«Қазақта Нұрғиса жалғыз…»

Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторымын. 1990 жылдың сәуір айы. Аудандық партия комитетіндегі кезекті лездемеде таяу күндерде әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігімен «Отырар сазы» ансамблі келіп, концерт қоятыны айтылды. Қалыптасқан үрдіс бойынша облыс орталығы – Ақтөбеден келетін қонақтарды ретіне қарай бірде Бөгетсай ауылының, енді бірде Көрпе ауылының тұсында, ал көрші Бөгеткөл ауданы жақтан келуші меймандарды Шідер өзені маңында күтіп алатынбыз. 

16 сәуірде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Шмит Өтеуов, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасарлары Күнсәуле Сұлтамұратов, Сара Қыстаубаева бастаған топ Нұрғиса ағаның қарсы алдынан шықтық. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қази Жасекенов бәріміз сырттай пір тұтып жүрген өнер тарланын су жаңа «УАЗ» автоклубымен алып келе жатыр екен. Қонағымызбен амандасып болған соң мен шапшаң қимылдап, қарсы алушыларды таныстыра бастадым. Топ құрамындағы ұлттық киім киген екі қыз гүл мен нан-тұзды ұсына бергенде қонақ:
– Қалқам, атың кім? – деді.
– Венера.
– Неге Шолпан болмайды? –деп сұрады. Мұндайды кім күткен, абыржығандай болдық. Аудан орталығында алдын ала белгі­лен­ген мекенжайға қонақтарды орна­ластырдық. Аудандық тұтынушылар қоғамының төрағасы Кенжеғазы Балмұханов екеуіміз люкс бөлмеде Нұрағаның жайын білуге кірдік. Аз-кем әңгімеден соң тағы да тосын ұсыныс. Қалтасынан бір қағазды алды да:
– Маған Алматыдан мына нөмірді қостырыңдар, – деді.
Телефонисткалар өтінішімізге сергек қарап, кідіртпей алып берді.
– Аға, мен Нұрғисамын. Ақтө­бенің Қарабұтақ деген ауданына келдім, қонақүйдемін. Зухра жеңе­шемнің халін білейін дегенім.
Сөйлесіп болған соң көңілде­нің­кіреп айтқаны:
– Димаш ағам ғой, Қонаев. Осы сапарға шығарымда жеңгей ауырып жатыр еді. Денсаулығы жақсарған сияқты.
Кешке Мәдениет үйіне халық көп жиналды, бос орын жоқ. ­Нұ­ра­ғаң өнерінің құдіретін сонда көр­дік. Дирижерлік қимылы ғажап, қолындағы таяқшаға оркестрдегілер мүлде байланып қалғандай, оның тұрған орнынан қозғалмай кенет 180 градусқа бұрылып, оркестрге сыртын бергенін, сол тұрпатында әртүрлі аспапты меңгерген адамдарды уысынан шығармай небір сиқырмен сазды әуендерді төгілткенін айтсайшы. Залдағы үлкен-кіші таңырқап, аузын ашып қалғандай көрінді маған.
Кеш аяқталар сәтте кезекті шығар­маны орындар алдында Тілендиев өр мінезімен көршілес екі аудан­ның – Бөгеткөл мен Қарабұтақ­тың бірінші басшысының өзін қарсы алуға шықпағанын ренжи айтты және сөзін:
– Қазақта Нұрғиса жалғыз, ал ауданды басқаратындар бірінен соң бірі алмасатыны даусыз, – деді.
Жиналған жұрт концерттен көпке дейін ұмытылмастай әсер алды. Мәдениет үйінің екінші қабатындағы дәмханада қонақасыға ансамбль құрамынан жетекшімен бірге Гүлсара Біржанова, Нәсіп, Майгүл Қазтұрғанова, Жұмат Махамбетов, Жексенбек Қазанбасов және облыстан келген Қази Жасекенов қатысты. Ауданнан Күнсәуле Сұлтамұратов, мен, Кенжеғазы Балмұханов үшеуіміз. Мәртебелі мейманымыздың алдындағы дәмнен там-тұмдап ауыз тиетіні, келесі бөлмеге бет алып, креслода маңғаз қалпымен темекіні құшырлана сорып, тартатыны – көз алдымда. Коньяктан бір үстөпкісін тартып жіберіп, өзі ат басын тіреген Қарабұтақ өңірінің асыл перзенті Қуан аға – Қуандық Шаңғытбаев жа­йын­да көсіле сыр шертті. «Жүйрікті жүйрік таниды» деген осы да. Және бір есте қалғаны – ансамбль құрамында бір апамыздың ойын іркілмей жеткізетіні. Сөйлеген сөзінде ол:
– Біздің Нұрғисасыз, Нұрғисаның бізсіз күні жоқ. Мен осы ансамбльге үш рет келіп, үш рет кеттім. Нұрекең – қазақтың маңдайына біткен тұлға ғой, – деді.
Даусыз ақиқат.
Қонақасыдан соң қолға түсе бермейтін қонағымызды Көрпе ауы­лының тұсында Ақтөбе бағытына шығарып салдық.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
журналист
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.