Заманауи білім беру мәселесі талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы PR-білім берудің өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Конференцияға «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры, саяси ғылымдар кандидаты, доцент Жұмабек Кенжалин, Казкоммерцбанк өкілі, HR директор Қуат Домбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Аязби Бейсенқұлов, Қазақстан және Орталық Азиядағы «Советник» (Ресей) журналы мен порталының өкілі, PR-кеңесші Владимир Павленко, Огайо (АҚШ) университетінің профессоры Эми Эдмендсон және т.б. қатысты.
Білім беру саласындағы жаһандану, интеграция тенденциялары кәсіби құзіреттілік қалыптастыруда жоғары талаптар қояды. Қоғаммен байланыс мамандығында менталитет, тіл, өзара қарым-қатынас, ақпаратты қабылдау, тұтынушылардың мәдени ерекшеліктерін ескеру қажет. Сондықтан қазақстандық тәжірибеге негізделген оқу құралдары, оқулықтар жазылуы керек. PR-білім берудің қазақстандық моделін қалыптастыру, жаңа білім беру стандарттары мен бағдарламаларды даярлау күн тәртібінде тұр. Қоғаммен байланыс саласын зерттеуші ғалымдар мен практик мамандар бас қосқан жиында оқытудың құзіретін қалыптастыруға бағытталған кәсіби талаптар, жоғары деңгейлі оқу бағдарламаларын жасау жөнінде пікірлер талқыланып, шешілу жолдары ұсынылды. Креативті мамандық болғандықтан, оқуға шығармашылық конкурс негізінде қабылдау керектігін шара қатысушылары бірауыздан мақұлдады.
Кафедрада студенттерге 2 жылдай дәріс оқыған Қ.Домбай болашақ PR мамандардың қаншалықты сұранысқа ие екендігіне тоқталды. Олар тек баспасөзге арналған материалдар жазумен ғана шектелмей, тың жобалар жасап, маркетинг негіздерін білуі, өздерін үнемі жетілдіріп, нарыққа бейімделуі керек екендігін атап өтті. «Жұмыс берушілердің талап-тілектерін білу үшін осындай жиындар жиі өткізілу керек» деп аяқтады ол өз сөзін.
Әрине, мамандықты әртүрлі жолмен меңгеруге болады. Алайда жоғары оқу орнында алған білім ғана қажетті құзіреттілікті қалыптастырады. Қазақстанда PR-білім берумен алты ЖОО айналысады. Соның бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Аталмыш шараға Астанадан арнайы келіп қатысқан А.Бейсенқұлов мамандыққа шығармашылық негізде қабылдаудың маңыздылығына тоқталып, дұрыс шешім екендігін құптады. В.Павленко PR-білім беруде практика мен теорияны бір-бірінсіз елестету мүмкін емес болғандықтан, ықпалдастыру жолдарын атады. Осы мамандық бойынша бітірген түлектердің құзіреттілігі туралы жұмыс берушілердің әділ бағасы осындай жиындар барысында анықталатындығын айтып өтті. Ә.Қосанов PR мамандарын даярлау қоғамдық-экономикалық және әлеуметтік ахуалға сәйкес болуы қажет екендігін баса айтты. Саясаткер журналистің «Әлемдік PR теориясының жиынтығын жасап, сөлін, ақиқатын, шындығын алып, қазақстандық ерекшеліктерге бейімдеу қажет» деген пікірі орынды.
Огайо университетінің профессоры Эми Эдмендсон АҚШ-тағы PR-білім берудің перспективалары туралы сөз қозғады.
Конференция қорытындысында қоғаммен байланыс мамандығына шығармашылық конкурс негізінде қабылдау туралы қарар қабылданып, ҚР Білім және ғылым министрлігіне өтініш жіберу жоспарланды.

Назгүл Шыңғысова,
филология ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.