Тұтынушы талғамына сай болсын

«Ана тілі» газетінің №41 (1299) 15-21 қазан 2015 жылы шыққан санында журналист Ақбота Исләмбектің «Полтавский», «Киевский», «Батончики»… Осындай атаулардан көз сүрінеді» деген мақаласы жарық көрді. Көтерілген мәселе өте өзекті. Мен осы мақаланы оқыған оқырман қауымға бұрыннан белгілі жайттар ғой деп бейжай қарамаса екен деймін. Енді заңгер ретінде өз тарапымнан нақты мынадай ұсыныстар жасаған болар едім. Біз мұндай мәселелерді шешуге болатын және шешілмейтін деп екіге бөліп қарастырамыз. Ал бұл жалпы шешуге болатын мәселе. Оның екі жолы бар. Мемлекет тарапынан белгілі бір шешімдер қабылданып, азаматтардың өздері қолданыстағы заңнама негізінде батыл әрі сауатты іс-әрекеттер жасауы керек.
Жалпы, жер бетінде қанша адам тұрса, сонша тұтынушы тұрады деп есептеледі. Сіз бен біз тұтынушымыз, тиісінше тұтынушы ретінде өзіміздің құқықтарымызды біле жүргеннің артықтығы жоқ. Оның үстіне халыққа қызмет көрсететін, тауарын немесе жұмысын ұсынатын кәсіп иелері «Тіл туралы» Заңды білмеуі мүмкін, алайда тұтынушылар заңы олардың қызметін тікелей реттейді, сол үшін де ол өте маңызды.
Екіншіден, күнделікті өмірімізде қолданайық, яғни сол заңдармен көзделген мүмкіндіктерімізді пайдаланып, өз құқықтарымызды талап етейік. Оған мысал ретінде осы мақалада көрсетілген фактілерді алайық. Сіз тұтынушы ретінде тауарға қатысты кез келген ақпаратты мемлекеттік тіл – қазақ тілінде алуға құқылысыз. Егер тауарда қазақ тілінде көрсетілген ақпарат жоқ болса немесе толық болмаса онда сіздің тұтынушы ретінде құқығыңыздың бұзылғаны болып есеп­теледі. Олай болса сол тауарға қарсылық жариялаңыз, оны сату орнындағы шағым журналына жазып кетіңіз. Дұрысы, тауардың сыртында көрсетілген мәліметтер бойынша дайын­даушыны жауапкершілікке тарту туралы уәкілетті органға немесе сотқа шағым жолдаңыз. Тек жалғыз мен не істей аламын деп салыңыз суға кетпесін, егер нақты бір тауарға қатысты бір емес, бірнеше адам жан-жақтан осындай әрекеттер жасай бастаса, кез келген кәсіп иесі ойланады. Өйткені кәсіпкер үшін тұтынушы талғамы деген өте маңызды. Мен бұларды жай теорияға сүйеніп айтып отырғаным жоқ, күнделікті өз өмірімде қолданып және нақты нәтижелерге қол жеткізіп жүргендіктен бөлісіп отырмын. Ана тіліміз алдындағы өзіміздің де жауапкершілігімізді сезінуіміз керек.

Абзал ҚҰСПАНОВ,
Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.