Іленің арғы жағы, бергі жағы

Іленің арғы жағы, бергі жағы«Жетісу» газетінің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаев пен ақын Сәкен Иманасовтың екеуара әңгімесі.

Жақыпжан Нұрғожаев: – Өзінің қасаң қағидасына еріксіз бағындырған уақыт кейде сенің арқаңды кеңге сала ел-жұртпен еркін араласып, арқа-жарқа күй кешуіңе де мүмкіндік бере бермейді. Арқа-жарқа дегенде, ел аралап, той тойлап, гөй-гөйге салуды емес, қазына кеуде қарияларымыз бен айтары мол ағаларымыз, көргені көп замандастарың мен көңілінде күні бар кейінгі толқын інілеріңмен сұхбаттасып, орамды ойы мен келелі пікірлері болса көңілге түйіп алып, кейінгі ұрпаққа аға буын салған асыл жол ретінде айта жүруді мегзеп отырамын. Амал не оқта-тектегі орайы келгенде болмаса, ондай-ондай жылы жүзді жүздесулер де жиі-жиі бола бермейді. Ал бола қалған жағдайда күйбеңі көп өмірдегі күйкі тірлікті емес, мүмкіндігімізше тар шеңберден шығып, жүйрік көңілмен кең дүниені шарлап өткің келеді. Бердібек ағамның шығармасындағыдай, «Бала шақтан болашаққа саяхат» жасап, арғы-бергі тарихты парақтастырып, кешені бүгінмен, бүгінді ертеңге сабақтастыра отырып, рухымызды серпілтіп бір сергіп қалсақ дейсің. Жерұйық іздеп сабылғанда Желмаясы Жетісуға келіп шөккен Асан қайғы атамыз: «Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» демеп пе еді. Құдайға шүкір, ел іргесі бүтін, жұртымыз тыныш шақта өмір сүріп жатырмыз. Көкірегіміз шерге емес, сырға толы. Кеудесі толған сырсандық, кілтін тауып аша білсең болғаны, қазынаға қарқ қылатын асыл текті ағалар да көп қазақ топырағында. Ондай адамдар Алакөл мен Хантәңірінің арасын жалғап жатқан біздің жерұйығы – Жетісуда да аз емес. Өмірден өтіп, тарихқа еніп кеткендерін айтпағанның өзінде арамызда жүрген, ортамызда ормандай орны бар асыл азаматтарымыздың өзі қаншама. Арнасы кең, айдыны бөлек Алакөлден ақ шағала жырын осыдан елу-алпыс жыл бұрын әуелете ұшырып, әдебиет айдынына қондырған Сәкен Иманасов ағамызды да сондай көргені мен көңілге түйгені көп жандардың қатарына қосар едік. Жазушылар одағы деп аталатын қаламгерлердің қасиетті шаңырағының іргесінен бастап, биліктің бөлмесінде де лауазымды қызметтер атқарды. Сәкеңнің шен таққан шенеуніктігінен гөрі, «күпі киген қазақтың қара өлеңіне шекпен жапқан» ақындықты ардақ тұтатынын да аңғарамыз. Ағамыз Алматыда, мен Талдықорғанда тұрсақ та, атшаптырым-ақ жер болғанымен, кездесуіміз тым сирек. Жолығыса қалсақ, жоғарыда айтқанымыздай, арқаны кеңге салып, арқа-жарқа отыратын уақытымыз да аз. Кеңінен отырып, шешіле сөйлеп, көсіле әңгімелесетін сәттерді екеуміз де сағынатын сияқтымыз. Осылай небір ойдың жетегінде жүргенде Сәкеңмен оңаша жүздесудің де сәті түсті. Біріміз ақын, біріміз журналист болып, екеуара біраз ой қозғаған едік. Аз-кем жөн сұрасып, хал-ахуал біліскеннен кейін Сәкең әңгіменің арнасын бірден әдебиет әлеміне қарай бұрып әкеткен болатын.
Сәкен Иманасов: – Осыдан тұп-тура 85 жыл бұрын қазақ жырының Құлагері Ілекең, Ілияс Жансүгір баласы өзінің «Жетісу» суреттері аталатын әйгілі өлеңінде:
Жер таппан жерге жетер Жетісуым,
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін
Жан бар ма тартпайтұғын, айтпайтұғын,
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.
Асқардан ақтарыла арқыраған
Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын, –
деп те бір шалқитыны бар еді. Сол өлеңді тұтастай ғана тағы бір сүзіп өтетіндей болсаң, Жетісу жері, оның тауы мен тасы, оты мен суы, шоқысы мен шыңы, аңы мен ағашы, бұтасы мен бұлағы, шөңгесі мен шөпшегі, шүйгіні мен шөбі, ылдиы мен өрі, шөлі мен көлі, жәндігі мен жануары дейсің бе, әйтеуір ақын көзінен таса қалып қойған дүние жоғын байқар едің. Бәрін де көреді, бәрін де көңіл көзінен өткізе отырып жырға қосады. Көргені мен көзіне түскенінің бәріне де шынайы қызыға сүйсінеді. Сүйсіне отырып: «Мақтайтын ертедегі Иранбағын, сол жаққа барған кісі көретіндей» деп те бір кеуде кере көсіле түседі. Туған өлкесіне, оның көркіне деген мақтаныш сезімі сол өзі жырлап отырған тау суындай асып-тасып, тасқындап барып, сабасына әрең түседі. Сол табиғат дүбіріне өзі де қосылып, «Қуыппыз көк жайлауда бір күн елік, желіктен кісі аман ба қымыз ішкен. Тағыны тастан тауып, тарсылдатып, жүргенбіз тауда ұзақ қыдырыспен» десе, соны оқып отырған сенің өзің де қымыз ішкендей желігіп, Ілекеңмен бірге елік қуып кеткің келіп тұратыны бар емес пе. Бірақ зер сала қарап отырсақ, ақынды Жетісу жерінің бір пұшпағы саналатын осынау Нарынқол, Кеген өлкесінің тауы мен тағысы, аспаны мен асқақтығы ғана емес, ең алдымен – адамдары мен ақындары қызықтырған сыңайы бар. Жоғарыдағы өлеңінің тағы бір тұсында ақын:
Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албыт-ерке енесіндей, – деп ақтарыла келіп, тағы да былай асқақтатып әкетеді:
Асқардың арғы атасы Хантәңірі,
Албанның өрісінің төрінде екен, – дей отырып, ол осы өңірдің түлегі, сол кезеңде көзден де, көңілден де кетіп, өзі де, сөзі де көмескілене бастаған Албан Асан ақынның жұрт аузындағы өлең-жырын жинап-теріп, барынша толық, жинақы қалпында 1934 жылы жеке кітап етіп шығартады. Ол кітаптың алғысөзін де Ілекең өзі жазып, қазақ еліне Албан Асанның кім екендігін, нені жырлап, қалай тірлік кешкенін тәптіштей ұғындырып өтеді. «Асанның өзінің кім екенін былай қоя тұрып, сөзін ғана алғанда – Асан төңкерістің алдындағы заманға кезіккен ауылдың тілі болған, өз сөзімен айтқанда нағыз «Ақырзаман» ақыны. Өлеңдерінің басынан аяғына дейін түңілу, торығу, жабығу, түп-тамыры әріде, тереңде жатыр. Бұл – екінші Асан Қайғы, деп тұжырым жасаған. Бақа басына, тұрымтай тұсына кеткен баспен қайғы заманда, сол бір Ілияс ақын тасқа басып шығартқан «Ақырзаман» кітабы болмағанда, кім біледі, Албан Асан сияқты үлкен ақынның сөзі де өзімен тұстас, тұрғылас талай-талай таланттардың кебімен келмеске кете берер ме еді, қайтер еді?
Жақыпжан Нұрғожаев: – Рас айтасыз-ау, Сәке. Ілекең, сол Ілекең сияқты ұлт қамын, ұрпақ болашағын ойлаған арыстарымыздың арқасында тарихтың ақтаңдақ беттері қайта ашылып, бүгінгі жас жеткіншектер ұлы тұлғалармен қайта қауышып жатыр емес пе. Ал артында іздеуші, сұраушысы жоқ қаншама жандар зерттеусіз, зерделеусіз кітаптың жыртылған беттеріндей жоғалып та кеткенін білеміз. Заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесін жазбас бұрын сол өңірге атбасын әдейі бұрғаны белгілі. Көреген суреткер аталған аймақтағы ақын-жыршылардың мұрасын зерттеп, зерделеп және шежіре кеуде қариялардың әңгімелерінен қаншама дүниені жарыққа шығарды десеңізші. Яғни, о кісі қазақ ауыз әдебиетінің тамыры терең бір тармағының аспантаулар аясында қалыптасып келе жатқанын сол кездің өзінде-ақ бағамдаса керек.
Қазіргі таңда көп болып қол жеткізген құнды мұраларымызды көріп, құдайға шүкір дейміз. Сіз айтып отырған Албан Асан Барманбекұлы сынды азаматтарымыздың асыл дүниелерімен сырласып, қайнар бұлақтан су ішіп, шөл қандырғандай боласың. Әңгіме ауаны осылай басталғаннан кейін мен де қосыла кетейін. Албан Асанның қатарында айтыс өнерінің ақтангері, туғанына 125 жыл толуына байланысты мерейтойы аталып, теңіз түбіндегі інжу-маржандай жауһар жырлары мен айтыстары кітап болып басылып, сол мерекеге орай Алматыдағы Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде ғылыми-теориялық конференциясы өткен Көдек Байшығанұлы да бар.
Көдек ақын 1888 жылы қазіргі Райымбек ауданы, Шәлкөде жайлауында дүниеге келген. «Жайлауын айт жайлау деп Шәлкөденің, төсінде мыңғырған мал әр төбенің» деп Мұқағали жырлағандай бұл өңірді өлеңіне арқау етпеген осы өлкенің бірде-бір ақыны жоқ шығар. Атадан балаға дарыған сол өнер, сара жол Көдек ақынды да өлең өлкесінің биігіне шығарды.
Әліпбиді ежіктеп танып алдым,
Бірте-бірте шимайлап қанығармын, – дей келіп:
Он үшке он екіден адымдадым,
Атымды өзім ерттеп жабындадым.
Той болған тамашалы жерге барып,
Өлеңге сол кезімнен ағымдадым, – деп жырлауы ақынның қиыннан қиыстыратын суырып-салма адам екенін аңғартады. Көдек Байшығанұлының өмір жолы да тар жол, тайғақ кешуде өтіп, зұлмат жылдарға куә болған. 1918 жылы әскер қатарына алынған соң, Хиуа, Бұхар хандықтарына қарсы азамат соғысына қатысты, одан кейінгі жылдары ерікті халық жасақшыларын басқарған. 1923 жылдан болыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары, Сүмбе ауылдық кеңесінің төрағасы болып, лауазымды қызметтер атқарған. Бірақ, ақын қашанда халық жағында емес пе? Билікте жүрсе де шолақ белсенділердің шаш ал десе, бас алған келеңсіз қылықтарын, әртүрлі іс- әрекеттерін сынаған өлеңдері үшін қуғынға ұшырайды. Соңына түскен сол қудалаудың кесірінен арғы бетке өтіп кетуге мәжбүр болады.
Қоштасып қалдырдым да Албан елін,
Адасып ел шетіне барған едім, – деп еріксіз бас сауғалауға көшеді.
Өлеңде де, өмірде де бұхара халық жағында жүрген Көдек ақынның бай мұрасы соңғы жылдары ғана ортамызға қайта оралып, бүгінгі ұрпақтарымен қауышып отыр. Көдектің зерек ақын, зерделі жан ретінде Алаш арыстарының әрбір қадамын құптап, қуаттап отырғандығын көптеген өлеңдерінен байқай аламыз. Соның бірі 1925 жылы бүгінгі әңгімемізді бастап отырған Ілекеңе «Ілияс Жансүгіровке» деген өлеңі.
Алаштың азаматы қандай болар,
Елдің жаны өзіңе жандай болар.
Ел үшін еміреніп, тебіреніп,
Айтқаны шекер менен балдай болар.
Қанша артса да еселеп көтеретін,
Көш басы жүк артатын нардай болар.
Бүкіл елдің көзі мен көңілінде,
Төбесінде толқыған айдай болар.
Бұл ісі азаматқа ерік қоймас,
Арғымақ арықтаған тайдай болар.
Айтқаны, істегені анықтап тұр,
Шыңырау алдын қазған жардай болар.
Қи сыпырып, қиратып жоғалтады,
Төбесінен толқыған жайдай болар.
Тоз-тоз боп қатын бала, әке-шеше,
Бейкүнә жан халыққа жаудай болар.
Діннен, тілден ажырап қалғандары,
Сасық көкек, өркеуде дайдай болар.
Бір Алла, істің түбін өзің оңда,
Кім білер, кейінгі ұрпақ қандай болар?!
Міне, сол солақай саясаттың кесірінен Ілекеңдер халық жауы атанып атылып кетсе, Көдек сынды аспантау аясындағы ақындар арғы бетті паналап кете барды.
Айтпақшы, Сәке, сөзіңіздің басында Ілияс Жансүгіровтің Албан Асан Барманбекұлының жинағын шығарғаны туралы айтып кеттіңіз ғой, Жыр құлагері Ілияс ақын сонымен бірге 1927 жылы «Өтірік» деген жинағына қосқан Әжібайдан тараған Дәркембайдың баласы Мейірман ақын да бар. Мейірман ақын туралы біз тек қана ауызша деректерден ғана ептеп білеміз. Оның себебі, Мейірман 37 жасында, кейбір деректерде 27 жасында деп те айтылады, Шелек өзені үстімен қой өткізіп жүргенде мұз ойылып кетіп, оқыстан қаза тапса керек. Өмірден ерте кеткендіктен бе, өлеңдері қағаз бетіне түсіп үлгермеген. Алғаш рет әлгі «Өтірік» деген жинағына оның өлеңдерін Ілияс Жансүгірұлы енгізсе, кейінгі жылдары Әужан Ниязбекұлы, Әкімхан Зікрияұлы ағаларымыздың ел аузынан жинаған «Мейірман айтты» деген ұшқыр ойлы, өткір тілді өрнекті өлеңдері де жарыққа шықты.
Филология ғылымдарының докторы, әдебиет зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлының тынымсыз ізденісінің нәтижесінде әнші, ақын, сазгер Қапез Байғабылұлы да ортамызға қайта оралды. Қазіргі таңда Қапездің «Дүние-ай», «Үш Меркі» әні жезтаңдай әншілердің орындауында қазақ сахарасына кеңінен насихатталып, таралып кеткен әндердің қатарынан табылады. Зейін қоя тыңдап отырсаңыз, бір ғана «Дүние-ай» әні басы, ортасы, аяғы бар қойылым іспетті. Қоғамды көресіз, дәуір тынысын сезінесіз. Әнімен тыңдасаңыз әсері тіптен ерекше. Көңіліңізді еріксіз бір толқыныс билеп әкетеді. Егер ән айта алғанда сізге осы жерде-ақ орындап берер едім, сөзі былай келеді:
Жапалақ жалп етеді жар басында,
Немене жоқтың күні бар қасында.
Дос болып қас қылғаннан сақта құдай,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.

Ақтоғай, Кеңсу, Арал, Орта Меркі,
Айдында қалықтаса аққу көркі.
Кейбіреу бүгін тату, ертең араз,
Берген соң бұзылмаса ердің серті.

Қасқыр да қас қылмайды жолдасына,
Болмаса бір арамдық өз басына,
Жер бетін топан қаптап кетсін мейлі,
Түбінде өзен ағар арнасына.
Қолдан жасалған аштық, аққа қара жағып, халық жауы деген атқа таңып, саяси қуғын-сүргінге ұшыратқан сол қоғам топан судай қаптап, ұлт зиялыларын ағызып әкеткенімен, өмір-өзен өз арнасына түсті. Тәуелсіздік таңы атты, арыстарымыз ақталды. Бұл өлеңнің өміршеңдігі сол – адам санасындағы қай қоғамда болмасын, кездесетін мінезді дөп басқандығында. «Берген соң бұзылмаса ердің серті» дейді Қапез. Атақ-мансап, қу дүние үшін берген сертінен тайып, адамдық қасиетін құрбандыққа шалып жүргендер де аз емес бүгінгі таңда. Ілекең, Ілияс Жансүгіров өзінің «Жетісу суреттері» деп аталатын сүбелі шығармасындағы «Тау суреті» деген бөлімін тұтастай аспантаулар аясындағы, Хантәңірі етегіндегі Райымбек батырдың мекеніне арнаған екен. Осы толғауында:
Елбіреп Елшенбүйрек ел аулақта,
Ойнамақ жасырынбақ Науша, Наршаң.
Шәлкөде шүйгін шөпті құтты жайлау,
Сонда дейд сүзбе тұзды бара қалсаң, – деген жолдар кездеседі. Мұндағы Елшенбүйрек Мұқағалидың ауылы. Ал Шәлкөде жоғарыда сөз еткен Албан Асан мен Көдек ақынның рухани ізбасарларының бірі Шарғын Әлғазыұлының ауылы. Ол да айтыс өнерінің хас шеберлерінің бірі. Оның Қойдым ақынмен айтысы қазақ әдебиетіне қосылған бай мұралардың санатынан. Жердің қасиеті мен ел бірлігі, адамдық ар-ождан мен кісілік келбет ақын жырының негізгі арқауы. Сізге сол Шарғын ақын туралы мағлұмат бере кетейін. Ол кісі дүлдүл ақын, белгілі ағартушы. Шығыс Түркістан әдебиетінің негізін қалаушылардың, ұлт-азаттық идеясын көтерушілердің бірі. XX ғасырдың отызыншы жылдарында коммунистік партия лаңынан адасқан жұртпен бірге Қазақстаннан Шығыс Түркістанға қоныс аударған. Сол жақта Дәулеткелді, Таңжарық секілді ұлтжанды азаматтармен бірлесіп, қоғамдық-әлеуметтік, оқу ағарту жұмыстарына, ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. 1957 жылдан бастап Шығыс Түркістандағы зиялы қауым өкілдері жалған жаламен тұтқындала бастағанда, солармен бірге қамауға алынған. Оған:
Қытайдың қалдық, міне, қамауында,
Тұрады екі сақшы қарауылда.
Бізді енді босататын емес сірә,
Қалған соң бір ілініп қармағына, – деген өлеңдері дәлел. Бірақ қамаудан қашып шыққан Шарғын 1959 жылы Отанына оралып, өмірінің соңына дейін Шәлкөде ауылында тұрған еді.
Сәкен Иманасов: – Кеңес өкіметінің кереғар саясаты елімізді шілдей үркітіп, тарыдай шашпағанда талай-талай зияды азаматтарымыздан аяқасты айырылып қалмайтын да едік-ау. Солардың бірінен саналып отырған Албан Асанның бар дүниесін Ілекең ұқыптылықпен жинап-теріп алмағанда «Ақырзаман» ақынынан да алыстап қалар ма едік, кім білсін? Кейінірек, 1999 жылы, Қарасаз ауылында Албан Асанға ескерткіш тұрғызылды. Сол ескерткіштің ашылу құрметіне жиналғап көпшілік ішінде біз де болып, өлең оқып едік. Сол өлеңнің алғашқы бірер шумағы:
Армысың, Қарасаздың қалың елі,
Бармысың салқын самал, сары белі.
Жансүгір Ілиястың жерлесі едім,
Жатсынбай, жақсы ұлым деп таны мені!

Ақынның атағы зор Албан Асан,
Әр сөзін тамсана оқып, таңдана сан.
Түгелдей жиып-теріп, тасқа басып
Ілекең танып еді-ау әлдеқашан.

Ешкімнен кем тұтпаған өз дарынын,
Ілекем білсе керек сөз қадірін.
Халқына табыстырып кеткен екен
Асандай ортасынан озған ұлын, – деп әрі қарай кете беретін еді.
Сол Қарасазда қадірі бөлекше Мұқағали Мақатаев та туған. Мұқағали мұражайымен Албан Асан атындағы мектеп үйі қатар тұр. Бірінің сөзін оқысақ, бірінің өзін көрдік. Қатар жүріп, қатарлас жүріп әңгімелесіп, жырын тыңдадық, мұңы мен сырына құлақ қойдық, сыйлас, сырлас болдық. Замандасы, қаламдасы едік. Осынау қойнауы құт өлкенің өзге де даңғайыр дарындары аз емес. Қазақ әдебиетінің алдына қара салмай өткен хас жүйрігі Бердібек Соқпақбаев, кеше ғана қасымызда қарайлас жүрген, менің дәл бір туған інімдей болған Баққожа Мұқайдың бір өзі қандай еді?! Алымды да қарымды қаламгер, ортасынан оза туған аса бір аяулы азамат болатын.
Әдебиетке Мұқағалимен ілесе келіп, бірде ілгері, бірде кейін, ерте туып, кеш қала жүрсе де өмірдегі өз орнын ешкімге бермей өткен, замандастары арасында «Тянь-Шанның диюы» атанған Еркін Ібітанов досымыздың өзі де жаратылысы бөлек жан емес пе еді. Ағалары салған осынау құтты жолдың қадір-шапағаты, өнегелі үлгісі болар, бәлкім қазір де тайжарыс, құнан жарыстарда суырыла шығып, өлең-жырын қызыл шоқтай шашырата, ылдидан салса төсте оза бастаған осы өңірдің кейінгі дүбірге жастайынан қосылған жастарының екпіні қазіргі уақытта тау суындай буырқанып келе жатқаны шындық. Мен өлеңнің егде сарбаздарының бірі ретінде соған сүйсініп, соған разы боламын. Кезінде тосын қазасын өз басым өлдіге қимаған осы өлкенің тағы бір ұлы – мемлекет һәм қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының аты да бұл күнде алты Алашқа мәлім. Осы жақта туып-өскендер ішінен қазақтың бітімі бөлек біртуар азаматы Заманбек Нұрқаділовпен қатар жүріп, қарамағында азды-кем қызмет істегенімді де өзіме мәртебе санағанмын, оны айтпай кету кісілігімізге сын болар еді. Амал қанша, сол азаматтың да қоғамдық келбеті бүгіндері көңілден кетіңкіреп, көмескілене бастаған сыңайы бар.
Әңгімемізді ақыры Ілияс Жансүгірден бастадық қой, сол Ілекеңнің жыр алыбы Жамбылдың өзі пір тұтқан әйгілі Сүйінбай ақынның мұрасын жинаудағы, оның бәрін барынша бүгінгіге шып-шырғасыз жеткізудегі орасан зор еңбегін айтпай кетуге болмай тұр. Ілекең 1935 жылы Сүйінбай Аронұлының айтыстары мен толғауларынан тұратын кітабын шығарып, ақынды қалың қазақ еліне жан-жақты терең таныстыру мақсатында алғысөз жазған екен. Ол Сүйінбай айтыстарына кеңінен тоқталып, әсіресе қырғыздың Қатаған ақынымен болған сөз сайысын тілге тиек етеді. Қазақ-қырғызда оған дейін ешкімнен беті қайтып көрмеген, арғы-бергіде өзінен өткен ақын бар деп елеуді қойып, мейманасы тасып-төгіліп жүрген Қатағанды қалың елі – қазағымның он сан руының түйілген жұдырықтай тұтастығын, іргесі сөгілмес бауырмалдығын, ұйымшылдығын, ұлт ретіндегі бірауыздылығын айту арқылы мысын баса, жерге қарата отырып жеңгенін, түйдек-түйдек жыр ұйытқи соққан борандай үйіре келіп қайырғанда, Қатағанмен екеуін кезек тыңдап отырған қырғыз манаптарының өзі есеңгіреп қалып, бірауыздан жеңісті Сүйінбайға бергенін Ілекең айрықша мақтанышпен сүйсіне әңгімелейді.
Менің пірім Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай, – деген Жамбыл сөзін бәріміз де бала жастан жаттап өскенбіз. Атағы әлемді шарлап кеткен Жамбыл ақынның өзі сиынып отырса, Сүйінбайдың әсте осал болмағаны-ау дегенді сол кездің өзінде балалық түйсікпен сезіне бастап едік. Кейіндері арғы-бергі әдеби мұраларға ден қоя үңіліп, әрқайсысының тағдыры мен тарихына үңіле түсіп, Сұлтанғали Садырбай, Мырзатай Жолдасбеков секілді ғалымдар сөзіне ден қоя жүріп, кейіннен «Жазушы» баспасында істеген тұстарда біз де Сүйінбай ақынның қолда бар дүниесін кітап етіп шығару ісіне атсалысқан болатынбыз. Басқасының бәрін былай жиып қойғанның өзінде, шын мәнінде Сүйінбайдың қырғыз Қатағанмен айтысы тұтас бір дастанға тұрарлық ірі құбылыс екендігін мойындай түскенбіз.
«Екейде елу бақсы, сексен ақын» десе, солардың басында Жамбыл бабамыз тұрғаны екінің біріне аян. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінде Жамбыл жыраудан әйгілі де ардақты тұлға бола қоймаған шығар-ау! Ілияс Жансүгіровтің кезінде Ақан сері туралы:
…Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған, – дегені бар еді.
Жамбыл-жәкем туралы да кейбір керауыздар аузына келгенін айтып, анау десін, мынау десін, міне, бір ғасырға жуық уақыт бойына Алаш баласын аузына қаратып, сөзіне ұйытып, бұл күнде сол туған халықтың ажырамас бір бөлігіне айналып, етене араласып кеткен Жамбыл есімі біз үшін атағымен де, абырой-аруағымен де көкірегімізге берік ұялап, көгілдір туымыздай желбіреумен келеді.
Жақыпжан Нұрғожаев: – Әрине, кім не десе де жер бетінде қазақ елі бар кезде Жамбыл есімі бірге жасай бермек. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер қасында отырып, сөзін тыңдап, батасын алса, Әбділдә Тәжібаев, Ғали Ормановтар тек қана әдеби хатшысы емес өз баласындай болып жеткен адамдар еді. Ойды ой қозғап, сөзден сөз туып жатыр ғой, Жәкемнің «Мынау тұрған Абайдың суреті ме, ұқсаған өлең сөздің құдіретіне» деп басталатын өлеңі бар емес пе. Мына сәйкестікті қараңыз. Мұндай өлең жоғарыда сөз болған Шарғын ақында да кездеседі. Бірақ өлең Ғали Ормановқа арналған. Оқып көріңіз:
Оқыдық кітабыңды таңдамалы,
Жайнап тұр секілденіп алма бағы.
Қосылған құнанында бәйгі кердей,
Дейді жұрт жүгірістен танбады әлі.
Суретің өзіңдей боп тұрды бізге,
Қырандай қанат қаққан заңғардағы.
Ақындар жан шебері дейді халық,
Абзал ғой жүрісінен танбағаны.
Ақынның асыл жыры елжіретсе,
Жас түгіл, қарт жүрегі мазданады.
Көңілге жылы шырай әсер берді,
Түйінді жырдың әрбір тамғалары.
Жүз жаста Жамбыл атаң сайрап өтті,
Ақынның ортақ еді бал бармағы, – дейді Шарғын ақын Ғалекеңе Жәкеңнің ғасырлық ғұмырын тілеп.
Сәкен Иманасов: – Иә, бір ауыз болса да Жәкеңді өлеңіне қоспаған ақын кемде-кем шығар қазақта. Жыл сайын ақпан айының соңғы күнінде үлкен-кіші, алыс-жақын ағайын болып, тайлы-таяғымызбен Жамбыл басына барып, тізе бүге тәу етіп жүргеніміз де сондықтан. Тек Жамбыл ғана емес, соңғы жылдары өзі пір тұтқан ата қасына барып мәңгі тұрақтаған ұлы композиторымыз Нұрғиса Тілендиев басына да тағзым етуді парыз санап алғанбыз. «Ұлы» деген сөздің құнын кетіріп, әркімге бір жапсыра бермей, Нұрғиса сынды дара тұлғаларға ғана бағыштау оң болатынын мен бұдан бұрын да айтқанмын, тағы қайталасам ешқандай артықтығы бола қоймас? Баз-базда бір таңертең Мұқағали сөзіне жазған Нұрғиса ағамыздың әйгілі әні «Алатауды» іштей ғана ыңылдай айтып оянатыным бар. Сонда тоғызыншы қабат балконында тұрып, қарсы алдымдағы Алатауға көз саламын. Көк аспанға тік шаншыла қасқайып тұрған Найзағараға қараймын. Көңіліме қай-қайдағы желік бітіп, көкке қарай қыран болып қалқып ұшқың келетіні бар. Сол сәттерде есіме тағы да:
Мен өзім тауда туып, тасында өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім.
Асқарлы Аршалыға қозы жайып,
Ақ бұлттың аспандағы қасында өстім, –
Сондықтан бір қазақпын тауды сүйген,
Тасы жоқ таусыз жерді жерсінбеген.
Алматым Алатаудың бауырында
Аңқылдап жел соққандай ән мен күйден, – дейтін Ілияс ақын сөзі оралады.
Арғыда Ілияс, бергіде Мұқағали жырлаған Алатауым осы-ау деген мерей бойыңды өсіріп, өзіңді де әп-сәтте биік бір шыңға айналдырып жібергендей күй кешесің.
Алатаудан бұрыла бере терістік шығысқа қарай бет түзесең Іле даласындай созылып алдыңнан тағы да сол Ілекең ізі көрінеді.
Күрделі көлге қонған Күреңбелдей,
Құр жатпас қара мұзбен жүгенделмей.
Тегеурін шөңкерілген тегеш Шажа
Шамқой шал қабақ жаба түнегендей.
Талсақтай баяулаған Баян-жүрек
Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей», – дейтін тау сілемдеріне маңдай тірер едің. Бұл баяғы Тезек төре мекені болған, Шоқан қалыңдық ойнайтын қиялдағы құпия Күреңбел. Ұзыннан ұзақ көлбей түсіп жатуында да аса бір керім, кербездік бар. Тұла бойы жылылыққа толы жұмбақ бір әлемге тап боларың ақиқат. Амалсыз аялдағың, араласа түскің келеді сонда. Әрі қарай Жетісу жерінің кіндік қаласы Талдықорғанға да таяп қаласың. Өзімнің де бұрынғы бір өлеңім «Талдықорғанға барар жолда» деп аталатын еді.
Сымбаты сиқырлаған сені байлап,
Бұл неткен кербез өңір, керім аймақ!
Алдыңнан аңқып есіп ән жетеді-ау:
«Жетісу» – жер жаннаты, жерім-айлап».

Таулардың – тұрпатына тұнған айбар, –
Тұсынан өте бере бір қарай қал.
Тұратын сезімді арбай, көзіңді алмай,
Төгілген текеметтей қырдан айнал!

Кеудемде сыңсып аққан күй басылмай,
Жан-жаққа жаутаңдайсың қимасыңдай.
Таулары ұлдарыңның өрлігіндей,
Баулыды қыздарының ибасындай.

Көп өзен күркіреп те самғап ағар,
Көзіңді көргеннен-ақ арбап алар.
Оң жақта лағыл-маржан Текелісі,
Сол жақта сағымданған сары дала бар.

Алдыңнан бұлаң-бұлаң бұлақ қашып,
Мына бір қылаң еткен қыратқа шық.
Жүзінен сән кетпеген жер көрінер,
Ер көрінер – ертеңгі мұратқа асық.

Бұта жоқ мен сүйсінбес бір тал мұнда,
Сүйемін қырыңды да, қырқаңды да.
Туған жер, саған ұқсау керек екен,
Қызармай жүру үшін жұрт алдында.
Шынында да жұрт алдында қысылып-қымтырылмай, алшаң басып айбарлы жүру үшін де әр адам өзінің туған жеріне ұқсаса болар еді, әрине деп ойлаймын. Ол жер – жер жаннаты Жетісу болса, бұл әңгіме тіпті басқа арнаға ойысады.
Жақыпжан Нұрғожаев: – Сөзімнің басында айтып өткенімдей жерұйығын іздеген Асан қайғының желмаясы шөккен жер – осы Жетісу екеніне күмәнім жоқ. Шөбі шипа, суы бал, ауасы саф аймақ бұл күнде Алматы облысы деп аталады. Шығысы Аягөзбен, оңтүстігі Қордаймен ұштасып жатқан жаннатты өлкенің кіндік қаласы Талдықорған. Арман қуып Алматы асқанда да алғаш рет ат ізін суытқанымыз осы қала. Сіз дүниеге келіп, жаңадан қаз-қаз басқанда айналасына тауды қорған жасаған Талдықорған өзінің 70 жылдығын тойлаған екен. Енді міне, жетпістің желкенін өзіңіз де көтеріп отырсыз. Айналасында жусаны мен жуасы бұрқырап, жастығыңыздың куәсі болған талды қаланың бүгінгі келбеті сіздей ақын жүрегін тулатпай, арқаландырмай қоймас деп ойлаймын.
Сәкен Иманасов: – Былтыр ғана қала болып құрылғанына 140 жыл толды деп атап өтіп жатқан бұл қалада менің ордабұзар отыз жасым өтіп еді. Сол кездің өзінде-ақ:
Ұнатып жырасын да, жылғаларын,
Сүйемін бәрі-бәрін бұл қаланың.
Жылуын тұла-бойдың соған беріп,
Сұлуын қаншама бір жырламадым, – деп басталатын өлеңім болған еді.
Әніндей асқақ айтып баяғының,
Атыңды алты алашқа жаяр ұлың, – деп те серт бергенім бар-тұғын.
1997 жылы Талдықорған облысы біржола тарады да, Талдықорған қаңырап қалғандай да күй кешкен еді. Әрі-бері өткенде арса-арсасы шыға үңірейген үйлерді көріп, кешегі көркін күйінішпен еске ала беретініміз де болған…
Төрт-бес жылдан соң Алматы облысының орталығы болып қайта бой тіктеп, еңсе көтерген қаламыз баяғы жасыл желегін де қайыра жамыла бастады. Сол кезде қуанышын жасыра алмаған көптің ішінде осы өңірдің бір баласы ретінде біз де болғанбыз.
Басылып бұрынғыдан сәл-пәл еңсең,
Бұйыға қарап қалып қанша келсем,
Көңілің гүлге толар осы күнді,
Көптен-ақ, Талдықорған, аңсап ең Сен!

Оздырып арман-үміт, мұратты алға,
Бұл күні қуанбаған құрақ бар ма?
Жеті өзен басы қатты жұлқына ағып,
Бұлқына тасып ақты бұлақтар да, – деп жырлап та жіберген болатынбыз.
Осы бір жеті-сегіз шумақ өлеңім «Жетісу» газетінің бірінші бетінде жарияланып, соны оқыған қайбір ағайынның «Сәкен ішқұса болып, әзер шыдап жүр екен-ақ, қалпағын аспанға атып жатыр екен!» – деп сөз қылғанын да құлағымыз шалып қалған. Алматы облысы сияқты кенді де кенен кең жазира өлкенің орталығына айналғаннан кейінгі кезеңде Талдықорған бұрынғысынан да кемелденіп, көркейіп, гүлдене бастады. Бұған мемлекет қазынасының қаржыға толып, тоғая түсуі де мейлінше мол әсер еткені белгілі, әрине. Аза бастаған аулалар мен тоза бастаған тас жолдарға тосыннан жан бітіп, жазғытұрымғы жапырақ жайған жауқазындай болып қайтадан жаңғыра, жайнай бастағанын көріп, алыста жүрсек те ара-тұра айналып осында орала беретін біз де мәз болып марқая түскендей едік. Міне, осы кезде сол бір 2005 жылдың қоңыр күзін ала, «Бітер істің басына, жақсы келер қасына», – деген халық қағидасын тағы бір дәлелдеп, облыс басына көбімізге ертеден-ақ таныс, есімін ел білетін Серік Әбікенұлы Үмбетов келе қалған еді. Әкім болып келген алғашқы айлар үдесінде Алматыда тұратын танымал ақын-жазушылардың жиырмашақтысын арнайы адам жіберіп алдырып, үлкен бір әңгіме-дүкен құрғаны бар. Алдағы игі қадам, ізгі жоспар-жоралғысы жайлы ой бөлісіп, бұл реттегі біздің де пікірімізді сұраған. Үлкеніміз, кішіміз бар, ақсақал, қарасақалымыз бар, сол топтағы қаламгерлердің бәрі де жаңа әкімнің бұл ісіне сүйсініп-ақ қалып едік. Сол ілкі басқосуда ойымызды ірікпей, облыс болашағы, әсіресе, Талдықорған қаласының бүгіні мен ертеңі жайындағы пікірімізді біз де білдіре кеткенбіз. Сол ой-пікіріміздің шет жағасын «Әдебиет айдыны» аталатын газет арқылы қалың оқырман алдына да тосқанбыз. Содан бергі төрт-бес жыл ішінде Талдықорған танымастай болып өзгеріп бара жатқанына куәгерміз. Облыс әкімі Үмбетов, қала әкімі Жылқайдаровтар болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген береке-бірлікпен жұрт сүйсінер шаруалардың басын қайырумен келе жатыр екен. Үлкен-кіші солай дейді, соған сүйсінеді.
Жақыпжан Нұрғожаев: – Рас айтасыз, Сәке. Сіз айтып отырған ақын-жазушылардың басын қосқаны «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегені шығар Серік Әбікенұлының. Бұл бағытта көзіміз көріп, өзіміз куә болып жүрген жағымды жаңалықтың бірі аға буын ақындарға тоқсан сайын арнайы сыйақы беруді де әдемі үрдіске айналдырмады ма? «Тек қана Талдықорғанға келіп, өзіміз жүздесе берсек, ауылдағы ағайын қайтеді?» деп облыстағы қаламгерлердің көшпелі кездесулерін де өзі бастап келді. Қазір әр тоқсан
аяқталғанда аудан орталықтарына арнайы барып, қалың бұқарамен
емен-жарқын араласып жүр жазушылар. Сонымен бірге жыл сайын кезегімен аға буын, орта жас, кейінгі толқындардың кітабын шығару жақсы дәстүрдің үлгісі болып отыр. Мұны естіген басқа облыстағы қаламгер әріптестеріміз сан мәрте таңдай қағып, таңданыстарын білдірген. Бұл сөзім, өзге облыста әдебиетке қолдау жоқ дегенім емес, дәл біздегідей ауқымды, жүйелі үрдісті жолға қою жағы кемшін екені рас. «Ақыны әкімін іздеген ел азады, әкімі ақынын іздеген ел озады» дегеп тәмсіл бүгінгі таңда біздің облыс басшысына арналып айтылған қанатты сөз екені даусыз. Серік Әбікенұлының қаламгерлерге деген қамқорлығын республикалық басылымдар «Ақынын іздеген әкім» деп жайдарман жаңалықты жариялағанын да оқығанбыз.
Сәкен Иманасов: – Бұл жағын сол басқосуда бірге болған қаламгерлердің көбісі айтып та, жазып та жүр ғой. Оның бәрін қайталай беріп қайтейін, бірақ өз басым Серік Үмбетовтің бұрын-соңды ел мен жерге, ұлтымыздың ұлы перзенттеріне деген айырықша бір ықыласына разымын.
Соны баса айтқым келіп отыр. Ол – қаламыздағы сәнімен, айрықша мағына-мәнімен бой көтере көбейіп келе жатқан әр алуан ескерткіштер жайы еді.
Өркендеген елдің бәрінде (құдайға шүкір, үкілі Ыбырай айтқандай,
біз де «аралап біраз жердің дәмін татып» жүрміз ғой) тастан қашаса да, мыстан қорытып құйса да, әртүрлі сатыдағы, әрқилы саладағы ескерткіштер тұрғызуға, елім деп еңіреп өткен, іркес- тіркес ұрпақтың бәріне өнеге болған ақындары мен батырларына ескерткіш қоюды ұлы мұрат санайтынын байқаймыз. Сол үрдістің бүгінгі Талдықорғанда жарасты жалғасын тауып отыруы әдейілеп
сөз етуді қажетсінетін сыңайлы.
Облыс орталығындағы Қадырғали Жалайыриға, «Үш бәйтерек», Ғали Ормановқа қойылған ескерткіш қатарына былтыр ғана Қаракерей Қабанбай ескерткіші келіп қосылды. Әрине, «Көп түкірсе көл», мұның бәрі халық болып қауымдасып, қор құрып, соған түскен қаржыға тұрғызылды. Дегенмен де, егер облыс басшысы құптамаса, жанашыр болып, шырылдап, басы-қасында ең алдымен өзі жүрмесе, бірден ел ойлағандай болып жүзеге асуы әсте оңай болмас еді-ау деп те ойлай бересің. Сол Қаракерей Қабанбай батырдың ескерткішін ашу салтанатында жан-жақтан, алыс-жақыннан шұбыра келіп жиналған жұрт алдында Серік Үмбетовтің ел азаматы ретінде нағыз аталы сөз айтып, үлкен-кішінің ризалығына бөленгенін де көзімізбен көрдік. Талдықорғанның кіре берісінде үнсіз ғана ойға батқан ұлы ғұлама Қадырғали Жалайыри бүгінгі ұрпағына үнсіз ғана жол сілтеп тұрғандай. Көре қалған азаматтың, әсіресе, Қадырғали сияқты сирек туар тұлғаның заманында кім болғаны жайында азды-кем хабары бар адамның тұла бойын бір шым еткізбей қоймайды. Ал қаладан терістік шығысқа қарай шыға берістегі көпір аузында Кубас атқа мініп қасқайып тұра қалған Қаракерей Қабанбай ескерткіші көзіңді ғана тартпайды, көңіліңді де өсіре түспей ме. Бұл турасында мен де:
Азбап па деп ұрпағы, тозбап па деп кең далам,
Кімдер бастап келді деп осы күнге елді аман,
Зая кеткен жоқ па деп төгілген қан, аққан тер,
Қарап тұрған сияқты Қабанбайдай Ер бабам.

… Аруаққа сыйынып айтар болсам егер мен,
Өсіп-өнген ел көрем, көсегесі көгерген.
Ақыны да осы елде, батыры да осы елде,
Байлығы да, бағы да асып жатыр кемерден, – деп жырлаған болатынмын.
Сонау да сонау қазақ хандығының алғашқы дәуірінің куәсі болған, тарих жайлы соңғыларға өлмес мұра – шексіз құнды шежіре қалдырған Қыдырғали Жалайыри қарсы алып, хан батыры Қабанбай шығарып салып тұрған, немесе керісінше айтсақ, Қабанбай қарсы алып, Қадырғали шығарып салып тұрған Талдықорғанның қазіргі көркіне, түп-түзу даңғыл көшелері мен сол көшелер бойын ала сап түзеген сансыз үйлер мен сәулетті ғимараттарына қарап, тағы да сүйсіне түсеміз. Сүйсіне түсеміз де, тіліміз тасқа, лайым солай бола берсінші дегендей іштегі бір тілекке еріксіз ойыса береміз. Сонымен қатар, қазіргі Жетісу жерін басқарып отырған Серік сынды азаматтың бұл ісі де ел мен жұрт көкірегінде әлгі ескерткіштер сияқты берік орнап, орнығып қала беретін шығар деген бір сенім жылт еткенін де оқырманымыздан жасырып, жаба тоқып қалғымыз келмейді.
Сөзімізді Ілияс жырымен бастап едік, Талдықорғаннан шыға кеп ұзамай сол ұлы ақынның кіндік қаны тамған Ақсу жері басталар еді. «Арынды менің Ақсуым», – деп Ілекеңнің өзі де талмай жырлап кеткен еді, мен де ол кісіге үн қосып, бір кезде бұл өңірді сырт ағайынға таныстыру мақсатында:
Тұратын аспаны да бүркіп өлең,
Осы, дос, Жансүгіров жұрты деген.
Анау ғой, асау өзен Ақсу атты,
Алқынып, алыс барып күркіреген.

Басталып баяғыдай демікпеден,
Айтудан ақын әнін зерікпеген.
Бұл жақтың балауса әуен бұлағы да
Арынды Ақсуына еліктеген.

Балқаш боп барлық арман, барлық үміт,
Бас бұрмай бұрқыраған жарға ұрынып.
Ақсудың суында да, нуында да
Жатады ақын даусы жаңғырығып, – деп өлеңдеткенім бар-тұғын. Сөз ретіне орай айта кетсем деп отырмын, аудан орталығына кіре берісте «Жансүгір» деген сөзге көзің түседі. Орталықтың аты бір кезде Жансүгіров поселкесі деп те аталғанын білеміз. Қала ма, кент пе, о жағын анықтау менің міндетім емес, бірақ бұл елді мекеннің Ілияс Жансүгіров атына қойылғанын ешкім жоққа шығара алмас еді ғой. Ал Жансүгір Ілиястың әкесінің аты. Абай атына қойылған атауларды Құнанбай қажыға аударып беріп жүрген жоқпыз ғой. Ендеше, ақын әкесінің аруағын сыйлай отырып, бұл Жансүгір баласына тиесілі есім екенін естен шығармайық та, ағайын?! Осы арада маған кент атын Ілиясқала деп өзгертсек қайтеді деген ой келеді. Дағыстандағы Мақашқала сияқты. Мақаш та кісі аты ғой, оның үстіне Жансүгіров деп, қазіргі үрдіс бойынша Жансүгір деп шатастырып жүргенше, ұғымға да оңай, тілге де жеңіл Ілиясқала қолайлы емес пе?
Мұны мен осы өңірдің бас газеті – «Жетісудың» бас редакторы ретінде саған әдейі құлаққағыс етіп отырмын. Соны ескергейсің.
Ақсудың Қапалға қараған жағынан әйгілі ақын Сара, бергі жерде қазақтың аса бір майталман шайыры Ғали Орманов, одан беріде қазақ көркемсөзінің хас шебері Сайын Мұратбековтер шыққан еді. Сара апамыздың тасбелгісі тұрған кесенесі тұсынан ойлана өтіп, аруағына бас иеміз. Ал Ғалекеңмен, күні кеше ғана қатарымызда жүрген қадірлі Сайынмен қатарлас, сыйлас, сырлас болғанымызды, қаламдас һәм замандас болғанымызды мақтан етеміз. Мұндай сирек таланттар енді қайта туар ма екен, жоқ па екен деген ойға да беріліп кете береді екенсің…
Жақыпжан Нұрғожаев: – Сөзімізді ары қарай сабақтастыра кетейін. Ақындар үндестігі деген осы шығар. Ілияс ақын өзінің Ақсуы жайлы:
Ағынды менің Ақсуым,
Арқырап әлі ағасың.
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар саласын.
Тас тарпуын, шапшуын,
Қарасаң қайран қаласың, – деп жыр тасқынын ақтарыла ағызса, өлең өлкесіндегі Ілекеңнің рухани інісі Мұқағали Қарасазы жайлы былайша тебіренеді:
Мен туған Қарасаз баурайдағы.
Жалғанда жер біткеннің бал қаймағы.
Есім кетіп жүргенде ес білдірген,
Жаралған бақытым ғой маңдайдағы.
Екеуінде де қарапайым ұйқас болғанымен тың теңеулер. Екеуі де өз туған жерлерін кеудесін кере, мақтанышпен жырлайды. Ақсу мен Қарасаз екі ақынға ғана ортақ емес. Иісі қазақ баласының даласы. Туған жерің арқылы алып Отаныңды сүюді меңзеп тұрғанын байқайсың. Поэзияда Ілиясты «Құлагерге» теңесе, Мұқағалиды «Мұзарт шыңның мұзбалағы, аспантаудың ақиығы» деп жатады. Құлагер – ер қанатына айналып, кисе киім, жесе ас, ішсе сусын болып, қуса жетіп, қашса құтылатын ер-жігіттің сенімді серігіне айналса, ақиық мұзбалақ ұясын шыңға салып, қанатын кеңге жайып, тек қана өрлікті жақсы көретін қырағылығымен жанымызға жақын құс. Тұлпар – текті, қыран – қырағы. Яғни, екі ақынның туған табиғаты ғана емес, екеуара жаратылысы жағынан да бір-біріне керемет ұқсайды. Өлеңдегі үндестіктері де ғажап.
Әңгімеміздің басын өзіңіз Ілекеңнің «Жетісу суреттерінен» бастап отырсыз ғой. «Көз алдыңа кейбір суреттер келіп, Ілияс ақынға ілесіп, Аспантауларды аралап кетесің» дегеніңіз өте орынды сөз. Ал Мұқағалидың «Атырау – Алтай» атты көлемді өлеңін оқысаңыз, Алатау, Алтай арасын, Еділ мен Жайық жағасын, Арқаның байтақ даласын қиял құсымен бір жалғап шығасыз. Қос ақынның да кереметтігі ғой, елітіп отырып, еріп кеткеніңді байқамай қаласың. Даласына сай баласы болатыны рас-ау өзі. Ағынды Ақсу мен қасиетті Қапалдан саңлақ ақын Сара мен өлеңдегі өрнегі бөлек Ғали Орманов және сырбаз мінез суреткер Сайын Мұратбековтің шыққаны сияқты, дәл осы табиғатқа ұқсас шыңдары бұлтты жарып, көкке қадалған Хантәңірінің баурайынан өзіңіз жоғарыда айтқан зерделі сөздің зергері, балалар әдебиетінің бағбаны Бердібек Соқпақбаевтың, сын садағынан атқан жебесі көздеген жеріне қадалатын Сағат Әшімбаевтың, «Өмірзая» романымен Мемлекеттік сыйлықты алып, өмірі зая кетпеген, туған бауырымдай еді деп өзіңіз айтып отырған Баққожа Мұқайлардың шықпауы да мүмкін емес қой. Алакөл мен Хантәңірі арасындағы алып даланың абыройын асқақтатқан асыл азаматтарымызды тізбелей берсек, бүгін тауыса алмаймыз, Сәке. Және мұндай найзағай намысты нар тұлғалар қазақ даласының кез келген топырағынан кездестіреміз. Ендеше, Жұбанша айтар болсам, әрқайсымыздың «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп кеудемізді кере мақтануға қақымыз бар екен.
Сәкен Иманасов: – Әрине, мұндайда мақтанып та қойғанның еш ерсілігі жоқ. Орайы келгенде айта кетейін, Ақсудан кейінгі маңдайымыз тірелетін жер – бұрынғы Андреев, қазіргі Үйгентас-Қабанбай аймағы. Бұл аймақ бүгінде бүтіндей Алакөл ауданының қарамағына берілген. Бұрындары да бір қосылып, бір ажырап жүруші еді, енді бөле жарылмайтын біртұтас өрелі елге айналған. Бұл өңір де мен үшін өте-мөте ыстық. Ол турасында өзімнің кейінгі кезде жарық көрген бес томдық таңдамалы шығармаларыма алғысөз ретінде берілген «Өзім туралы бірер сөз» дейтін мақаламда: «Өз басыма қатысты құжаттардың бәрінде мен 1938 жылдың 2 мамырында Талдықорған (қазіргі Алматы) облысының Алакөл ауданында, «Талапкер» аталатын елді мекенде тудым деп жазып келе жатырмын. Ал енді шындығына жүгінер болсақ, бұл мағлұматқа азды-кем түзету енгізуге тура келетін сияқтанады да тұрады. Өйткені, шыр етіп дүниеге келген жерім бұрын Андреев – Үйгентас аталып келген (кейіннен Алакөлге қосылған) ауданның Талдыбұлақ ауылы еді», – деп жазған едім. Бұл жерден мен есімді енді-енді біле бастағанда, 1943 жылдың жазғытұрымында ата-бабам мекені Алакөлге қайта барып қоныстаппыз. Оның себебін білгісі келіп жатқан азаматтар бола қалғандай болса, бәріне де менің сол 5 томдығымды оқып көріңіздер деп сілтеме жасағым келеді.
Бұл өңір азаматтары ішінен аузымызға ең алдымен үстіміздегі жылы 80 жасқа толу мерейтойы аталып өтілуі тиіс белгілі жазушы, публицист, аса көрнекті қоғам қайраткері марқұм Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов есімі түсер еді.
Әнекең де өз заманының өзгеден оза туған аса аяулы перзенті болатын. Ол қазақ публицистикасының ылдидан салсаң төсте озар нағыз дара дүлдүлі еді. Сонау бір балаң жасында дүниежүзі жастар фестивалі тұсында жазып, кітап етіп шығарған «Ақ дос, қара дос, сары дос» дейтін еңбегінен бастап-ақ, ол ұдайы ғана өзі өмір сүрген қоғамның отымен кіріп, күлімен шықты десе болғандай. Ел тірлігінің барша саласына ұдайы белсене араласты. Өзі де өткір, сөзі де өткір еді. Тіпті Кеңестер Одағы тарар алдында Әнекеңнің Парламент мүшесі ретінде Бүкілодақтық Ұлттар Кеңесінің төрағасы дәрежесінде Мәскеу төрінде отырып, қаншама елдің игі-жақсыларымен тізе қоса, пікір таластыра отырып, келелі мәселелер шешкенінің өзі неге тұрады?! Әлі күнге өзіне тиісті бағасын ала алмай келе жатқан құны кемімес қыруар әдеби-көркем дүниелері – романдары мен хикаяттары, әңгімелері мен очерк, эсселері қаншама?!
Қазақстанның халық депутаты болып отырған жерінде, дәл пайғамбар жасында тосын келген дерттен көз жұмды. Әнекең өлімін естіген сәтте, таңертең:
Ағам бар еді мір тілді,
Жағам бар еді – жыртылды.
Зар жылап тұрған жүрекпен
Жұбатам қалай жұртымды?! – деп басталатын 7-8 шумақ өлең жазып, сол күнгі «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жариялаттым. Жазушының жерлеу сәтінде ол өлеңім «Қазақ радиосы» арқылы бүкіл республика жұртының құлағына күңірене жетіп жатты.
«Қызмет қыл да – міндет қыл» дейтін халқымыз бары бар-ау, бірақ көзден кетсе де, көңілден де өте шығатын тұлғалар да болады екен. Соның бір дәлелі – осы Әнуар Әлімжанов тағдыры. Мен кезінде «Мен білетін Әнуар» дейтін очерк-эссе жазған едім, сол шығарманың бір жерінде тірлігінде еңбегін ешкімге міндет қылмаған, 60 жылдығын ел қатарлы атап та өтпеген Әнекеңнің кішіпейіл кісілігін, қарапайымдылығын тілге тиек еткен болатынмын. Ол кісінің 70 жылдығын да, құдай біледі-ау, мен өзім мұрындық бола жүріп, сол Қабанбай ауылында жетім қыздың тойындай етіп қана атап өткенбіз. «Ағайын бек көп, айтамын ептеп», дегендей, біз де, қазіргі Ғаббас Қабышев екеуміз біраз азаматтардың құлағын шулатып, айтқанымызды орындата алмап едік. Міне, Әнекеңнің туғанына енді 80 жыл толғалы отыр. Әрине, өлі арыстаннан тірі тышқан артық, оның үстіне соңында сабылып іздер жоқшылары болмағасын ба, кім білсін, Әнекеңнің шаңына ілесе алмас әлдекімдердің мерейтойы қарсаңында қалың ел, барлық ірілі-ұсақ басшылар болып, қарбаласып, қауымдасып жатушы еді. Әнекең тойына дайындық жөнінде әзірге ешқандай әңгіме жоқ. Ақыры қалай болатынын кім білсін. Бірнеше кітабын дайындап қойып, қолұшын берер аудан, облыс басшыларының қас-қабағын бағумен отырмын», – деп Әнекеңнің іні досы Ғаббас жүр.
Әнекеңнің ауылынан алыс емес, қозыкөш жердегі Талдыбұлақта қазіргі қазақ балалар әдебиетінің классигі Қастек Баянбай туған-тын. Алматыда отырып, аңсаған ауылын жыр етумен, Әнуардың бір жоқшысы ретінде: «Әттең, тонның келтесі-ай!» – деп ол да отыр.
Байтақ Қазақстанды тұтас қана өз елім, өз Отаным деп мақтанамыз. Сондай-ақ:
Жалпақ жатқан Жетісудың аралайын қай ауылын,
Бәрі менің бауырларым, бәрі менің аяулым, – деп едім тағы бір өлеңімде. Сөйте тұра, әркімнің өзі туып-өскен жері, кіндік қаны тамған ауылы бәрінен де ыстық, бәрінен де көркем көрініп тұратыны бар. Қызылащы ауылынан аса берістегі қылаң еткен қырқадан кейін Көкиірім аталатын шағын сай бар. Соның арғы бетіне көтеріле бере алдыңнан жарқ етіп Алакөл жазығы шыға келер еді. Көзіңе лықсып келіп, ыстық жас үйіріледі. Өйткені осынау өңірде, айдын шалқар көл жағасында балалығым қалған, жастық шағым өткен. Алакөлге арнаған кейінгі бір өлеңімде:
…Сүйем сенің қырқаңды, қырыңды мен,
Тауыңның да, тасыңның сырын білем.
Көкиірім тұсынан құлай бере
Салыстыра бастаймын бұрынғымен.

Салыстыра бастаймын кешегімен,
Көз алдымнан керімсал көшеді рең.
Шөңге құрлы болмасын сезем сонда,
Табаныма төрт бүктеп төсе кілем.

…Туған жердің татымды дәмі алдамай,
Ұштым, құштым ешкімге алаңдамай.
Жүрегімнен жүз тұлпар кісінетіп,
Сағыныш боп самғадым саған қарай, – деп алып-ұшқан көңілді әрең тежеп, алды-артыма тағы бір қараймын.
Жақыпжан, аз уақыт болса да, мынау бір сәті түскен сыр-сұхбат болды. «Ойнасақ та біраз жерге шауыппыз» – дегендейін Ілияс Жансүгіров жырын өзек ете отырып, өз өлеңімізді де алға сала жүріп, Жетісудың сонау бір басынан екінші басына дейін саяхат жасап қайтқандаймыз. Сен екеуміз болып Нарынқолдан Алакөлге дейін барып қайтқан бір сапарымыз да еске түскендей. Туған өлкеміз, осы ұлы далаға, даңғайыр да даңқты азаматтарымыздың басына тағзым еттік деп те ойлаймын. Егер осы әңгімемізді оқыған азаматтар да өзіміз сияқты күй кеше қалғандай болса, бұл жолғы мұрат-мақсатымыздың түп-түгел орындалғаны деп есептей беруіңе болады.
Жақыпжан Нұрғожаев: – Тұрмыстың илеуінде, уақыт жетегінде жүре берсек, болашаққа аманаттап тапсыратын барымыздан айырылып, асылымызды жоғалтып аларымыз ақиқат. «Көкденен» атты көңілдің жүйріктігін көрдіңіз бе? Біраз жерді шарлап әдебиет әлеміндегі арғы-бергі тарихты біраз ақтарып шықтық. Біраз дүниенің басын шалыппыз. Қайсарлығы қара тасты үгіткен, дархандығы даладай, аңғалдығы баладай қазақ деген қарапайым халқымыздың қадірін арттырып, қасиетін бағалай білуді өзімізден кейінгі ұрпаққа насихаттай білсек, ұлылар жолын үлгі еткен осынау азды-кем әңгімеден көзі қарақты оқырманның да көңілге түйері аз бола қоймас деп ойлаймын. Әңгімеңіз үшін Сізге де көп рахмет. Қаламыңызды қайрай беріңіз. Әлсін әлі осындай әңгімелермен бой жазып тұрғанға не жетсін…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.