіліндегі мәтініне белгілі бір жүйеде бақылау жүргізілмейтіндігі. Ресейде өндірілген «Алтайская крупа» ЖАҚ-ның «Хлопья овсяные Геркулес «Экстра» деген жармасының мәтіні де талапқа сай болмай шықты. Қаптамадағы қазақша мәтін былай: «Үлпек сулы жармасы, «Геркулес» Экстра». 100г енімнің азықтық қундылығы: ақуыздар – 12,0г, майлар – 6,0г, кемір-сулар – 51,0г, қуат құндылғы (100г): 306,0ккал/1281кДж. Қоршаған ортаның температурасы биік +23С-дан аспаған жағдайда және 70%-дан аспайтын ауаның салыстырмалы ылғалдылығында». Грамматикалық байланысы жоқ, қазақша деп айтуға келмейтін мұндай мәтінді қаптамаға қалай жапсырған деген ойдың келетіні анық. Қазір Кедендік Одаққа кіргелі елімізге сырттан келген өнімдер қатары күннен-күнге артып келеді. Ал осылардың барлығын қатаң қадағалап, мемлекеттік тілдегі мәтінді тексеріп отыратын жауапты ұйым неге жоқ?! Біздің ішкі нарық арқылы пайда тауып отырған тауар өндіруші сол елдің ішкі заңдарын, мемлекеттік тілін құрметтеуі керек емес пе?!
Сақау жарнама мен сауатсыз аударма тауар өнімдерінің қаптамаларында ғана емес, еліміздің көшелерінде, теледидар мен радиодан да кездесіп жүр. «Жарнама туралы» ҚР заңында (2003 жылғы 19 желтоқсан, №508): «Осы заңның мақсаттары жарнаманы жасау, тарату, орналастыру және пайдалану үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету, жарнама саласындағы жосықсыз бәсекеден қорғау, жөнсiз жарнаманы болғызбау және оларға тыйым салу болып табылады» делінген. Аталмыш заңымыздың 3-бабының екінші тармағында: «Жөнсiз жарнама – мазмұнына, уақытына, таратылу, орналастырылу орнына және тәсiлiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуына жол берiлген жосықсыз, дәйексiз, әдепсiз, көрiнеу, жалған және жасырын жарнама» деген нақты анықтама беріліпті. Сонымен қатар жөнсіз жарнаманың түрлері де айқын көрсетіліпті. Өкінішке орай, мемлекеттік тілде қате жазылған жарнамалар жөнсіз жарнаманың түріне жатпайды екен. Осы заңның 7-бабында «Жөнсіз жарнамаға тыйым салынады» деген тармақша бар. Дейтұрғанмен, мемлекеттік тілде қате жазылған жарнама жөнсіз жарнамаға жатпағандықтан, қалай тыйым саламыз деген сауал туындайды. Қысқасы, мемлекеттік тілде қате жазылған жарнамамен күрес жүргізу қажет. Бұл заңдарымыздың солқылдақтығын көрсетеді. Сондықтан осы мәселені оңтайлы шешу үшін Балтық елдеріндегідей, арнайы Тіл полициясын, Тіл инспекциясын құрып, заң бұзушылыққа айыппұл салынса мәселе реттелер ма еді. Сонымен қатар ҚР «Тілдер туралы» және «Жарнама туралы Заңдардың» құзыретін әлі де күшейте түскеніміз жөн. Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі сауатсыз жарнама «Жарнама туралы Заңға» сәйкес «жөнсіз жарнамаға» жатқызылуы керек.
Ел боламыз десек, жарнама тілін түзейік, жер-су, қала, елді мекен, көшелер атауларын талапқа сай етейік.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Гүлсім

    Рас айтқан. Шетелдік атаулардан жалықтық

  2. Ақерке

    Барлығымыз бірлесе тілді түземесек мазаққа айналады қазақ тілі.

  3. Батыржан

    Осы кеше ғана айран деген жазуды іздеп едім. көкейкесті тақырып. Айранымыз қайда, қазағым, ертең осылайша ешқандай сөзіміз қалмайды.

  4. Дария

    Жұрт мәңгүрт қазір. Әй,қойшы соны!-деп жүре береді. Арасында бірер зейнеткер,педагог, журналист шамданып қояды. Ол не болады, бәрі шамданбаған соң.Расында, әр сөздің орны бар. Орынды жерінде айтылған сөз шешім шығарады. Ретсіз айтылған сөздің де мылтықпен атып, қылышпен кескендей қауқары бар. Партизандар секілді үлкен-кішіден ерікті топтар өз еркімен құрылып осы іспен айналысса қанеки.Әйтпесе ақша да батпан құйрық та далада жатпайды, жуық арада қаржыландыру жоқ.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.