Таңдау

«Талант жалқы болмайды» деген сөз рас. «Талант – еңбек» деген қағидаға да ешкім таласа алмайды, талантқа ерік-жігер де, қайсарлық та керек. Атыраулық өнер иесі Мереке Ғұмаровтың өмір жолына, өнер жолына қарасам, осындай ой түйемін. 1947 жылы анасы Ақсұлу қайтыс болғанда ол небәрі екі жастағы сәби болатын, ал әкесі Мүтәш та ұлы тоғызға толар-толмаста бұл фәни дүниеден өткен екен. Оның әке-шешеге деген сағынышты жанына серік етіп, еңбекпен ерте есейгенін, өз талабымен өрге жүзгенін білгенде таңғаласың әрі мұқалмас ерік-жігеріне риза боласың. 1964 жылы 11 жылдық мектепті бітірген соң құрдастары арман қуып оқуға кеткенде ол Атырау қаласындағы химия зауытына слесарь болып жұмысқа орналасты. Сол жылдың күзінде әскерге аттанды. Сол кездің тілімен айтқанда, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, бақандай үш жыл қызмет етті. Ол кезде әскер жігіттің нағыз шыңдалу мектебі болды. Қыран қабақты, қыр мұрынды, өзі әнші, музыкант әрі спортшы жауынгер командирлер назарына бірден ілікті. Жас жауынгердің Ұлы Жеңістің 20 жылдығы медалімен марапатталуы да көп жайды аңғартса керек.

Әскерден күзде оралды. Алды қыс. Жұмыс таңдаған жоқ. Амангелді колхозында жылу қазандығына от жағушы (кочегар) болды, балықшылық кәсіпті де дөңгелентіп әкетті. Ауылдағы, аудандағы көркемөнерпаздар үйірмесіне, спорт шараларына белсене қатысты. 1968 жылдың жазында қаланың Балықшы поселкесіндегі №25 мектепке дене тәрбиесінің мұғалімі қызметіне кірісті. Ұстаздық жолы осылай басталды. Ұстаз болғанда қандай, шәкірттерінің жанына жақын мұғалім болса сондай-ақ болар. Өйткені ол біздің 7-сынып жетекшісі болды. Ер балалар ағайға еліктейміз, үлгі тұтып, өзімізше оған ұқсағымыз келеді. Сырбаздығы, өрлігі, жүріс-тұрысы, киім-киісі, сөзге шешендігі, кішіпейілдігі, оқушыларымен тең дәрежеде сөйлесуі, керемет әншілігі, ғажап спортшы болуы бәрімізді таңғалдырады. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Қаталы қатал еді, бірақ әр оқушының тілін таба білетін, керек жерінде ұрсып алады, қиын кезде қолдайды, әділетсіздіктен арашалайды. «Қиын» балалардың өздері ұстаз алдына келгенде арыны басылады. Талай нәрсені төңкеріп жүретін «тентектердің» өздері «біздің ағай сатпайды» деп оны сыртынан мақтайтын. Бір сөзбен айтқанда, балалар арасында ұстазымыздың беделі мықты болды. Мен бұл мектепте бір-ақ жыл оқып, ауылға оралуға тура келді. Одан кейін сынып жетекшісі Мереке ағаймен араға он үш жыл өткесін барып кездескен едім.
1982 жылы ҚазМУ-дің ­журналис­тика факуль­тетін бітіріп, облыстық «Ком­му­нистік еңбек» газетіне жұмысқа келгенімде ұстазыма сәлем беріп, кездессем деген ойда жүрдім. Өнердің тума таланты мәдениет саласында басшы қызметте екенін де сырттай білетінмін. Бірақ көпке дейін қарбалас тірліктен жолығудың реті келмей қойды. Бір күні тілші ретінде кезекті жиналысқа барсам, тура алдымда екі-үш адаммен әңгімелесіп Мереке ағай тұр. Баяғы қалпы, мені бірден танып, бауырын көргендей жарқылдап амандасып, қасындағы кісілерге аты-жөнімді айтып, «менің шәкіртім» деп таныстырды. Бір таңғалғаным, менің мұнайшы болғанымды, әскерде қызмет еткенімді, университет бітіргенімді, облыстық газетте тілші екенімді, бәрін-бәрін біліп тұр. Екеуміз оңаша қалғанымызда баяғыда сыныпта бірге оқыған балалардың аты-жөндерін айтып, кімнің қайда екенін, қандай қызметте екенін де әңгімелеп берді. Кезінде «қиын бала» атанғандардан мықты азамат шыққанын естіп қуандым. Ондай жасөспірімдерді оң жолға салып, тәрбиелеген осы ұстазымның еңбегі екені анық еді. Сынып жетекшісі әр оқушысының өмір жолын, ілгері басқан қадамын сыртынан бақылап, жақсылығына қуанып жүреді екен ғой.
Сол жолы ағайымыздан арада өткен жылдар белесінен сыр тартқанымда білгенім, Алматы қаласындағы Қазақтың дене тәрбиесі институтын, Атыраудағы педагогика институтының тарих факультетін бітірген. Әлгінде айтқан №25 мектепте біраз жыл мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болыпты, енді Балықшы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі екен. Өзінің мамандығы педагог болса, мәдениет саласына қалай ауысты дейсіз ғой. Мереке Мүтәшұлының керемет әнші екенін оқушы кезден білетінмін. Кең тынысты, ашық дауыс кез келген әншімін деген адамға бұйыра қоймайтын табиғат сыйы десе болғандай. Ол талай рет аудандық, облыстық, республикалық фестивальдерде жеке орындаушы әнші ретінде лауреат атанған өнерпаз жан. Әу баста өнер жолын таңдап, консерваторияда оқып, арнайы музыкалық білім алғанда, кім біледі, еліміздің өнер жұлдызының бірі болар ма еді. Бірақ ол өзінің туған өлкесінде өнер желкенін кең жаюға, ұлттық рухани байлығымызды насихаттауға, жас ұрпаққа ұстаздық етуге орасан зор еңбек сіңіруді таңдапты. Сол таңдауы жолында әлі күнге аянбай тер төгіп, еңбек етіп келеді.
Тума таланттың тағы бір қыры –ұйымдастырушылық қабілеті нақ осы мәдениет саласына келгенде жарқырай көрінді. Дәлірек айтсақ, бұл 1980 жылы Балықшы аудандық мәдениет бөлімінің тізгінін қолға алған сәттен басталды, яғни Батыс Қазақстан аймағында және Гурьев облысында тұңғыш рет қазақтың көне аспаптарынан құрылған «Атырау» фольклорлық-этнографиялық ансамблін ұйымдастырды. Осы өнер ұжымы елімізге ғана белгілі болып қоймай, халықаралық, дүниежүзілік фестивальдердің лауреаты ­атанды. Ол кезде өнер ұжымының Алжир Халық Рес­публикасына баруы да үлкен жаңалық, жетістік еді. Астрахан, Мәскеу, Ашхабад, Алматы, Көкшетау қалаларында өткен өнер сайыстарында бірнеше рет жеңімпаз атанды. 1985 жылы аталған ансамбльге «Халықтық» деген құрметті атақ берілді. Мұны өнердегі бірінші қолтаңба деп қойыңыз.
Мереке Ғұмаровтың 1986 жылы облыстық филармонияның директоры болып тағайындалуы кадр таңдаудағы сәттілік еді. Өйткені қырық бір жастағы өнерлі де алғыр жігіттің ойға алғанын орындайтынын, діттеген мақсатына жетпей қоймайтынын өңір жұртшылығы жақсы білетін. Жаңа қызметке келген бойда «Шалқыма» атты лекторлық топ (лекциялық концерт) құрды. Қазақтың көне аспаптары негізінде «Нарын» фольклорлық ансамблін ұйымдастырды. Бұл өнер ұжымының атағы дүркіреп шықты. Ресей қаласын, Моңғолия, Өзбекстан, Қалмақ республикасын аралап, көремендерді қазақ өнерінің тұнығымен сусындатты. Қазақтың дәстүрлі саз өнерінің, саз аспаптарының құдіретін өзге халықтарға мойындатты. Осыдан отыз жылдай бұрын құрылған «Нарын» ансамблі қазір Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының үлкен оркестріне айналды. Мұны өнердегі екінші қолтаңба деп қойыңыз.
1990 жылы Мереке Мүтәшұлы Балықшы ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары болып келгенде Мәкәлім Қойшыбаев атындағы қазақтың ұлт аспаптар оркестрін тағы да өз қолымен құрды. Бұл оркестр аудандық, облыстық байқауларға қатысып, талай мәрте жүлделі орынды иеленді. Аталған өнер ұжымына 2008 жылы «Халықтық» деген құрметті атақ берілді. Бүгінде оркестр Мәкәлім Қойшыбаев атындағы музыка мектебінде өнердегі жолын жалғастырып келеді. Мұны өнердегі үшінші қолтаңба деп қойыңыз.
Тоқсаныншы жылдардың ішін­дегі өтпелі кезеңмен тұспа-тұс келген облыстық мәдениет басқар­масы бастығының орынбасары болған кезінде Мәкең өзінің нағыз ұйымдастырушылық қабілетін тағы бір қырынан танытты. Нарық қыспағынан қаржыдан, техникадан қиындыққа тап болғанда талай мәрте тұйықтан шығудың оңтайлы әдістерін тауып кетті. Оның іс-тәжірибесін өзгелер үлгі етті. Ол өз алдына бір әңгіме. Ал 2002 жылдан бастап төрт жыл бойы Махамбет атындағы қазақ драма театрының басшысы болғанда нарық тамырын тап басып, іскерлігі арқасында театр­ды қарызынан құтқарып, тұрақты жұмыс істеуіне жол ашты. «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес театрдың музыкалық драма театры болуын қалап, «Мұрагер» атты қазақтың көне аспаптарынан құрылған фольклорлық ансамбль ұйымдастырды. Бұл ұжым 2007 жылы Шымкент қаласында өткен фольклорлық ансамбльдердің Республикалық байқауына қатысып, І орынды иеленсе, ал 2008 жылы «­Каспий – достық теңізі» халыаралық фестивалінде І жүлдені жеңіп алды. 2008 жылдың 18 наурыздағы облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен бұл ансамбль Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияға беріліп, қазір ондағы беделді де, белгілі өнер ұжымының бірінен саналады. Театр ұжымын жас актерлермен толықтыру мақсатында облыс әкімдігімен және білім басқармасымен келісе отырып, Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академия колледжі жанынан «Театр және кино» бөлімін аштыруға мұрындық болуы да Мереке Ғұмаровтың ертеңнің қамын ойлайтынын білдіртсе керек. Аталған оқу орнында, міне, тоғыз жылдан бері осы саланың мамандары даярланады. Мұны өнердегі төртінші қолтаңба деп қойыңыз.
Мереке Мүтәшұлы 2006 жылы Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің басшысы қызметіне тағайындалғанда тағы бір бастаманы батыл қолға алды. «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театрын құрды. Аталған театр (2011 жылы Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония қарауына берілді) Атырау облысының елді мекендерін аралап, өз өнерін көрсетіп жүр. Мұны бесінші қолтаңба деп қойыңыз.
Өзінің туып-өскен өңірінде қаршадайынан еңбекке араласып, туған жерінен табан аудармай, талмай қызмет еткен бір адам болса, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мереке Ғұмаровтай-ақ болар. Біз бұл мақаламызда аптал азаматтың ұстаздық қыры мен өнердегі өзіндік өрнегі бар бес қолтаңбасы туралы ғана әңгіме еттік. Бұл айтуға ғана оңай. Мәселен, әр өнер ұжымын құру үшін таланттарды тарту, оларға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау, саз аспаптарын, сахналық киім-кешектермен қамтамасыз ету, ғимарат, қаржылық, материалдық-техникалық жағдайды шешу, өнер ұжымының репертуарын таңдау, елді мекендерге, басқа қалаларға гастрольдік сапарға шығу және тағы басқа толып жатқан сан-салалы мәселелердің оң шешімін табу бірінші басшының иығындағы ауыр жүк. Мұндай жүкті көтерген ғана біледі. Бастаған істі аяғына дейін жеткізу Мереке Мүтәшұлының өмірлік ұстанымы. «Өнерім – өмірім» деп оны талай мәрте дәлелдеді. Бүгінде мерейлі жетпіс жастың белесіне келген аға толқын өкілін қиындыққа қайыспаған, ауыр жүкті қайсарлана өрге тартқан қаранарға теңесек жарасады. Оған алған асуы, қол жеткен жеңісі куә!

Самат ИБРАИМ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.