«Ана тілі аруы» мен «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қазақ халқы ежелден әдемілікті, сұлулықты, көркемдікті қадірлеп, ерекше бағалайтыны белгілі. Келбеті – ажарлы, мінезі – көркем, ақылды, тәрбиелі ұл мен қызға «Ақылына көркі сай екен» деп баға береді. Жастардың ақылға көркінің сай келуі, өнер мен білімнен де құр алақан қалмауы – ұрпақ тәрбиесіндегі өзін­дік сабақтастығы бар дәстүр. Отба­сылық өнеге, мектеп пен жоғары оқу орнындағы тәрбиенің де өзегі сол – ұлағатты, текті ұрпақ тәрбиелеу. 

Осындай мақсатты бағыт-бағдар етіп алған «Ана тілі аруы» мен «Жігіт сұлтаны» байқауы туралы әң­гіме басқа. «Ана тілі» газеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан жобасы бүгінде кеңінен танымал жобалардың біріне айналды. Жуырда осы байқаудың ақтық кезеңі өтіп, бас жүлде ие­гер­лері мен жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Айтулы шара Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтті.
«Ана тілі аруы» мен «Жігіт сұл­таны» сайысына университеттің заң, география және табиғатты пайдалану, биология және биотехнология, халықаралық қатынастар, филология және әлем тілдері және т.б. факульттерден жиыны 20 студент қатысты. Үміткерлер жұп бойынша шықты.
Байқаудың өту барысынан аң­ғар­ғанымыз ұйымдастыру ­шара­ла­ры­ның, сондай-ақ байқауға қатысу­шылар дайындықтарының жоғары дәрежеде болуы. Бірден айтайық, байқау өте тар­­тысты өтті. «Сен тұр, мен атайын» деген­дей, қыз-жігіттер іріктеліп алы­нып­ты. Бәрі де шетінен өнерлі. Ана ті­лін жетік меңгер­ген, өнер десеңіз – өнер, білім десеңіз – білім бар. Ең бастысы жеңіс­ке жету­ге деген құштарлықтары күшті. 47
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, шараның басты мақсаты жастар бойында ұлттық тәрбие құндылықтарын дамыту, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, жастар­дың жеке тұлға ретінде үйлесімді дамуына, бүгінгі қыздар мен жігіт­тердің шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін дамыту, сұлулықты насихаттау.
Қазан айының 7-8 жұлдызында сайыстың іріктеу кезеңі болып өтті. Байқаудың алғашқы кезеңіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен 400-ге жуық үміткер қатысқан болатын. Екінші кезең, «таланттылар тартысы» 14 қазан күні жалғасты. Бұл кезеңде байыр­ғының бүгінге жеткен асыл мұрасын насихаттаған 70-ке жуық сайыскер екін­ші кезеңге жолдама алды. Ал ақтық мәреде қатысушылардың ой-өрісі мен өнері, білімі сараланды. Бұл сында 13 факультеттен 10 ару мен 10 сұлтан бәйгеге түсті. Екі ай уақытқа созылған байқауда аруларымыздың өз қолымен дайындаған ұлттық тағам әзірлеудегі шеберлігі, сұлтандардың ат әбзелдеріне байланысты біліктіліктері сарапқа салынды.
Студент жастардың өнеріне баға беріп, жеңімпаздарды анықтаған қазы­лар алқасының құрамында «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Дәуіржан Төлебаев, белгілі әнші Әли Оқапов, «Қазақстан барысы» сайысының жүлдегері Руслан Әбдіразақов, күйші-домбырашы Нұржан Тәжікенов, Ольга Ким, Санди Бексырға және т.б. болды.
Әдеттегідей, бірінші кезең үміт­кер­лердің өз-өздерін таныстырудан бас­талды. Біреуі таныстыруды қара сөзбен өрнектесе, екіншісі өлең-жырмен төгілтіп, үшіншісі қазақтың қара домбырасын қолына ұстап, сахнаға шықты. Ұлттық нақыштармен өрнектелген киімдері көздің жауын алып, өнердің биік өресі танытып тұрғандай әсерге бөледі. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, байқаудың өзі аламан болған соң, қатысушылар аянып қалмады. Бар өнерлерін ортаға салды. Сұрақ-жауап аталымында қазақтың тарихынан, салт-дәстүрінен, әде­биеті мен мәдениетінен, өнерінен қойылған сауалдарға жауап берді. Мұнда да қатысушылардың жоғары дайындықтары байқалып тұрды. Ұлттық дәстүрге байланысты, сондай-ақ заманға сай білім мен ғылым жөніндегі сауалдар қойылды. «Сұрақ-жауап» сайы­сы өнерлі жастардың білімін сынап көруге жақсы мүмкіндік болды.
Шараның «Өнер» сайысында қатысушылар өздерінің артистік, әншілік, күйшілік, суретшілік, би­шілік, акробаттық, спорттық да­рын-қабілеттерін байқатты. Жандос Жолеген домбырада күмбірлете күй тартқанда, орындау шеберлігімен қазылар алқасының жақсы бағасына ие болды. Арафат Дербес есімді қатысушы Сәкеннің «Тау ішінде» әнін нақышына келтіре шырқағаны әсерлі шықты. Ақтөре Әуеловтің цирк өнерінің әдіс-тәсілдерін көрсеткені таңдай қақтырды. Ару қыздардың монолог оқығаны, артистік шеберліктері де қазылар алқасын қайран қалдырды. Мәселен, Ұлжан Жақанның мың бұрала билеген «Аққу биі», Ұлдана Жұмаханның «Сыған серенадасы» қойылымындағы Изольда рөлін сомдап шығуы немесе Аэлита Қобдабаеваның көрер­мендер алдында сурет салуы, Гүлжайна Ануарбекованың шыр­қаған «Жаса, туған жер» әніне көрер­мен­дер қошеметтей қол соқты. Бөліп-жаратын несі бар, барлық қатысушылар өздерінің таланттары мен дарын-қабілеттерін көрсетіп, өнер сайысына түсті. «Дефиле» аталымында сайыскерлер киім және сән үлгілерін көрсетіп таң-тамаша етті.
Ақтық мәре қорытындысы бойынша байқаудың бас жүлдесі «Ана тілі аруы – 2015» жүлдесін филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Әсел Жұтаева, «Жігіт сұлтаны – 2015» атағын 2-курс студенті Тоқтар Дәулет жеңіп алды. 1-орынға Найля Валиева мен Жолеген Жандос лайық деп танылды. Ермұханбетова Әйгерім және Сүлейменов Серік жеңістің 2-сатысынан көрінді. Жақан Ұлжан мен Қондыбай Медет 3-орын жүлдесімен марапатталды. Аэлита Қобдабаева Ұлдана Жұмахан арнайы аталымдар бойынша марапатталды.

Дәукен Жұматұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.