Жазалауға жаңа көзқарас қажет

«Біз құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргізуге тиіспіз…»
ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ – ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына ЖолдауынанБүгінде алдағы 2011 жылы заңнамадағы кейбір қылмыстық баптарға декриминализация жүргізіледі деп күтілуде. Әрине, үлкен қоғамдық қауіп тудырмайтын жекелеген қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылық қатарына жатқызу яки жазаны жасалған әрекет ауырлығына сәйкестендіруді қамтамасыз ету бұрынан да басты назарда тұрған болатын. Сондықтан да бұл тараптағы трендтік маңызы бар жүйелі жұмыстар легінің бір толастамағаны белгілі. Әйтсе де «көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, ағымдағы үрдістер барысына қарап, осы жоспардың біртіндеп жүзеге аса бастауына да куә болатын тәріздіміз.
Қаңтардың қытымыр аязында жылы сөз айтып, сенатор Ғани Қасымовтың абақтыда отырғандарға рақымшылық жасау ұсынысын қайта көтергеніне де көп бола қойған жоқ. Осы бағытта күні кеше Алматы мен Астана қалаларында Бас прокуратура мен Жоғарғы Соттың және де «Адам құқықтары үшін Хартиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен дөңгелек үстелдер де болып өтті. Ол отырыстар да бірінші кезекте қылмыстық-құқықтық саладағы заңнаманы либерализациялаудың жәй-күйі мен негізгі бағыттарын талқылауға арналды.
Әрине, сиыр жылын сыпайылап шығарып салуды көздеп «Қазақстанда 65 мың сотталған жан бар. Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, оның 12 мыңы декриминализациялауға жатқызылып, босатылу қажеттігін көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл өте маңызды мәселе болып тұр» деп жыл аяғында түйінді сөзін айтқан ҚР Әділет министрлігі Қылмыстық-атқарушы жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Михаил Лырчиковтың сөзі де ел есінде.
Жалпы, бұдан өзге осы сарындағы тағы да басқа жазаны жеңілдетуге және рахымшылық жасауға бағытталған лепестердің қоғам талқысына көтерілуіне өткен жылдың 24 тамызында Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2010-2020 жыл¬дарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының бекітілуі себеп болғаны анық. Бұл Тұжырымдамада елі¬міз¬дің алдағы он жылдық ауқым¬дағы дамуының құқықтық жаңа стратегиялық бағыты айқындалды десек те болады.
Осы ретте баса айта кететін жайт, қылмыстық құқықты одан әрі либерализациялау қазіргі таңдағы құқықтық саясаттың басым бағытының бірі. Яғни, ол жаңа құқықтық тұжырымдамаға сәйкес жаңа жағдайларды қарастыруға алған соны жоба болып табылады.
Егер қатпары терең айтулы іс жоспары қолдау табатын болса, бұл үрдіс ең әуелі елдегі қылмыстық саясат барысының басты ұстыны — бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдануға басымдық беруге бағдарланады деген сөз. Өйткені, декриминализация дегеніміздің өзі кейбір қылмыстық баптарды әкімшілік жазаларымен алмастыру дегенге саяды.
Ал статистика деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда пенитициарлық мекемелерде жазаларын өтеп жүргендердің жалпы саны 63 475 шамасын құрап отыр екен. Болжам бойынша, қылмыстық баптарды әкімшілік баптарға ауыстыру өзге де өркениетті елдердегідей «түрмесіз жазалау» үрдісін қоғамдық тәжірибеге қоспақ. Мәселен, бұрын сотталып кететін ұсақ қылмыс түрлері ендігіде гуманитарлық сипат алып, айыпкер сотталады, бірақ жазасын түрмеде емес, қоғамдық жұмыстар мен айыппұлдар арқылы өтейтін болады. Бүгінде құзырлы органдар ондай қатаң баптарға саралау жұмыстарын өткізіп, декриминализацияға келетін сәйкеспелі баптарды анықтап жатыр. Ондай жағдайда, бұрындары қылмыстық баптар бойынша сотталғандардың белгілі бір категориясында жазалары ауыстырылып, бостандыққа шығуы мүмкін…
Абылай Мамырайхан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.