«Аға» деу – құрметтің белгісі

Қазақта «аға» деген жақсы сөз бар. Бұл сөзді іні-қарындастар ағаларына айтады. Жалпы мағынасында ол жасы кішілердің үлкендерге қарата айтылуында да қолданыла береді. Мұндай кезде туыстық қатынас емес, үлкенге деген құрмет белгісі басымдау болып тұрады. Қазақтың ұлттық тәрбие жүйесі де осыны үйретеді. «Жасы өзіңнен үлкен болса, аға деп айт». Міне, бұл әр қазақ баласы жастайынан естіп өсуі тиіс тәрбиелік үлгідегі тағылымды сөз. Ол баланың бойында үлкенге деген құрмет сезімін қалыптастырса, екіншіден кішіпейіл болуды да үйретеді.

Бір сөзбен айтқанда, жасы үлкен адамды сыйлай білу, сол арқылы өз бойыңдағы тәрбиені байқату да осынау бір сөз арқылы айқындалып, көп жайттан хабар береді. Бұл халқымыздың кісі сыйлай білуді үйретудегі ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан ғажайып өнегелі дәстүрлерінің бірі.
Ал енді қарап тұрсақ, біз мұндай дәстүрден бірте-бірте айырыла бастайтын түріміз бар. Неге дейсіз ғой. Осы жөнінде азды-көпті әңгіме қозғасақ.
Күнделікті өмірде көпшілігіміз теледидар көреміз, яғни қарапайым көрерменнің біріміз. Кейде үлгі-өнегені де, сөз саптауды да, сөйлеу мәдениетін де жаппай болмаса да, ішінара теледидардан саналы және бейсаналы түрде үйреніп, өз сөзімізді де соған сай түрлендіреміз. Телеарнадан айтылған бір сөз қас-қағым сәтте мыңдаған, миллиондаған көрерменнің құлағына жетіп, көкейінде қонақтап қалады. Өйткені сөз және тіл мәдениетінен толық хабары жоқ адам теледидардың арғы жағында сөйлеп тұрған теле­жүргізуші журналистке сенеді. Ол қате сөйлеп тұр екен деп талдап-таразылап та жатпайды. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, ол сол күйінде санаға, миға сіңеді. Оны енді қайтара да алмайсың.
Не істеу керек? Дұрыс сөйлеу керек. Басқа амал жоқ. Дұрыс сөйлеудің астарында тіл және сөз мәдениетінен бөлек халқымыздың дүниетанымына, болмысына, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына байланысты ұлттық құндылықтар да жоқ емес. Соның бірі әңгімемізге арқау болып отырған «аға» сөзіне қатысты. Қайбір күні Қазақстан ұлттық арнасында әр таң сайын берілетін «Таңшолпан» телебағдарламасын қарадым. Бағдар­ламаның тікелей эфиріне бір жасы егделеу көрермен хабарласып, қойылған күн сауалының жауабын айтпақ болып тұр екен. Ол кісінің егде жаста екендігі дау­сынан ап-айқын білінді. Бірақ соған қарамастан тележүргізуші оған бейне құрдасы сияқты сөйлеп, атымен атап сұхбат өрбітіп тұр екен. Әрине, «Таңшолпан» жүргізушілерінің тарапынан мұндайды жиі байқауымызға болады. Өзге телеарналардың да хабар, телебағдарлама жүргізушілері жасы үлкен адаммен «аға» сөзін қолданбай-ақ тікелей өз атымен атап, түсін түстеп сөйлейтіндерін байқап жүрміз. Бұл біздің ұлттық менталитетімізге мүлдем сай келмейтін жағымсыз құбылыс екенін айта кеткеніміз жөн. Бәлкім, ол батыс телеарналарынан жеткен үлгі болар. Бірақ біз батыс елі емеспіз ғой. Дәстүр-салтымыз қайда? Оны мансұқ етуге бола ма екен? Осы жайтқа телеарна басшылары неге назар аудармайды? Мәселен, журналистің жасы үлкен адамға Кенжехан, Кенжехан деп тұрғаны жақсы ма, Кенжехан аға деп сөйлегені жақсы ма? Ұлттық тәрбие тұрғысынан қарасақ, дұрысы, әрине, екінші нұсқасы. Бірақ неге екені белгісіз, «аға» сөзі теледидардан шеттетіле бастағандай. Бұған жол берсек, қайсымыз үлкен, қайсымыз кіші екенімізді де ажырата алмайтын күнге жетуіміз ғажап емес. Кейде біз дәстүріміз ұмытылып барады дейміз. Ал бірақ кейбір дәстүр-салттарымызды ұмытуға өзіміз түрткі болатын сияқтымыз ба, қалай. Себебі салт-дәстүрдің бұзылуы, жадымыздан шығып, ұмытылуы жекелеген адамдардың оны елемеуінен, мансұқ етуінен басталады. Осыны естен шығармасақ екен. Тағы бір атап өтерлігі, жасы үлкен әйел адамдардың да өздеріне қарата айтылған «апа, апай» деген сөздерге реніш білдіретінін көріп жүрміз. Мұны да еш түсіне алмадық.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.