Сайлау және рәсім-жоралғылар

Хан сайлау – Қазақ мемлекетінде қалыптасқан ең жоғары билік иесін, ел басшысын сайлаудың рәсімі мен жөн-жоралғысы. Қазақ қоғамында хандық билік тек Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханнан тараған ұрпақтарына ғана тиесілі болды. Себебі ел арасында сан ғасырлық іс-тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қасиеттері арқылы үлкен бедел жинаған сұлтандар, яғни төре тұқымы хан болуға лайық деп есептелінді. Төре тұқымы хан тұқымы деп те аталынды. Әрісі Шыңғыс хан заманында, берісі Қазақ хандығы һәм Қазақ хандықтары (келте хандар) дәуірлерінде «осындай жеке әулеттен хан сайлау ел бірлігі үшін аса маңызды рәсім болды. Осының нәтижесінде хан сайлау – ру таласынан тысқары, барлық ұлыс үшін тең дағуадағы ортақ игілікке айналды» (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 10-том, 152 б.).

Қазақ мемлекетіндегі хан сайлау үрдісі көшпенділер қоғамы үшін тек ұлы саяси оқиға ғана емес, сонымен қатар үлкен этномәдени қоғамдық құбылыс болып саналған. Бұл жағдайда ел басқару және билік жүйесіне қатысты лексика этнографиялық түсініктермен астасып жатады. Мысалы, хан сайлау үшін қазақ дәстүрімен бүкіл елге сауын айтылатын болған (Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы: Қазақстан, 1995. – 108 б.).
Тарихи деректер хан сайлау өте күрделі үрдіс болғандығын айғақтайды. Мұндайда төре тұқымдары ғана емес, ең алдымен, әйгілі рубасылар, даңқты батырлар, беделді ақылгөй ақсақалдар (игі жақсылар) әртүрлі руаралық, жүздік, жүзаралық жиын, кеңес, мәжіліс сияқты ұйымдық шаралар өткізіп, ел-жұрттың ортақ көңілінен шығатын тұлғаны (сұлтанды) және хан сайлауы өтетін орын мен уақытты белгіледі. Сөйтіп, белгіленген орынға бүкіл ел-жұрттың игі жақсылары бас қосып, құрылтайдың алдында мәселені тағы да пысықтап алды. Мұндайда өз ішінде қызу талқыға кіріскен топтардың арасында хандыққа таңдалған сұлтан хақында жөн сұрасу үрдісі жүреді. Бұл үрдіс таңдалған сұлтанға түпкілікті тоқтау үшін жүргізіліп, оны сөз салу деп атайды. Осылайша өзара ақылдасқаннан кейін құрылтай ашық деп жарияланады. Құрылтайды беделді сұлтан немесе үш жүздің ноқта ағасы атанған ру-тайпаның әйгілі би ашады. Одан соң игі жақсылар хандыққа лайық деп есептелінген сұлтанның ата-тегінен бастап, бүкіл өмірбаянын, бойындағы кісілік қасиеттерін барынша таратып айтады. Сөйтіп, игі жақсылар өздерінің және бүкіл ел-жұрттың атынан сұлтанды хан деп жариялайды.
Сонымен қатар сан алуан фоль­к­лорлық деректер бойынша, хандыққа үміткер сұлтанға игі жақсылар тарапынан ата-баба жолынан еш ауыт­қымаудың, яғни ел-жұрттың бірлігін сақтап, тәуелсіздігін қорғаудың, берекесін сақтаудың қажеттілігі де баса айтылады. Хан сайлау үрдісі әдетте, хан көтеру рәсіміне ұласып отырады (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. 5-том. – Алматы, РПК «Слон», 2013. – 629-б.).
Хан көтеру – хан сайлау үрдісінде атқарылатын тарихи ғұрыптық мәні бар рәсім. Хан көтеру рәсімі мынадай тәртіппен атқарылады: құрылтайға жиналған дүйім жұрттың алдында хан деп жариялаған сұлтанды тығыз әрі қалың басылған ақ киіздің үстіне (кейбір деректерде төрт қабат ақ киізге) отырғызып, алдын ала белгіленген ең беделді сұлтандар, рубасылары, билер мен батырлар киіздің шетінен ұстап үш рет көтереді. Әр көтерген сайын, «Хан! Хан! Хан!» деп жар салады. Одан әрі хан отырған ақ киіз жерге тиер-тиместен қалған жұртшылық оны көтеріп әкетіп, құрылтайға жиналғандарды аралап өтеді. Бұл рәсім халықтың тілінде ақ киізге салып, хан көтеру тіркесі арқылы кең жайылған. Хан көтеру рәсімінен кейін, хан талапай жосыны жалғасады.
Хан талапай – қазақ қоғамында ақ киізге салып хан көтеру үрдісінен кейін рубасылар, ақсақалдар, сұлтандар мен батырлардың ханның сыртқы киімін ұсақтап бөліп алу дәстүрі. Бұл жосын жаңа ханның және ел-жұртқа жақындығын аңғартса керек. Зерттеушілердің дені еңбектерінде ханның сыртқы киімі де, оның отырған ақ киізі де хан талапайға түсті деп көрсетеді. Алайда Шоқан Уәлихановтың өзінің атасы Абылай хан туралы жазған мақаласына сүйенер болсақ, Абылайды Түркістан қаласында 1771 жылы ақ киізге салып, хан көтергенде, ақ киіз емес, ханның киімдері хан талапайға түскен. Хан киімін тәбәрік ретінде ұсақтап бөліп алатын хан талапай жосыны халық арасында «ханның сарқыты» деп те аталады.
Сондай-ақ хан талапай жосынымен қатар, өзара себеп-салдарлық байланысы бар бірнеше рәсімдер де орындалған. Олар:
– жаңа сайланған хан боз биенің сүтіне шомылдырылуы;
– одан соң ханға жаңа салтанатты киім кигізілуі;
– исламның хандық билік жүйесіне орныққан іс-тәжірибесіне сәйкес, ханның Алла Тағаладан қолдау сұрау мақсатында құтпа рәсімінің атқарылуы;
– соңынан ханның таққа отыр­ғызылуы.
Демек, бұл жосын-рәсімдер жаңа ханның және оның қол астындағы ел-жұрттың ескіліктен қол үзуді символдық іс-әрекеттер болып табылады (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. 5-том. – Алматы, РПК «Слон», 2013. – 630-631 бб.).

Гүлсінай ИСАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.