Мемлекеттік тіл –менің тілім

Батыс Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті жиын пунктінің басшысы, прапорщик ­Николай Сармин — мемлекеттік тілді меңгерген отандастарымыздың бірі. Департаментте жүйелі түрде өтіп келе жатқан мемлекеттік тілді оқыту сабақтарына 2007 жылдан бастап қатысуда. Соның нәтижесінде ол тілді біліп қана қоймай, қызмет барысында қазақша баяндама жасап, саяси сабақтар өткізіп жүр.

– Тілдік курстарға қатысуымның нәтижесінде қазақ тілінде оқып, жазып үйрендім. Бұрын мемлекеттік тілдегі құжаттарды, әскери шақы­рылымға байланысты ауылдан келген қазақ­тілді жастарды түсінбей біраз қиналдым. Тіл курс­тарында сабақ берген мұғалімдерімнің, әріптестерімнің, жолдастарымның көмегінің нәтижесінде мұндай қиындықтың бәрін жеңдім. Әскери қызметші болғасын іссапарға жиі шығуға тура келеді. Тіл үйренгеніме дейін пойызда көп ешкіммен сөйлеспейтінмін. Қазір жолсеріктермен, қасымдағы сапарлас адамдармен жақынырақ танысып, әңгіме-дүкен құрып, жолды қысқартуды үйрендім. 2009, 2012 жылдары ҚР халықтарының тілдері күні мерекесіне орай облыстық байқауларға қатыстым. Қазақтың халық әндерін орындап, өлеңдер оқыдым. Әділқазылар алқасы жақсы бағалап, арнайы дипломдармен марапаттады. Ал өзіміздің департамент басшылығы тарапынан сыйақы берілді. Міне, мемлекеттік тілді білгенім осылайша көп пайдасын тигізуде, – деп бізге ­Николай бауырымыз ағынан жарылды.
Аталмыш департаментте мемлекеттік тілді оқыту деңгейі бойынша оқу топтары жасақталған. Біздің кейіпкеріміз үшінші деңгейлі топта. Қазақ тілін тереңдетіп оқытатын топ құрамында 11 тіл үйренуші бар. Көбі орыс, украин, беларусь, татар сынды ұлттардың өкілдері. Оқу бағдарламасы аяқталғаннан кейін емтихан алынып, мемлекеттік тілді үйрену деңгейін ескере отырып сертификат немесе куәлік беріледі. Жалпы мекемеде мемлекеттік тілді үйренуге толық жағдай жасалған. Мемлекеттік тілді оқыту кабинеті арнайы көрнекі құралдармен, компьютермен жабдықталған. Штатқа мамандар енгізілді. Батыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының өкілдері мемлекеттік тілді оқыту сабақтарының уақтылы және сапалы өткі­зілуін үнемі қадағалап отырады.
Николайдың зайыбы Ирина да қазақшаға жетік. Олар екеулеп Орал қаласындағы №17 орта мектепте оқитын балалары Ильяның қазақ тілі пәні бойынша дайындалуына көмектесіп жүр. Қолдары босағанда мемлекеттік тілде шығатын басылымдарды оқып, телебағдарламаларды қарайды. Сарминдер отбасы осылайша қазақ тілінде сөйлеуді ғана емес, ойлауды да дағдыға айналдыруда. Биыл еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы екені белгілі. Ұлттар арасындағы достықты, ынтымақты ту еткен беделді ұйымның қызметі өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруінен де айқын көрініп келетінін мақтан етеміз. Бұған дәлел осы мақаланың кейіпкері – Николай Сарминнің қазақ тілін жетік білуі.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.