«Хабар» біз үшін ерекше ыстық

Елімізге белгілі «Хабар» агенттігі осы айда 20 жылдығын атап өтті. 1995 жылы құрылған агенттіктің құрамында «Хабар», спутниктік «Kazakh TV», тәулік бойы жұмыс істейтін ақпараттық «24 KZ», мәдени-ағартушылық бағыттағы «Білім және Мәдениет» арналары бар. Агенттік құрамына енетін арналар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар таратады.
Қазақстанның медиа саласындағы «мен» деген талай мықты журналист тап осы «Хабар­дың» қазанынан қайнап шыққан. Олар осы арнада шыңдалды, көзге түсті. «Хабар» агент­тігін­де қызмет еткен талай журналистің есімі қазақ телевизиясының тарихына жазылды. Бүгінде олар «Хабар» телеарнасында өткізген жылдарын ыстық сезіммен еске алады.06

Тілеуқабыл МЫҢЖАСАР:
– «Хабар» мен үшін ерекше ыстық. Алматы облысында меншікті тілші болып жүргеніме 17 жылдан асты. Осы жылдардың ішінде өңірде мен бармаған жер, баспаған тау жоқ десем болады. Қаншама халықпен араласып, небір тамаша жандармен кездесіп, олардың өмірі, тіршілігі жайлы талай бағдарлама әзірледім. Бүгінде Алматы облысының халқы мені «Хабар аға» деп атайды. Осы 20 жылдың ішінде әртүрлі тақырыпта 5 мыңнан астам репортаждар дайындаған екенмін. Бұл аз емес.

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ:
– Арнамыздың тарихына үңілу арқылы өзіміздің тәуелсіздігіміздің тарихына, өзіміздің тұлғатанудағы, елтанудағы пайым-парасатымызға үңілудің қанша­лықты қажетті екендігін сезінетін сияқтымын. Жалпы қазақстандық телевизияда «Хабардың» ерекше орны бар екенін айқындайтын бірнеше дәлелдемелерді келтіруге болады. Біріншіден, «Хабар» – әлемде қалыптасқан ақпарат тарататын агенттіктің жүйесін Қазақстанда тұңғыш енгізген арна. Екіншіден, «Хабар» мамандар тәрбиелеуде өзіндік принципі бар және ұрпақ сабақтастығын жалғастырған агенттік. Сонымен қатар Қазақ­станда әлемдік журналистер мен саясаткерлердің басын қосып, «Еуразия Медиа форумын» өткізуді қолға алған болатын. Осы арқылы халықаралық деңгейде еліміздің атын шығаруға бірден бір септігін тигізгені рас.

Ләззат ТАНЫСБАЙ:
– Әртүрлі аймақтардан тұрақты көрермендеріміз редакцияға қоңырау шалатын. Хабарласып, өз пікірлерін айтатын. Өйткені көп дүниені алғаш қолға алдық. Мәселен, тікелей хабар жүргізуді айтуға болады. Әлі есімде Қазақстанға, тіпті біздің Азия аймағына Рим ІІ Папасы Иоган Павелдің тұңғыш рет келуі айтулы тарихи оқиға болды. Бүгінгідей технология, техниканың дамыған заманы емес, ол кезде дәл қазіргідей мүмкіндік жоқ, соған қарамастан тікелей трансляциялар жасадық. Мен өз басым қатты қиналдым. Өйткені тікелей эфирде отырдым. Екі тілде комментарий жасау міндеттелді. Сол кезде де үлкен бір сынақтан өттік десе болады.

Қайнар ОЛЖАЙ:
– «Хабар» – ақпарат кеңістігінде орны ерекше агенттік. Сансыз саяси оқиғалардың барлығының ортасында «Хабар» жүреді. Президент пен Парламент сайлаулары кездерінде теледебаттар ұйымдастырғанымыз есімізде. Олардың көбі әлемдегі талаптарға сәйкес тікелей эфирде өтті. Түркістан қаласының 1500 жылдық тойынан да тікелей эфирде репортаж бердік. Талғат Мұсабаев ұшқан кезде біз «Хабардың» студиясында отырып, ғарышпен алғашқы тікелей байланысқа шықтық. Нұрлан Өнербаев екеуіне Абайдың «Көзімнің қарасын» айтқыздық. Бірі жерде тұрып, бірі көкте тұрып шырқады. Бұл ғажайып, ғаламат оқиғалардың бірі десе болады.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ:
– Менің ойымша, «Хабар» агенттігінің құрылуы қазақ журналис­ти­касын, қазақ телевизиясын жаңа белеске көтерген инновация болды. Өйткені технология, менеджмент, техниканы, содан кейін журналистердің жұмысына қолайлы жағдай жасауды былай қойғанда, орта қалыптастыру, мамандарды жинау, олардың арасындағы шығармашылық бір жақсы атмосфера қалыптастыру, жұмысқа ынталандыру осының барлығы өте жоғары деңгейде жасалды. Соның арқасында қазақ журналистикасындағы мен деген азаматтардың барлығы осы ортаның мүшесі ретінде жұмыс істеді. Өз басым сол ортаны көріп, бірге жұмыс істегенімізге, көп нәрсе үйренгенімізге оның ішінде сөз де, жазу да, журналистиканың жалпы не екендігін көріп білгенімізге өте ризамыз.

Әбдірәлі БӨЛЕБАЙ:
– 1995 жылы «Хабардан» ұсыныс түскеннен кейін сол кездері біздің Қазақ телевизиясында қалыптасқан азаматтардың барлығы бірден келісімін берді. Техниканың соңғы жетістіктері және сол уақытта мықты кәсіби шеберлігі шыңдалған журналистердің барлығы жаңа арнаның шаңырағының астына жиналды. Мүмкін содан болар атымыз дүркіреп, республикаға танымал болып шықтық. «Хабарға» менен кейін келген жастардың шеберліктерінің шыңдалуына үлкен септігім тиді. Миллиондаған көрермен «Хабарға» көз тікті. «7 күн» сараптамалық бағ­дар­ламасын, жаңалықтарды көпшілік асыға күтетін. Ал «Хабар» маған не берді дегенге келсек, менің танымалдылығым туралы айтуға болады. Маған үлкен танымалдылық берді.

Айкүміс Сексенбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.