Димекең сыйлаған жүзік.

Димекең сыйлаған жүзік.Әдебиеттің алтын ғасыры

М.Төлебаев көшесіндегі Димекең үйінің төменгі жағындағы мұражайға келушілер толастамайды. Өйткені Қонаев мұражайы он шақты жылдан бері жұмыс істеп тұр. Алматыда қазір жұрт мешітке көп келеді. Содан соң тағзымшыл, ізгі жүректі, иманды жандар Дінмұхаммед Қонаевтың рухын лаулатып тұрған орында жиі бас қосады. Бірде Атырау, Маңғыстау жақтан бұрыңғы партия ардагерлері келіп, мұрағаттармен танысты. Солардың ішінде біреуі: «Димекеңнің халқына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман болды. Димекең кезінде Маңғыстау облысы ашылды. Ал Атырау мұнайы Отан байлығы еді. Атыраулық ақын қыз Фаризаның Алматыға келуіне Димекең жол ашты. Кейін ақын бір мерейтойына шақыруға барғанда Димекең қолына жүзік салып еді. Бар қазаққа қамқор болған кемеңгер қазір әулиеге айналып кетті» – деп біраз әңгіме айтты.
Димекең ақын-жазушыларды аса құрметтеді. Өйткені «әдебиеттің алтын ғасыры» Димекең кезінде дәуірледі. Қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кітаптары мол таралыммен шығып жатты. Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлықтың лауреаты болып, Ғабит Мүсірепов Еңбек Ері атағын алды. Классиктердің кітаптары көптеген әлем тілдеріне аударылды. Әдебиеттің бейбітшілік сақтаудағы рухани қуатына байланысты Алматыда халықаралық мәслихат өтті. Олжастың аты шулы «Аз и Я» кітабы одақты дүркіретті.

«Лениншіл жастың» атыраулық тілшісі

Алпысыншы жылдары қазіргі «Жас Алаш», бұрынғы «Лениншіл жас» талантты, дарынды қаламгерлердің шығармалары, очерктері күн құрғатпай жарияланып жататын таралымы өте көп, оқырмандарында шек жоқ басылым еді. Алтайдан Оралхан Бөкеев, Атыраудан Фариза Оңғарсынова, Арқадан Ақселеу Сейдімбеков сияқты тегеуірінді журналист-жазушылар сол дәуірдің тыныс-тіршілігін дөп басып жазатын. Әсіресе, ақын қыз Фаризаның мақалалары газет бетінде ерекшеленіп тұратын.
Ақын-жазушыларға бір табан жақын, өзі де студент кезінде өлең жазып, әдеби шығармаларды уақыт тауып оқитын Димекең жастар басылымындағы журналист қаламгерлерді сырттарынан жақсы білетін. Бірде Димекең Орталық Комитеттің идеология хатшысынан «Одақтық басылымдарда әйел журналистер бұрқыратып жазып жатады. Әйел редакторлар бар. Бізде қыздардан шыққан қарымды қаламгерлер бар ма?» деп сұрайды. «Атырауда Фариза Оңғарсынова деген журналистің очерктері мен мақалалары жастар газетінде жиі жарық көреді. Қаламы жүйрік қыз бала өзі ақын» дейді хатшы.
Алматыға келуіне Димекең түрткі болған тілші әр ақын Фариза қыз Алатау аясындағы Астанада қызметі өсіп, шығармашылығы шарықтап тез танылды. Димекеңнің қолдауы бойынша «Пионер» журналына редактор болды.

Мерейтой немесе «көзіңдей көріп жүр»

Алғаш қабылдауында болып, кейін жиналыстарда көріп, кездесіп-жүздесіп жүрген ақын Димекеңді кемеңгер басшы ретінде құрметтеді. Өйткені шапағаты тиді. Құдайға шүкір жаман болған жоқ. Поэзияда әйел махаббаты тақырыбын Фаризадан артық жырлаған ақын жоқ. Кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп жатты. «Фариза феномені» қалыптасты. Ақынның поэзия әлемі тұңғиық тереңіне тартады.
Ақын 50-ге толғанда Қонаевты дұшпандары табалап, достары сатып кеткен кез еді. Басшы қызметтегілер Димекең атын айтудан үрейленетін. Димекеңді жөн-жосықсыз қаралап, Арасан моншасын салдырды деп кінәлап жатқан тұс болатын. Ер басына екі талай күн туған кезде батыл Фариза ақын, белгілі басылымның бас редакторы «Қарыз бен парыз» хабарында Димекеңнің елге сіңірген еңбегін батыл айтып, бұрынғы басшыны жақтап сөз сөйледі. Ақынды хабарға марқұм Сағат Әшімбаев шақырған болатын.
Ақын мерейтойына байланысты Димекең үйіне келудің жолын тауып, күзет адамдарынан рұқсат алып, аулаға кіріп есік ашқанда Димекеңнің әйелі Зухра қарсы алды. Фаризаны көргенде неге екені белгісіз көзіне жас алып жылады. Өйткені Зухра ханым сырқат еді. Оның үстіне Димекеңді жөнсіз қаралау мен табалау зайыбының да жанын жаралаған болатын.
Димекең Фаризаны жанына отырғызып, алдымен келгеніне рахметін айтты. Біраз отырған соң Фариза «Димаш аға, менің елу жылдық мерейтойым өтейін деп жатыр. Өзіңіз тойға келіп, төрде отырыңыз» деп тойына шақырды. «Фариза тойыңа шақырғаныңа ризамын. Бірақ бұл өзіңе таяқ болып тиеді. Кесірім тимеу үшін мен тойыңа бара алмаймын. Мені тойда болды деп есепте, қарағым» деді. Факең «Таяқ жесем жейін, мейлі қызметінен алып тастасын. Сізді құрметтемесем кім болғаным? Той жақын, Димеке» деді. Бір сәт Димекең үнсіз қалды. Ақын «Зияным тимесін, мұны білгейсің» деп қабағынан білдіріп отырған Димекеңді түсінді. Біраздан кейін қоштасуға тура келді. Димекең орнынан тұрып, «Зухра?» деп еді. Зухра қобдишасынан бір жүзік алып Фаризаға «Мынау сенің тойыңның сыйлығы болсын. Ағаңның көзіндей көріп жүр» деп бір әдемі жүзікті ақынның саусағына салды. Ақын кетерінде жеңіл тамақ пен шай ішті. Димекең «Зухра, ет болмай қалды ғой» деді. «Оқасы жоқ, жеңешеміз татар болған соң ет жемедім деп жігіттерге айтып баратын болдым, аға» деп әзілдеді Фариза. Әдемі әзілге Димекең мен Зухра рахаттана күліп, көңілдері бір көтеріліп қалды.

Астрахандағы қазақтардың көңілі

Сол бір жылдары Димекең ауыр күйзелістерді бастан кешіріп, жаны да, рухы да жасыды. Сырттай аңду, бақылау, тың тыңдау сияқты жымысқы әрекеттер жалғасып жатты. Мәскеу Желтоқсан оқиғасын Асқаров пен Қонаевтың өзі ұйымдастырды деп Қазақстандағы ұлтшылдық үшін аямай жазалау бастады. Димекеңнің көмекшісі әрі серігі Дүйсетай Бекежановтың сотталып, соңы оның өлімімен аяқталуы ол үшін ауыр қайғы болды. Бірақ сабырлы Димекең бәріне шыдады. Ең ауыр, аса күйзелісті жағдай өмірлік серігі Зухра Шәріпқызының ем қонбайтын асқынған дерті еді. Үйде ем-дом алып, дәрі ішіп, төсек тартып жатты.
Бірде Республика сарайында бір үлкен жиын болды. Фариза да шақырылғандардың бірі болып келді. Президиумда емес, алдыңғы қатарлардың бірінде Димекең отырды. Қалай сәлем беріп, жеңгейдің көңілін сұрауды ойлап, тағат таппады. Бір кезде жиын бітті. Димекең кезінде ол кісінің шашпауын көтеріп, құрдай жорғалап жүретіндер келіп, амандасуды білмеді. Тіпті, кейбіреулері көрмегендей дәл жанынан өтіп бара жатты. Бастары кекжейіп, көздерін шел басқандар ешкімді елер емес. Салы суға кеткен адамдай көңілсіз, енжар қарияны көрген сезімтал ақын іштей егілді. Бір оңтайлы жерде Димекеңді күтіп тұрған болатын. Жақындағанда алдынан шығып амандасты. «Фариза, жеңешең Зухра қатты ауырып жатыр. Мен асығып барамын, қарағым» деп ілтипатына рахмет айтты.
Арада көп уақыт өткен жоқ. Зухра дүние салды. Фариза арнайы келіп көңіл айтып, Димекең қайғысына ортақтасты. Өмірлік серігінен айырылған Димекең көп жүрген жоқ. Екі жылдан кейін өзі де өмірден өтті. Алакөл жағасында тосын дүние салды. Сүйегін сол жақтан әкелген ұшақтың ұшқыштары «Димекең сүйікті Алматысымен қоштассын» деп қала үстінде түнде үш айналып әуежайға келіп қонды.
Димекеңнің қазасын естігенде Фариза ақын күрсінді. Бір құдіретті тылсым күш еріксіз жыр жаздырды. Жыр ертеңінде белгілі басылымда жарияланды. Бұл 1993 жылдың тамыз айы еді.
Осы жылы Ресейдің қазақтар тұратын Астрахань облысында қазақстандық зиялылар мен өнер қайраткерлерінің бір рухани шарасына Фариза да қатысты. Ақынға өзі танымайтын бір топ шетелдік қазақтар келіп амандасады. Димекеңнің қазасын естіп, қамыққан қандастар газеттегі ақынның өлеңін оқып, одан сайын көз жастарын көлдеткендерін айтады.
Аңызға айналған ақынның 70 жылдық мерейтойы қуанышы кезінде Қонаев мұражайы көркемдік кеңесінің белгілі мүшесі ақыннан «Димекеңнің сізге жүзік сыйлағаны рас па?» деп сұрағаны бар. Бұл қызық тарихты ақын қаз-қалпында баяндап, «жүзік оқиғасын» еске алып, өткенді көз алдынан өткізіп, сол жылдарды сағынғандай әсерде сыр шертті.

Ораз Қауғабай,
қонаевтанушы, ҚР Мәдениет қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айнұр

    Әдемі де әсерлі жазылыпты. Қазақтың мақтанышына айналған арыстай аға-апаларымыздың болғанына қуанамын 🙂

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.