Ұлағатты ұстаз болатын

Белгілі ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымының докторы, Халықаралық және Қазақстан педагогикалық академияларының академигі, ұлағатты ұстаз Клара Жантөреқызы Қожахметованың есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кеңінен танымал. Клара Жантөреқызы ұлттық педа­гогиканың дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалардың бірі әрі бірегейі еді. 

Педагогика ғылымына сіңірген еңбегін қалыптастырған мектебіне, тәрбиелеп шығарған шәкірттеріне қарап та ол кісінің шын мәніндегі көпке үлгі етер қасиеттерін, парасат­тылығын бағамдауымызға болады.
Танымал ғалым ұлттық тәрбиенің қайнар-бастауларын зерттеп, оны өзінің ғылыми еңбектері арқылы жан-жақты зерделеп қана қоймай, тәрбие мен білім жүйесіне ендіріп, үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Ұлттық тәрбиемен сабақтас этнопедагогика ғылымының әдісна­ма­лық-әдістемелік негіздерін қалыптастыра білді. Бұл орайда ол белгілі ғалымдар Қ.Жарықбаев, М.Тәнекеев, Ә.Табылдиев, С.Қалиев, Қ.Бөлеев, С.Ұзақбаевалардың ізде­ністі жолын жалғастырды. Қазақ этно­педагогикасының төлтума ерек­шеліктерін, халықтық тәрбиенің өнегелі дәстүрлерін кешегі Кеңес Одағына, кейін ТМД елдерінің ғылыми қауымдастығына танытты. Ғалымның «Методологические основы казахской ­этнопедагогики», «Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі», «Этнопедагогика» және т.б. еңбектері жоғары бағаға ие болды. «Этнопедагогика» оқулығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің оқу-әдістемелік кеңесі ұсынысымен еліміздің жоғары оқу орындарының кәсіби даярлық жүйесінде кеңінен қолданылып келеді. Ғалымның қазақ этнопедагогикасының әдіснамалық негіздері туралы докторлық еңбе­гінде қозғаған мәселелер өзінің өзектілігімен айшықталды. Педагогика ғылымының сан-сала­лы бағыттарына қалам ­тербеп, этнопедагогиканың күрделі мәселелеріне қатысты ойлы тұжы­рымдарын, ғылыми пайым­дарын өз еңбектеріне арқау еткен монография­лары арқылы да, сондай-ақ ғылыми көп­шілік басылымдар арқылы да жет­кі­зіп отырды. Этнопедагогиканың атасы атанған академик Г.Волковтың, ғы­лыми кеңесші, профессор ­С.Ұзақ­бае­ва­­­­ның ой-пікірлеріне сүйене оты­рып, халықтық педагогиканың дамуы­на соны серпін әкеліп, аталған сала­ны тың көзқарастарымен байытты. Оның мұндай жаңаша зерттеу еңбектері жас ғалымдардың ізденісіне үлкен жол ашты деп айта аламыз.
Клара Қожахметованың жетек­шілігімен 4 ғылым докторы, 21 ғылым кандидаты, оннан астам педагогика магистрі дайындалды. Олар бүгінде өнегелі ұстаздың дәстүрлі мектебін жалғастырып келеді. Сонымен қатар көрнекті ғалым ұлттық мазмұндағы істерге мұрындық болды. Бұқаралық ақпарат құралдары саласына берген сұхбаттары бір төбе. Ол өз саласында болып жатқан жаңалықтардан ешуақытта қалыс қалмай, үнемі назар аудара зер салып отырды. Ғылыми белсенділігі, ұлтжандылық қасиеттері ауыз толтырып айтарлықтай жан еді. Өзара әңгімелесіп отырғанымызда және де әріптес ретінде еңбектерін жоғары бағалағымыз келіп кереметтей теңеу тауып жатсақ, ыңғайсызданып қалушы еді. «Мен қазақ этнопедагогикасының қызғыш құсымын ғой. Оған қатысты мәселелерді назарымнан жібермей, қызғыштай қоримын» деп қана жымиятын. Тағдырдың дегеніне шара бар ма, қазақ этнопедагогикасы өзінің қызғышқұсынан айырылғалы да бір жылға жуық уақыт өтіпті. Еліне, халқына, жас ұрпақтың ұлттық тәрбиесіне ерен еңбек сіңірген жарқын тұлғаның аяулы бейнесі замандастарының, әріптестерінің жадында сақталады.

Шәркүл ТАУБАЕВА,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық
университетінің профессоры

Сараш ҚОҢЫРБАЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.