Жерге ғашық жүрек

Еске түссе, езуге еріксіз күлкі үйіріледі. Бір отырыстың сәні бұзылғандай болып қалып еді. Кәдімгі шау тартқан мейманның бірі сағатына көзін тосып, санын соғып жіберді.
– Қап, жіберіп ала жаздадым-ау! – деп лып етіп көтерілді де, төрдегі теледидардың нүктесін басып қалды. – Түбі түскір, ала қағазды жинаңдар, қане. Шуылды қойыңдар, естиік. Шөл және шөлейт жерлердің иесі сөйлейді қазір.
– Кім дейді?
– Сапабек Әсіпұлын айтып тұрмасын, осы, – деп әлдекім міңгір етті.
– Сонша жерді иемденетіндей ол кісіге не көрініпті, бәтір-ау? Қаламынан басқа қара бақыр жинамаған адам, білеміз ғой.

– Шырақ, бері қара! – деп әлденені нығырламақ болған теледидар жарнамашысы әп-сәтте экраннан алпамсадай боп көрінген Сапабек Әсіптің жүзін көріп, дүниенің бәрін ұмытқандай сап тыйылды. Сәкең жегізіп сөйлеп жатыр. Сөздері өрден домалаған тастай сатыр-сұтыр етеді. – Жер талан-таражының біріншісі туралы бірер сөз. Патша өкіметі 1867-1868 жылдардағы «Уақытша Ережелер» мен 1891 жылғы 25 наурыздағы «Далалық Ереже» бойын­ша қазақ жерін мемлекет меншігі деп жария­лады да, байырғы халықтың жерге меншік құқы­ғын иелену, пайдалану құқығын тартып алды. Оның ең құнарлы 45 миллион десяти­на – 65 миллион гектарлық үлкен бөлігіне әуелі казак­тарды, сонан соң крестьяндарды қоныс­тан­дырды.
– Көремісің, әне, «бөліп ал да, билей бердің» кебін осы Сапабек ағай айтпаса, кімнің батылы барады?– деп қопынып қойды бүгінгі «әмірші». – Тыңдаңдаршы, қазір тіке шабуылын бастайды біздің Сәкең.
Әсіпұлы мұның айтқанын айнытпай істеді.– Табиғат жағдайы адам тіршілігіне мейлінше қолайлы, қонысқа жайлы, шаруаға жарамды деп танылған үлкен екі аймақ осылай қолды болып кете барды.
– Қап, әттеген-ай! Сүмірейіп қалған екенбіз-ау!– деп көрермендер даурығысып кетті. – Бізге не қалды сонда? Итке таста­ғандай етіп жырынды жерді мұралаған шығар?
Сәкең осы тілеулестерінің сөзін естіп қал­ғандай, қалың қасын бір керіп тас­тап, құптаған раймен сарнай жөнелсін: – Қазақтарды ауасы аса құрғақ, топырағы құнарсыз, нәрлі суы қасқалдақтың қанындай, жолдың бойынан қашық резервацияларға қуып тастады.
– Құрып қалған екенбіз ғой. Әлі соның зардабын тартып келеміз, – дей берген жалтыр бас сарының пікірін Сәкең іліп әкеткендей болды. – Табиғат жағдайы адамның тіршілігіне қолайсыз, аса жайсыз, ит байласа тұрғысыз шөлейт дала, шөл дала қазақ сорлыға түпкілікті қоныс болып қалды…
Тағы талай аза бойды қаза қылатын деректерді тоғытқан Сәкеңе отырғандар әбден разы болып, «нағыз патриот, жершіл жүректі Әсіпұлының денсаулығы үшін» деп саусақ ұшындағыларын тартып кеп жіберісті…
Жарықтық, түтеленген жер туралы қайда әңгіме, қайда көрсетілім, қайда дау – сонда Сапабек Әсіпұлы жүретінін қазақ атаулы бес саусағындай біледі. Өзге тілділер де ол кісі дегенде өзегін суырып беруге даяр. Себебі – шындық ортақ екен. Шындық – әділеттің қорғаны екен. Сәкең болса, 85-тің асқақ төрінен сондай парасатты шыңның басына аппақ шашын ақиқаттың туындай елестетіп, мығымдықпен қонған екен.
Біз білетін Сәкең аса қарапайым, ақкөңіл, тура­шыл да талғампаз, білікті де білімді ­сирек жаратылыс иесі. Әкесі Әсіп ғасыр ­жасап, дүниеден озды. Өле-өлгенше таудағы сая­жайды түрткілеп, күйбеңмен өтті. Нағыз саятшыл адам болыпты. Онысы баласына да жұққан. Сәкеңнің жазған аңшылық әңгімесі тамсандырады. Табиғатынан туған жерінің түтіні түзу ұшуы үшін бел жазбай еңбек еткен ол небір бастамаларымен ел аузында қалып қойды. Жанкелдин аупарткомының хатшысы болып жүргенде жартылай құмға батқан Торғай қаласын абаттандырам деп ағаш егіп, жайқалған бау көзқұртына айналғанда, оған халық «Сапабек бағы » деген атау беріп тастаған. Сол аудандық газеттің редакторы ретінде небір жаңа идеялардың өркен жаюына үлес қосты. Өзін кешегі Ақаң, Жақаңша сезініп, тіршілік тылсымына еркін еніп кете беретін. Рухани әлділікті асыл дәнекер санайтын ол халық ақыны Н.Ахметбековтің шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады. Елу жасқа бір сүйем қалғанда, облыстық газет редакторының орынбасарлығынан «қашып» Алматыға келіп, ғылыми атақ алды. Тұңғыш Қазақ Кеңес Энциклопедиясы басшысының орынбасары болды. Торғайдың қиыр шетінде жүріп-ақ «Еменнің жасаруы», «Ауыл перзенттері» деген екі кітап шығарды. «Топжарған», «Ақын даусы», «Ә.Жанкелдин» кітаптары былайғыларына соны соқпақ салды. Аттарын атасақ-ақ өз ныспысын танытып беретіндей: «Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Танталовы муки» Степи», «Қауқар­сыз қазақ мәселесі». Ал осылардың ішкі қыртысын түсінбейтін несі қалды? Жер, Қазақ, Тәуелсіздік! Осы асыл ұғымдардың тұтастығын бекемдемек болған Сәкең ғой біздің!
Бұқпантайлап, бұғып жүрген Сәкең жоқ. Ұлт мүд­­десіне қатысты, әсіресе жер мәселесі десе, жү­ре­гінде қайралған қылышын қынабынан суы­рып алады. Небір айбарлы мінберлерден ойын ашық көсілтеді. Қаламсабын ешкім тар­­тып алмайды, қатты қысып ұстаған. ­Жазып жатыр, жалтақтықтан ада, тура жазады. Өзі­нің мықты бір аттан­дағыш тетігі, құралы бар – «Жер және қазақ тағдыры» жазушылар комис­сиясының төрағасы. Осы атаудың өзіне ырық бермей, сауысқанша сақтанып «… қазақ тағ­дырын» «… халық тағдыры» деп, жұмсартып ен тағып, Сәкеңнің адуын екпінін тежегісі келгендер ұшыраспай қалмады. Ондай қыстырылма қарсыластарын жолай қағып тастау Сәкеңе түк емес еді. «Жер туралы» Заң қабылданарда бір топ жазушылардың серкесі болып анығын, ашығын айтып, жазды. Парламенттен бас­тап, баратын жеріне барды. Бірақ жерді сатпау жөніндегі пікірлеріне түсініп, тұшынып қарағандар да болды, үркіп, үрейленгендер не сан. Қарызға шығарылған кітаптарын арқалап небір билік баспалдақтарымен қол таяғына сүйеніп көтерілгенде, қалжыңға басып: «мына кітаптарымды оқығандарыңа коньяк құямын» деп «ынталандырып» та көрген. Сатылмай қалса да көз жүгіртіп оқып, жер маңызын түсінсе деген іңкәрлік қой.
«Жер туралы» Заңға қарсылық білдірген бір мақаласына назар аударалықшы: «…екін­шіден, «Жер учаскелерін мемлекеттік меншіктен жекеменшікке беру, ақы төлеу арқылы жүргізіледі» (8-бап, 1-тармақ) деген де дұрыс емес. Зардабы аса ауыр, зиянды қате. Бұлай болған жағдайда, ауылдар мен селоларды тұрғындар былай тұрсын, қаладағы қалталылар жапа-тармағай аттандап, ең шұрайлы учаскелерді пышақ үстінен бөлісіп алып кетеді. Қазақ резервацияларының тұрғындары бұрынғыша өздерінің маңдайына жазылған шөл және шөлейт аймақтарда о дүниедегі тамұқ азабын тірідей тартқан күйінде қала беретін болады. Жаңа заң жобасын жасаушылар мұны білмеді дейсіз бе?».
Сәкең сонымен бірге «Жер туралы» Заң жобасына санақта бар, санатта жоқ шөл және шөлейт дала «Қазақстан жерінің құрамына» (6-бап) енбей қалғандықтан, тұрған жерінің шаруаға жарамсыз, қонысқа қолайсыздығына, яғни сапасының тө­мендігіне байланысты оның есесін толтыру үшін тұрғындарға берілетін жеңілдіктер мен төлемақылар туралы да ештеңе айтылмаған. Мысалы, өркениетті елдерде, солардың бірі АҚШ-тағы үндістер резервациялары тұрғындарына округтік, штаттық, федералдық бюджеттерден олардың табыстарының 250-300 проценті мөлшерінде қосымша төлемақы беріліп тұрады…» деп әділдіктің үстемдік құруы үшін жанайқайын салады.
Жер туралы, оны қазақ игілігіне шындап айналдырудың амалдары туралы тұ­шымды еңбектерімен жүйелі көрініп жүрген қаламгерді жер киесі желеп-жебеп жүргендей әсер қалдырады. Осыдан біраз жыл бұрын баяғы «жер дауымен» Астанаға келіп, ұнжырғасы түсіңкіреп Алматыға аттанып бара жатқан Сәкеңнен «75 жасқа да келіп қалыпсыз, не дайындығыңыз бар?» деп сыр тартқанымда, ол кісі: «Жер сатылмаса – менің тойым әне, сол!» деген еді болдыруды білмейтін асау жүрегін асқақтатып тұрып. – Мен кіммін? Ұлт тағдырын ойламаса Абай кім болар еді?». Ал ойланбай көріңіз! Енді араға он жыл түскенде «қарашада мерейтойыңыз ғой… 85 жастың төбесі қылтиып қалыпты» деп есіне салуға батылымыз жетпеген. Ол жалпы той жөнінде айтса, тымырайып қалады, іле жер жөнінде емеурін білдірсең ғана жабылып кеткен қабағын жайлап аша бастайды. «Қаламгерлік мақсатым – қазақтың миына кірпішешен кіргізіп, көкірек көзін ашу» деген сөзді жазғанда Сәкең жүрегіне жұмыр жерді сыйдырып алып, соның бар тауқымет-мұңын шемішкеше шаққаннан соң иіні түсіп, ыза-кекпен жан сырын ақтарғандығы сезіліп тұр.
Жер жайы ғана ма, күйзеле жазып, түгесе айта алмай жүргені. Жерге ­қатыс­­ты­ның, фәнидегі барша тіршіліктің олқы тұстарын жіпке тізіп, ақ тайлағын бұйдалап бақыртқандай, жан дәрменмен ашынып баяндап жүр. Біреу естиді, біреу құлағынан асырады. Үнсіз қалуды күнә көреді. Тоқпақтай бергенді жөн санайды. Мінберлерден тау суындай тасқындаған сел­сөзін тыңдаған шығарсыз: «…Менің мақсатым, қазақтың отаршылдық жылдары кеткен есесін, яғни оның патша үкіметі озбырлықпен тартып алған ең құнарлы 45 миллион десятина жерін, кеңес үкіметі жылдарында, яғни тың игеру жылдарында кеткен 25 миллион десятина жерін қазақтың өзіне қайтару!». Радиодан да сампылдап жатады: «…туберкулезбен ауыратындардың 90 пайызы қазақтар. Себебі кейбір ауылдардағы қазақ отбасының тұрмысы нашар. Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүреді. Кейбірінің тамағы мен киімінің өзі тапшы, мұң. Дәрігерлік көмектің саны мен сапасы да құлдырап кеткен». Теледидардан көрсеңіз, Сәкең қолын сермеп, бейне бір әр көкірекке пайдалы кеңесті жиып бергендей боп, өзіңді ұялта қызартып, төкпелейді: «…Кешегі кеңестік заманда аспаннан «ақша жауып» тұрғанның өзінде көздерін аша алмаған, бүгінде, нарықтың темірдей қатты тәртібіне шыдай алмай көше қашып тоз-тоз боп кеткен, төрт аяғына бірдей қан түсіп есеңгіреп қалған 72 аудан тағдырына әлі де алаңдаушылықпен қарамаса болмайды». БАҚ біткенде сыпыра шығып жататын мақалалары мен көсемсөздерінде тіл, дін, білім, саясат мәселелерін ежіктеп жазады. Мақтауға сараң, кемшілікті қақыратып жатады. «Олқылықты ғана омырады» деп кейбір шенеуніктер өкпе қылады. Қыла берсін дегендей, Сәкең өршелене түседі. Екінің бірі мадаққа үйір, көңілге қараса, көшелі елдің бұл нәубетімен кім бетпе-бет алыспақ. «Мен алысамын, ертеңім көркем болсын деп кім көрінгенмен жағаласып жүргенім сол!» дейтін Сәкеңнің бетін қайтару қиын. Баспалар қарызға шығарып беріп, сайдағы санын түгендей алмай, аузын құр шөппен сүртіп қала беретін Сәкеңнің қайбір кітабын ашып қалыңызшы: жерден бастап, егіншілік және малшылық, өндірген өнімдерді тұтынушыларға жеткізу азабы, еңбекке ақы төлемі, техникалық жарақтану жайы, кадрлар даярлаудың берекесіздігі, т.б. өзекті өртеген проблемалар андағайлап тұрады. Оқисыз. Сенесіз. Кінә кімнен дейсіз. Бар бәлені басқаға жапқыңыз келеді. Бірақ қарақшыдай болып желкеңізден төніп тұрған кітап сөзі «өзің де ойлан, сенің де дұрыс ісің қажет» дегендей, тұқыртып, жан теріңді сылып алады. Сөз құдіреті – осы-ау! Сәкең жүрегі мен қаламының ұшындағы тамшылап тұрған осы құдірет қасиетін орын­ды пайдаланады екен. Сәкеңнен қай­мық­тыратын да, Сәкеңді сыйлататын да осы құдіреттер екеніне шүбәсіз сенесіз. Қаһа­рынан иментетін батыр емес қой, түсіне кірмеген жайт, тек қазағын сөз қадірін білуге иліктіріп, ойлантса да жетеді оған.
Тұлғалар пікір айтқанда, әркімнің ісі мен азаматтығын өлшеп-пішіп, әнтек баспауға тырысқан ғой. Соның мысалын Сәкең туралы ойларға қатысты да бағамдауға болады. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай түйіндейді: «Қазақстан Жазушылар одағының 1995 жылы құрылған «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясы, оның төрағасы, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген зейнеткер Сапабек Әсіпұлы шөлейтті, шөлді аймақтар тұрғындарын «Тантал азабынан» (Тантал – ежелгі грек мифологиясының кейіпкері. Адамға жақсылық жасағаны үшін Танталды грек Құдайы Зевс аштан бұрлығып, шөлден сусап азаппен өлуге бұйырған. «Тантал азабы» деген ұғым содан қалған) құтқарудың тағы бір шарты – мүгедектер жағдайына ерекше назар аударып, зейнетақыларын бір жарым-екі есе өсіру қажет деп санап, ол жөнінде арнайы мәселе көтеріп, дабыл қағып жүр». Көсемсөздің асқан шебері Сарбас Ақтаев болса: «Жырларын жатқа айтқанда ақындардың өзі ұмытып кеткен өлең жолдарын еске алып таңырқағаннан аузын ашып, көзін жұмады. Қаламгер атаулыны да бөле-жармай, жасының да, жасамысының да жазғандарын қалт жібермей, оның бәрінің де алған белесі, шыққан биігін барлап, ой безбеніне салып отырады» деп Сәкеңнің өнегелі қырларын дөп басады. Ал жорналшы Адольф Арцишевскийдің таңғалысы алабөтен: «Его последнюю, пока третью книгу «Танталовы муки» Степи» из трилогии «Трагедия казахов» держишь в руках как взрывное устройство. Да и сам он словно бы начинен динамитом».
Сәкең қазақтың бірқатар біртуар зия­лылары туралы портреттік көсемсөздер, эсселер жазған айтулы қаламгер. Балалық шағының көркем суретін салған талантты жазушы. Өзіндік қолтаңбасы айқындалған ғалым. Кіндік қаны тамған жері Қостанай облысының Аманкелді ауданы өңірінің табиғаты мен тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, мәдениетін қалам құрғатпай жырлап келе жатқан қарасөздің майталманы. Жер туралы айтса күллі қазағының жайын ойлап, қабырғасы қайысатынын осы мақаланың өзегіне алып отырмыз ғой.
Жазу өз алдына, ел тағдырына, айтулы тұлғалардың рухани биігін аласартпауға қатысты ой-пікірлерін әр деңгейдегі әкімдерге жолдап, мазасын алып отырады. Мысалы, халық ақындары О.Шипин мен Н.Ахметбеков, дарынды мүсінші Ә.Ұзақов шығармашылығы тұрғысында облыс әкіміне нақты ұсыныстар айтып, ойын білдірген. Сөйтіп, жүзеге асқан іс-шараларға мұрындық бола білген еді. Мұндай ықпалды істерге араласуын әлі күнге жиілетіп келеді.
Бірде Арқалықта қызмет істеп жүргенімде Алматыдағы Сәкеңе қоңырау шалып, есен-саулығын білген едім. Сөзіміздің арғы жағы қадау-қадау мәселелерге ойысып кетпесін бе? Әліби Жанкелдин туралы кітап жазған Сәкең әңгіменің бір тұсында өз ойын ашық айтты.
– Жалпы, өткенге бірыңғай топырақ шашуға қарсымын, – деп алып, ғалымдық дәлдікпен сыналап саптады сөздерін. – Жанкелдиннің аруағына тиісе бермеген жөн. Алашқа не істеді ол? Оның үш еңбегінің өзі неге тұрады? Біріншіден, Алашорданың Торғайға кіруіне Тәшкенде жатқан Әліби Жанкелдиннің өзі көмектескен. Екіншіден, Міржақыптан басқа Алаштың 19 өкілі қолға түскенде соларды қорғап, босатып жіберген де Әліби еді. Үшіншіден, алғаш ұлттық ымыраны жасаған кім – Жанкелдин. Түн жамылып отырып айтайын, Жанкелдиннің мойнында бір кісінің де қаны жоқ.
Сәкең қыза-қыза қалааралық телефон байланысының өзін ұзын-сонар пікір таласына айналдырып бара жатты. Көсіле шешіліп, тереңнен тартып, дәл бір өзінің қасында отырғандай етіп мені нұқып сөйлегендей болып, бастырмалатсын. Сөзіміздің арасында Жанкелдин ауданының атын бұрынғы Торғай қаласы мәртебесіне өзгерту туралы даң-дұң әңгіме бары айтылып қалды білем, Сәкең жұлып алғандай қылып: «Қайтесіңдер, өнбейтін әңгіме қуып, Жанкелдиннің атын өзгерткенмен Торғайда қой көбеймейді» деді жұмсақ дауысы қатқылдана түсіп.
Бүгінгі қазақ зиялыларының селдіреп, сирексіген сапында бірнеше буын жорналшы­лардың ұстазы, ақылшысы біздің Сапабек ағамыздың жүргенін мақтан тұтамыз. Және қандай көрінеді көп ішінен. Еңсегей бойы­мен, мейірімді жүзімен, тұңғиық ойлы көзімен, тіліп түсер сөзімен… сахараның сәні ақ бөкендей бүйірленіп алып жөнеледі. «Жер, жер!» деп шыға келгенде, төбе шаш тік тұрып, жон арқа мұздап кетеді. Еске Ғабит Мүсіреповтің: «Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам – азамат емес: ол – халқының бірінші жауы» деп қатты да қақыратып айтқан сөзі түседі. Сәкеңнің азаматтығына тәнтіміз.
Зиялы деп кімді айтамыз өзі? Халық да­на­лығына сүйенсек, мынадай кісілік жік­теулерден кейін оның ұғымын ажыратып алуға болар, бәлкім. Біріншісі – біртуар аруақты адам; екіншісі – дара туған арыс; үшіншісі – жомарт ер; төртіншісі – еркөңіл азамат; бесіншісі – асыл ардақ; алтыншысы – танымал тұлға; жетіншісі – жігерлі жігіт; сегізіншісі – жай пенде; тоғызыншысы – ынжық; оныншысы – азғын; он біріншісі – мәңгүрт. Сәкең бейнесі осының екінші-алтыншы сипаттарынан аңғарылып қалады-ау деп жобалаймыз.
Сонда да өз білігімізше, Сапабек Әсіпұлын өзгелерден даралай түсетін бірер тоқтам жасамақпыз. Ол – ұлтжандыдан гөрі әсіре ұлтшыл адам. Демек, жержандыдан гөрі әсіре жершіл тұлға! Жершілдігі қушиған тар, өзінен әрі аспайтын топшыл мүдде күйттеушісі емес, Жер-жаһанның тамыршысы, жоқшысы, дәйім үмітпен тепкіленіп соғатын Жүрегі! Ләйім, Жершіл жүрек ыстық лүпілінен жаңылмасыншы!
Жуырда Алматыдағы Сапабек ағаммен хабарласқым кеп кетіп, қоңырау шалдым. Тұтқаны Зинахан апай көтерді. Соңғы он бес жылдан бері ағамның өз тілімен әзілдеп айтатын «күллі шаруасын дөңгелететін де, шай құйып беретін де секретаршасы» осы ақжарқын, аңқылдақ, ақылды апай еді. Осынша уақыт ағамызды жалғызсыратпай бабын тауып, ауру-сырқаудан көңілі жүдегенде дем беріп, жүгіріп жүріп емдетіп, көз нұры кеміп оқудан, жазу-сызудан қиындық көргенде, есту қабілеті төмендегенде шыр-пыры шығып жаны қалмай көмектесетін, сөйтіп тұйықтан түңілдірмей шығарып жіберетін үлкен жүрек иесі ғой. Кей-кейде Сәкеңнің лықсыған ойларын қолына қаламсабын ала қойып сыдыртып жазып алатын да әдіс-айласы бар. Әйтеуір, жазушы-ғалымның шығармашылық жағынан тоқырап қалмауына ынты-шынтысын салып-ақ жүргені. Жә, сонымен, Сәкеңді тілдесуге шақырмайын ба? Сөйлестік. Үзіп-жұлқып дегендей. Баяғыдай көсіліс кемшіндеу ме қалай? «Алдағы қарашада тоқсаныңыз да тақап қалды ғой!» деп сыр тартқан едім, естіңкіремей қалды ма, «ә,ә» деп басқа әңгімеге ауысып кетті…
Әкесі жүз жасаған асыл сүйекті адам еді. Баласы, міне, тоқсан шыңында қазақ руха­ния­тына өлшеусіз үлес қосып жүр.

Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.