Әке – асқар тау

«Әкенің ақ тілегін өтеу парыз,
Мен бүгін әкемді айтып толғана­мын» деген жолдары бар әнді естіген ­сайын әкем есіме түседі. Әке туралы баланың бұлайша толғануы – заңды нәрсе. Әкелер өмірден өткен соң, артындағы ұрпақ олардың қадірін кеш түсініп жатса да, үлгі-өнегесін, ардақты есімін ешуақытта естен шығармайды. Менің әкем Қаражігіт Төлеуов 1935 жылы Каспий теңізі жағасында орналасқан балықшы поселкесі Баутинде дүниеге келген.

Әкесі қашаннан балық кәсіпшілігінің тіз­гінін ұстаған балық­шы болған.Ұлы Отан соғы­сы кезінде тыл­да еселі еңбек етіп, май­данға балық аулап жөнел­тумен болған. Әкемнің балалық шағы да соғыс жылдарымен тұстас келген. Ол өзі кейін есіне алып былай дейтін: «Әкемнің қасында балық аулап,қайықпен жүреміз. Жас бала болсам да, үлкендерге көмектесеміз. Теңізде жүргенде кей уақыттарда ұшақтардың гүрілі, бомбаның дауыстары теңіздің арпалысқан толқындарымен естілетін еді. Соғыс сонда Каспийдің арғы жағалауына жақын жерлерде болып жататынын түсінетін едік». Анасы Қарашаш өте ақылды, қасиетті Саназар атаның шөбересі, Жанай ауылының қызы екен. Жасынан ауылдың шыныққан баласы болып өседі. Атасы Төлеу Маңғыстауда жауы­рыны жерге тимеген балуан бо­лып­ты. Соның қасиеті оған дарып, бала кезінен спорт түрлеріне жаттығып өседі. Орта білімді С.М.Киров атындағы орта мектептен алып,оқу іздеп,қаршадайынан ауылдан жалғыз кетеді. Ата-анасы қарапайым еңбек адамдары болғандықтан, оған тіпті қаражат жағынан да көмек бере алмапты. Өз күнін өзі көріп, аштыққа да шыдап Оралдың механикалық техникумында оқиды. Ауылдың балаларының ішіндегі ең пысығы, өткірі де қайраттысы менің әкем болыпты. Әкем туралы өңірдің атақты ұстазы, бүгінде еңбек демалысындағы ардагер ұстаз Какима Шадиева апамыз өзінің «Бір тұтам өмірімнің жылнамасы» атты кітабында естелік жазғанында аталды-ау деп қуандым.
Какима ападан басқа естеліктерді кезінде өзі басқарған «АТП», «Балық қорғау инспекциясы», «ДЭСУ» меке­месінде жұмыс жасаған қызметкерлер мен жүргізушілер, замандастары, қарапайым ауыл адамдары айтады. Бәрі де оның адалдығын,қарапайымдылығын, жылы жүректілігін,қолынан келгенінше мүжәлсіз отбасыларына көмекке ұмтылатындығын еске алады.
Үлкенге қамқор, кішіге ізетті бола білген әкемді Маңғыстаудың ойында көбі танитын еді. Оның жақын жолдастары, достары Атырау мен Оралда, Ақтөбе мен Алматыда да көп болатын. Тіпті мектепте оқып жүрген кезінде Таушықта болған жүгіруден жарыста атақты желаяқ қазақ спортшысы, жерлесіміз Әмин Тұяқовтан да озып кеткені туралы жазушы Маршал Әбдіхалықовтың «Желаяқ бала» атты повесінде әңгімеленеді. Кейін жұмыс бабымен немесе демалыста Алматыға барғанда әкем Маршал ағамызбен, кездесіп сұхбаттасатынын айтатын еді. Сол сияқты Бірғали Байекеевтің 1993 жылғы 18 желтоқсанындағы «Маңғыстау» газетінде жарияланған «Елеусіз адам» атты мақаласын оқып отырсам, кейіпкері Маңғыстауға белгілі спортшы, Қазақстан Рес­пуб­ликасы оқу-ағарту ісінің үздігі Бердіқожа Ақбаев деген ағамыз менің әкім туралы сұхбатында айта кетіпті. «…Жетіншіде мектеп құрама командасының белді ойыншысына айналдым. Кейін оқушылардың арасынан Қаражігіт Төлеуов пен мені ересектердің волейбол командасына ойыншы етіп алды. Әрине, мақтаныш. Қаражігіттің жөні бөлек-ті. Ол әмбебап болатын. Тіпті бір-екі рет Таушықта өткен жарыста жүгіруден Әмин Тұяқовтан озып кеткені бар…»деп есіне алыпты. Мұның бәрі мен үшін мақтаныш. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» дейді ғой. Жас кезінен шымыр болып, спортпен айналысуды өмірінің соңына дейін насихаттап кетті. Үйге қызмет көлігі алып кеткенше, ерте тұрып жаяу кете беретіні сол жасынан қалыптасқан әдеттен болса керек.
Өмірде уақытша қиындықтар болады ғой. Балаларының алысқа барып білім алғанын қалайтын.Мен орта мектепті бітірер алдында менен бұрын менің кім болатынымды әкем таңдап қойды десем болады. Өйткені ол қызының абыройлы да беделді маман иесі болғанын қалады. «Менің қызым қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болады және өзім оқыған жастық шағым өткен Қазақстанның көрікті қаласының бірі – Оралда оқиды. Менің онда достарым бар, мен олармен таныстырамын. Мен Оралды жақсы көремін» деп айтудан танбайтын. Сөйтіп, мені өзі Оралға алып келіп,оқуға түскенімше келіп-кетіп жүрді. Сол аралықта үлкен ағасы ұзақ науқастан қайтыс болып, қанша батып жүрсе де маған айтпаған. Жақсы көретін әкем еді, көңілін бұзбайын дегені болар. Әке тілегі қабыл болды, мен Оралдан жоғары білім алдым. Өзім оқыған мектепке ұстаз болып келдім. Мені әкем мақтаныш ететіндей нәтижеге жеттім,өз мамандығымның үздігі атандым. Әкем көтерілген биікке жеттім бе, жетпедім бе, білмеймін,бірақ оның арманын орындадым деп есептеймін. Мен қазір әкем жүрген адалдық жолындамын. Ұстаз-анамын, ұстаз-әжемін, ұстаз-енемін. Әкемнің көре алмай кеткен немере қызықтау бұйырып, немерелерімнің қызығына тоймай жүрген қарапайым ауыл еңбеккерімін. Мейлі қандай жетістікке жетсем де, анам мен әкемнің арқасы деп білемін,сондықтан олардың алдында мәңгі қарыздармын.
«Өлі жебемей,тірі байымай­ды» демей ме атам қазақ? Аяулы әкемді алдында ағалары, әкесі болған соң «папа» деп атау да бұйырмады, ұл-қыздары оны «аға» деп өттік. Бары 56 жыл ғұмыр кешкен әкем тірі болғанда биыл 80 жасқа келер еді. Бүгін еске алып, сыр шертуімнің себебі де сондықтан. Өкініштісі сол: аудан орталығы Форт-Шевченко қаласының дамуына едәуір үлес қосқан, соңғы жұмыс орны жол бөлімшесін басқарудағы еңбектері, қала күндеріне арналған іс-шараларда айтыла бермеуі қынжылтады. Біздің көз алдымызда әкеміз аңқылдаған бала мінезді, жылы жүректі, мейірімді де жомарт жан болып қала береді.Ұрпақтарының әрқайсысының көкірегінде айтылмақшы ой – осындай. Оларды қағаз бетіне түсіруді арман етіп жүрген менің арқамнан бір жүк түскендей сезінгенім – ақиқат.

Анар ТӨЛЕУОВА,
Жалау Мыңбаев атындағы
мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    Менің мақалам әкем туралы баспаға шыққанына өте қуаныштымын. «өзім сүйіп оқитын «Ана тілі «газетіне мың алғым!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.