Тұғырға қонған батырлар

Тарихи санамыз қайта жаңғырып жатқан  бүгінгідей кезеңде Астана мен Тараз қалаларында Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде атап өтілгені ел еңсесін тіктеп, тарихи тұлғаларды тағы бір ардақтауға, құрмет көрсетуге зор мүмкіндіктер жасалуда. Солардың бірі – елі мен жерін жау шапқыншылығынан азат еткен халық батырларына арналған тұғырлы ескерткіштер екені белгілі. Ескерткіш – тарихтың шежіресі. Ол ұрпақтарға ата-бабаларының жүріп өткен жолын ұмытпауға, тарихи тұлғалардың ғұмырынан тағылым алуға үйретеді. 

Елдiң елдiгiн, халықтың бiртұтастығын танытып, әр адамның бойына қуат, жанына жалау боларлық кез ендi келгендей. Күнi кеше ғана жер шарының екiншi жартысында өткен БҰҰ-ның мәртебелi жиынында Елбасының қазақ тiлiнде сөз бастауы ұлт мерейiн өсiрiп-ақ тастады. Ал Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойын бүкiл ел болып атап өту жас ұрпақтың көкiрек көзiн ашып, халқымыздың тамыры терең тарихын тануға деген құлшынысын арттырып отыр.
Осы орайда Шымкент қаласында өткен игілікті шара жөнінде айта кетсек дейміз. Жуырда аталған қалада Тілеу мен Жолдыаяқ батырларға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Рәсімге Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков, облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержан және де осынау шараға арнайы келген зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, қала қонақтары, жастар қатысты. Қос батырдың ескерткішін Мемлекет қайраткерлері Мырза­тай ­Жолдасбе­ков, Зақаш ­Камалиденов және Сұлтан Сартаев ашты.
Салтанатты жиында Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйлеп, шараның мән-маңызына тоқталды.
– Қымбатты бауырлар! Ардақты ағайын! 2010 жылы Кәмейдулла Төлеубайұлы ақсақал маған ақтөбелiк он бес ардагердiң хатын тапсырып тұрып: «Мырзеке, Тiлеу батыр атаусыз қалып барады, ел ағасысыз ғой, осы мәселенi көтерсеңiз деген тiлекпен келiп тұрмын» деген едi. Тiлеу батыр баласы Жолдыаяқ екеуi сонша жерден, Ақтөбеден он жетi мың қолмен келiп, Сайрам соғысында ересен ерлiк көрсетедi. Сол шайқаста он жетi мың сарбаздың он бiр мыңы шейiт болып, Тiлеу батырдың өзi де, баласы Жолдыаяқ та ерлiкпен қаза табады. Тiлеу батыр баласы екеуi Түркiстанға жерленедi. Осы жайын­да «Егемен Қазақстан» газетiне «Есiмi ұрпағына ұран болған» деген мақала жария­лап, ол кiсiге ескерткiш орнатуды ұсынған едiм.Батырға ескерткiш қазанның бiрi күнi Ақтөбеде ашылды. Мiне, бүгiн баласы Жолдыаяқ екеуiне ескерткiш Шымкентте ашылып отыр. Батырдың ұрпақтарына, ылғи осындай елдiктiң, игiлiктi iстiң басында жүретiн, асылдарымыздың рухын асқақтатып, аруағына ас берiп жүрген Бекет Тұрғараев iнiмiзге алғыс айтқым келедi. Теңдесi жоқ ерлiктiң бейнесіндей бұл ескерткiш елге керек, келешек ұрпаққа керек, қазақтың ынтымақ-бiрлiгi үшiн керек. Ит арқасы қияннан, сонша жерден Тiлеу батыр Сайрамға салтанат iздеп келген жоқ, басын бәйгеге тiгiп, қазақтың қасиеттi жерiн қорғау үшiн келдi. Бұл ескерткiш – қазақтың бөлiнбейтiндiгiнiң, халқымыздың қаһармандығы мен бiрлiгiнiң куәсi, – деді.
Ескерткiштi орнатуда белсендiлiк танытқан қайраткер Бекет Тұрғараев өз сөзінде Тілеу мен Жолдыаяқ батырлардың тарихи ерліктері туралы айтып, ескерткішті орнатуға байланысты атқарылған іс-шаралардан хабардар етті.
– 1681 жылы жоңғарлардың қазақ хандығының негiзгi бекiнiстерiнiң бiрi Сайрамға жасаған шабуылын тоқтату үшiн әз Тәуке хан батыс өңiрдегi ағайындарға хабар жiберiп, көмек сұраған. Сонда Тiлеу батыр қасына iнiсi Қалдыбай мен ұлы Жолдыаяқты ертiп 17 мың сарбазымен келiп, Сайрамда үш жыл бойы жоңғарлармен соғысады. Сол шайқаста ұлы екеуi 11 мың әскерiмен бiрге опат болады. Батырдың тiрi кездегi аманатын ескерген әз Тәуке әкелi-балалы батырларды Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне қойдырады. Iлияс Жансүгiровтiң «Өз ұлын, өз ерлерiн ескермесе, Ел тегi қайдан алсын кемеңгердi» деп айтқаны бар. Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында «Шектi Тiлеу батыр» атындағы қоғамдық қорын құрып, осы ескерткiштi орнаттық. «Тұғырын ұлылар өзi қояды, ескерткiшiн халқы қояды» деп бекер айтылмаған ғой. «Ұлыларды ұлықтау – ұрпақ парызы» десек, бiз сол парызды өтеп отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы қатардағы мереке емес, тарихымызды танып-бiлуге жасалған мол мүмкiндiк, – дедi.
Әкелi-балалы батырларды арғымаққа мiнгiзiп, қолына найза ұстатып сомдаған ескерткiштiң авторы – шымкенттiк танымал мүсiншi Әбдiкерiм Ахметов. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев «Тiлеу батыр ескерткiшiн орнату – халқымыз тұтастығының осыдан 300 жыл бұрынғы үлгiсiн бүгiнгi ұрпаққа жария ету. Әбдiкерiм Ахметовтiң туындысы өте сауатты, көркем, мағыналы-маңызды етiп жасалған тамаша құндылық. Оңтүстiк өңiрi батырларын ардақтап, ескерткiш қоюымен ерекшеленедi. Шымкентке келген сайын ұлт ардақтыларын еске түсiретiн ескерткiштердi көрiп, тарихымыз түгелденгендей сезiнемiн» деп пiкiр бiлдiрдi. Ескерткіш орнатуды және ас беруде ағайынды Қаныбековтердің үлкен үлес қосқандығы айтылды.
Оқырмандардың есінде болар, 1 қазан күні Тілеу батырға арналған ескерткіш Ақтөбе қаласында да бой көтерген болатын. Сол кезде Ақтөбеге Оңтүстiк Қазақстан облысының делегациясын белгiлi заңгер, ғалым Бекет Тұрғараев пен медицина ғылымының докторы, профессор Иманәлi Байдаулетов бастап барған еді. Делегация құрамында Сайрам соғысы батырларының ұмыт қалмауы үшiн белсене қызмет етiп жүрген ленгiрлiк Құдайберген Оңғаров ақсақал, белгiлi кәсіпкер, «Әйтеке би» қоғамдық қорының басшысы Шахарбек Усманов, халық ақыны Әселхан Қалыбекова, Тiлеу батыр мүсiнiн сомдаған мүсiншi Әбдiкәрiм Ахметов және де басқа азаматтар болды. Ескерткiш басында Әселхан ақынның жасындай жыры жиналған жұртқа рух бердi.
Тамыры терең ғұндардан, сонау сақтардан,
Жаратылысың мен ерлiгiң болған
жатқа арман!
Ақырғы демi шыққанша ерлер шайқасып,
Самсоз боп жатқан Сайрамды
жаудан ап қалған.

Көз ашпай қалам апаттан,
өрттен, тасқыннан,
Тiлеулi елден тiлеусiз жұрт бар асқынған!
Бесiксiз өскен ұрпақтарыңа ей, батыр,
Сес болып тұрсын, ес болып тұрсын
тас тұлғаң!

Ерлiктi айтса, теңiздей толқып тасимын,
Ездiктi айтса, байлаған судай жасимын.
Батыста жатқан, батырлығы батпан
бауырлар,
Екi дүние есiгiнен келiп, бас идiм! – дедi ақын сол жиында.
Содан соң шымкенттiктер Ақтөбе облысындағы «Тiлеу батыр» қоғамдық қорына батырдың бейнесi салынған түктi кiлемдi сыйға тартқан болатын. Енді, міне, игілікті шара Шымкент қаласында жалғасын тауып, шаһардың көрікті жеріне Тілеу батыр мен Жолдыаяқ батырларға арналған еңселі ескерткіш орнатылып отыр. Iс-шара соңынан ел қорғаған батырлар рухына арнап ас берiлiп, құран бағышталды.

Суханберді Оразалұлы

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.