Тұрар мұрасы тасада қалмасын

Тұрар мұрасы тасада қалмасын «Тұрар Рысқұлов – терең ойлы, болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға. Ол – экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам. Тұрар түркітілдес халықтардың конфедерациясын жариялы түрде ұсынып, экономикалық-саяси жақтан тәуелсіз болуды армандаған. Қанаушылықты, отаршылдықты, шовинизмді, ұлттық саясатты бұрмалаушылықты орталық үкіметке ашық жеткізген. Ол шаруашылықтың барлық саласына ұтымды ұсыныстар айтты. Біз әлі күнге Тұрардың айтқандарын қайталап жүрміз…».Ұзақ жылдан бері тұрартануға атсалысып келе жатқан белгілі геолог Молдияр Серікбайдың әңгімесі осылай басталды. Оның айтуынша, елімізде тұлғатану, қазақтану жүйелі түрде жолға қойылмаған. Соның бір дәлелі Тұрар Рысқұлов өмірі мен шығармашылығының толық зерттелмей жатқандығы. Әйтпегенде Тұрар әлемдік деңгейдегі ірі саясаткерлердің қатарынан әлдеқашан орын алар еді. Айталық, Мұстафа Кемал Ататүрік 1923 жылы Түркия Республикасын құрса, Тұрар 1919 жылдың өзінде Түркістан Республикасының құрамындағы Сырдария облысы, Жетісу облысын Қазақстанға қосып, Ташкент қаласын бүкіл түркілерді шоғырландыратын астана жасауды, соның негізінде Түрік Республикасын құруды айтқан. 1921 жылы Әзірбайжан компартиясының ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Т.Рысқұлов Ататүрік бастаған ұлт-азаттық көтерілісін қолдады. Сол кезеңде Тұрар Азия құрлығындағы Қытай, Үндістан секілді мемлекеттердегі көтерлістің келешегін болжап, жеңіске жететінін айтып кеткен.
Тұрар Рысқұлов ұлттық эконо¬миканың, өнеркәсіптің, тіпті тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтың, т.б. әлеуметтік-саяси маңызы бар өндірістік салалардың дамуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген. Бұл туралы Молдияр Серікбайұлы әңгімені әріден қозғады.
– Біз Тұрардың ХХ ғасырдың басында айтқан стратегиялық маңызды шешімдерін енді бағалап жатырмыз. 1927-1930 жылдары Тұрардың ықпалымен Орталық Азияға, Батыс Қытайға, Батыс Моңғолияға, Батыс Сібірге даңғыл жол салған Түрксіб теміржолы ашылды. Қазір сол Түркісіб магистралінің ізімен экономикалық қатынастарды дамытып отырмыз. Батыс Еуропа мен Биік Азияға (Иран, Ауғанстан, Пәкістан) жол ашатын Волга-Дон каналын (Қара теңіз, Азов теңізі, Каспий теңізі, Парсы шығанағы, Оман шығанағы) салу туралы да 1927 жылы Т.Рысқұлов айтты.
Ол – әлемдік, ортаазиялық, ресейлік бірнеше экономикалық одақтың негізін қалаушы. Соның бірі – 1923 жылы Ян Эрнест Рудзутак екеуі ұсынған Иран Республикасы мен Түркістан Республикасының арасындағы кедендік одақ. Сол жылы Бұқара, Хиуа, Түркістан Республикасының арасында да экономикалық одақ құрылды. Біз қазір Ресей, Белоруссия, Қазақстан арасындағы кедендік одақты құрып отырмыз.
1919-1934 жылдар аралығында Тұрар Рысқұлов жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе акционерлік қоғам құру арқылы шағын және орта бизнесті дамыту туралы бірнеше рет мәселе көтерген. Сондай-ақ экономикалық дамуымыздың базалық негізі геологиялық басқарманы құруды 1928 жылы ұсынды. Соның нәтижесінде қазба байлықтар ашылып, экономикамыз жан-жақты дамыды.
Ұлттық Республикалардың тағдырын ойлаған Тұрар 1923 жылы Ресей коммунистік партиясының ХІІ съезінде ұлттық-одақтық кеңес құруды, ұлттық республикаларды экономикалық аудандау керектігі туралы баяндама жасады. 1924 жылы еуразиялық идеяны ұсынған да Т.Рысқұлов болатын. Ол сол арқылы Еуропа мен Азия халқын жақындастыруды көздеді. 1926 жылы ұлттық республикаларды, өлкелерді индустрияландыру тұжырымдамасын әзірледі. Үлкен өндірістік орталықтардың айналасында қосалқы шаруашылық құруды Тұрар 1930 жылы айтса, біз Астана, Алматы және басқа өндірістік ірі қалалардың төңірегінде азық-түлік белдеуін құруды кейін қолға алып отырмыз. Осыдан-ақ оның шаруашылықты ұйымдастыруда қаншалықты көреген басшы болғандығын байқауға балады.
Тұрардың оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Рысқұлов басшылық қызметте жүргенде 1920 жылы Түркістан үкіметінің шешімімен Ташкенде Қырғыз-қазақ институты ашылса, 1924 жылы Мәскеуде Шығыс халықтарының университеті шаңырақ көтерді. 1928 жылы Алматыда Қазақ университеті, 1929 жылы малдәрігерлік институты, 1930 жылы ауыл-шаруашылық институты ашылады.
Тұрар Рысқұлов 1936 жылы Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып тұрған кезінде және Ресейдің Совнарком төрағасының орынбасары қызметін атқарған кезде Қазақстан мен Қырғызстанның одақтық Республика болуына ықпал етті. Бұл оның еліне сіңірген зор еңбегі деуге болды. Өйткені Қазақстан одақтық республика дәрежесіне жетпегенде Башқұртстан, Татарстан, басқа автономиялы республикалар сияқты Ресей Федерациясының құрамында қала берер еді. Өзінің сотталар алдындағы соңғы сөзінде Тұрар Қазақстан мен Қырғызстанның одақтық республика болуын мақтанышпен айтып кеткен. Қазақ елінің тәуелсіздік үшін күрес тарихындағы Т.Рысқұловтың осы еңбегі қазірге дейін айтылмай келе жатыр.
Тұрар Орта Азия зиялыларының Мәскеуде білім алуына, өсіп-жетілуіне тікелей ықпал етті. Н.Нұрмақов, С.Меңдешев, Д.Қонаев, М.Сұлтанғалиев, Қ.Сәтбаев, Ю.Абдрахманов, Т.Айтматов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, С.Аспендияров, М.Әуезов, Ә.Диваев, т.б. азаматтарға көп қамқорлық жасады. Әлихан Бөкейхановты абақтыға жапқанда Сұлтанбек Қожанов екеуі Сталинге телеграмма жазып, Әлиханның абақтыдан босауына атсалысты. Сол кезеңде бүкіл Алаш зиялылары Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов сияқты белгілі тұлғалардың төңірегіне Ташкентке шоғырланды. Ол 1922-1924 жылдар аралығында Халел Досмұхамедов басқарған «Талап» қоғамына да қаржылық көмек көрсетіп, ғылымды дамытуға үлес қосты.
Молдияр Серікбайұлы Тұрар Рысқұлов туралы осылайша ой толғайды. Шындығында, қазаққа, жалпы түркі халықтарына қыруар еңбек сіңірген Тұрар есімі бұл күнде көп еленбей жатқаны өкінішті-ақ. Тіпті Тұрардың атында музей де жоқ екен. Молдияр Серікбайұлының айтуынша, Мәскеуде, Ташкентте, Бішкекте, Бакуде, Қазанда, Уфада, Ұланбатырда, басқа шетелдердің архивтерінде Тұрардың кемінде 20 томнан асатын еңбегі жатыр. Солардың бас-аяғы жинақталмаған. Шетелдегі қайраткер тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылмаған. Тіпті өзіміздің Алматы мен Астанада да Тұрардың монументалды ескерткіші жоқ. Халықаралық дәрежеде қызмет атқарған қайраткеріміздің оқыған, сапарда болған, еңбек еткен елдеріне экспедиция ұйымдастырылмапты. Қазақтан шыққан саясаткердің Бейжіңде болып, Қытай мен Моңғолияның арасында дипломатиялық қатынасты жақсартқаны, 1923 жылы Берлиндегі студенттердің хал-жайын біліп, «Германиядағы біздің студенттер» деген мақала жазғаны да назардан тыс қалуда. Жалпы, Тұрар өмірі туралы көлемді фильм түсірілсе де, артықтық етпес еді.
Шерағаңның, Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда, мұның бәрі «бір кем дүние» болып отыр. Дегенмен «2011 жылы Ресейде Т.Рысқұлов жылын өткізсек, Халықаралық конференция ұйымдастырып, екі-үш жылдың көлемінде Тұрардың еңбектерін жинақтап бастыруды қолға алсақ» деген тұрартанушылардың пікірі енді еленсе де кеш болмас. Жалпы, ғасырлық тұлға Тұрар мұрасы арысы әлемге, берісі Орта Азияға ортақ мұра екендігін естен шығармағанымыз абзал.

Біләл ҚУАНЫШ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.