Қазақ қиялының қыраны

Қазақ қиялтану жанры мен әдебиет­тану, яғни фантастика тану салаларында өзінің көркем туындылары және ерен зерттеулерімен жұртшылыққа мәлім Абдул-Хамит Мархабаевтың бұл өмірден өткеніне бір жыл да жылжып өте шығыпты-ау.
Хамаң 1938 жылы 17 сәуірде айдынды Арал теңізінің Көкарал аралында қоныс тепкен Ауан ауылында дүниеге келген. Әкесі Файзулла Жұбанышбай ауыл наубайшысы болса, анасы Сәби Сұлтанқызы соғысқа дейін үй шаруасымен айналысса, күйеуі майданға аттанғанда ауыл наубайшысы болып қала берген. Хамаң – Сыр сүлейі Нұртуғанның жиені.
Абдул-Хамит Мархабаев 1956 жылы Арал қаласындағы №13 қа­­зақ орта мектебін ойдағыдай бітіріп, еңбек жолын мектептегі пио­­нерлердің аға жетекшісі болудан бастайды.

1959-1964 жылдары Қазақ мем­лекеттік университетінің филология факультетінде (журналистика бө­лімшесі) дәріс алып, 1964-1967 жылдары республикалық «Білім және еңбек» ғылыми-көпшілік журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қыз­меттерін атқарады. 1967 жылдың қазан айында аталған университеттің журналис­тика факультетінің қазақ журналистикасы кафедрасында алдымен ассистент, бертін келе оқытушы, доцент болды. Ол дәріс беруден қол үзбей жүріп, 1975-1980 жылдары республикалық «Білім және еңбек» ғылыми-көпшілік журналының бас редакторы қызметін атқарады. 1973 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Өзі қиялгер-жазушы болған­дықтан қазақ фантастикасына да, әдебиетіне де айрықша көңіл бөліп, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен өнерін де өгейсіткен жоқ. Менің осынау пайымдарыма сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы, жазушы, марқұм Сейдахмет Бердіқұловтың айтқан мына бір сөзі айқын айғақ болса керек.
– Абдул-Хамит «Білім және еңбек» журналын өзің қолға алғалы оқырман назарын қатты аудардың. Сенің журналың халықтың тыныс- тіршілігін жан-жақты қамтитын кең ауқымды, зиялылар ордасының журналы болды. Ғылымның барлық саласын қамтып келесің. Сол тәрізді техника мен ғылым журналы бола тұра, әдебиет пен қазақ тарихын ақсатпай алып та келесің. Осы шабысыңнан шаршамай, қарқыныңнан қайтпай өрге ұмтыл. Менің айтпағым, редактордың редакторы болады. Мына сен – нағыз редактордың өзісің.
Хамағаңнан бес жас үлкендігі бар Сәкеңнің осынау жүрекжарды пікірін айтуы тектен-тек емес. Айтса айтқандай, Хамаң – білімді де білікті, ізденімпаз, «Тура биде туған жоқ» деп дана қазағымыз айтқандай ақ жолдан адаспай жүретін текті тұлға еді.
Ол әлдекімдер тәрізді жылпос­тық­тан, атақ пен даңқ құмарлықтан бойын аулақ ұстайтын тумысы бөлек жан болды. Содан болар оның өр кеудесінде орден-медальдар емес, қазақ халқының кешегісі мен бүгінгісі, ертеңі ел-халықтың ақ алғысы мен текті тұлғалардың ақ тілектері тұнып тұрды.
«Ғарыштағы қымыз» атты Абдул-Хамит Мархабаевтың осы тұңғыш туындысы қиялгер қауымды елең еткізді. Осыдан бастап Хамағаң әдебиеттанудың тағы бір тыңы – фантастикатанудың туын қазақ әдебиетінде көтерген тұңғыш тұлға болды. Бертін келе қиялгер қаламгердің «Арал әуендері», «Балалардың аман қалғанын айт», «Жарылқаушы», «Тосын ғарышқа хат», «Шаян планетасы», «Сен кінәлісің», «СП соқты!» атты қиял-ғажайып және детек­­тивті-криминалды оқиғаларға қанық көркем дүниелері оқырман қауым жүрегінен орын алды.
…Хамаңның кезіндегі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысымен тікелей сөйлесетін қызыл телефон безек қағып қоя берсін. Телефон тұтқасын көтерді.
– Жақында Мәскеуде «Молодая гвардия» баспасы ұйымдастырған Одақ аумағындағы қиялгер-жазу­шылардың кеңестік мәжілісі өтеді. Қазақ фантас­тикасының бүгінгі хал-ахуалы жайлы баяндама жасауыңыз керек.
…Мәскеудегі КСРО Жазушылар ода­ғының Әдебиетшілер үйінің мәжіліс залы жазушылар мен әдебиет зерттеушілеріне, сыншыларға лық толыпты. Кеңес Одағынан жиналған қиялгер-жазушылар ғана емес, шетелдерден келген қиялгерлер де баршылық екен. «Қазақ әдебиетінің фантастикалық жанрының хал-ахуалы жайында жазушы, ғалым Абдул-Хамит Мархабаевқа сөз беріледі» деген хабарламадан соң Хамағаң мінбеге көтерілген.
Ол баяндамасын байыппен бас­тап, асықпай, аптықпай қазақ қиялы жайлы бүге-шүгесіз баян етеді. Қазақ халқының бай ауыз әдебиетінің таңғажайып аңыз ер­тегілерінен бастау алған бүгінгі қазақ фантастикасының жағ­дайына жан-жақты тоқталып, тың­даушыларын баурап-ақ алады. Хамаң баяндама барысында орыс қиялгерлері А.Толстойдың, А.Беляевтің, А.Казанцевтің фан­тас­тика­лық шығарма­лары мен әлем­дік фантастика үлгілерін жасаған Р.Шеклидің, А.Азимовтың, Р.Бред­беридің салған жолы қай­та­лан­бас мектеп екенін де ашық айтты.
Осы сапарында Хамаң әлемге әйгілі қиялгер Александр Казанцевпен бетпе-бет дидарласып, ашық әңгімелеседі.
– Мен – қазақстандықпын, туған жерім – Ақмола, – деп әң­гіме­сін бастаған А.Казанцев А.Марха­баев­тың баяндамасына өте жоғары баға береді.
Әңгіме енді қыза түскенде жандарына ағылшын қиялгері Герберт Уэлстің туындыларын зерттеуші Юлий Кагарлицкий келмес пе?
Ол:
– Хамит мырза, мәжіліс аяқта­лысымен біздің үйге келесіз. Мен сізді есік алдында күтемін,– деді де профессор мырза залға беттеді.
Ал А.Казаньцев болса:
– Сіз бақытты жансыз. Профессор мәс­кеулік қиялгерлерді үйіне шақырмақ түгілі сөйлеспейді де, – деп Хамаңның иығынан қағып-қағып қойды.
Хамаң осы сапарында Мәскеулік қиял­герлер Юрий Медведевпен де етене та­нысып, ерекше жақын тартты. Өйткені Юрий­дің өзі Алматы облысының Шарын ауы­лында дүниеге келген. Хамаңның жер­лесі әрі әріптесі. Осы кездесуде Хамаң Юрий Медведевке «Шоқ жұлдыз» атты фантастикалық повесін берген болатын. Юрий оны орыс тілінде жарыққа шығарды.
Хамаңның қияли шығармалары­мен Ресей, Украина, Молдава елде­ріндегі қиялсүйер қауымдар да етене таныс. Орыс фантасти­касының классигі А.Беляев­тің «Фантаст-жазушы-квадрат дәрежесіндегі жазушы деген пайымдауды А.Мархабаевтың мысалынан да аударуға болар» деген пікірін айтсақ, артықшылық етпес. Хамағаң әлемдік фантастикалық жауһарлар шығармалармен қазақ оқыр­мандарын таныстыруда да тәржімеші ретінде де ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосты. Осының айна-қатесіз бір айғағы орыс фантастикасында өзіндік орны бар В.Михановскийдің қазақша сөйлеген романы – «Шек­сіздікке шеру» («Шаги в бесконечности»). Сол сияқты америка фантастикасының маңдай алды он алты қиялгерінің басын біріктірген жинақ – «Фантастикалық Америка Әф-санасы» да Хамаңның ұтымды дүниесі.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, Абдул-Хамит Мархабаев – қазақ әдебие­тіндегі фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеуші тұңғыш ғалым. Ол 1971 жылы «Қазақ фантастикасының қалыптасу жолдары мен даму тенденция­лары» тақырыбында филилогия ғылы­мының канди­даттығын қорғаса, 2006 жылы «Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы» тақырыбында фило­логия ғылымының докторы диссертация­сын қорғады. Зерт­теуші мәртебесінде «Қолыңды әкел, келешек», «Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және…», «Қазақ фантастикалық әдебиеті», «Қиялгер қисындары – 1», «Қисынды қазақ қиялы» атты көлемді монография­лары бар. Әдіскер-ұстаз ретінде Хамаңның қарымды қаламынан оқулық кітаптар дүниеге келіп, жоғары оқу орындарының студенттері тұшымды дәріс алуда.
…Жетпіс бес жасқа толар шағын­да ұлағатты ұстазыммен ашық әңгімелес­кенім бар. Сонда Хамаңның айтқаны:
– Фантастика жөніндегі материалдарды осыдан тұп-тура жарты ғасыр, яғни 50 жыл бұрын жинай бастаппын. 1958 жылғы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналындағы Ақжан Машановтың «Қисынды қиял да-әдеби жанр» мақаласы әлі қолымда.Одан соң мен үшін ерекше қымбат жазушы Виктор Шкловскийдің ертеректе айтқан: «Қиял баспалдағы жарға апарып тірейді» деген байламы құлақ түбімде әлі күнге дейін күмбір қағумен келеді. Содан болар жетпіс бес жастың желкесіне мінсем де осы бір қияли жолдан адаспай келемін.
Әттеген-ай, өмір деген осы, біреуге ерте, біреуге кеш. Қазақ қия­лы­ның қыраны өмірден кетсе де артында өзі айтқандай өлмес мұра, өшпес із қалдырды. Біз осыған тәуба дейміз.

Еркін ӘБІЛ,
журналист-жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.