Талант несімен «таңырқатты»…

«Хабар» телеарнасының «Орталық хабар» бағдарламасын тамашалап отырмыз. Бағдарлама қазақ тілінде.
Мына бір көрініс ойландырып тастады.
Ортаға әнші, жақында ғана Ресейде өткен «Новая волна» байқауында екінші орынды иемденген Динара Қайырова «Әдемі» шақырылды. Ал енді «Не нәрсе ойландырды?» дейсіз ғой. Ойландырған жайт – тележүргізушінің қазақша сауалдарына әнші қыздың – қазақ қызының орысша жауап қайтаратындығы.

Ең болмаса арасында бір-екі ауыз өз тілімізде сөз естірміз дегенбіз. Өкінішке орай, бұл үмітіміз ақталмады. Берілген жауап басынан аяғына дейін орыс тілінде болды. «Апырма-ай, шынымен-ақ қазақша білмейтін болғаны ма?» деп теледидар сыртында отырған өзіміз қараптан-қарап қысылдық.
Сөз жоқ, әншінің таланты, жеңісі сүйсіндіреді. Шетелде өткен дүбірлі додада қазақ әншісінің жүлделі орындардың бірінен көрінуі үлкен мақтаныш. Ел мерейі. «Новая волна» – танымал ән байқауы. Бұған дейін де біздің бірқатар әншілер осы байқауға қатысқан. Алайда олар Динара секілді биіктен көріне алмады. Олай болса Динараның жеңісі – бөркімізді аспанға атып тойлайтын-ақ толағай табыс.
Айтайын дегеніміз – басқа. «Қазақша сауалға неге қазақша жауап қайтарылмайды?» дегендік қой біздікі. Өзге ұлттың өкілі болса өкпе болмас еді. Өз қызымыз болғаннан кейін тілге тиек етіп жатқан жай бұл. Екі қазақтың бірі ана тілінде, екіншісі өзге тілде сөйлеп, екеуара қазақша әңгіме-дүкен құрай алмай жатса мұны күйініш демей, не дейміз…
Өткен жылы бұл байқаудан бәсі еш кем емес «Turkvіzyon – 2014» ән додасы өткен. Оған ­Жанар Дұғалова қатысып, бас жүлде алып, зор қуанышқа кенелтті. Осыдан кейін Жанарды теледидардан жиі кездестірдік. Бір қуанарлығы, Жанардың орысшасымен қатар қазақшасы да кем түсіп жатқан жоқ, қайта артық па деп қалдық. Яғни қазақ қызы деген атқа әбден лайық.
Кешегі уақытта тағы бір әншіміз, орысша көбірек ән салатын Мақпал Исабекованың «қазақшасы қалай екен» деген дүдәмал ойдың жетегінде жүргенбіз. Бекер алаңдаған екенбіз. Күдік бұлтын теледидарда қазақша берген сұхбаттарымен-ақ сейілтті. Жақында ғана «Бенефис шоу» бағдарламасының қонағы болды. Сонда Мақпалдың жай сөйлеп қана қоймай, қазақша мақалдатып-мәтелдетіп кететін өнері барына қанықтық.
Біз бұл мәселені неліктен көтеріп отырмыз? Себебі кейінгі уақытта қазақтың сауалына қазақтың орысша жауап қайтаруы секілді көңілге кірбің түсірген көріністер жиі қайталануда. Осыған етіміз үйреніп бара жатқандай. Шегі болар десек, қайта өршіп бара ма, қалай?.. Мұнда тұрған кемшілік, өрескелдік жоқтай сезінеміз. Қысылмаймыз да, қымсынбаймыз да. Тіпті, кешірім сұрауды да ұмыттық. Бұл жақсы емес, әрине. Мұндайға тосқауыл қойылуы тиіс. Мұның өзі тіліміздің қолданыс аясының тарылуына әкеліп соға­тын кесел. Бұл мәселенің бергі жағы. Екіншісіне келетін болсақ, орыстілді ақылды, талантты қыздарымыздың дәстүрге берік қазақ жігіттерімен әңгімелері жараса қоймайтыны бесенеден белгілі. Себебі оларға қазақшадан гөрі орысша қарым-қатынас жасаған ыңғайлырақ. Мұндай қыздарға орыстілді жігіттер үйірсек келетіні даусыз. Көңілді алаңдататын бір себеп осы.
Өзге жұрт мына сөзімізді естісе «Бұларға не болған?» деп күлетін шығар. Күлсе қайтеміз… Санаға әсер еткенше айтап беруге тиістіміз: қазақ пен қазақ қазақша сөйлесін!

Нұрперзент ДОМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Оқырман

    Жас қызға не кінә, тәрбиесі солай шығар, әңгіме «Хабар» арнасының басшылары осындай саясат ұстанғандығында, тіпті, мүмкін, жоғарыдан осындай тапсырма алып отырғандығында болар. «Ақша тапсам, атағым шақса болды,қазақ тіліне түкіргенім бар ма» — деген сыңай танытатындарды қазақша хабарларға жолатпаудың орнына Есентаева сияқтыларды төбесіне көтеріп отырған арна басшыларында ұлттық намыс, ана тілге деген жанашырлық бар деу ақылға сыймайды.

  2. Дария

    Қисынсыз ғой. Құдды бір Хабардың басшылары өзге ұлт өкілдері секілді.Басшыдан жоғары басшыларын айтам.Немене сонда соны біліп алып тіл-тіл деп, ұйқысы мен көз майын аямаған оқымыстылар,шенділер пәледен аулақ деп жүргені ме. Абсурд сияқты.Рас,жұрт алдына шығардан бірнеше күн бұрын жұлдыздарды тәрбиелеп алу керек еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.