Бейқамдықтан арылайық

Журналист А.Исләмбектің ма­қа­ла өзектілігін жоғалтпай отыр. Себебі тілді үйрену, оған деген құрмет осындай жарнама мен азық-түлік қаптамасындағы сау­атты тіркестерден басталады. Өз басым үйге қажетті азық-түлікті алар алдында міндетті түрде сапасы мен құрамы жайлы мәліметті оқимын. Көп жағдайда қазақ тіліндегі мәтінде «құрамы» деген сөзінің «күрамы» деп жазылғанын көріп-ақ ары қарай оқуға ықыласың болмайды. Байланысы жоқ сөздерден құралған мәтінді оқығандай әсерде боласыз. Жақында «Лето» күнбағыс ­майын сатып алдым. Қаптамасында «Жазғы жеңілдік жыл бойы» деген жазудан-ақ орысшадан тікелей аударылған тіркес екенін ұғындым. Тіпті кейбір сусындар мен шырындардың қаптамасында «Ыстық желі телефондары» дегенді оқып, не күлерімізді, не жыларымызды білмей жатамыз. Ал шетелдерде өндірілген тауар қаптамасы жайлы әңгіме өз алдына бір бөлек. Кеше ғана Ресейдегі «Нижегородский масло-жировой комбинат» АҚ-сынан шыққан «Детское» атты сабын сатып алдым. Сыртында былай жазылған: «Атаулы салмагы 200г. Сақта- шарттарының: қызу аласа (-5С), ылғалдылық биік 75. Ондіруші: «НМЖК» АҚ». Осындай күлдібадам тіркестер кез келген тауар қаптамасында қазақ тілінің сұрқын бұзып тұр.
«Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңда ақпарат алдымен мемлекеттік тілде берілуі керектігі жөнінде нақты жазылған. Мәселе – Заң бар, оның орындалуын қадағалау кемшін түсіп жатуында. Қаншама тауар қаптамасындағы қазақ тіліндегі жазулар еш тексе­русіз басылып жатады. Мұны байқаған бірер зейнеткер, педагог, тілші қауымы ғана. Ал өзгелердің еті үйреніп бара жатқан секілді. Сондықтан бұл мәселе дер кезінде шешімін табу керек. Бұлай кете берсе, біз мемлекеттік тілге немқұ­райлы қарайтын сауатсыз ұрпақ тәрбиелейміз ғой.

Аяулым СОВЕТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.