БАҚ және тіл мәдениеті

Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА-ның
корреспондент мүшесі

Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында сол ақпарлардың сан түрін тарататын бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі айрықша. Тіліміздің қолданыс аясын кеңейту мен тіл мәдениетінің сақталуы тұрғысынан қарағанда да бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы мен қоғамдық санаға әсері өте күшті. Сол себептен де қазақ тілінде ақпарат тарататын БАҚ-тың санын да, олардағы жарияланымдар мен хабарлардың сапасын да арттыру мемлекеттік, ұлттық маңызы зор мәселе.
Біз бүгінгі таңдағы ақпараттық кеңістігімізден өз орнын алып, қызметтерін атқарып жатқан БАҚ-тарды көпсінбейміз. Әсіресе, қазақ тілінде ақпарат тарататын телеарналар мен сайттардың, порталдардың арта түсуіне мүдделіміз. Екінші жағынан, бүгінгі барымызды бағалап, жетістіктер мен жақсы тәжірибеден үлгі алып, кеткен кемшіліктерді уақтылы түзетіп отыруымыз да қажет. Бұл тұрғыдан келгенде, жалпы көпшілік пен қалам ұстаған қауым, әсіресе, біз – тіл мамандары БАҚ тілінің мәдениетіне баса назар аударып, оны зерттеп-зерделеп, жақсысын үлгі етіп, кемшіліктерін атап көрсетіп, түзетіп отыруға міндеттіміз. Сонда ғана ұлтымыздың жазу, сөйлеу мәдениеті жоғарылайды, тілбұзарлық, сөзқолданыстағы жауапсыздық пен талғамсыздық өрістемейді.

«Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Түркістан» сияқты республикалық және көптеген облыстық, қалалық газеттеріміздің, журналдарымыздың «Қазақстан», «Балапан», «Хабар», «Астана»және басқа да телеарналарымыздың, «Қазақ радиосы», «Шалқар» сияқты радиоларымыздың, бірқатар қазақтілді сайттарымыздың ұлттық тіліміздің дамуына, елімізде қазақ үнінің үстем шығуына қосып келе жатқан үлесі, атқарып жатқан қызметі аз емес. Тіліміздің мың бір мәселесін көтеретіндер де, мұң-зарын айтатындар да осы ақпарат құралдары. Мұны атап айту керек. Солай бола тұра, бұл БАҚ-тардың да тілінде кемшілік жоқ деуге болмайды. Біз газет-журналдарымыз бен теле-радио тілінде жиі кездесетін сондай кемшіліктерге қалам ұстаған қауым, журналистер назарын аударту мақсатымен солардың бірқатарын атап көрсетуді жөн санадық.
Ең жиі ұшырасатын кемшіліктің бірі – сөз мағынасына мән бермеу. Сөздің тура мағынасы, ауыс мағынасы, мағыналық реңктері болатыны белгілі.Тіліміздегі сөздердің едәуір бөлігі көпмағыналы. Солардың арасынан айтқалы отырған ойды, ұғымды дәл жеткізетінін таңдап алу, мағыналық реңктерді ажырату тілді жетік білуді қажет етеді. Егер сөздің дұрыс таңдалғандығына, тиісті мағынада жұмсалғандығына күмән туындаған жағдайда қажетті әдебиеттерді, сөздіктерді қараған дұрыс. Олай етпесе, төмендегідей қателіктерге жол беріледі. Баспасөз бетінен алынған мысалдарға жүгінелік.
«Өзбек ұшағы аспанымызда неге тайраңдай ұшты?» (Сейілбек Асанов. «Қазақстан-Zaman», 1 наурыз 2012 жыл) деген сөйлемде де «тайраңдау» сөзі дұрыс қолданылмаған.«Тайраңдау» сөзінің «еркінсу», «көзге ілмеу», «дандайсу» деген ауыс мағынада қолданылатыны рас. Бірақ бұл сөздің ол ауыс мағынасы түйенің тайраңдаған жүрісіне ұқсатып, айтудан туындаған. Яғни, еркінсіген ебедейсіз қимылмен, жүріспен байланысты, көбінесе адамға қатысты қолданылады. Ал аспанда ұшу, ұшақтың қимылы ондай ассоциация, бейне туғызбайды. Ұшақ тайраңдайтын түйе емес, ол самғайды, зымырайды. Сөз мағынасының осындай нәзік қырын аңғарып, оның тіркесетін сөзіне көлеңкесін түсірмеу жағына жете мән берілмесе, сәтсіз қолданыстар туындайды.
Газет бетінен «Қарағанды қаласындағы орыс мектебінің 8-сыныбында оқитын зіңгіттей қызбала өз мұғалімін …боқтап жіберіпті» («Жас Алаш», 2 қараша 2010 жыл) деген сөйлемді оқыдық. Біріншіден, «қыз бала» бөлек жазылады. Екіншіден, о заманда, бұ заман қазақ қыз балаға қатысты «зіңгіттей» сөзін қолданбаған. «Үлкен, ірі және соқталдай, еңгезердей» деген мағыналарды білдіретін «зіңгіттей» сөзі «зіңгіттей жігіт», «зіңгіттей азамат» түрінде тек ер адамға қатысты жұмсалатын еді, енді қыздарымызды да «зіңгіттей» дейтін болыппыз.
Эльмира Мәтібаева «Жастардың отау құруға неге құлқы жоқ?» («Айқын», 10 желтоқсан 2011 жыл) деген мақаласында «Осыдан үш жыл бұрын санақшы Мақаш Тәтімов сүрбойдақтардың саны 150 мыңнан асып кетті деген-тұғын» деп жазыпты. Мұндағы «санақшы» деген сөз «демограф» сөзінің мағынасын мүлде бермейді. «Санақшы» тілімізде «бір нәрсенің есебін алушы, санаушы» деген мағынаны білдіреді. «Санақшы» сөзі демографтан гөрі «счетовод» пен «переписчик» сөздерінің баламасы болуға лайық. Ал профессор Мақаш Тәтімов санақшы да есепші де емес, демограф ғалым. Демограф – халықтың, ұлттың, ұлыстың, этникалық  топтың құрамы мен құрылымын, аумаққа бөліну, орналасу жайын, көшіп-қонуын, санын, өсу не кему динамикасын әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-тарихи жағдайлармен байланыстырып зерттейтін ғылым саласының маманы. Сол себепті кірме сөздердің, терминдердің орнына тілімізде бар сөздерді дайын күйінде немесе оларды аударып, балама ұсынып қолданғанда да абай болу қажет.
Екінші бір кемшілік– сөздердің тірке­сім­ділік қабілетін ескермей, сәтсіз сөз тіркестерін жасау.
Тілімізде қолданысы әбден орныққан жүздеген сөз тіркестері бар. Кейде соларды білмегендіктен, ал кейде тың қолданыс, тосын тіркес іздеген қалам иелері сәтсіз сөз тіркестерін туғызып жатады. Поэзияда, прозада ақын-жазушылардың бейнелілік, көркемдік үшін жаттандылықтан, қасаңдықтан қашып, қиыннан қиыстырып жаңа сөз тіркестерін туғызуы сол көркем әдебиет тіліне тән сипат. Ал негізі міндеті тыңдаушы мен оқушыға ақпаратты жедел, дәл әрі нақты жеткізуді мақсат ететін БАҚ тілінің сипаты өзгешелеу. Сол себептен де ақпарат жеткізуде шектен тыс шығармашылық, импровизаторлық таныту талап етілмейді. Тың тіркестер белгілі бір қажеттіліктен, жаңа ұғымды, бұрын болмаған құбылысты білдіру мақсатымен туындап жатса, бір сәрі. Ал ондай қажеттілік болмаса, «жаңашылдыққа» тым әуестенбеген абзал. Енді осы сәтсіз сөз тіркестері кездесетін бірер мысалға тоқталалық. «Астана ақшамы» бетінен «Қаржыгерлер күш қағыстырды» (8 желтоқсан 2011 жыл) деген сөйлемді оқыдық. Тіліміздегі «қағыстыр» етістігі «1.Ары-бері қозғау. 2.Соғыстыру, түйістіру. 3.Қаққылап, соққылау, тінту» және «есебін табу, ретін келтіру» деген ауыс мағынада жұмсалады. Бұл мағыналардың қай-қайсысы да «күш» сөзімен үйлесім тауып тұрған жоқ. Сол себептен де «күш қағыстырды» деген тіркестің мағынасы күңгірттеу, түсініксіздеу болып тұр. Жұрттың бәріне түсінікті «күш сынасты» немесе оған қарағанда біршама сиректеу қолданылатын «күш таластырды», «күш танытты» деген тіркестердің біріне жіп тақпай, автордың «қағыстыруды» қайдан тапқанын, не үшін алғанын түсіну қиын. Басқасын айтпағанда, қазақ тілі дәл осы күшке қатысты сөз тіркестеріне өте бай. Күш алды, күш қосты, күш көрсетті, күш жиды, күш қолданды, күш бітті, күшке салды, күш берді, күш бермеді, күш түсті, күшіне енді, күші тасыды, күшке басты, күшін сатты, күші жетті, күшін жойды деп жалғаса береді. Осынша байлық тұрғанда, «күш қағыстыруға» құмартудың сырын ұғып көріңіз.
Гүлмира Әбіқай«Алтын жатырлы аналардың әр келінінен бүгінде 7-8 немере бар» («Жас қазақ», 24 желтоқсан 2010 жыл) деп жазыпты. «Алтын құрсақты аналар» деген әп-әдемі тіркесіміз тұрғанда, оны «алтын жатыр» деп анайыландыру, естір құлаққа ерсі. Айта берсек, тізе берсек, мұндай мысалдар көп-ақ.
Жоғарыдағы секілді кейбір сөз тіркестері өз тіліміздегі сөздерді сәтсіз тіркестіру арқылы жасалған болса, кейінгі жылдары орыс тіліндегі сөз тіркестерін тікелей көшіріп аудару арқылы пайда болған «аударма тіркестер» саны арта бастағаны байқалады. Журналист Серікбол Хасан «Итке қабылған балалары жұқпалы ауруға ұшырай ма деп қорқады» («Жас қазақ», 2 наурыз 2012 жыл) деп жазыпты. Кейінгі жылдары «туды» немесе «туған» деудің орнына «туылды», «туылған» деп жазу белең алып бара жатқаны сияқты, атам заманнан бері «ит қапты» дейтін едік, енді өзіміз барып «итке қабылатын» болыптық. Мұндай жаңалық жасамай-ақ, «итке қабылған» орнына «ит қапқан» («ит талаған») деген дәстүрлі тіркесті қолданғанда сөйлем түсінікті әрі жатық құрылған болар еді.
Мұндай қазақ ұғымына жат, жаңа тір­кес­тердің пайда болуы орыс тілінің ықпалы деуге негіз жеткілікті. Оған көз жеткізу үшін қазақша жазылған осы сөйлемді орысшаға тікелей аударып кө­релік. «Он(а) боится того, что дети, укушен­ные собакой, могут заразиться инфек­ционной болезнью» болып шығады. Жоғарыдағы біздің «итке қабылғанымыз» орыс тіліндегі «укушенные собакой»-дың тікелей көшіріл­ген аудармасы екендігі талас тудырмаса керек.
Тағы бір мысал: Заңсыз салынған үйлер бұзылуға жатады. («Алматы ақшамы», 4 қыркүйек 2010 жыл) деген сөйлемдегі «бұзылуға жатады» тіркесі де алдыңғысынан аумайды. Бұл сөйлемді оқығанда «Незаконно построенные дома подлежат сносу» деген орысша сөйлем көз алдыңызға келеді. Сөйлемдегі «бұзылуға жатады» – «подлежат сносу»-ды тікелей аудару нәтижесінде туған не орысша емес, не қазақша емес, түрі өзіміздікі болып көрінгенімен, түбі бөтен будан тіркес. Осындай аударма барысында туындайтын сәтсіз сөз тіркестері жиі кездесетіндіктен, тіліміздегі «жасанды», «асыранды», «жуынды», «шайынды», «сыпырынды» сияқты жағымсыз мағына беретін сөздердің үлгісімен «көшірінді» деген жаңа сөз туғызып, оның қатысуымен «көшірінді тіркес» деген лингвистикалық жаңа терминді қолданысқа енгізгің келеді екен. Бұл тіркестер орыс тілінің шылауы­нан шыға алмай қалудың салдарынан туындаған «…қатысуымен болған», «құрап отыр», «…атап өтілген», «ойымен бөлісті» сияқтылардың қатарына кіреді.
Қазір осындай «аударма тіркестер» көп кездеседі, олардың саны жыл санап артып келеді. Бұл құбылыс баспасөзден гөрі заң тіліне, ресми құжаттар тіліне көбірек тән. Тілдің функционалдық стилдерінің өзіндік ерекшелігі болғанымен, олардың арасында қытай қорғаны жоқ. Көптеген сіреспе тіркестер баспасөз тіліне сол ресми құжаттар, ісқағаз тілінен ауып жатыр. Аудармаға тәуелділіктен арылмасақ, алдағы уақытта қазірдің өзінде қаптап кеткен мұндай сірескен сөз тіркестерінен аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жететін түріміз бар.
БАҚ-та жиі кездесетін кемшіліктің бірі – терминдер қолданысындағы бірізді­ліктің сақталмауы. «Қазақ радиосынан берілетін «Еңбек адамы» хабарының 2012 жылғы 20 қарашадағы (сағат – 14.45) шығарылымында осы хабарды жүргізген журналист Гүлназ Сайлауқызы «Мейірбике мамандығы оңай мамандық емес десе, хабарға қатысушы Гүлімай Базарбайқызы «Менің мамандығым – мейіргер» деді. Тыңдаушыға екеуі екі мамандық туралы айтып отырған сияқты түсінік тудырады. Осы бір дәрігерлік мамандық иесінің қазақ тіліндегі атауының тілде толық орнықпауы – оның қолданысына да әсер етіп отырғанын көреміз. Дәл осы жерде журналисті де, медицина қызметкерін де кінәлау орынсыз. Орыс тіліндегі «медсестра» атауының баламасы ретінде кейінгі 15-20 жыл көлемінде ұсынылған медбике, аяжан, медбибі, мейірбике, мейіргер, мейіркеш, мейірие, медайым, емшібике, емшібибі сияқты нұсқалардың қолданысы әлі толық тұрақтай алмай келеді. Мемтерминком 2011 жылы 9 желтоқсандағы отырысында «медсестра» мен «медбрат» атауларының қазақша баламасын «мейіргер» деп бекітті. Алайда 2014 жылы осы комиссия мақұлдауымен жарық көрген 30 томдық терминологиялық сөздіктің медицинаға арналған 14-томында «мейірбике» деп беріледі. Тіл білімі саласындағы ең беделді ғылыми мекеме А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты шығарған үлкен бір томдық (2013) және 15 томдық түсіндірме сөздіктерде (2011) «медбике» нұсқасына басымдық берілген. Медицина қызметкерлерінің бас­ты құжаты саналатын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде «мейірбике», Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен (2009.11.24) бекітілген «Денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасында» «бас мейірбике», «кіші мейіргер» деп екі түрлі алыныпты. Мемлекеттік органдар мен ғылыми мекемелер осындай ретсіздікке жол беріп отырса, сонда қалың жұртшылық кімге сеніп, қайсысын қолдануы керек? Бұл бір ғана мысал. Мұндай мысалдарды әр саладан келтіруге болады. Неге солай? Себебі – терминдерді біріздендіру, үйлестіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді. Сонымен қатар, түрлі себептермен ресми бекітілген, сала мамандары мен көпшілік қабылдаған терминдер орнына жаңа термин ұсынатындар, мақұлданбаған нұсқаны қолданатындар да бірізділіктің сақталуына, терминнің тұрақтауына кедергі келтіреді.
«Екіжақты стандарт», «қосарлы стандарт», «қосарланған стандарт», «екіұдай стандарт» сынды жаңа қолданыстарды жарыстырып қою да термин қолданысындағы кемшіліктерге ұрындырады. Мәселен, «Ал ЯОБ Қазақстанға салу әлемдік екіленген стандартқа негізделгенін айтады» («Жас Алаш», 4 қыркүйек 2012 жыл)деген сөйлем соған мысал бола алады. Тіліміздегі «екілену» сөзі негізінен «есіру», «өршелену», «екпіндеу», «қарқындау», «көтерілу» сияқты мағыналарды білдіреді. Сондықтан «екіленген стандарт» орыс тіліндегі «двойной стандарттың» баламасы болудан гөрі тіл тұтынушыларына «есірген стандарт», «өршеленген стандарт» дегендей жағымсыздау әсер қалдырады.
БАҚ тілінде ең бір жиі кездесетін кемшілік– тұрақты сөз тіркестерін дұрыс қолданбау.Мәселен,«Дәніккеннен құныққан жаман» дегеннің орнына «Ашыққаннан құныққан жаман» («Жас Қазақ», 8 қазан 2010 жыл) деп қолдану еш қисынға келмейді.
Ақ үй басшысы «Бәтеңкелердің оныншы размер екенін ғана байқап қалдым» деп әзілдеген болыпты. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деген осы да (бетті әзірлеген Динара Ізтілеу. «Ана тілі», желтоқсанның 18-і, 2008 жыл); «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, құрыққа түскенін білген қонақүй иесі әрі директоры Ділшат Күзиев қалың темір есігі бар кабинетіне тығылыпты. («Жас Қазақ», 8 қазан 2010 жыл).
Қолдана-қолдана мұндағы «артымен жүзеді» деген тіркеске де көпшіліктің көзі мен құлағын үйрете бастағандаймыз. Дұрысы – «Сасқан үйрек артымен сүңгиді». Көлде, көлшікте жүзіп жүрген үйрекке жақын жердегі қамыс арасынан немесе ағаш тасасынан шыға келсеңіз лып етіп суға сүңгіп кетеді. Әрине, тұмсығын суға тығып, басымен, яғни алға қарай немесе «алдымен сүңгиді». «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деген тұрақты тіркес үйректің осы әрекетіне кереғар қимылын білдіреді. Яғни, күтпеген жерден, тосыннан туындаған қауіптен қатты сасқан үйректің суға басымен «алдымен» емес, құйрығымен «артымен» сүңгитінін бейнелеп айтудан туындаған. Адамға қатысты сасқанда орынсыз әрекет, өрескел қылық жасағанын сипаттау кезінде қолданылады. Мағынасы жағынан «Ұялған тек тұрмасқа» біршама жақын, бірақ одан гөрі бейнелілігі, әсерлілігі басымдау әрі уәжі нақтылау. Көз алдыңызға үйректің суға басымен емес, асып-сасып құйрығымен сүңгіп бара жатқанын елестетіңізші! Бұл тұрақты тіркесті жазба мәтінде немесе ауызша сөйлеу кезінде қолданғанда алатын әсеріміз де сондай, ерсі көрініс күлкі шақырады.
«Ендігі әңгіме мейлі ханзада Сыңлы немесе Нулы болсын, біз айтып жүрген еш қазақ тайпаларының құрамында аты жоқ сақ ханзадасы болсын, әйтеуір бүгінгі қабырғалы қазақ халқының, дүниежүзі мәдениеті алдында бетке басар байлығы, ұлттық мақтанышы, рухани азығы, алтын тамыры екендігі анық» (С.Әмірбекұлы, Г.Айтжанбай. «Айқын», 9 қаңтар 2015 жыл).
«Бетке басу» сөз тіркесі, «адамның айыбын, мінін, кемшілігін бетіне айту, көзінше ашық мәлім ету» деген мағынаны білдіреді. Әңгімеге арқау болып отырған ханзадаларымыз біздің бетке басар мініміз, кемшін тұсымыз емес, тамыры терең тарихымызды паш ететін ұлттық мақтанышымыз. Ендеше, бұл жерде «бетке басар» емес, керісінше, «үлгі тұтар, мақтан етер» деген оған кереғар мағынада жұмсалатын «бетке ұстар» тіркесі қолданылуға тиіс еді. Қаламы төселген, көп жылдық тәжірибесі бар, тілді тәуір біледі деп саналатын белгілі журналист әріптестеріміздің осы сөз тіркестерінің мағынасын айырмады деуге сену қиын. Алайда, газет бетіне тайға таңба басқандай жазылған сәтсіз қолданыс көзге ұрып-ақ тұр.
Журналист Ерік Рахым «Шиқылдақ арба» немесе «жетектеп салған тазылар» туралы бірер сөз» деп аталған бірінші беттен басталған мақаласын іштей үшке бөліп, оларға жеке-жеке тақырып беріпті. Сол тақырыптың бірі – «Жетектеп салған тазы түлкі алмайды». «Жас Алаш», 8 сәуір 2014 жыл). Белгілі журналист мақаласында осы мәтелді екі рет қолданыпты. Тілімізде «ит қосу», «ит жүгірту», «ит қосып қуу» деген тіркестер бар. Ал енді «ит салдым», «тазы салдым» деген қазақты кездестірмептік. «Салу» етістігі аңшылыққа, саятшылыққа байланысты қолданылғанда, құсқа қатысты «құс салу» түрінде жұмсалады. Қоғамдағы көптеген келеңсіз жайттарды батыл айтып, сын тезіне алып жүрген мақалаларымен таныс журналист алдағы уақытта «Жетектеп қосқан тазы түлкі алмайды» деген дәстүрлі қалпында қолданар деген үміттеміз.
Сөзін әсерлі, бейнелі ете түсем деп, тұрақты сөз тіркестеріне басы артық сөз қосарлау деректері де ұшырасады. «Ақпан айынан бері Мұстафа Өзтүрік атындағы спорт орталығының президенті Қайыр Мейірбеков жетекшілік ететін Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылындағы спорт кешенінде жаттыққан таэквондошыларымыз 19 мамырда басталатын жарысқа сақадай сай әзір екендігін айтуда». (Ғалым Сүлеймен. «Айқын», 15 мамыр 2010 жыл). «Әзір» сөзі «дайын», «даяр» деген мағынаны білдіретіні әркімге аян. Ал «сақадай сай (сайланды)» тұрақты тіркесі жай ғана дайын емес, тастүйін дайындықты, барынша жақсы әзірлікті білдіреді. Ендеше, бұл сөз тіркесінен кейін «әзір» сөзін қосудың не қажеті бар? «Әзір» сөзі өзінен мағыналық реңкі әлдеқайда басым сөзге жөнсіз қосақталып тұрғандықтан, оқырманға ақ киімге жамалған қара жамау сияқты әсер қалдырып тұр. Ғалым Сүлеймен ініміздің «боксшы» орнына «жуан жұдырық» тіркесін қолдануы да көңілге қонбайды. Ол бір мақаласында: Жуан жұдырықты жігіттер жеңіске жетті («Айқын», 21 желтоқсан 2011 жыл) деп жазыпты. «Жуан жұдырық» тіркесі негізінен «зорлықшыл, озбыр, үстем тап өкілі» деген жағымсыз мағынада жұмсалады. Ал боксшылар озбыр да, зорлықшыл да емес. Олар да балуан, шаңғышы, зілтемірші, көкпаршы секілді спорттың бір түрін жетік меңгерген өз ісінің шеберлері. Сондықтан «боксшы» жігіттерді «жуан жұдырықтылар» деу, жұмсартып айтқанда жарасып тұрған жоқ. Иә, спортшыларды бейнелеп айтуға әбден болады. Мәселен, зілтеміршілерді – толағайлар, жүгірушілерімізді – жел аяқтар, садақшыларды – сұр мергендер деп қолдану өте жарасымды.
Қанша айтылып, жазылса да қолданысы түзетілмей жүрген тұрақты тіркестердің бірі – «құлағына алтын сырға». Тіл жан­ашыры, білімді азаматтарымыздың бірі, саясаттанушы Расул Жұмалы билікке қазақ тілін дамытуға ықпал етуі қажеттігін айтқысы келіп отырып, керісінше, оның сөзін естімеген болуын сұрайды. «Бұл орайда биліктің «құлағына алтын сырға», қазақ тілін үйренгісі келетіндерді ынталандыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етуі тиіс («Түркістан», 21 ақпан 2013 жыл).
Сөздердің орын тәртібін сақтамауы да жиі кездесетін кемшіліктердің бірі. Заңсыз кәуап сатушылар жауапқа тартылады. («Алматы ақшамы», 19 тамыз 2010 жыл). «Заңсыз кәуап», «заңды кәуап» немесе «заңды самса», «заңсыз самса» деген болмайды. Дұрысы – «Кәуапты заңсыз сатушылар» ғой. Бұл сөйлемді «Кәуапты заңсыз сатушылар жауапқа тартылады» деп құрғанда, әр сөз өз орнында тұрғандықтан жоғарыдағыдай логикалық қисынсыздық туындамаған болар еді.
Бірінші бағанның ең басында «Елбасы Обамамен сөйлесті» деген жаңалық беріліпті. Әңгіме барысында Қазақстан – Америка қарым-қатынасының ахуалы мен перспективалары, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды. («Айқын», 23 қаңтар 2015 жыл).
«Халықаралық күн тәртібі», «елішілік күн тәртібі» дегенді естіген де, көрген де емеспіз. Бұл сөйлемде «халықаралық» сөзі «күн тәртібінен» кейін тұрып, «халықаралық өзекті мәселелер» деп қолданылғанда бәрі де түсінікті болар еді. Осы сияқты өз орнын таппай адасып, өзге сөздің орнына тұра салған сөздер сөйлемде айтылмақ ойды бұрмалайды немесе түсініксіздік, қисынсыздық туғызады. Сол себепті әр сөзді орнымен қолдану өте маңызды екенін әр кез назарда ұстағанымыз абзал.
Баспасөзде жарияланған материалдарда, электронды ақпарат құралдарында қосымшалардың дұрыс қолданылмауы да жиі ұшырасып жатады. Ондай қосымшалардың қатарына сөз бен сөзді байланыстыратын жалғаулар да, сөз тудырушы, сөз түрлендіруші жұрнақтар да бар. Мысалы, «Еліміздің дарқан аясында 490 өткінші немесе ұя салатын, қыстап қалатын құс түрлері, 116 балықтар, 12 қосмекенділер, 49 бауырмен жорғалаушылардың түрлері бар»(Бір топ биолог ғалымдардың проблемалық мақаласы. «Айқын», 4 қыркүйек 2012 жыл) деген сөйлемде көптік жалғауы орынсыз жалғанған.
«Күтіп отырық», «келіп тұрық», «бара жатырық», «көріп жүрік» деп сөйлеу мен жазудың орынсыздығы қанша айтылып-жазылса да, одан қорытынды шығарғандар көбейгені байқалмайды. Сол сияқты 2014 жылы Бразилияда футболдан өткен әлем чемпионатынан тікелей репортаж жүргізген Е.Көшкінбаевтың «біле алмадық», «біле алмай отырмыз» деудің орнына «Жарақат алған ойыншының кім екенін біле алмаудамыз» және «Біз уақытты мүлде қарамаудамыз» деп сөз сабақтауы жіктік жалғауына жасалған қиянат.
Тегін жазуда парсының –и жұрнағын жалғап, Түркістани, Орали сынды фа­ми­лия­­ларымен ерекшеленгісі келгендер болып еді. Енді тіліміздегі «саяси», «ғылыми» сөздерінің үлгісімен сөз түрлендіргісі келетіндер қатары арта бастаған сыңайлы. Мәселен, Серіккүл Сұлтанқажы «Әуелгі әңгімеміз – әйели әлеует. («Астана ақшамы», 28 ақпан 2012 жыл) деп жазыпты. Осыны «әйел әлеуеті» десе болмас па еді. «Әйелдік» орнына «әйели» деген екенбіз, сонда енді «еркектік» дегенді «еркеки» деуіміз қажет пе? Түбіртек теориясын терең зерделеген белгілі тілші-ғалым, профессор Берікбай Сағындықұлы «Түркі тілдерінде р, л, н, ң үнділері (сонорлары) ешқашан өзінен кейінгі дауысты дыбыстармен мағына беріп тіркеспейді. Яғни ра, ру, ри, ла, лу, ли, на, ну, ни, ңа, ңу, ңитүбіртектеріжасалмайды» деп жазады. Көріп отырғанымыздай, -ды/-ді, -дық/-дік орнына -и, -ді қосу арқылы сөз түрлендірудің бәрі сәтті қолданыс деуге келе бермейді.
Баспасөзде орфографиялық норманың бұзылуына да жиі жол беріледі.Бірге жазылатын сөздердің бөлек, ал бөлек жазылатын сөздердің бірге жазылуы, кейде бір сөздің бірде бөлек, бірде біріктіріліп жазылуы көп көрініс беретін болып жүр. Мәселен, «әртүрлі» орнына «әр түрлі», «біртүрлі» орнына «бір түрлі», «ісқағаз» орнына «іс қағаз», «іссапар» орнына «іс-сапар», «мекенжай» орнына «мекен-жай», аражігі» орнына «ара-жігі» жиі ұшырасады. «Аяқкиім», «баскиім», «ішкиім» сөздері де көп жағдайда бұрынғысынша бөлек жазылып жатады. Бұлардың қатарында «көптілді», «көптомды», «көпбалалы», «қазақтілді», «орыстілді», «қысқамерзімді» сөздері де бар. Төмендегі мысалдарда «алааяқ», «мәшине» сөздері де орфографиялық сөздік бойынша жазылмаған. Алаяқ. (мақала тақырыбы. Е.Байтілес. «Егемен Қазақстан», 28 наурыз 2013 жыл); «Алаяқтық азаяр емес». (мақала тақырыбы. Б.Байәділов. «Жас қазақ», 9 қазан 2015 жыл); «Қос кәсіпкер тігін машинасын алды» (А.Сағындықова. «Айқын», 17.01.2012).
2013 жылы ҚР Үкіметі жанындағы Респуб­ликалық терминология комиссиясы­ның мақұлдауымен жарық көрген орфографиялық сөздік бойынша «көгөніс», «көгөнісші», «қыргүйек» түрінде жазылуы тиіс бұл сөздер жаппай бұрынғысынша «көкөніс», «көкөнісші», «қыркүйек» түрінде жазылып жүр деуге болады. Кейінгі басылымнан бес-ақ жыл бұрын 2007 жылы жүз мың таралыммен жарық көрген орфографиялық сөздікте бұл сөздер «к» арқылы жазылса, енді «г» арқылы жазылатын болды. Орфографиядағы өзгерістерді жіті қадағалап отыратын жекелеген мамандар болмаса, көпшіліктің осы өзгерістерден бейхабар екендігін сан рет байқадық. Сондықтан мұндай өзгерістер жасалғанда ол жайында жұртшылыққа кеңінен хабарлануы керек екендігін ескермесе болмайды. Жалпы орфографиялық сөздікке жиі өзгеріс енгізе беру жазудағы тұрақтылыққа жеткізеді, көпшіліктің сауаттылық деңгейін көтереді дей алмасақ керек. Оған осы соңғы өзгерістер-ақ дәлел бола алады.
Орыс тіліндегі сөйлем үлгісімен құрылған (Ең көп кәсіпкерлер – сауда мен көлік жөндеуде.«Алматы ақшамы», 22 қыркүйек 2011 жыл); Шындығында, бұл бізге сырттан тартылған қарыз ақша емес пе, артының сұрауы бар? («Жас Алаш», 18 қаңтар 2011 жыл) сияқты сөйлемдерді барлық газет-журнал беттерінен кездестіруге болады. «На самом деле», деп басталатын орыс тілі сөйлемінің үлгісімен құрылған бұл сөйлемдегі «артының сұрауы бар» дегені де келісіп тұрған жоқ. Біздегі орыс-қазақ қостілділігі жағдайында әсіресе, аударма қазақ сөйлем құрылысына шектен тыс әсер етіп отыр. Сонымен бірге айтпақ ойды анық жеткізе алмайтын, олпы-солпы құрылған, логикалық қайшылықтарға толы сөйлемдерді жиі кездестіруге болады. Біз мәселені атап қана өтіп отырмыз. Жалпы бұл қазіргі таңдағы өз алдына сөз етуді қажет ететін өте өзекті мәселе.
Бұл аталған кемшіліктердің қата­рына кірме сөздер мен жаргон, арго, сленг­терді (крыша, крутой, шестерка, т.б.) орынсыз қолдану («Жезөкшелердің «крышасы» кім? Қ.Төрежан. «Айқын», 26 мамыр 2012 жыл), тыныс белгілердің дұрыс қойылмауы сияқты кемшіліктерді де қосуға болады. Сондай-ақ, орыс тіліндегі женский родтағы сөздерге балама ұсынып, оларды қазақ тілінде де родқа бөліп қолдану жағдайлары баспасөзде көрініс беріп жатады. Мәселен, азаматша, медбике, мұғалима, төрайым сияқты сөздер солардың қатарына жатады. «Сол облыста соңғы он жылда жаңылыспасақ әйел мұғалималар үлесі 80 пайыздан түспей отыр» (Ө.Ақжігіт. «Жас қазақ үні», 10-17 шілде 2012 жыл) деген сөйлем ұшырасты. «Мұғалиманың» өзі орыстың женский родтағы «учительница» сөзінің үлгісімен ертеректе жасалғаны белгілі. Бұл сөзді қолданғанның өзінде, оның алдынан «әйел» сөзін қосудың еш реті жоқ. «Мұғалималар» онсыз да әйелдер. «Ер мұғалімдер», «әйел мұғалімдер» десе, әңгіме бір басқа.
Біз негізінен баспасөз тіліне тоқталып отырмыз. Теле-радио тілі өз алдына жеке сөз етуді қажет етеді. Салыстырмалы түрде алғанда, баспасөз тілі электронды БАҚ тіліне, оның ішінде телеарна тіліне қарағанда көш ілгері деуге болады. Дегенмен, жоғарыдағы мысалдар баспасөз тілі де мінсіз емес екендігін көрсетеді. Баспасөз – қалың көпшіліктің тіл мәдениетін көтеруге тікелей ықпал ететін айрықша қуатты құрал. Сол себепті баспасөз тілінің даму үдерісін үнемі қадағалап, кемшіліктерді түзетіп, жазу мәдениетімізді жетілдіріп отыру маңызды міндет.

Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА-ның
корреспондент мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.