Кәсiп бар жерде – нәсiп бар

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының республика аймақтарында ғана емес, шет елдерде де талқыланып, оған қолдау көрсетiлiп жатқандығы бұл құжаттың әлемдiк экономиканың өркендеуiнде де маңызға ие екендiгiнiң дәлелi.Елбасы назарынан тыс қалмаған саланың бiрi – елдегi шағын және орта бизнес саласы едi. Яғни, отандық өндiрiске қолдау көрсетiп, өз өнiмiмiздiң экспортталуына жағдай жасай бiлу. Осы орайда Елбасы Н. Назарбаев: «Бiздiң шикiзаттық емес экспорттаушыларды қолдау индустрияландырудың шешушi бағыты болуы тиiс. Қазақстан өнеркәсiбi экспорттық рыноктарға отандық брендтердiң кең ауқымды тiзбегiмен ұсынылуы керек. Сондықтан Үкiметтiң мiндетi – экспорттаушыларға негiзгi құралдарды сатып алуды қаржыландыру, экспортқа сервистiк қолдау көрсету, экспорттаушыларға гранттар мен экспорттық саудалық қаржыландыруды қарастыратын бiртұтас қолдау жүйесiн жасау» деп атап айтты. Жаңа экономиканың қозғаушы күшi – кәсiпкерлiк екенiн айтып, Үкiметке 2010 жылдан бастап өңiрлерде кәсiпкерлiктi дамыту жөнiнде бiрыңғай бюджеттiк бағдарлама енгiзудi тапсырды. Ол бағдарлама – «Бизнестiң жол картасы -2020» деген атқа ие болды. Аталған бағдарлама өңiрлерде шағын және орта бизнестiң жаңа тобын дамыту есебiнен тұрақты жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етiп, олардағы кәсiпкерлiктiң дамуына атсалысады. «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасының қаражатын пайдалану төмендегi бағыттар бойынша жүзеге асырылмақ:
– Несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау;
– Шағын және орта бизнеске несиелердi iшiнара кепiлдендiру;
– Бизнес жүргiзуге сервистiк қолдау бiлдiру;
– Кадрларды қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру, жастар практикасы және әлеуметтiк жұмыс орындарын ашу.
Үстiмiздегi жылдан бастап қолға алынатын аталмыш бағдарлама ел экономикасының өсiп, өркендеп, қарыштап дамуына сүбелi үлес қосады деген сенiмдемiз. Өйткенi бұл Елбасының назарында тұр. Айта кету керек, Мемлекет басшысы егемендiк алғалы кәсiпкерлiкке үлкен мән берiп, кәсiпкерлерге мүмкiн болған жағдайдың барлығын да жасап келедi. Жоғары да сөз етiп отырған «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы бұл сөзiмiздiң толық айғағы. Кәсiп бар жерде – нәсiп бар.
Дiлмұрат КУЗИЕВ, «БеНТ» АҚ-тың президентi.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.