Нұрлы жол(Әңгіме)

Дәнеш Ахметұлы

Кәсібің жорналшы болған соң, арғы жағы белгілі ғой. Не істейтінің де сезіліп тұр. Редактордың иегін көтерген жаққа бет түзейсің де, жолға шығасың.
Бүгін де жолға шықтым. Мақсатым өліара шақтағы ел тірлігін қағазға түсіру еді. Аудан орталығынан шалғай шеттегі ауылдан бір-ақ шықтым. Тау аңғарынан басталған сай аядай ауылды екіге қақ жарып өтеді екен. Сайдың ортасында арнасына сыймай бұлықсып, бұлқынып тау өзені ағады. Өзеннің екі жақ жиегі ағаштан көрінбейді. Терек дейсің бе, ақ қайың, қызыл қайың, ирен дейсің бе, бәрі бір-біріне ықтап, қолтықтаса өсіп, сыңсып тұр. Тіпті ауылдың бар байлығы осы ағаштар ма деп қаласың.
Автобустан түскен бойда қайда барарымды білмей, аз аялдаған едім. Айналаға көз салдым. Қос көшенің қиылысында тұрмын. Енді ауыл кеңсесіне жүрмек болғанымда, көзім әудем жерде сарылдап ағып жатқан өзеннен мықшыңдап, қос қолдап су көтеріп келе жатқан әйелге түсті. Аяғын санап басқан әйел жүрісі тым мардымсыз. Алпыстан асқан жанды кәріліктің тым ерте икемдегені, сөйтіп өз уысына түсіріп, қақпақалдай бастағаны сырт көзге айқын сезіліп тұрған. Жүгіре басып, әлгі әйелге жеттім де, ибамен сәлем беріп:
– Ұлықсат етсеңіз, енді суыңызды мен көтерейін, әкеліңіз, – дедім. Әйел бұл қай бала, қайдан шықты өзі дегендей, маған зер салып, сығырая қарады. Сөйтті де:
– Ал ұлықсат, көтере ғой, – деді.
Әйтсе де менің кім екенімді білгісі келген жеңсік ой оның аузына тағы сөз үйірді.
–Қай баласың? – деді сыпайы тіл қатып, – қайдан жүрсің өзің.
Мен жайымды айттым.
– Жөн, жөн, – деді әйел сөзімді тыңдап болған соң. Артынша:
–Үйге жүр, шай іш, – дегенді де қосып қойды.
Бірақ неге екенін қайдам әйел осы сөзді маған бір түрлі қысылып, қиналып айтқандай еді. Үйі автобус аялдамасының нақ түбінде екен, тиіп тұр.
Үйге де кірдік. Жаңа салынған бес бөлмелі үйден тазалықтың исі аңқиды. Мен төргі үйге озып, диванға жайғастым. Үй иесі әйел де қосарлана кіріп, тағы бірдеңелерді сұрамаққа оқтала беріп еді, ауызғы үйдің есігі сықыр етіп, қайта ашылып, дөңбектей біреу кіріп келе жатты. Мойны күжірейген, балпанақтай жас жігіт екен.
Кірген бойда қиғылықты салды. Мені байқамады білем, тура әйелдің алдына етпеттей жығылып, отыра кетті де, бейбақат сөйлей жөнелді. Жігіт мас еді.
–Апа, – деді басын шұлғып, – апа деймін ғой мен саған.Егер шын апам босаң, – деді енді ықылық атып, – жүз теңге берші, жүз-ақ теңге берсең болды.
– Қайдағы жүз теңге, – деді әйел шаптығып, – Қайдағы ақша, ақша жоқ.
– Бар, – деді жігіт екіленіп, – сенде ақша бар. Сенде ақша жоқ емес, бар. Жүз теңге дедім ғой, жүз теңге…
– Жоқ, – деді әйел дауысын бұрынғыдан да қатайтып, – айттым ғой мен саған. Менде ақша жоқ. Ішіп-жемнің бәрін дүңгіршектен қарызға алып отырмыз. Ой, құрып қалғыр, қайтеді өзі, жоғал әрмен…
Жігіт апалауын қоймады.
–Жүз теңге дедім ғой, соны берсең бітті…
– Жүз теңге керек болса, еңбек ет, тап өзің.
– Шын апам болсаң маған жүз теңге берші…
– Әй, қу арақ, – деп әйел сілкінгендей болып, орнынан тұрып, маған қарай жүрді, – қарашы міне, өзі өндірдей жап-жас бала. Ал істерге жұмыс жоқ. Араққа алданып, азып үйде отыр. Осындайлар көп ауылда.
Жігіт осы арада оқыс бұрылып, маған назарын тіктеді. Бұл неткен жан дегендей аз аңтарылды, артынша еңбектей көтеріліп, орнынан тұрып, маған ұмтылды.
–Ассалаумағалейкүм, – деді тілі күрмеліп, кекештене сөйлеп.
–Аға, – деді содан соң тап бір ұзақ жылғы көрмеген бауырын енді ғана ұшыратқандай болып, – аға, ағасың ғой, ә?
– Иә, – дедім мен, – иә, мен сенің ағаң боламын.
–Шын ағасың ғой, ә?
– Иә.
– Есіміңіз кім болады?
–Есберген болады.
– Есберген аға, – деді енді шағына сөйлеп, – жүз теңге берші.
– Мақұл, – демеске амал жоқ еді, –жарайды берейін.
Әйел:
– Көргенсіз, – деді де үйден шығып кетті.
Жігіт жүз теңгені алған бойда есікке ұмтылды. Бір шыны шай ішіп болмастай уақытта көк бөтелкенің біреуін құшақтап, қайта оралды.Бөтелкенің аузын тісімен жұлып алып, екі стаканға меймілдете құйды да, үстелдің үстіне қойды. Өзі дегбірі кеткендей болып, асығып тұр.
– Аға, – деді мені үстел басына сүйрелеп, – кел, отыр.
– Неге? – дедім мен бейқам қалпымды бұзбай.
– Негесі жоқ, – деді ол қолды бір сілтеп, – давай арақ ішеміз.
– Ішпеймін, – дедім мен салқын сабыр сақтап, – ішпеймін.
Ол сүйрелеуін қояр емес.
– Жә, ішесің, шын ағам болсаң ішесің…
Ол үстелге сүйрелейді. Мен орнымнан тапжылмаймын. Осылай аз тәжікелескен соң, бұл іс те бітті. Жігіт екі стаканды бірінен соң бірін қылғытты да, сілейіп, ұйықтап қалды. Аздан соң үй иесі әйелдің:
– Шай дайын, – деген үні естілді. Мен ас үйге бет алдым. Ал жігіттің аты – Амантай екен.
Уақыт бізді келесі жылы тағы кез­де­с­­­­тірді. Мезгіл мамыр айының іші еді. Жо­лым түсіп және бір рет баяғы өзім жағ­дайын жазуға барған «Еңбекші»» ауылына барған едім. Шағын ауылды шиырлап шығып, орталық көшемен келе жаттым.
Арт жағымнан біреу шақырғандай болды. Жалт қарадым. Шынында да, әлдекім қолын бұлғап, еңкеңдеп жүгіріп келе жатыр екен. Мен тоқтап, оны күтіп алдым.
Кім екенін қол созым жерге келгенде айқын ажыраттым. Амантай екен. Үстінде қоңыр күртеше, бұтында көнелеу ескі шалбар, аяғына киген бәтеңкесі де ақ жемденіп, тоза бастапты. Өзі бұрынғыдай емес, майы сығылған бүйенге ұқсап, сып­тығырланып, ширатылып алыпты. Уақыт шіркін тірлік атты қайраққа жанып-жанып жіберіпті де, лыпылдатып қойыпты. Әңгімеміз салған жерден жараса кетті.
– Келгеніңіз бек жақсы болды, үйге жүріңіз, – деді салған жерден қиыла тіл қатып, – Өзіміз де ылғи сізді ойлап жүруші едік.
Біз үйге де келіп жеттік. Үй иесі – өткендегі жүзін әжім өрнектеген кекселеу әйелдің шайы дайын екен.
Мен байқамаған екенмін, Амантай тым сөзшең, ашық жігіт екен. Есіп сөйлеп отырды.
– «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген. Бітіп жатқаны да шамалы. Дегенмен, тірлік бар. Ал сіздің келіп тұрғаныңыз жақсы, – деп бір қойды. Оның бұл сөзін шешесі қоштағандай сыңай танытты.
– Келіп тұр, қарғам, келе бер.
– Сіз білмейтін шығарсыз, – деді Аман­тай енді өзі әңгіменің жібін суырт­пақтап, – біз біраз уақыт болды, өз алды­мызға шаруа қожалығын құрғанбыз. Өзіміз бұрыннан араласып жүрген ет жақындардың басын құрадық. «Үшсерік» деп аталады. Мен осы қожалықтың есепшісімін. Шаруа қожалығының бар есеп дүниесі менің қолымнан өтеді. Қазір көктем, егістікке дайындалып жатырмыз. Бұрыннан біліс адам дегенің бар болсын, шындап келгенде біз оларды түсіне бермейді екенбіз. Әншейін сыртынан ғана көріп, соған мәз болып жүріппіз. Ал олардың кім, неткен жандар екенін жем-жемге келгенде, басыңа іс түскенде анық біледі екенсің.
– Айта түс, – деп мен оны қостап қойдым. Амантай сөзін соза түсті.
– Жаңа айттым ғой, – деді әлдебір жанармайдың исі білінген салалы саусақтарымен нанды үзіп жатып,- барлық есеп менің қолымнан өтеді. Ақшасын есептеп шығарамын. Бір трактор егістік жұмысына шығу үшін неше ақша керек? Оның майы бар, қайта жабдықтауы бар, толып жатқан қиындықтары бар. Соның бәрін есептесең, қып-қызыл шығынға саяды. Осының бәрі келіп, теңгеге тіреледі. Теңге судай шашылады. Сонан соң барып, қожалықтың теңге қоры омсыраяды да қалады. Ал басқалары «бізде пәлен мың теңге болуы тиіс» деп шалқаяды. Мен кеткен шығынды есептеп, мәнін түсіндірсем, мойындарын ішіне алып жатып кеп тулайды. «Қайда кетті, не болды» деп көкке алақан жаяды. Қызық-ей, өздері. Түкке түсінгілері келмейді. Олардың ойынша трактор, күллі техника атаулы тегін қозғалатын сыңайлы. Жаңағы өздері даулаған ақшаны тап бір мен жегендей боламын. Міне, жорналшы бауырым, біздегі хал бір сәтке осындай.
– Ештеңе етпейді, шыда, – дедім қуат бере сөйлеп, – әлі-ақ түсінісіп кетесіңдер.
– Мен де соны айтып жатырмын, – деп енді сөзге үй иесі әйел араласты,– Олар бәрін кешегі кеңес заманындағыдай көреді ғой. Онда егістікке шыққан трак­тордың шығынын кім есептеп көрген. Бәрі де тегін сезілетін. Бұлар сол «социа­лизм тұмауынан» әлі айыға алмай жүр. Оның үстіне қарыз көп. Арақ қарызы да жеткілікті. Ауыл әлі арақ ішуін тоқтатқан жоқ.
– Арақ аты аталғанда Амантай арқа­сына ер батқан аттай қипақтап қалды. Жайсыздық табын сезінгені.
– Қойшы соны, – деді жақтырмай, – іс­теп жатырмыз ғой, төлейміз.
Үй иесі әйел мырс етіп күліп қойды.
–Төлейсің, төлемегенде қайда ба­ра­сың?
– Арақты әлі ішіп жүрсің бе? – дедім мен де қарап отырмай.
– Иә, – деді ол да шындықты бүркеме­лемей, – бірақ аздап қана. Бұрынғыдай ішу қайда?!
Амантайдың есіне өткендегі жай түсті білем, қызара күлімсіреп, қыбыжықтай берді. Біз де әрмен індете қоймадық.
Бұл менің Амантаймен екінші рет кездесуім еді.
Амантаймен үшінші рет өзім істейтін газет бөлмесінде ұшырастым. Мезгіл сірә, сәске кезі болар. Оңаша бөлмеде бүкшеңдеп, қағаздарды ақтарып отыр­ған­мын. Әлдекім есік ашып, кіріп келе жатты. Амантай екен. Шұрқырастық та қал­дық.
–Иә, жолың болсын, отыр, – деп мен оған қарсыдағы орындықты нұсқадым. Мен нұсқаған орындыққа отырған жігіттің келбеті тым келісті еді. Тұла бойынан еңбекпен есейген жанның ыстық лебі байқалады. Отырысы мығым. Құрыштан құйғандай балғын да сом дене өз еркінен тыс әлдебір күш танытқандай болып, көз сүй­сіндіреді. Мен оның сөзіне сүйсіне құлақ түрдім.
– Ой, аға несін айтасыз, – деді ол төтесінен сөйлеп, – жұмыс көп, жоспар көп. Баяғы күндер келмеске кетті. Енді жүрген жерің, басқан ізіңнің өзі есеп. Есепсіз, жоспарсыз күнің жоқ.
Мен одан «Үшсерік» шаруа қожалы­ғының жайын сұрадым.
– Ол қожалық бар, – деді ол, – бірақ мен сол қожалықтан шықсам ба деп жүрмін.
Сөйтті де, ол торлама дорбасынан жаялықтай қағазды суырып алды.
– Міне, мынау мен құратын шаруа қожалығының жалпы картасы. Мынау ауыл, – деп әлдебір шиыр сызықтарды көрсетті, – ал осы ауылдан он-он бес шақырымдай жерде тау бар. Осы таудың бөктерінде, міне, мына жерде жайлау бар. Бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған құтты қоныс. Менің сол араға жаңадан тас қора салсам ба деген ойым бар. Көктеу қора да осы тұстан салынады. Қазірше екі- үш жүз қой, жүз қаралы тана-торпақ сыятын қора салынса да жарап жатыр. Оған шамамен бес миллион теңге кететін түрі бар. Міне, мынау, – деп енді мүлдем жаңа, тың сызбаларды алдыма жайып тастады,- Іле дариясының жағасына салынатын қыстық қора. Тұрғын үй, күзетші үйі тағы басқалары осында орын теппек. Бұған да пәлен миллион кетті дей беріңіз.Сатып алуға тиесілі техника түрі, өзгелері тағы бар. Қойшы, әйтеуір қалайда қомақты сома қажет.
–Тым көп емес пе?
–Бәрі де алдын ала ойластырылған, компьютермен әлденеше рет есептелген, – деді ол сенімді сөйлеп, бәрінің де өз есебі бар.
– Ол ақшаны қайдан аласың?
– Бұйырса, осы аптаның ішінде банктердің бірінен алып қалармын.
– Өтеу мерзімі неше жыл?
– Он жылдан астам. Шамалы ғана пайызы бар.
– Жақсы екен. Ал жаңа шаруа қожалығыңның атын не деп атамақсың?
– «Нұрлы жол» деп атасам ба деп ойлап жүрмін.
– Жарайды, жаңа «Нұрлы жолың» құтты болсын. Тек табыс тілеймін.
– Рақмет, міне байқайсыз ба, – деді ол қағаздарын жинастырып жатып, – Бүгінгі Үкімет бағдарламасының бас­ты бағыты осы. Бұл – елді тек байытатын, болашаққа апаратын нұрлы жол. Үкіметіміз даңғыраған жол салып, жүр деп, демегендей болып тұрса, жүрмей не көрініпті бізге?!
– Бәрекелді, жолдарың болсын.
Амантай ішкі қуанышын жасыра алмай, маған қарап, жымиып қойды.
Амантай еш адаспаған екен. Бәрі де өзі ойлағандай болып шықты. Үлкен бағдарлама тезінен іске асты. Екі жылға не жететін, не жетпейтін уақытта шаруа қожа­лығының аты дүркіреп шыға бастады. Жақсы жағынан шықты. Кім айтса да мақ­тап, сүйсіне сөз қылысты…
– Жолың болсын «Нұрлы жол» дедім мен шын сүйсінгенімді жасыра алмай. Іш­тей дұға оқығандай қылып, құпиялап қана жүрекпен айттым…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.