Өлшемнің де өз сыры бар

Орыс журналистерінде біздің мамандықты дәл сипаттаған бір сөз бар. «Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» деген. Қазақтың жалпақ тілінде «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дейді. Тура осындай болды.
Еңбек демалысында Алматыға бардым. Пойызда жолаушылар аз. Сабақ басталған. Жүріс-тұрыс шамалы. Жол қысқарту үшін бір вагонда келе жатқан томаға-тұйықтау азаматпен таныстым. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген қазақпыз. Тез шүйіркелесіп кеттік.

Ол – Шудан, мен – ­Қарқара­лыдан.
– Бәлі, Мәди атамның арқасында оқуға түстім ғой, – деп сала берді сапарласым жадырап.
Оқуға емтихан тапсырғанда Әлжаппар Әбішевтің «Найзағай» романы бойынша еркін тақырыпта шығарма жазып, бес алып, маң­дайы жарқырапты. Мәдидің «Қар­қа­ралысын», «Шіркін-айын» жатқа айтып, бүкіл өмірін сайратып берді. Филолог, тарихшы, ұстаз екен деп топшыладым. Қателесіппін.
– Аға, теміржолшымын, он жылға жуық машинист болдым. Ол кезде айлығым 350 сом. «Машинист болсын байың, үндіден болсын шайың» дейтін ел. Қатардағы жолшыдан еңбек жолымды бастаған едім, – дегенде аң­тарылдым.
Журналист болған соң Доғ­дырбектің (ныспысы солай) әңгімесі қызықтырды. Ананы-мынаны сұрап, әсіресе, өзім көп біле бермейтін теміржол жағын қаузап, суыртпақтап сырын алып қалмақпын. Қарсы сұрақ қойғаны.
– Осы теміржолда ең бастысы не? – деді.
Ойланбастан «локомотив» дедім.
– Жоқ, әуелі рельс, содан кейін 1520 миллиметр, – деді сапарласым.
Рельсін ұқтым, миллиметріне келгенде, ойландырып тастады. Сұрасам, қос рельстің арасы 1520 миллиметр екен. Плюс 4, минус 2-ге ғана рұқсат дейді. Бұдан ауытқыса, пойыз рельстен тайып, опат боласың. Осы күні аузы бардың бәрі Сталинді қаралайды. Ол кісінің діни семинария­дан басқа білімі жоқ. Солай бола тұра ол КСРО-ның бүкіл теміржолында­ғы қос рельстің арасын осы өлшем­де бекіткен. Еуропаның, Американың, тіпті Қытайдың теміржолының стандартына келмейді. Неге? КСРО-ның теміржолымен жүре алмайды. Рельстерінің арасы келмейді. Екінші дүниежүзілік соғыста фашистер осыдан көп қиындық көріпті.
Әңгімеміз жарасты. Ағып келе жатқан пойыздағы біз мінген вагонның қай доңғалағының майы азайғанын, қайсысының тозғанын тамыршыдай тап басып, айтып берді. Ол бұдан да әрі кетті. КСРО тұсында Қазақстанда теміржол министрлігі болмаған. Алматы, Тың, Батыс теміржолдары деген құрылымдар болған. Сол Алматы теміржолын көп жыл басқарған Амангелді ­Омаров деген ағамыз бертінде Алматыдан Астанаға жолаушылайды. Еңбегі сіңген теміржолшылар тегін жүреді екен. Амангелді ағамыз ең соңғы вагонға әдейі билет сатып алып, Астанаға барады. Ертеңіне теміржолға жауапты министрімізге кіреді.
– Бауырым-ау, пойызбен жүр­мейтін болыпсыңдар ғой. Вагондарың шайқалып, шай іше алмадым, – деп шығып жүре беріпті.
Осы әңгіменің тоқетері неде? Домбыраның қос ішегі мен рельс­те. Жалпы көк түрік ойлап тапқан домбыраға қараңыз, пернелері – шпал, ішегі – рельс тәріздес. Тиектегі ішек тұратын қос ойықтың арасы – 15 миллиметр. Осыдан ауытқыса, домбыраңыз мыңқылдайды, тың­қылдайды. Күмбірлемейді.
Бұл күнде осыны білетін бала бар ма? Балаңыз не, үлкеніңіз де ден қоя білмейді-ау…

Мағауия СЕМБАЙ

ҚАРАҒАНДЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.