Отаншылдық сезім – ұлт рухының айнасы

Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың бойында патриотизм мен азаматтықты қалыптастыру» атты тақырыпта республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған жиынға Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Л.Базарқұлова, Алматы облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы С.Досматова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ж.Қараев, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты дирек­торы­ның орынбасары С.Нұрмұратов, Алматы облысындағы аудандық білім бөлімінің басшылары, «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның облыстық филиалдарының директорлары мен білім саласының мамандары, ғалымдар және т.б. қатысты.

Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін ­арттыру институтының» ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың бойын­да патриотизм мен азаматтықты қалыптастыру» атты тақырыпта республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған жиынға Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Л.Базарқұлова, Алматы облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы С.Досматова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ж.Қараев, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары С.Нұрмұратов, Алматы облысындағы аудандық білім бөлімінің басшылары, «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның облыстық филиалдарының директорлары мен білім саласының мамандары, ғалымдар және т.б. қатысты.
Жиынға қатысушылар ең алдымен
Ғ.Мүсі­репов атындағы қазақ мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойы­лымын тамашалады.

Ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі

Ең алдымен «Өрлеудің» Алматы облыстық филиалы жөнінде бір-екі ауыз сөз айта кетелік. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ құрамындағы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының материалдық-техникалық базасы бұрынғыдан әлдеқайда нығайтылды. Институт құрылымдық жағынан сапалы өзгерістерді бастан кешіріп, бүгінгі күн сұраныстарына орай оңтайлы бола түсті. Қазіргі таңда аталған филиалда 4 кафедра, 5 бөлім мен Деңгейлік бағдарламалар орталығында 57 ұстаз-педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырумен айналысуда. Профессор-оқытушылар құрамы салалар бойынша жоғары білікті жас ғалымдармен толықтырылды.
Институт өз қызметін, негізіне жоғары білім сапасын қамтамасыз ететін білім берудің жаңа философиясы және қазіргі заманғы инновациялық педагогикалық технологияларды қолдану алынған педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттырудың жаңа моделі аясында атқарып келеді. Біліктілікті арттырудың жаңартылған үлгісі бойын­ша педагог кадрларын қайта даярлау жүйесінде сапалы білім беру қолжетімділігі мен әлемдік стандарттар өлшемін жетекшілікке алады. Алдымен, ұжым мүшелерінің біліктілігі мен кәсіби шеберлігіне сүйенеді. Себебі курс бағдарламасы мазмұнының сапалы болуының, ғылыми-әдістемелік сүйемелдеудің, әлеуметтік-кәсіби серіктестік аясында үздіксіз білім беру жүйесі ұйымдарымен әдістемелік тұрғыда әріптестік құрудың маңызы ерекше. Филиалдағы оқытушылар құрамының 20,9 пайызын ғылыми дәрежесі бар оқытушылар, 24,5 пайызын магистрлер, 12,2 пайызын қауым­дас­тырылған профессор (доцент) құрай­ды.
Институт біліктілікті арттырудың дәстүрлі үлгісінен инновациялық тәсілдеріне көшуге белсенділікпен кірісті. Институтта ұстаздар қауымының кәсіби дамуын қамтамасыз ету, біліктілігін арттыру курсының мазмұнын жаңарту, оқу үдерістерін ұйымдастыруда жаңа технологияларды қолдану сияқты саналуан жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Себебі білім беру парадигмасы өзгеріп, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болған бүгінгі күнде кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол, ғылым жетіс­тіктерін педагогикалық тәжі­ри­бе­де қолдануға қабілетті педагогтарға деген сұраныс өсіп отыр. Соған байла­нысты қысқамерзімді курстардың оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға зор көңіл бөлініп, функ­цио­налдық тәсілді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін курстық дайындық бағдарламасын модульдік құрылымға көшіру жүзеге асырылуда. Сонымен қатар ұжымдағы қысқамерзімді курстарды практикалық бағытта ұйымдастыру, білім беруді жаңғырту жағдайында пәндік тақырыптарды енгізу, оқу үдерісінде жаңашыл интербелсенді технологияларды қолдану тәжірибелері басымдыққа ие. 2
Енді алқалы жиынға келер болсақ, оны «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, педагогика ғылымының докторы, профессор Жаумбай Қараев құттықтау сөзбен ашып, «Жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу – ел болашағының кепілі» тақырыбында сөз қозғады. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақтан – 2050» Стратегиясында жаңа қазақстандық патриотизмді дамыту жөнінде: «Жас­тар – келешегіміздің негізі ретінде өз білімімен, жасампаз еңбегімен және күш-жігерімен өз болашағын айқындайды. Қазақ халқының тәрбие жүйесінде жас ұрпақты, қоғам мүшелерін Отанға, халқына, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, мұны олардың бойына сіңіріп, қалыптастыруы жетекші орын алады. Өйткені Отан, халық, ел, жер деген ұғым өте ауқымды. Бұған шын мәнінде адамның бүкіл болмысының қатысы бар. Өзінің бүкіл халық болып, мемлекет болып құрылу тарихында талай тар жол, тайғақ кешулерді басынан кешіріп үнемі шапқыншылыққа төтеп берумен өмірін өткізген халқымыз елді, жерді қорғаудың қадірін ерте түсініп, ұрпағын Отанын сүюге және қорғауға тәрбиелеген» деп атап көрсеткен деген ол сөзін одан әрі жалғастырды:
– Жас ұрпақтың отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орындарына дейінгі орталықтарда, барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, жауапты да қадірменді парызы.
Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру қоғамның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы­на, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға ұмтылып отырған біздің еліміз үшін өте қажет.1
«Қазақстан Республикасының жас­тарына үздіксіз тәлім-тәрбие беру тұжырымдамасында» тәрбиенің негізгі мақсаты дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, иманды, ақылды, парасатты, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, талғамы жоғары және бойында тағы да басқа ізгі қасиеттері бар азаматты тәрбиелеу деп белгіленген. Қазақ халқы, яғни біздің ата-бабаларымыз сегіз қырлы, бір сырлы, жетілген адамды тәрбиелеу деп санаған.Тәрбиенің негізгі міндеттерінің ішінде патриоттық тәрбие ерекше орын алады. Қазіргі заманға жігер керек, талапты болу керек, ал ең керегі – ұлттық санасы қалыптасқан, ұлттық намысы, ұлттық рухы жоғары, ұлтының тарихи-мәдени құндылықтарын бағалайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу керек.
Жаңа қазақстандық патриотизм – ұлт рухының айнасы, өлшемі. Елбасымыз азаматтардың отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде таниды. Соңғы уақыттарда басылым беттерінде «патриоттық тәрбие», «азаматтық тәрбие» ұғымдары қатар қолданылып келеді. Біздің көзқарасымызша, «азаматтық тәрбие» мен «патриоттық тәрбие» ұғымдары бірін-бірі толықтыратын тәрізді. Патриоттық тәрбие ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына ықпал тигізуде де үлкен мәнге ие. Мұның, бірінші кезекте, жеке тұлғаның әлеуметтенуіне тигізер ықпалы мол. Патриоттық тәрбиенің жүйелілік сипатына келер болсақ, ол ең алдымен, тәрбие мен патриоттық сана-сезімнің жүйесі арқылы айқындалады. Патриоттық тәрбие қоғамдық-саяси қызметтің күрделі, салыстырмалы дербес жүйелерінің барлық белгілеріне ие болады. Біріншіден, ол өзара байланысты құндылықтардың белгілі бір құрылымын иеленеді. Екіншіден, патриоттық тәрбие жүйесіне оның міндеттерінен көрінетін өзіндік белсенділік тән. Үшіншіден, патриоттық тәрбие дегеніміз – өзіне тән басқару тетігі, субъектісі мен объектісі, басшылық құралдары мен әдістері бар, өзін-өзі басқаратын жүйе. Төртіншіден, патриоттық тәрбие дегеніміз – уақыт пен кеңістікте дамып отыратын жүйе. Бесіншіден, патриоттық тәрбие жүйесі оқшау емес, әлеуметтік тұрғыдан алғанда да, табиғи жағынан келгенде де басқа жүйелермен тығыз байланыста өмір сүреді.
Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі десек те болады. Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері бізге сол рухани мәдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі, өзінің туған жеріне, өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек.
Баяндамашы атап көрсеткеніндей, Отаншылық, Отансүйгіштік, Патриотизм – адамның Отанына, туған еліне, оның тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімі. Көшпелі қазақ өркениетінде отаншылдық ең қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа жазылған Күлтегін ескерткішінде ел билеушілерінің отаншылдық үлгісі көрініс тапқан. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Ақтамберді, Бұқар жыраулар және ХХ ғасырдың басындағы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, Ж.Аймауытов, С.Торай­ғыров, М.Жұмабаев, т.б. ұлт зиялылары мен қайраткерлері отаншылдықты сөзбен ғана емес, іспен де көрсете білген. Әйтеке би «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп халыққа қызмет етудің, отаншылдықтың айнасы бола білді. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс» деді.
Елімізде жүзден аса ұлт пен ұлт өкілдері мекендейді. Олардың татулығы мен тұтастығын, ынтымақта өмір сүруін қамтамасыз ете алғанымыз жөн. Бүгінде тәуелсіз елге тән барлық құндылықтарымыз бар. Сол құндылықтарға сай патриотизмнің де бар екені анық. Мысалы, Қазақстанның Лондон Олимпиадасында үлкен жетістікке жетіп, мерейі үстем болғаны халқымызды біріктіре түсті, патриотизмді арттырды. Мұндай жетістікке біз еліміздегі ынтымақтастықтың арқасында жетіп отырмыз. Осы қасиетіміз бен құндылығымызды дамыту өз қолымызда.
Егеменді дамудың 24 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының ір­гетасын қалаған басты құнды­лықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен қазақстандық жол тәжірибесі.
Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.NE5A1042

Мұратымыз – Мәңгілік Ел

Алматы облыстық білім басқарма­сының басшысы Ләззат Базарқұлова конференцияның мән-маңызына тоқталды:
– Бұл күндері білім берудің барлық буынының сапасын жақсарту бағытында Алматы облысының білім беру ұйымдарының алдында орасан зор міндеттер тұр. Бұл міндеттерді шешу тіптен де жаңаша педагогикалық ойлай білетін, үздік әлемдік тәжірибені игерген, орта білім менталитетін толығымен өзгертуге және оны білімдік қызмет көрсетудің принципті жаңа деңгейіне алып шығуға қабілетті, біліктілік деңгейі өте жоғары педагогтардың ғана қолынан келетіндігін түсінеміз.
Жаңа форматтағы педагогтарды қалыптастыруда ұжымдарымыздың атқарып отырған қызметі атап айтуға тұрарлық. Жаңа білім парадигмасы жағдайында Алматы облысының білім беру ұйымдары өңірдегі өзге де мекемелермен, ұйымдармен бірлесе қызмет жасап келеді. Мұндай бірліктің біздің инновациялық әлеуетіміздің артуына мол септігін тигізетіндігіне сенімдіміз.
Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Біз тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халықпыз. Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, ынтымақ, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Қазақстанның арғы-бергі тарихының ең ғибратты тағылымы, міне осында. Сонау Қазақ хандығынан бері бақытты ел болуға ұмтылған халқымыздың арманы шындыққа айналып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана да, кемеңгер басшылығымен Қазақстан әлем таныған Тәуелсіз Мемлекетке айналды, – деді ол.
Алматы облысының білім сала­сындағы бақылау департаментінің басшысы Салтанат Досматова: «Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің бас­ты міндеті де осы. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. «Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпы ұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді.
Қазақстан тұрақтылықты бағалай білгені арқасында бүгінгі табыстарға жетті. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен дінін мансұқтамай, барлық аза­маттарға тең мүмкіндіктер беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Жаңа қазақстандық патриотизмді және азаматтықты жас ұрпақ бойында тәрбиелеу, олардың бойына елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін сіңіру, кез келген азаматтың ертеңгі күнге, болашаққа сенімін арттыру біздің баршамыздың басты борышымыз.
Көпұлтты Қазақстан, көптеген этностардың берік және ынтымақты шаңырағы. Сонау Қазақ хандығынан бастау алған мемлекеттігіміз бұл күндері әбден қалыптасты. Оның өзіне тән даму үлгісі бар. Ол – бұл күндері әлем таныған Қазақстандық тәжірибе үлгісі. ХХІ ғасыр – Қазақстан үшін тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдыратын алтын ғасыр!» деп келешегі кемел Нұрлы ­Жолда бірлігімізді бекемдеп, жас ұрпақтың бойын­да жаңа қазақстандық патрио­тизм мен азаматтықты тәрбиелеуде аян­бай еңбек етуге шақырды.
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты атынан Рашид Оразов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің стратегиялық маңызы бар екенін айтты. Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, Отанға адал болу сияқты асыл қасиеттерді дарыту керектігіне тоқтала келіп, бұған дейін атқарылған игілікті жұмыстардың одан әрі жалғаса беруі тиіс екеніне назар аударды.
ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану инс­титуты директорының орынбасары Серік Нұрмұратов ғылыми форумда көтерілуге тиіс маңызды мәселелерді атап өтті. Яғни оқушы қауымның дүниетанымын, оның бойында патриотизм мен азаматтықты қалыптастыру, рухани жетілу мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Бұл орайда «Мәңгілік Ел» – ұлттық идеямыз деген тақырыпта баяндама жасаған «Өрлеу» АҚ филиалы Алматы облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, химия ғылымының кандидаты, профессор Ханат Дүйсебаев былай деді:
– Қазақ тарихының тамыры тереңде жатыр. Біз Орта Азиядағы ежелден келе жатқан мемлекеттердің біріміз. Тарихшылардың саралауына қарағанда, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Ертістен Еділге дейін созылған ұлан-ғайыр далада үлкенді-кішілі саяси құрылымдар, ұлылы-кішілі мемлекеттер өмір сүрген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих тол­қыны» атты кітабында: «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағында алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды» деді. Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген халықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды.
Қазақ хандығының тарихы, түптеп келгенде ел болып бірігу жолындағы, ұлт болып ұйысу жолындағы күрестің тарихы. Ұлт маңдайының бағына біткен Керей, Жәнібек т.б. хандар елдің іргесін бекітумен, шаңырағын шайқатпау жолындағы алмағайып заманның қиын-қыстау сәттерінде ұдайы жеке бастарының қадір-қасиеттерімен үлгі-өнеге бола білді. Олар өздерінің бүкіл саналы өмірлерін, ақыл-ойлары мен қажыр қайраттарын қазақ халқының елдік мұраттарына сарқа жұмсады.
Түріктің бір бұтағы қазақ еді,
Қайсар мінез, өр еді, ғажап еді.
Жәнібек, Керей хандар басын қосып,
Өмірге келген еді қазақ елі.
Алтай мен Атыраудың арасында
Жетісу, жеті өзеннің сағасында.
Бірігіп Ұлы, Орта, Кіші жүз боп,
Хандық құрды қазақ өз даласында,
– деп жырлағандай тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде хандықтың негізін салушылар Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Олар Шу алқабы және Қордайдағы Қозыбасы жайылымына орналасты. Керей мен Жәнібек сұлтандар өздерінің батыл қимылымен Қазақ хандығының құрылуын және қазақ халқының бірігуін тездетті. Қазақ хандығының құрылуы – қазақ халқының тарихын­дағы аса маңызды белестердің бірі. Небәрі 10 жыл көлемінде (1459-1470 жж.) қазақтар Орталық Азияда алған қуат­ты ұлттық мемлекет құрды. Қазақ хан­дығы орта Азияда ықпалды мемлекет болды. Халқының саны миллион­нан асты. Дәстүрлі шаруашылық пен қала өркениетін дамытты. Қазақ хандығы дипломатиялық жолдармен, кейде әскери жорықтар арқылы жер аумағын, шекара мәселесін анықтап отырды. Қазақ хандығы іргелес елдер тарапынан мойындала бастады. Осылайша Қазақ хандығының саяси құрылымы ғана емес, жалпыұлттық дүниетанымы, тілі мен діні қалыптасты. Халықтық ұстанымдар мен саяси ойлар Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты құқықтық ережелер пайда болды.
ХV-ХVII ғасырлар аралығында өзінің ең биік шарықтау шегіне жеткен Қазақ хандығы ХVII ғасырда құлдырай бастады. ХVII ғасырдың 20-жыл-дарындағы қазақ-жоңғар соғысы ұзаққа созылды. Соғыс Қазақ хандығының дамуын тежеді. Қазақ хандығының ішкі жағдайы – Кенесары ханның қазасы (1847ж.), елдің сыртқы жағдайы – отарлау саясатының асқын­дауы, азаттық соғыстар – Қазақ хандығының түпкілікті күйреуіне әкелді. Қазақ хандығы өмір сүрген заман­да қазақ халқы өзінің ұлттық төл­ту­малығын біржолата орнатып үлгерді.
Одан әрі қазақ халқы отарлық жүйе мен тоталитарлық тәртіптің құқайын көрді. Қазақ халқына қайғы мен қасіреттің ашылмастай қалың бұлтын үйірген отарлық жүйе мен тоталитарлық тәртіп ХХ ғасыр соңында тарих тозаңына айналып, уақыт қойнауына сүңгіп кете барды.
Сәтімен басталған ХХІ ғасыр Тәуелсіз Қазақстанның болашағын одан әрі нұрландырып жіберді. ХХІ ғасыр қазақ халқы үшін оның бағын ашқан «Алтын ғасыр» ­атанды. Егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдаған ел ортақ күш-жігер жұмсауымыз арқасында адам танымастай өзгерді. Қазақстан өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымдары бар табысты мемлекетке айналып, қалыптасу кезеңі аяқталды.
Дегенмен де, елдікті ұран етіп, азаттықты аңсаған Қазақ елі келер ұрпақтың жарқын болашағы, тәуел­сіздіктің тірегі мәңгілік елге айналды. Қазақ елі, Мәңгілік Ел – тарих сахнасынан алыстаған жоқ, алыстамайды да….
Көк аспан түсіндей желбіреп байрағы,
Бір мүдде, бір мақсат алдына қойғаны.
Көк түрік отаны бүгінгі қазақтың,
Тәуелсіз, Мәңгілік Ел болу арманы.
«Мәңгілік Ел» – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз.
Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық.
Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік мақсат-мұрат­тарымыз бен мәдени-рухани құнды­лық­тарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мем­лекеті.
Мәңгілік Ел ұлттық идеясы деге­німіз — өткенімізден сабақ ала оты­рып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыс­тыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақ­тың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идея­сы – Мәңгілік Ел» деді Президент.
Баяндамашы мұнан соң «Қа­зақ­стан – 2050» Стратегиясының түпкі мақ­сатына тоқталып өтті:
– Н.Ә.Назарбаев өз ­тәуелсіз­дігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік Ел бола алатынымызды атап өтті. «Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары, «Қазақстан – 2050» Стратегиясының түпқазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру аса қиын екенін барлығымыз білеміз. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен, талай халықтың басынан кешкен тарихи шындығы. Өзара алауыздықпен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергенін де білеміз. Тіршілік тәлтегіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама? Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – «Мәңгілік Ел» біздің өзіміздің қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан – 2050» Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын. Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін елдігіміз мәңгілік!» деп аяқтаған еді өткен жылы ел халқына ­Жолдауын Мемлекет басшысы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» боламыз дей келе, ұлттық сананы алдыңғы орынға шығарды. Әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, Тәуелсіз мемлекет атанып, Мәңгілік Елдің іргетасын қалағанымызды Жолдау­да баяндады. «Тәуелсіздіктің алғашқы екі онжылдығында мемлекетіміз қалыптасу кезеңін табысты аяқтады. Әсіресе, алғашқы онжылдық еліміз үшін сынақ жылдары болды. Өз күшімізбен даму жолындағы кедергілерді еңсеруге тура келді. Тарих көшіне ілесу керек болды. Ол үшін алдымен, мемлекеттіліктің саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық негіздері қаланды. Жоспар­лы экономикадан нарыққа көштік. Көк байрағымыз көкте самғады. Ғарышты бағындырдық. Әлемге таныл­дық. Ұлт Көшбасшысын таңдадық. Саяси тұрақтылыққа қол жеткіздік. Алғашқы Стратегиялар қабылданды. Болашақ бағдары анықталды. Астанамыз «жер жәннаты» Жетісудан ерке Есілдің бойына көшірілді. Бұдан кейінгі онжылдықта, яғни жасампаздық пен бейбітшілік жылдарында Астана құрылысы қарқынды дамыды. Тарихтың жаңа беттері ашылды. «Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазуға» жол ашты» дейді ғалым Күлпаш Ілиясова. Оның айтуынша, Тәуелсіздігіміздің іргесін бекіту үшін ұзақ мерзімді Стратегиялар басшылыққа алынды. Бұл еліміздің әрбір азаматы өз жауапкершілігін сезіне білуі керек деген сөз. Әсіресе, көш басында жүрген ұлттық интеллигенцияға, Мұстафа Шоқай айтып кеткендей, «жүктелген міндеттерді атқарумен ғана шұғылдану жеткіліксіз. Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білулері керек»._MG_3550

Жастар – ел болашағы

Расында да, тарихқа терең үңілсек, «Мәңгілік Ел» идеясының бастау бұлағы «Аш құрсақты тоқ етті. Шығай (кедей) халықты бай етті. Дүйім түрік оғыз халқы, бектері тыңдаңдар! Қара жер қақ айырылып кетпесе, түрік халқы еліңді, билігіңді (мемлекетіңді) кім құртады?! Жұдырықтай жұмыл! Өткеніңе өкін! Түрік халқына бірлік, билігіне қанағат, бектеріне нысап керек?» деп Көк тірегін көк тасқа өшпестей қашап қалдырған төл тарихымызда жатыр. Бұл идея үш ғасырлық тарихы бар Түрік қағанатының сол кездегі геосаяси ортасын орнықтыруға атсалысқан Құтлұқ Елтеріс пен Тұй-Ұқық есімдерімен тікелей байланысты айтылады. Профессор Қаржаубай Сартқожаұлының сөзімен айтсақ, «Ұлт бірлігін, қағанат билігін, мемлекетінің тұғырлы ұстынын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, мәңгілікке сақтап қалуды мұрат тұтқан Тұй-ұқық абыз «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынған және келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырған». Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің басты ұранына айналып отыр. Олай дейтініміз, азаттық алған жылдары еліміздің геосаяси ортасы қалыптасты. Көршілес және басқа да сыртқы елдермен мемлекетаралық, дипломатиялық қатынастар орнатылды. Ұлттық қауіпсіздігіміз нығайды.
Осы ретте айта кететін жайт, институтта мектеп оқушыларына сапалы білім беруде, отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуде ұстаздың біліктілігі ерекше рөл атқарады. 2012 жылы – 500, 2013 жылы – 620, 2014 жылы – 981 Алматы облысы мектептерінің ұстаздары 3-ші (базалық) деңгей бойынша біліктілігін арттырса, ал 2015 жылы 925 мұғалім аталған деңгей бойынша білім алуда.
Орталық Назарбаев Зияткерлік мек­тебінің іс-тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге енгізу үшін жүйелі түрде жұмыс атқаруда. Облыс көлеміндегі әр ауданда үнемі көмек көрсетіп отыратын тірек мек­тептер белгіленіп, Кембридж халық­аралық емтихан кеңесімен сер­ти­фикатталған тренерлерге бөліп берілді. Олар аталған мектептер базасында жүйелі түрде оқыту семинарларын өткізіп отырады. Курс­тан өткен және мектепте тәжірибе жүргізіп жатқан білім алушылармен желілік қауымдастық құрылған. 3
Деңгейлік бағдарламалар орталы­ғында оқытушылар біліктілікті артты­рудағы жаңа білім беру саясатына, ұсынылып отырған элективтік үлгінің философиясына, интерактивті сабақ үлгілерін таңдауға, бағалау жүйесіне кең түрде түсінік береді. Мұның өзі курсқа қатысушылармен оқытушылар арасында сындарлы әріптестік қатынас орнатуға септігін тигізері анық.
Деңгейлік бағдарламалар бойынша курстан өткен мұғалімдер жаңа педагогикалық ойлауды, озық әлемдік тәжірибені игерген және «сыни тұрғыда ойлайтын көпшіліктің» орта мектеп менталитетін толығымен өзгертуге қабілетті және оны білімдік қызметтің принципті тұрғысында сапалы деңгейге алып шығатын негізгі тірек болып саналады.
Қазақстанның жалпы еуропалық білім кеңістігіне интеграциялану үдерісінде мемлекеттің білікті және бәсекеге қабілетті мамандарға қажеттілігі туды. Әлемдегі жетек­ші білім беру ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастық – «Өрлеу» бліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы орайда Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының 1 қызметкері Сингапурда кооперативтік оқыту техно­логиясының, ал 2 қызметкер Лондон университетінің (Ұлыбритания) білім беру институтында (IOE) ағылшындық білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен танысуға мүм­кіндік алды. Сонымен қатар 3 маман Францияның білім беру жүйе­сімен, 1 ұстаз Австралияның Брисбен қаласында педагогтардың бі­лік­тілігін арттыру жүйесімен, орта білім беру жүйесінде оқыту үдерісін басқару ерекшеліктерімен, PISA халықаралық салыстырмалық зерттеулері, инклюзивтік білім беру бойынша озық іс-тәжірибесімен кеңірек танысуға қол жеткізді. Ал 3 педагог Ресейде «Педагогикалық білім беруде қосымша кәсіби жүйесін жаңғыртудың өзекті проблемалары» тақырыбында, 6 маман Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеул қаласында «E-learning және SMART технологиясы» бойынша біліктілігін арттырды. Біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру мәселесінде дүниежүзілік озық тәжірибеге сүйенудің профессор-оқытушылар құрамының кәсіби әлеуетін көтеруде маңызы айрықша болды.
Жастар – қай заманда да елдің болашағы, тірегі, сенімі және ертеңі… Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды. Дамыған ел – белсенді де білімді, денсаулығы мықты тұлғалары бар мемлекет. Бізге мәлімі, күллі дамыған елдердің сапалы да қалыптасқан бірегей білім беру жүйесінің толымдылығы. Демек, ұлттық білім берудің барша буынының сапасын жақсартуда бізге ауқымды да кешенді істерге бел шеше кірісу қажет. Мәселен, бұл орайда мектепке дейінгі білім беру саласына заманауи бағдарламаларды, ұлттық негізде оқытудың тиімді әдістемелерін даярлаудың қа­жеттігі, сәйкесінше бұған білікті маман­дардың керектігі, ал орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізудің басты назарда ұсталуы. Бұған қоса Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруі болуға тиіс» деп атап көрсетеді. Демек, бұл тұжырымдар ағарту, білім беру саласы мамандарына еселенген зор жауапкершілік жүктері даусыз.
Алқалы жиын бағдарламасына сай «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың азамат­тық-отансүйгіштік құндылықтарын дамыту» атты дөңгелек үстел ұйым­дас­тырылды. Дөңгелек үстел бары­сында өзекті мәселелер қызу талқы­ланып, келелі ой-пікірлер айтылды.
Институт тәжірибесінде қыс­қа­мерзімді курс соңында тыңдау­шыларды тестілеуден өткізу ісі бұрын-соңды болмаған еді. Дөңгелек үстел барысында бұл жөнінде де айтылды. Жоғары деңгейдегі білім сапасын қамтамасыз ету, білімді игеру нәтижелеріне бақылауды күшейту мақсатында қысқамерзімді курстар барысында институтта 2012 жылдан бастап тыңдаушыларды тес­тілеуден өткізу тәжірибеге енгізілді.
Біліктілікті арттыру тәжірибесіне жаңадан ендірілген жұмыстардың бір түрі – «жоба қорғау» болып та­бы­лады. Жоба қорғау білім алу­шының танымдық, сыни тұр­ғыдан ойлау, білімін өздігінен же­тілдіру, мәліметтермен жұмыс жасай білу дағдыларын дамытуға ба­ғытталған. Айта кетерлік жайт, тыңдаушылардың біліктілікті арттыру курсындағы бағдарламаны игеру нәтижелері, яғни жоба, өздік жұмыс және тест тәрізді бақылау қорытындыларындағы баллдардың үлгерім пайызы сертификаттың екінші бетіне жазылып, көрсетіледі.
«Өрлеу» Біліктілікті ­арттыру ұлт­тық орталығы» АҚ белсенді­лік­пен атқарып келе жатқан қыз­мет­терінің бірі «­Назарбаев Зият­кер­лік мектебі» дербес білім беру ұйымы­ның педагогикалық ­шебер­лік орталығы мен Кембридж Уни­вер­си­теті білім беру факультеті бірлесіп дайындаған деңгейлік бағдар­ла­­малар бойынша Қазақстан Рес­пуб­ликасы педагогкадрларының білік­тілігін арттыру болып табылады. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қыз­мет­керлердің біліктілігін арттыру инс­титуты базасында 2013 жылы 1 нау­рыздағы№46/1-Л/С бұйрықпен «Деңгейлік бағдарламалар орталығы» құрылды. Деңгейлік бағдарламалар орта­лығының 22 жаттықтырушысы Кембридж халықаралық емтихан кеңе­сінің, «Назарбаев зияткерлік мектебі» ААҚ педагогикалық шеберлік орта­лығының сертификатын иеленген.
Басқосудың қорытындысы бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияның қарары қабылданды.
Бүкіл ел болып атап өткен Қазақ хан­дығының 550 жылдық мерейтойы – бұл біздің мемлекетіміздің, қазақ елінің қалыптасу тарихы. Осы тарихты ата-бабаларымыздың сара жолы арқылы жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ бойында жаңа қазақстандық пат­рио­тизмге тәрбиелеу шаралары жиі ұйымдастырылып тұрса, жас ұрпақтың санасына «Мәңгілік Ел», «Жаңа қазақстандық патриотизм» және «Азаматтық» құндылықтарды қалып­тастыруға барынша көңіл бөлінсе, сонда ғана Тәуелсіздік тұғырының негізі – отансүйгіштік екенін ұғынып, әр азамат қолынан кел­генінше елінің өркендеуіне өз үле­сін қосады.

Динара МАСАКОВА

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.